Күн өткен сайын ажары айшықтала түскен көне шаһар Тараз қаласында қазіргі таңда инфрақұрылым, тұрғын үй, ауызсу, абаттандыру және көгалдандыру бағыттары дамып қана қоймай, түрлі әлеуметтік салаларда да оң серпін байқалады. Жергілікті билік тарапынан кейінгі екі жыл ішінде түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға айрықша көңіл бөлініп, облыс орталығын дамытудың үш жылдық жоспары бекітілді. Нәтижесінде мұнда инфрақұрылым қарқын алып, қаланың бет-бейнесі жаңаша сипатқа ие бола бастаған. Түбі бір түркі әлемінің алтын бесігі атанған киелі өлкеде бұдан өзге қандай игі істер қолға алынуда? Екі ғасырдан астам көне шаһардың өркениетке бетбұрысы қалай? Облыс орталығында келешекте нендей жоба-жоспарлар іске асырылады? Біз қала әкімі Бақытжан Орынбековпен әңгімелесу барысында өзі туып-өскен өлкедегі өзекті мәселелер мен олардың шешілу жолдарын сұрадық. Сондай-ақ, тараздықтардың өмір сүру сапасын арттыруға байланысты ой-пікірін білдік.
Қала ауқымы кеңейді
– Бақытжан Әмірбекұлы, облыс орталығына басшылыққа келгеніңізге екі жылдан асты. Тарихы тереңде жатқан шаһардың тізгінін ұстау айтуға ғана оңай. Оның үстіне, бүгінде қалалықтардың саны артып келеді. Мәселен, дәл қазір мұнда 400 мыңнан астам тұрғын бар. Өткен жылы ел Үкіметінің қаулысы қабылданып, Тараз қаласында 2 аудан құру туралы мәслихаттың бірлескен шешімі шықты. Енді Тараз қаласына іргелес орналасқан Жамбыл мен Байзақ аудандарынан бас-аяғы 14 елді мекен қалаға қосылады деп жоспарлануда. Бүгінде бұл жұмыстар қалай жүзеге асуда және сол елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша бірінші кезекте қандай жұмыстар атқарылады?
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады. Жақын болашақта облыс орталығына қосылатын қос аудандағы елді мекендердің жалпы аумағы 13 мың гектарды құрайды әрі мұнда 45 мыңнан астам тұрғын бар. Шын мәнінде, көне шаһарда екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыру мен қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етеді. Ең әуелі көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын бастауды көздеп отырмыз. Атап айтсақ, Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бұл күнде осынау құжатқа байланысты мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Осылайша, 2025 жылдың ақпан-сәуір айларында аталған көпір құрылысын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, «Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, қаралуда. Екінші мәселе – Тараз қаласында кәріз суларды тазарту кешені. Дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сол себепті, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша арнайы Жол картасы әзірленді. Осы орайда, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме даярланды. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Ендігі кезекте субсидия алу үшін Ұлттық экономика министрлігінен мемлекеттік кепілдік алып, ЕРС-мердігерді анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіледі. Құрылыс жұмыстарын 2025-2027 жылдары жүргізу жоспарлануда. Әрине, аталған елді мекендерде әлі күнге дейін шешілмеген маңызды мәселелер бар. Бұл ретте мұнда арнайы зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әрбір мәселе Жол картасына енгізілді. Енді соның негізінде тиісті жұмыстар жүргізіледі.
– Жалпы, облыс орталығында тұрғындар саны көбейе бастағанда оларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Бүгінде жергілікті билік тарапынан тараздықтардың баспаналы болуы үшін қандай жұмыстар жүргізілуде? Тараздағы тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай?
– Дәл қазір Тараз қаласында 24 мыңға жуық азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 3 285 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 754 отбасы жаңа қонысқа ие болды.
Жалпы, бүгінде көне шаһарда 3 331 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Атап айтсақ, Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданды. Ал, қалған 4 үй 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ, Сүлейменов көшесінің соңындағы «Ұлы дала» шағынауданында (15) 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданды. Сонымен қатар, «Автобекет» маңындағы он төртінші шағынауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Бұған қоса Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын үй алабында қосымша 66 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда 30 тұрғын үйдің құрылысы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілді. Ал, қалған 36 тұрғын үйдің жобасы әзірленуде.
