Мектебім өмірімнің өзегі, тілім мен ділімнің тірегі, ұлттық тәрбиенің жүрегі. Білім мен мәдениетті бойыма сіңірер – алтын ұям. Мектеп өмірі – «өскенде кім боламын» деген сұраққа асықпай ойланып, қабілет-қарымымды шыңдауға таптырмас уақыт. Біз мектепте білім ала жүріп, адал достар табуға, қоғаммен қарым-қатынас жасау мәдениетін үйренуге баулитын ең жайлы орта.
Мен Астанадағы №105 жайлы орта мектебінде оқимын. Мектебіміз Астана қаласы, Көктал-2 шағын ауданында орналасқан. Биыл қыркүйек айында оқушыларға алғаш есігін ашқан жаңа мектептердің бірі. Мектебім өзіме қатты ұнайды. Себебі мұнда білім алуға барлық жағдай жасалған. Заманауи үлгіде, оқушылардың барлық қалауын орындауға әзір ыстық ұя деуге болады. Мектепте кең спорт алаңы, қазынаға бай кітапханасы, ыңғайлы, жап-жарық, жып-жылы бөлмелері, жап-жаңа компьютер орталықтары, соңғы үлгідегі жабдықпен жабдықталған зертханалары бар.
Мектебімізде білімге ұмтылуға, кітап оқуға, спортпен айналысуға баулитын ойын-сауық, қызықты іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Оқушыларға арналған түрлі тегін үйірмелер бар. Мен осы үйірмелерге қатысып, өзімді жан-жақты дамытып жатырмын. Ұстаздарымыз мейірімді, әрбір оқушының қабілет-қарымын, пайым-парасатын ескеріп, білім нәрімен сусындауға барлық күш-жігері мен білімін жұмсайды. Әсіресе, роботехника мұғалімімді қатты жақсы көремін. Роботехника үйірмесіне қызығып, қазір білім алып жүрмін. Ұстаздарымыз әр балаға кез келген жағдайда көмектесуге дайын.
Мектебім үлкен бір отбасы сияқты. Мұнда қызық-қуанышпен қатар, кейде жағымсыз оқиғалар да болып қалады. Бірақ мектеп ұжымы барлығын «жұдырықтай жұмылып» шешіп отырады. Мектебім маған баға жетпес ең бір қымбат сәттерді сыйлады. Мектеп менің арманыма, мақсатыма қол жеткізуге бағыт-бағдар беретін бағдаршам десем де болады. Мен өз мектебімді мақтан тұтамын. Осындай оқуға қолайлы, білімге жан-жақты баулитын, заманымызға сай оқу орындарының көбейе беруін тілеймін!
Асылжан АЯТОЛЛАҚЫЗЫ,
Астана қаласы №105 жайлы орта мектебінің оқушысы