Журналист – адам жанының емшісі. Журналистика мамандық емес – миссия. Қазір журналистке де журналистикаға да айтылар сын да, тағылар мін де көп. Себебі бүгінде БАҚ өзінің басты қағидасын жоғалтқан. Әуелде алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов атқандай, «Газет халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» болуы керек болса, қазір Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-і Журналистика және саясат факультетінің деканы Қайрат Сақ айтқандай, белгілі топтың мүддесіне жұмыс істейтін, мемлекеттік тапсырысқа телмірген топтық ақпарат құралына айналды.
Әсілі өзінің ең басты міндет, мұратынан айырылған кез келген құндылық әркімнің қол жаулығы болып, әркімнің илеуіне көнуіне тура келеді. Нарықтық қоғам, капитализм заңдары жұмыс істей бастағалы бері БАҚ-тардың басынан «бақ тайды». Жазылым, таралым мәселесі күрделеніп, қаржылық қиындықтар алқымнан алғаннан кейін дәстүрлі БАҚ жүрісінен жаңылды. Мәселені интернет, әлеуметтік желілердің кесірінен туындап жатқан әлемдік проблема ретінде қарастыруға көбірек мән беріле бастады. Бірақ ақпараттық технологиясы қарыштап дамыған Америка, Жапония газет-журнал оқиды ғой. Біз неге оқырманымызды жоғалттық деп тағы да ойланады. Сөйтеді де, ойбай біздің журналистер сауатсыз, газет сауатсыз, оқырман сауатсыз деп байбаламға саламыз. Баспасөзге жазылмаған оқырманды, мемлекеттік тапсырыспен шектелген редакцияны, баспасөз парағынан асып ауыз аша алмаған журналистті кінәлаймыз. Айналып келеміз де бағы байланған аз ғана қазақ баспасөзінің күнін жоқтаймыз. Қайтсек тығырықтан шығамыз деп шырылдаймыз. Басқасын айтпағанда кеше ғана Алматыда өткен «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақ» журналының мерейтойы «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі» деген тақырыпқа арналса, бүгін Астанада «Еlorda aqparat» медиахолдингінде «Газет пен интернеттің интеграциясы» тақырыбын талқылауға медиасарапшылар жиналды.
«Астана ақшамы» газетінің шыға бастаған 32 жылдығына арналған конференцияда тағы да қазақ басылымдарының мұңы мен мүддесі айтылды. «Дөңгелек үстел» басында ҚР Парламент Сенаты депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты, журналист Жанарбек Әшімжан, Республикалық «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-і Журналистика және саясат факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егемберді, «Айқын» газетінің бас редакторы Аманкелді Құрмет және басқа да БАҚ өкілдері қазақ журналистикасындағы қордаланған көптеген мәселелер және қазіргі дайындалып жатқан БАҚ туралы заң жобасы жөніндегі ойларын ортаға салды.
Біз бүгін әріптестерімізді мерейтойларымен құттықтай отырып, сол ойларды газетімізге беруді шештік.
Баспасөз мемлекеттік тапсырысқа байлаулы
Дәстүрлі БАҚ пен интернет ресурстар тайталасқа түскенде, кімнің бағы жанып, бәсі түгел болуы керек?
БАҚ бәсекеге қабілетті болуы үшін сөз бостандығы, баспасөздің еркіндігі деген мәселе бірінші орынға шығатыны анық. Бірақ еліміздегі мемлекеттік тапсырыс пен тендерге сүйенген газет-журналдар белгілі деңгейде нұсқаулық шеңберінен шыға алмайды. Қазір баспа басылымдарының бірінші беттен бастап ресми ақпаратты, тіпті суреттеріне дейін қайталап, кейде көшіріп басатынына көз үйреніп кетті. Бәсеке жоқ. Өйткені мемлекеттік тапсырысты орындау керек. Қаражат керек. Осы орайда ҚР Парламент Сенаты депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп: – 60-70 жылдардағы қайта құрудан басталып, желтоқсанмен жалғасып, содан көтерілген рух қазақты біраз жерге сүйреді. Содан кейінгі аралықтарда белгілі баспасөз туралы заң талаптары барынша қатайтылды. Жазатын нәрсе, тақырып аясы шектеулі, госзаказдың байлаулы бұзауына айналды. Соның салдарынан қазір Қазақстанда шығатын газеттердің бәрі бірдей, суреті де тақырыбы да бірдей. Бір нұсқа, бір бағытта түгел облыстық, аудандық газетке дейін барлығы бірдей. Ал олай болмайды ғой. Мысалы «Қазақ әдебиетіне», «Ана тіліне» жаңағы өткінші саяси, басқа мәселелердің барлығын бірінші бетке берудің қандай қажеттілігі бар. Олар апталық, әдеби, рухани, мәдени, газеттер. Сол өлшемде болу керек. Әр газеттің келбеті, болмысы сақталып тұруы керек,- деді.