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде, республикалық бюджет есебінен 162 пәтер сатып алуға 2,1, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» арқылы 507 пәтер сатып алуға 7,6 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 441 пәтер сатып алынса, оның ішінде 94 пәтер республикалық бюджет есебінен және 347 пәтер «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» арқылы сатып алынды. Қалған 228 пәтердің құжаттары рәсімделу үстінде. Айта кетейік, 2005-2024 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 128 724 азамат тіркелген. Былтыр «Құмшағал-Қарасу» алқаптарынан 1 497 жер учаскелері ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін қайтарып, қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар қолға алынуда.
Тағы бір атап өтетін жайт, бұл күнде Тараз қаласында тұрғын үйлерді жаңғырту көрсеткіші арта түсуде. Бұл – еліміздің келешегі үшін әрі азаматтарымыздың қолайлы да жақсы жағдайда өмір сүруі үшін ауадай қажет. Айталық, көне шаһардың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде, 151-і барак типтес, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Қала аумағында пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан 1 103 үй бар. Бұған дейін оның 489-ы күрделі жөндеуден өтсе, қалған 614-і жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы 5,1 миллиард теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, қайтарым қаражат есебінен Төле би даңғылы №11, «Қаратау» шағынауданындағы №37 «А», 39 үй және «Салтанат» шағынауданындағы №29 «А», 29 «Б» үй күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» шағынауданындағы коммуналдық меншікте тұрған үш үйдің қасбеттері боялып, қала тұрғындарының қуанышын еселей түсті. Нәтижесінде облыс орталығындағы күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43-тен 39 пайызға бәсеңдеді. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қаланың орталық көшелеріндегі 28 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы қолға алынды. Сөйтіп, Төле би даңғылының бойындағы 11 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Сондай-ақ, Желтоқсан көшесіндегі №71 үйді жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жылы қалған 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылады деп күтілуде.
Үш жылдық жоспардың аясында бәрі қарастырылған
– Талай мәрте талқыға түсіп, шешімі шиеленісе түсетін өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көлік жайы. Оның үстіне, қала аумағының кеңеюі қарапайым халықтың қоғамдық көліктерге деген сұранысын арттырары сөзсіз. Осы ретте шаһарға қосылған елді мекен тұрғындарының да облыс орталығына емін-еркін қатынауына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Білуімізше, соңғы екі жылдың бедерінде қаладағы автобус парктерді жаңалауға айрықша басымдық берілді. Бұл ретте ойға алған жоспарларыңыз толығымен орындалды ма?
– Иә, көне шаһарды дамытудың үш жылдық жоспары аясында қалаға жалпы саны 200 автобус жоспарланған болатын. Қуанарлығы, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл межеге екі жылда-ақ қол жеткізілді. Мәселен, 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, былтыр 155 автобус ел игілігіне берілді. Бұл күнде «Автобусный парк-2020», «Smart City Servise» және «RashLau» серіктестіктеріндегі жаңа автобустардың үлесі 100 пайызға жетіп отыр. Осылайша, халық сұранысына сай жаңа №57, №50, №41, №18 және №13 бағыттары ашылды. Бұдан бөлек, облыс орталығында аялдамалар орнату бойынша да жемісті жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, былтыр қала аумағына 80 аялдама қойылды. Сонымен қатар, №11 аумақтық округке қарасты «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған» мен «Шаңырақ» алқаптарына №9, №54, №60 және №61 бағытындағы қоғамдық көліктер қызмет көрсете бастады.
2023 жылы №60 маршруттағы ескірген және тозығы жеткен автобустар алмастырылса, былтыр №54 және №61 маршруттар бойынша қызмет көрсететін қоғамдық көліктер толықтай жаңартылды. Алдыңғы жылы аталған аумақтық округке 13 жаңа аялдама орнатылса, өткен жылы 7 жаңа аялдама қойылды. Биыл мұнда тағы 15 аялдама орнату жоспарлануда.
– Кейінгі жылдары қыс мезгілінде еліміздің солтүстік аймақтарында орын алған апаттар өңір-өңірлерде жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын жедел қолға алу қажеттігін айқын аңғартты. Осы тұста былтыр Тараз қаласында жылу желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жоба жүзеге асқаны белгілі. Аталған жоба алдағы уақытта да өз жалғасын таба ма?
– 2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленді. Аталған жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырымды құрайды. Былтырғы жылы бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында қазынадан тиісті қаржы бөлініп, 19 сәуірде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған еді. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында толық аяқталды. Ал, «Тараз қаласының Жамбыл даңғылы, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы «М-3» жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жалпы, тозығы жеткен кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 12 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді.
– Тараздықтар көшелерді жарықтандыру мәселесін жиі көтеретіні жасырын емес. Өткен жылы көне шаһардың барлық мөлтекаудандарына жарық шамдары орнатылғанын білеміз. Биыл да қаланың өзге аумақтарына түнгі жарық шамдарын орнату жүзеге асырыла ма?
– Анығында, көше бойына орнатылған жарық шамдары шаһар көркінің ажырамас бөлігі ғой. Екі жыл бұрын облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланды. Қазіргі таңда 45 көшедегі жұмыстар толығымен аяқталса, қалған 31 көше 2025 жылға өтпелі. 2023 жылға дейін «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма» және «28 саяжай» алқаптары кооперативтердің теңгеріміндегі электр желілерінен заңды тұлға ретінде 32,7 теңгеден электр энергиясын қолданып келген болатын. Ал, «Победа» саяжайы «Казфосфат» серіктестігінің теңгеріміндегі жоғары кернеулі электр желісінен 29,1 теңгеден электр энергиясын тұтынды. 2023 жылы аталған алқаптар толығымен жаңа желілерге ауыстырылып, «ЖамбылЖарықСауда» серіктестігімен келісімшартқа отырды. Нәтижесінде тұрғындар электр энергиясына 16,2 теңгеден төлем жасауды бастады. Былтыр қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталды. Бұл жоба биыл толығымен іске қосылады деп көзделуде. Сонымен қатар, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес өткен жылы қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 мөлтекауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Тиісінше, 353 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары мен 79 кіреберіс жол түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, С.Сейфулин көшесінің бойы мен Жамбыл даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолына жарық шамдары орналастырылды. Бұл жұмыстар биыл да қаланың өзге де аумақтарында да жалғасын табады.
– Тараздағы жол жөндеу жұмыстары жөнінде не айтасыз? Облыс орталығында қара жолды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Кез келген өңірдің экономикалық әлеуетінің артуына жол сапасының жақсара түсуі де өз үлесін қосатыны белгілі. Соңғы жылдары қалада жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр деп толық сеніммен айта аламын. Тіпті, бұрын-соңды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген көше жолдары да асфальтталып, тұрғындардың көз қуанышына айналуда.
2024 жылы көне шаһардағы бас-аяғы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтсе, 165 көшеге шағал тасжол төселді. Дәл қазір облыс орталығындағы жолдардың 69 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.
Өткен жылы шағынаудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеу жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілді. Біраз жылдан бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүруде. Мәселен, «Бурыл А, Б, В» алқабындағы 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Бүгінгі таңда 61 көшеге жол жабындысының бірінші қабаты төселіп, 15 көшенің асфальттау жұмыстары толық аяқталды. Ал, былтыр «Барысхан» алқабындағы 24 көшенің 8-не асфальт төселді. Мұндағы қалған көшелер осы жылға өтпелі. Сонымен қатар, №11 округтегі «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Коммунальник», «Лето» және «Ветеран» алқаптарының 165 көшесіне шағал жол төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, биыл осындағы 140 көшеге жол салу жоспарлануда. Сондай-ақ, осы аумақтағы негізгі жол – «Құмшағал» теміржол өткелінен «28 саяжай» алқабы арқылы «Аса-Талас» каналына дейін орталық көше мен «Аса-Талас» каналынан ескі «Айша бибі» бекетіне дейін айналма жолды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған 2 жоба әзірленгеннен кейін, мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.
– Қай кезеңде де аулаларды абаттандыру жұмыстары айрықша маңызға ие. Бұл – бір жағынан, шаһардың шырайын кіргізсе, екіншіден, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне таптырмас мүмкіндік. Бүгінде бұл бағытта Тараз қаласында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өткен жылы аулаларды абаттандыруға да айрықша басымдық беріліп, нәтижесінде 25 аула абаттандырылды. Оған қоса, есепті кезеңде спорт нысандарының құрылысына жергілікті бюджет есебінен 225 миллион теңге бөлініп, 9 шағын футбол алаңшасы салынды. Сондай-ақ, қала ішіндегі 14 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, демеушілер тарапынан облыс орталығында 3 спорт нысаны бой көтерді. Осы жылы «Ұлы дала» (15) ықшамауданында бой көтеруі тиіс спорт кешенінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Абаттандыру жұмысы кеңінен жүргізіледі
– Мемлекет басшысы елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау барлық деңгейдегі әкімдер қызметін бағалаудың бір өлшемі екенін атап өтті. Президент бұл ретте әкімдерге көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ісін мықтап қолға алуды тапсырып, бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін жеткізді. Сіздің ойыңызша, дәл қазір Тараз шаһары шынымен «Жасыл қалаға» айналды ма?