Баспа басылымдары неге инкубатордың балапандарындай бір-бірінен аумай қалды десек, арғы жағынан қылтиып мемлекеттік тапсырыстың құлағы көрінеді. Нұртөре Байтілесұлы айтып отырған «қатайтылған» БАҚ туралы заң талаптары өзгермесе, мемлекеттік тапсырысты орындаймын деп бір жақтылыққа ұрынған баспасөздің бетінің бері қарай қоюы екіталай. Өйткені мемлекеттік тапсырыс деген басылымдардың жеп отырған наны. Ешкім нанынан айырылғысы келмейді. Онысыз да әлеуметтік желі мен интернет жаңалықтарына жұтылуға шақ тұрған басылым мемтапсырыс арқылы қаражат алмаса, жабылып тынбақ. Ал газеттерді сақтап қалу үшін мемлекет бір көзден қаржыландыру мәселесін қолға алуы керек.
– Газет пе, гаджет пе деген үлкен күрес. Әлемдік баспасөздің маңдайын тасқа тірегендей болып отырған жағдай. Қазақ газеттері тірі ме, өлі ме деген мәселе кәдімгідей ойланып қалатын жағдайға келді. Негізі мәселе – бұл әділетті Қазақстан ұғымында баспасөздің еркіндігі, сөз бостандығының болуы. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, 2000 жылдарға дейінгі аралықты қазақ баспасөзінің ең демократиялық талаптарға толық сай дамыған кезеңі деп айтуға болады. Соның бәрін қалыптастырған біздің досымыз марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы еді. Хан да, қараша да ұйып тыңдаған баспасөздің сөзіне жүгінген, бас иген заман сонымен кетіп қалмаса, қайтып айналып келсе... Ең мықты деңгей, ең үлкен деңгей сол кез еді. Алтынбек Сәрсенбайұлы қазақ тілді басылымдарды сақтап қалу үшін нарық жағдайында мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізді. Бүкіл жүйе мемлекеттің қаражатын заңды түрде газеттерге берудің барлық тетігін қамтыды. 2005 жылға дейін бе екен бірде-бір орыс басылымы мемтапсырыс алған жоқ. Тек қазақ газеттері алып келді. 2005-тен бастап өзгерді. Міне, біздің «тұншығатын» жеріміз осы. Мемлекеттің қаражатын мемлекеттік газетке беру деген – ол мемлекеттік тілді қолдау деген сөз. Мемлекеттің салтын, дәстүрін қолдау деген сөз. Соны насихаттау деген сөз. Президент «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңды қайтадан зерделеу туралы тапсырма берді. Міне зерделейтін жерлер осындай. Бір жағынан қазір мемлекеттік тапсырыс күн көрудің тетігі болып отыр,- деді сенатор Нұртөре Жүсіп.
Жалпы алғанда Қазақстанда сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Қазақ басылымдары шама-шарқынша, әлінің жеткен жеріне дейін айтудай-ақ айтып, жазып, көтеріп келе жатқан мәселелер жоқ емес. Әділетті жаңа Қазақстан құрамын деп ниеттенген екенбіз қазақ баспасөзі ұлттың, халықтың сөзін сөйлеуі керек. Халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуі керек. Қаражат мәселесіндегі тәуелділіктен айығуы керек. Ол үшін қайта-қайта көтеріліп, айтылып, жазылып келе жатқан баспасөзді бір көзден міндетті қаржыландыру немесе субсидия беру мәселесі түбегейлі шешілуі керек. Күннен күнге қымбаттаған қағаз құны да баспа басылымдарының өз бетімен тығырықтан шығуына мүмкіндік бермейді. Нұртөре Жүсіп: – Біз кедендік одақтың мүшесіміз. Былай қарасақ, Ресейден келетін тауарда ешқандай кедергі болмайды. Бірақ қағазды жыл сайын, әр тоқсан сайын шарықтатып жатыр. Болмаса қағазды үш жыл бір бағада тұтынайық деп айтатын Қазақстан Үкіметінің қауқары жоқ,- деді. – Қағаз мәселесімен тікелей бетпе-бет келген адам ретінде айтарым, қағаздың бір рулонын осы уақытқа дейін 146 мың алсақ, келесі жылы бұл баға 530-540 теңге болады деп жатыр. Ең өкініштісі монополист бір ғана «Дәуір» баспасы бүкіл республикаға қағаз таратады. Ортада бірде-бір делдал жоқ. Осыны жою керек. «Дәуір» сияқты ондаған ИП шығу керек. Сонда ғана қағаз мәселесі шешіледі. Осы уақытқа дейін қағаз кімнің пайдасына жұмыс істеді. Мысалы Қазпошта да дәл сондай. Қазпошта тек жеткізуі үшін ғана 40 теңге алады. Оның өзінде дұрыс таратып отырған жоқ. Ал газеттің су, жарық, бүкіл бір шығармашылық ұжым жабылып жасаған жұмысы, жалақысы бәрі бәрін қосқанда өзіндік құны 40 теңге ғана. Мұны да БАҚ туралы заңда қарастыру керек,- деді «Айқын-Литер» ЖШС-ның директоры Ысқақ Егемберді.
Баспасөзге жазылу қылмыс па?!
Баспа басылымдарын кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпіріне жеткізу қызметі негізінен Қазпоштаға жүктелген. «Бірақ газет-журналды таратуға Қазпоштаның ешқандай ынтасы да мүддесі де жоқ. Олар жинап-теріп, бір аптада баратын жеріне бір рет жеткізіп тастаса болды. Бір жылдары Қазпошта басылымдарды алыс ауылдарға дронмен таратамыз, ауылдарға дронмен апарып тастаймыз деді. Қайдағы дрон. Ал халық газет оқымайды деп кінәлауға болмайды. Жекелеген адам көтермесе, Қазақстан журналистикасының жыртығын жамайын деп жүрген адам жоқ» дейді Нұртөре Жүсіп. Бәрінің айтатыны, енді біраз жылдарда қағаз басылымдарының мүлде жоғалатыны жайындағы пәлсапа.
Ысқақ Егемберді: – Газет оқылмайды, газет қаралмайды, газет таралмайды деген бос әңгіме. Газетті өшіреміз, өлтіреміз деп жүрген ағаларымыз қателеседі. Облыс, аймақ, ауылда газет оқылады. Газет пен сайтты салыстыру қате. Екеуін бірге қарастыруға болмайды. Сайт өз алдына дербес, газеттің арқалайтын жүгі бөлек. Сайт жылдамдыққа жұмыс істейді және өкінішке қарай хайпқа да жұмыс істейді. Газет – тарих. Қазір салтқа айналып кеткен рейтингке жұмыс істеу емес, мазмұнға жұмыс істеу маңызды. Біз мазмұнға жұмыс істеуіміз керек,- деді. Ал Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-і Журналистика және саясат факультетінің деканы Қайрат Сақ: – Әр нәрсе ғылыми негізде толғанса ғана нәтиже береді. Біздің елімізде БАҚ-тарда ғылыми сараптама жоқ. Әлемнің тәжірибесінде әрбір редакцияда ғылыми адамдар, ғалымдар аудиториясына, мақалаларының өтімділігіне талдау, сараптама жасайды. Біздің ары-бергі журналистикамызға қарасақ, қай кезде журналистердің беделі жоғары, мәртебесі биік болды? Алаш баспасөзі кезеңі, алпысыншы жылдардағы жылымық кезең, тәуелсіздік алған алғашқы кезең. Бұл кезеңдерде неге журналист беделі жоғары болды, баспасөз өзінің шын мәніндегі қызметін атқарды дегенде, олардың дербестігі. Еркіндіктің ар жағында дербестік бар. Президент айтты, біз шап етіп ұстап алып, дербестікті заңмен бекітіп алуымыз керек. Өркениетті елдердің журналистикасына билік араласпайды. ВВС-дің жұмысына бір шенеунік араласса, ол шенеуніктің карьерасы сонымен бітеді. Себебі ол қоғамдық дербес институт. Бізде қазір БАҚ бұқаралық болып тұрған жоқ. Біздің БАҚ кімге қызмет етеді? Билікке қызмет етеді. Билікке қызмет еткен соң халықтан қол үзеді. Халық содан кейін керек қылмай қойды. Аудиториямыз тарылды,- деді.
Халықтың сөзін сөйлемегеннен кейін, оқырманынан айрылған баспасөздің тиражы аз, таралымы да әлсіз болатыны әу бастан белгілі еді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, соңғы жылдары баспасөзге жазылуға мәжбүрлеуге болмайды деген жазылмаған заң шықты. Осыны сылтау еткен көптеген мекемелердің есігінен қарау қазақ басылымдары үшін қияметке айналды. «Тіпті, баспасөзге жазыл деу қылмыспен тең жағдайға жетті» деген Ысқақ Егемберді: – Қазір ең өкініштісі баспасөзге жазылу – қылмыс. Прокуратура тексеріп келеді. Бір ғана мысал айтайын, Денсаулық сақтау басқармасына барсам, облыста аудандарды қосып есептегенде, мысалы 1800-дей адам жұмыс істесе, соның үшеуі ғана газетке жазылады. Неге десем? Ысқақ ренжіме, дәрігерлердің бәрі шағымданады. Сосын саған да қиын болады, проблема дейді. Сонда қараңыз, газетке жазылу қылмыс болып тұр. Ал газетке шығару, жазу қылмыс емес. Баспасөзге жазылуды бизнес субъектілерден бастап міндеттеу керек. Бір облыстар бар бір-екі ғана газетке жазылған. Бұл масқара. Газет ешкімге керек емес. 6500-дей бастауыш партия ұйымдары бар дейміз, солар газетке бір данадан жазылғанның өзінде 6500 тираж жазылады. Бір миллион партия мүшесі бар деп желпінеміз. Әр қайсысы жазылса, миллион оқырман. Жарайды орыс тілділерді, басқаларды алып тастайық, мұғалімді де... бірақ партия мүшесі партия тұғырнамасын түсіндіріп отырған газетті оқуы керек емес пе? Газет не үшін шығады?
Бұрын балалар басылымдарының бәрін мектеп көтеретін. Қазір барлық балалар басылымының тиражы түсіп кетті. Өйткені жазыл деп айтуға болмайды. Мектептің территориясына кіру қылмыс. Мектеп басшыларының ниеті жоқ. Баспасөз кітапханада да жоқ. Газетті сақтау керек болса, жазылуға міндеттеу керек. Ұлтқа керек болса, мәжбүрлеу керек. Қазір газет жоғалады, жойылады қайтейін деп едің, сайтыңды жандандыра берсейші деген көзқарас қалыптасып кетті. Бұлай болмайды,- деді.
«Кеңес кезінен кейінгі журналистиканың функциясын айқындап алған жоқпыз»
Яғни сөз басында айтқанымыздай, журналистика мамандық емес – миссия. Журналист адам жанының емшісі. Қазақ баспасөзінің бастапқы миссиясы қандай еді? Қазіргі БАҚ кімнің сөзін сөйлеп жүр? Дөңгелек үстел барысында ТАҚ-тың (ТАҚ – «топтық ақпарат құралдары» Қайрат Сақтың айтуынша) сөзін сөйлеген журналистиканың ертеңі қандай болады? Қазақ журналистикасы қазақ руханиятының жоқшысы, ұлттың мұңы болуы керек емес пе?!
– Совет заманында журналистиканың функциясын коллективті үгітші, коллективті ұйымдастырушы, коллективті насихаттаушы деді. Партияның шешімдерін үгіттейді, насихаттайды және ұйымдаcтырады. Совет одағының құлауына журналистиканың осы қызметі негіз болды. Журналистикасы тоқыраған елдің өзі де тоқырайды. Журналистикасы мықты елдің өзі де мықты болады. Біздің журналистикамыз тоқырап тұр. Тоқырап тұрғаны совет заманынан кейін біз журналистиканың функциясын анықтамадық. Совет заманынан кейін енді журналистер кімге қызмет етуі керек дегенді анықтауымыз керек. Журналист кімге қызмет ететінін Ахмет Байтұрсынов жазып кетті. Яғни «... халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Біз заңға журналист билікке емес халыққа қызмет етуі керек дегенді шегелеп тұрып енгізуіміз керек. Біздің ғылыми зерттеулеріміз архивке кетіп жатыр да қолданысқа енбей жатыр. Содан көп зиян шегіп жатырмыз. Мысалы: Менің зерттеуім бойынша қазақ газеті өзін-өзі толық қаржыландырып, табыс тапты. Сол табысымен халыққа көмек те берді. Сонда қазақ газеті мұндайға қалай жетті. Маркетинг, менеджменті мықты болған. Биліктен бір теңге алмаған. Керісінше билік тоқтатамыз деп штраф салды. Бәрібір газет табысты болды. Өйткені ол халықпен жұмыс істеді. Халықтың газетіне айналды, оқырмандары артты. Оқырман артқан сайын жарнама да көп, табыс та ұлғая берді. Яғни халықпен байланысы күшті болғандықтан, әлеуеті күшті болды.
Ал біздің газеттер халықтан қол үзіп қалды. Мен БАҚ емес ТАҚ – топтық ақпарат құралы деп жүрмін, яғни бір топқа арнап шығарамыз, өздері ғана оқиды. Халыққа керек емес, себебі халықтың сөзін сөйлеп жатқан жоқ. Бұдан шығатын қорытынды меніңше, қазір әділетті Қазақстан деп жатырмыз, Кешегі қаңтар осы журналистиканың жұмыс істемей жатқанын көрсетті. Толып жатқан қоғамдық кеңестердің, егер журналистика өзінің жұмысын, функциясын атқарса біреуі де керек болмай қалар еді. Журналистика деген халықтың қайнаған мәселелері айтылып жататын жер. Ол газетте талқылануы керек. Сонда газетті оқымай көрсін. Ал біз ол жерде айтпаймыз. Осында айтқанымызды газетте айтпаймыз. Мәселе госзаказда. Госзаказды бергенде, енді біздің айтқанымызды істеу керек деуге болмайды. Госзаказға беріп отырған ақша бюджеттің ақшасы, бюджет халықтың ақшасы. Халықтың ақшасын билік жеке мүддесіне пайдаланбау керек. Меніңше, ғылыми негізде даму керек деп ойлаймын. Сонда ғана жемісін береді. БАҚ-ты күшейту үшін заңды жағынан да, ғылыми жағынан да, білім мен біліктілік жағынан да бірігіп жұмыс істесе нәтиже береді ғой деп ойлаймын,- деді Қайрат Сақ.
БАҚ туралы заң мықты болса, министрліктің керегі жоқ
Заң жұмыс істеуі үшін алдымен қазір министрліктің құзырындағы заң жобасына БАҚ-тың мүддесіне жұмыс істейтін тармақтар мен баптарды енгізудің маңызы зор. Ол үшін заң жобасы толық қоғамдық талқылауға шығуы керек. ҚР Парламент Мәжілісі депутаты, журналист Жанарбек Әшімжан: – БАҚ туралы заң алғаш талқылауға шығып бастаған кезде «Азаттық» радиосынан Қасым Аманжолұлы сынды азаматтар ғана алаңдаушылық білдірді. Қай мемлекет болмасын БАҚ туралы заңы дұрыс түбегейлі шешімін тапқан жерде министрліктің түкке де керегі жоқ. Сондықтан бізге керегі заң. Қазір қаралып жатқан заң жобасы Парламентке келеді. Оған дейін тиісті мемлекеттік органнан заңды сұратып алып, түрлі жекелеген редакциялар, бас редакторлар клубы, интернет ресурстар талқылауға шығаруы керек. Барлық бабын, тармағын, «лупамен» қарау керек. Сөйтіп «ауы мен бауы» түгенделіп барып Мәжіліске келуі керек. Сол кезде ары қарай талқылап, жоғары деңгейде бекітіп аламыз. Бәріміз де алаңдап отырмыз. Себебі әсіресе ұлттық ақпарат кеңістігімізге, қаракөз басылымдарға қажетті заң. Нұртөре Байтілесұлы айтты, 2005 жылдарға дейін мемлекет тапсырыстың қалай болғанын... Мысалы «Аргумент и факт Казакстан», «Известия Казахстан» бізге неге керек. Біздегі он екі қазақ газеттерінің қаржысын жинап әкелсеңіз, солардың бір алған қаржысына жетпейді,- деді.
Осыған байланысты «Elorda aqparat» ЖШС директоар Олжас Сыдықбек Республикалық «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазиннен «Қазір қаралып жатқан заң жобасына қандай ұсыныстар ұсынылып жатыр және олар қаншалықты ескеріліп жатыр. Жұмыс тобында кімдер бар? деп сұрады.
«Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин: – БАҚ туралы заң жобасына бұгінге дейін 80-ге жуық ұсынысымызды кіргіздік. Әлі де қосуымыз керек нақты ұсыныстар бар. Заң орындалады, талқыланбайды. Сондықтан мүмкіндік болып тұрғанда БАҚ туралы заңды қалауымызша толықтырып, бекіттіріп алуымыз керек. Әсіресе журналист статусын нақты айқындап алуымыз керек. Қағаздың қымбаттығынан көп басылымдар жабылып жатыр. Басылымдарды қаржыландыру мәселесі арнайы заңды түрде субцидия бөлу немесе қаржылық қорлар арқылы шешілмесе жағдай оңалмайды,- деді.
Ақпараттық қауіпсіздік – мемлекеттің қауіпсіздігі
Баспасөздің мәселесі сөз болғанда, етектен тартып, есесін алғысы келіп тұратын тағы бір мәселе – «Журналист немесе блогер» мәселесі. Қандай да бір мәселені көтерген кезде қоғам ресми БАҚ-қа қарағанда, тәуелсіз блогерлерге жүгінетінін көзіміз көріп отыр. Блогерлер шынымен де дәстүрлі басылым деңгейіне жетіп қойды ма? (Олжас Сыдықбек).
– Блогерлер мен журналистер, КВН-чиктер мен сатира театрлары, эстрада мен опера деп айтысып жатқан заман. Елдер «Журналист мамандығын оқып керек жоқ, блогерлер кез келген нүктеден сол сәтінде беретін ақпаратты беріп үлгереді» дейді. КВН-чиктер айтады «Біздің бір приколымызға тұрмайды, театр қойылымдары дейді. Сол сияқты әдебиетшілер мен анекдотшылар. Тіпті журналистиканы жабайық дейтіндер бар. Егер оқу сапасы төмендесе ол басқа әңгіме. Сондықтан білім қай салаға да керек. Газет тауар болуы керек дейді. Тауар өту үшін, Сіз кез келген нәрсені сатасыз. Бірақ сататын нәрсе бар, сатпайтын нәрсе бар. Шектеулі. Сізге өтпейтін тауарларды да жарнамалайтын жағдайлар бар. «Еркіне жіберсең, бөркіне жіберетін» журналистер де жетеді. Бірақ мемлекет өзінің саясатын жүргізеді екен қазақтың руханиятқа қатысты қай ісінде де, экономика тілімен айтқанда, жоспарлы шығынға жоспарлы түрде баруы керек. Көп нәрсені бюджеттің ақшасымен орнына келтіріп жатады ғой. Сол сияқты руханиятты да ұстау керек. БАҚ ешкімге телмірмеуі керек. Бәрі ақшаға тіреледі. Қазір көптеген жерлерге, босаған орындарға журналистерді әкеле алмайсың. Классикалық журналистика өзінің қасиеттерінен айырылды. Ол шындық. Блогерлер басты. Заман солай,- деді «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан.
Газет тасқа басылған – тарих. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлттың руханияты, мемлекеттің мүддесі және қазақ қоғамын қалыптастырамын деген билік қазақ басылымдарының бағын байламауы керек. Биліктің, жеке топтардың сойылын соғатын емес, елдің жоғын түгендеп, қазақ ұлттының мүддесін мемлекеттік саясатпен ымдастыра насихаттайтын БАҚ-тың қажеттілігін мойындау керек. Аманкелді Құрмет: – Цифрлық коммуникациялық құралдардың мүмкіндігін қаңтарда көрдік. Бір сәтте интернетті кесіп тастаған кезде, дәстүрлі телеканалға жүгірдік. Ақпарат алатын мүмкіндік жоқ. Радиодағы жігіттерге телефон соқтық. Интернеттен алатын мүмкіндік жоқ. Бұрынғы дәстүрлі машығымызды ұмытып қалыппыз. Қайдан, қалай хабар алуға болады. Телефонға, диктофонға жүгіну керектігін ұмытқанымызды байқадық. Сондықтан коммуникациялық құралдарына байланысты айтсам, мемлекет бәрібір ақпарат құралдарын, соның ішінде кәдімгі баспа басылымдардың маңыздылығына ерекше назар аударғаны дұрыс деп есептеймін.
Мысалы соңғы әскери доктринада бұрын кибер қауіпсіздік секілді дүниелер бар болатын. Биыл ақпараттық қауіпсіздік деген енгізілген және басқа мемлекеттер ақпарат құралдары арқылы Қазақстандағы тұрақтылықты шайқауға әрекет етуі мүмкін деген арнайы бап бірнеше жерде тұр. Енді мәселе... Осы ақпараттық қауіпсіздікті – кәдімгідей үлкен әскери құжатқа енгізілген дүниені заң жобасына сүйреп әкеліп, әскери доктринада тұр, бұл жалпы мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясына бағытталған сала. Егер әскери доктрина ақпараттық қауіпсіздікке бағытталып отырған болса, басылымдарды және журналистерді қолдаудың да осындай қауіпсіздік механизмдері болуы керек дегенді заң жобасына енгізу керек. Яғни әскери доктринадағы ақпараттық қауіпсіздік дегеннен алып келіп, мемелекет БАҚ туралы заңға пайдалануы тиіс. Өйткені Украина жағдайындағы оқиға журналистиканың тек ақпарат тарататын құрал емес екенін көрсетті. Кәдімгі соғыс құралына айналды. Интернетпен телеграм каналдар арқылы ақпарат таратқан кезде украиналықтар Қарабақтағы тәсілді қолданып жатыр. Бірде-бір әскери офицері нақты жағдайдан хабар бермейді. Кемінде үш күннен кейін жүрген жерінің видеосын пайдаланады. Мемлекеттің қауіпсіздігі тұрғысынан мұндай қадамдарға барып жатқан болса, біз де әскери доктринадағы көрсетілген қауіпті ескере отырып, мемлекетке талап қоя бастауымыз керек. Қаңтар оқиғасында мынадай тәжірибе болды, әскери доктринада ақпараттық қауіпсіздік мәселесі көрсетіліп отыр. Демек, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін ескере отырып, басылымды таратылуынан бастап, газеттің қағазына дейін субсидия беруге дейінгі қаражатты мемлекет белгілі бір мөлшерде қор арқылы немесе бір көзден қаржыландыра ма тағы басқа арқылы қолдап отыруға мәжбүр. Геосаяси жағдай кез келген сәтте коммуникация құралдарының күйреп түсуі мүмкін екенін байқатты. Сондықтан мемлекет ашықтан-ашық басылымдарды қаржылық жағынан қолдаймыз деген бағытты ұстануы керек,- деді «Аikyn» газетінің бас редакторы Аманкелді Құрмет.
Түйін: ҚР Ақпарат және даму министрі Дархан Қыдырәлі басшылыққа келген бетте Алматы қаласына іс сапармен барып, баспасөз өкілдері мен интернет ресурс басшыларымен кездесіп, баспасөз мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Ал ҚР Ақпарат және даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов: – Қазақ баспасөзін қолдаудың үш түрлі тетігін қарастырып жатырмыз. Біріншісі – баспасөзге субсидия (жәрдем ақша) беру және салықтардан босату. Екіншісі – баспасөздің таралымын көбейту. Үшінші тетік – мемлекеттен арнайы қаражат бөлу. Салыстырып қарайтын болсақ, бізде бұрын орыс тілді аудитория көп еді, қазір қазақтілді аудитория өсті. Ахуал өзгеріп, қазақша мазмұн 70 пайызды, ал орысша мазмұн 30 пайызды құрады. Мемлекет үшін мемлекеттік тапсырыс дегеніміз – баспасөзді дамытуға ынталандыру,-деген болатын Алматыда «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақ» журналының мерейтойын арналған «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі» атты конференцияда. Сонымен қатар БАҚ-тың бағын ашудың тағы бір оңтайлы мүмкіндігі қаралып жатқан БАҚ туралы заңға тиісті талаптар мен шарттарды енгізе отырып, журналистиканың миссиясын, журналистердің құқын, әлеуметтік әлеуетін заңмен бекіту мәселесіне жұдырықтай жұмылу керек. Жүз рет талқылағанша, бір рет заң жобасында толық бекітіп алған дұрыс. Егер БАҚ туралы заң ойдағыдай бекітіліп, өзінің миссиясын толық орындайтын болса, қазіргідей қаптаған қоғамдық ұйымдарға істейтін ештеңе қалмайды. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі заңмен қорғалса, халық та қаңтардағыдай түрлі көздерден тараған сенімсіз ақпараттың құрбаны болмайды.