– Президенттің тапсырмасы аясында біз қазіргі таңда қаламызды көгалдандыруға айрықша көңіл бөліп отырмыз.
2024 жылы шаһар аумағында «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 20 гектарға 20 мың тал көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, 20 мың түп ағаш егіледі деп көзделуде.
Бұдан бөлек, есепті кезеңде Саңырық батыр мен Тәуке хан көшелеріне, «Жеңіс», «Қ.Рысқұлбеков» және «Т.Рысқұлов» саябақтарына, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңайына, «Қазақ хандығы» монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, Теміржол вокзалы, «Қуғын-сүргін құрбандары», «Арбат» скверлеріне, «Денсаулық» сондай-ақ «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш түптері отырғызылды. Шаһарды абаттандырудағы тағы бір маңызды сала – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі таңда қаланы ағын сумен қамтушы арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы мақсатта жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. 2023 жылы шағынаудандарда 33 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 15 шақырымдай арық жүйесі қалпына келтірілді. Ал, көпшіліктің атсалысуымен «Ұлы дала» (15) ықшамауданы жанындағы «Түйте» каналының бойы абаттандырылды.
– Қала билігі жұмыссыздықпен қалай күресуде? «Екі қолға бір күрек» тапқысы келетін тараздықтардың жұмысқа орналасуы үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Жергілікті билік тарапынан жұмыссыздық шамадан тыс шарықтап кетпеу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Біз еңбек етіп, отбасына табыс кіргізуге ниетті әрбір азаматқа қолдау білдіреміз. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы әзірленгенін айта кеткен жөн. Бұл күнде қалада жұмыспен қамтылғандардың саны 19 234 адамды құрап отыр. Өткен жылы Тараз қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, 2023 жылмен алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артты. Сондай-ақ, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 4 767 отбасына 1 миллиард 295,3 миллион теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді.
– Бүгінгі күннің басты талабы – еліміздегі білім саласын биікке көтеру. Өйткені, білімі сапалы елдің ұрпағы өсе келе Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Осындай шыңға көтерілу жолында облыс орталығында нендей қимыл-әрекет жасалып жатыр?
– Біздің тарапымыздан ерекше көңіл бөлінетін бірден-бір сала – білім саласы. Себебі, даму бағыты айқындалған егемен еліміздің тірегі мықты мамандар екені анық. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты.
Көне шаһарда білім саласын дамытуға да баса назар аударылуда. 2023 жылы көне шаһарда 7 мектеп пен 1 жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілді. Осылайша, «Казарма» алқабында – 180 және «Арай» алқабында – 600 орынды білім ұялары бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.
Бұдан бөлек, «Бәйтерек» шағынауданы мен «Ұлы дала» шағынауданында 1 200 орынды қос «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда қалған 3 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ №15 мектеп-гимназиясына 300 орынды жапсарлас ғимарат салынуда. Биыл «Шөлдала» алқабында – 600 және «Ұлы дала» шағынауданында 2 000 орынды екі «Жайлы мектеп» ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ №15 мектеп-гимназиясына 300 орынды жапсарлас ғимарат салынуда.
Тұрғындармен тікелей диалогтың пайдасы зор
– Ашықтық пен жариялылық қағидасына қандай ой қосар едіңіз? Жалпы, мемлекеттік қызметшілер ескі сарыннан арылып, тұрғындармен тілдесу үшін тың жол табуы үшін не істеуі керек?
– Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, кейінгі жылдары халықпен кездесулер жаңа мәтінде ұйымдастырылуда. Бұрынғыдай атқарылған істі тізбектеп тұрмай, кездесудің негізгі өзегі сұрақ-жауап, талқылауға арналуда. Шын мәнінде, қай кезде де әкімнің еңбегіне халық баға береді ғой.
Қала басшысы ретінде өткен жылы облыс орталығындағы 11 аумақтық округінде жергілікті тұрғындармен кездестім. Жалпы, кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс-пікірді жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Айта кету керек, тұрғындар мен билік өкілдері арасында тікелей диалог орнатуда әлеуметтік желілердің маңызы зор.
Мәселен, былтыр әлеуметтік желілерде тараздықтар тарапынан 5 мыңға жуық сын-ескертпе мен түрлі арыз-шағымдар жазылса, бір ғана «Jambyl 109» бірыңғай байланыс қызметіне 10 мыңға жуық адам қайырылды. Бұл – ашықтық ұстанымының жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанының айқын көрінісі.
– Өкінішке қарай, бұл күндері халық арасында той өткізу әдебінің мәні де, сәні де өзгеріп барады. Әрине, кез келген той орнымен жасалса, нұр үстіне нұр. Мәселен, екі жастың үйлену тойы мен елге белгілі атпал азаматтардың мерейтойы өз деңгейінде ұйымдастырылуы керек-ақ. Дегенмен, бүгінгі қоғамда той өткізудің тәртібі мен тағылымы ұмытылып бара жатқандай. Тіпті, қазір не болса, соны тойлайтын халге жеттік. Ең сорақысы, ел-жұрттың басым көпшілігі тойды қарыз немесе несие алып жасауға құмар. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Дәл осы мәселеге байланысты Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-брифингінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев той шығынына кететін қыруар қаржыны енді ғана отау құрған жастарға алғашқы инвестиция ретінде салып, олардың баспаналы болуы үшін жұмсаудың қажеттігін баса айтқан еді. Өздеріңізге мәлім, жуырда Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырлары елімізде той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты Үндеу жариялады. Өз кезегінде бірқатар азаматтар Үндеуге үн қосып, өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, бұл мәселеге байланысты Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы жанынан «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр» бөлімін ашып, әулиеаталық асабалардың одағын құру көзделуде. Басты мақсат – бір күндік той үшін мың жылдық дәстүрді бұзып алмаудың алдын алу.
– Өткен жылдың күз айында Германияның Франкфурт қаласында кітап жәрмеңкесі өткені белгілі. Онда адамзат баласының кітап оқудан қол үзіп бара жатқаны мәселе ретінде көтерілді. Әлемнің ең мықты баспагерлері мен қаламгерлері бірлесе көтерген осынау мәселе біздің елде де өте өзекті екені жасырын емес. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында көтерілген «Кітап оқу жылы» бастамасы дер кезінде қолға алынып жатқан жоба екені рас. Көпшілікті қуантқан осынау бастама аясында биыл қандай жобалар жүзеге асады деп жоспарлануда?
– Шын мәнінде, бүгінгі таңда әлем бойынша кітапты қолдау шаралары шексіз жүріп жатыр. Жамбыл облысы да осы ретте ерекше көзге түсе білді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей бастамасымен 2025 жыл аймақта «Кітап оқу жылы» деп жариялануы керемет бастама. Осының аясында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алады деп күтілуде. Баршаға мәлім, Тараз – түбі бір түркі әлемінің алтын бесігі.
Оның үстіне, Тараз топырағында қаламы қарымды талай таланттардың кіндік қаны тамған. «Кітап оқу жылында» жерлес ақын-жазушылардың шығармаларын көпшілікке кеңінен таныту – басты назарымызда. Бұл ретте «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алады деп күтілуде.
Қорыта айтқанда, адамды адам еткен кітаптан қол үзіп қалсақ, ешқашан алға баспаймыз. Әрине, қосымша салалардың да алға басқаны жөн. Дегенмен, бізді рухани толықтыратын, жетілдіретін нәрсе – кітап. Сондықтан, бұл бастамаға қолдау ел-жұрт ерекше қолдау көрсетуде.
– Ал, өзіңіз кітап оқуға қаншалықты уақыт бөлесіз? Соңғы мәрте қандай кітап оқыдыз?
– Өз басым кітапты барынша жиі оқимын. Қазіргі таңда Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабын оқып жатырмын. Бұл туынды Ұлы Отан соғысының жаужүрек жауынгері, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасын тереңірек тануға жол ашады. Роман-диалог ретінде жазылған аталған кітапты осы айдың аяғына дейін аяқтауды өзіме мақсат етіп қойдым. Жалпы, кітап оқудың алғышарты мерзімді басылымдарды парақтаудан басталатыны белгілі ғой. Сондықтан, күн сайын отандық газет-журналдарды қалт жібермей, ондағы көтерілген мәселелерге көңіл бөлуге тырысамын. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетін де бір шолып шығамын. Сондай-ақ, жергілікті мерзімді басылымдардан жамбылдық ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелерін сүйіп оқимын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Есен ӨТЕУЛИЕВ,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы