Әлі есімде, 1990 жылдары «Жас алаш» газетінің соңғы бетінде «Қырық қызды Түркияға медресеге оқуға шақырамыз» деген хабарландыруды оқып, қатты қызықтым. Авторы – Алматыдағы әл-Фараби қоры. Ол кезде шетелге шығу деген бір арман, оның үстіне жетпіс жылдық дінсіз қоғамның көбесі сөгіліп, мұсылманшылық жолымызға бет бұра бастаған шағымыз. ҚазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде жұмыс істеп жүрген мен қатты толқып, бір түнде медресеге түсемін деп шештім. Белгіленген уақытта Алматыға келіп, әл-Фараби қорының табалдырығын аттадым. Сол бір кез ұлттық рухымыз оянып, ұлттық құндылықтарымызды құм арасындағы алтындай шам жағып іздеп жатқан тұс еді ғой, шіркін! Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қыздардың ішінде үстіне бүрме көйлек, қамзол, басына бөрік кигендерін көріп, «баяғыдағы байдың қыздары осындай болған екен-ау» деп әсерленгенім де есімде. Ауылға келген соң мен де ұлттық киім тіктіруге тапсырыс бердім, тақияны өзім өрнектеп, бір күні әртістер құсап редакцияға киіп келгенім де есімде.
Содан қырықтан аса қыз бармыз-ау, үлкен аудиторияға жиналып отырдық. Ортамызға орамал таққан екі апай келіп, өздерін таныстырды. Көзілдірігі бар, құлаққа жағымды қоңыр даусымен сөз бастағаны Қазақстан мұсылман әйелдері одағының жетекшісі Әмина Нұғыманова екен. «Айналайындар, қазір сауалнама толтырасыңдар. Аса қиын сұрақтар емес, қорықпаңдар. Осы жерге талпынып арнайы келіп отырсыңдар ғой, ешқайсысың қалмайсың, бәріңді де оқуға апаруға тырысамыз», – деді аналық мейіріммен. Әмина апайдан кейін жанында тұрған бойшаң келген келіншек бізге нақ-нақ сөйлеп, қанша уақыт екені белгісіз Түркиядан виза күтетінімізді ескертіп, басқа да жай-жапсарды түсіндірді. Сондай жігерлі болмысына қарап, Әмина апайдың орынбасары шығар деп ойладым. Сол оқиғадан бері арада 34 жыл өтті. Алпысты алқымдаған Әмина апай көп ұзамай бақиға аттанды, ал оң қанатындай болған әлгі көмекші сіңлісі кім болды екен, есімін есте сақтап алмаппын, тірі болса қайда жүр деген ойлар мазалайтын кейде. Сүйінші, сол бір ұлттық рух оянған тұста селт етіп, қоғамдық жұмысқа білек сыбана кіріскен еті тірі Баян Ахметова апамды жуырда тауып алдым! Жасы 85-ке келіпті, Байсерке ауылы тұсындағы «картаға енбеген» ауылда отағасымен бірге тұрып жатыр екен. Бірден 90-жылдардағы оқиғаны есіне салдым емес пе?!
«Түркияға алғаш рет 40 қызды оқуға мен апардым»
– Сол қырық қызды 1992 жылы Стамбулдағы оқуға мен шетелге алғаш рет шығып ертіп апардым, – деп бастады әңгімесін Баян апай. – Қыздар бір жыл оқыды, жаңа жағдайға қалыптастыру үшін жандарында бір айдай жаттым. Халифа Алтаймен де сол кезде таныстым. Келіні Дариға бізге тілмаш болып қасымызда бірге жүрді. Қырық қыз елге оралғанда оларға мешітте ұстаз деген кәсіпті ашып берген де Әмина апа еді. Мен Әмина апайдың жанында 25 жыл жүрдім. Бүкіл облыстарда Мұсылман әйелдер қоғамының бөлімшелерін аштық. Ең бірінші Қазақстанда әйелдерге: «Сен анасың, сен келінсің, сен әжесің», – деп басына орамал байлатқызған да Әмина апай. Өзі Қыздар мемлекеттік университетінің доценті, өнер кандидаты болды. Диссертациясын Мәскеуден қорғап келді. Сол ғылыми жұмысын тастап, 1990 жылы «Менің қыздарымның баратын жолы жалғыз жол, ол – имандылық» деп, өзі бастап орамал тағып, қоғамдық іске белсене кірісті. Белгілі тұлғаларымыз: Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова – бәрі қолдап, үлкен конференция жасап, Әмина апайды төрайым сайлады. Екеуміз бүкіл облыстарды аралап, төрайымдар сайлап, жылына бір рет конференциямызды өткізіп, ашылып жатқан елшіліктермен, мәдени орталықтармен жұмыс жасап, неше түрлі жиындар өткіздік. Бұл – Қазақстанда ең алғашқы болып ашылған заңды қоғамдық бірлестік еді. Оған дейін қоғамдық бірлестік деген ұғым мүлде болмаған. Тіркелу үшін жарғысын жаза алмай екі жыл жүрдік. Жарғыны қалай жазуды ешкім білмейді. Бүгінде белгілі журналист Гүлмира Әбіқай сол кезде бізге қатты көмектесті, қазір өзі де ұмытып қалған болар. Сөйтіп екі жылда әрең дегенде тіркеліп, заңды түрде жұмысқа кірістік. Ол шақта орамал тағу дегенді ешкім түсінбейді. Орамал тағып көшеде кетіп бара жатсақ, бізді ел «молда әйелдер кетіп барады» деп қолдарын шошайтатын. Айтпақшы, сен туған Қызылорда облысында бөлімше төрайымы мектеп директоры Жамал Байназарова болды. Түріктердің мәдениет орталығының бастығы Мехмет бей деген азамат бізге барлық жағынан өте жақсы көмектесті. Сол кісінің демеушілігімен Әмина апай екеуміз талай елде халықаралық конференцияларға қатыстық. Иранда өткен бүкілдүниежүзілік мұсылман әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған конференцияға барып, бір апта жаттық. Бүкіл Иранды араладық, сонда тұңғыш рет әлемдегі ең ғажап кітапхананы көрдім. Бір гектар жерді алып жатқан кітапхананы аралап шығу үшін бір күн де жетпейді-ау! Ғасырлық кітаптарды қалай сақтаған десеңші! Қыздар медресесінде, Сары деген қазақ ауылында болдық. Қазақстаннан барған алғашқы қандастарын көріп олар да мәре-сәре. Сонда үш көшеге түп-түзу етіп салынған коттедж үйлерді де алғаш рет көрдім. Ауласына кіргенде айнала кілемдер төселіп, қабырғаларға кілем тоқитын станоктар ілініп тасталған. Қандай ғажап көрініс! Қолымда суретке түсіріп алатын фотоаппарат та жоқ, қатты өкіндім-ай. Сонда Ирандағы қазақ келіншектер көршісі келсе де құр әңгіме соғып отырмай, кілем тоқып, тірліктерін бітіріп тұрады екен. Ал кілемдерін көрсеңіз ғой, түктері жарты қарыс, бассаң ішіне аяғың кіріп кетеді. Олар жеті жастан бастап қыз баланы кілем тоқуға, тігіншілікке, өз жасауын өзіне жасап, ертең үлгілі отанасы болуға үйретеді екен. Есімде тағы бір қалғаны, сондағы қазақтар бізден: «Араларыңда Амангелді Имановтың тұқымы бар ма?» – деп сұрады ғой. Бөтен елде жүрсе де ата-бабаларын ұмытпағаны сүйсінтеді. Себебі ауылды ақсақалдар басқарып, құдаласу кезінде жастардың қан тазалығына мән беріп отырады екен.
«...Өз еліме келгенде құлға берсін күнімді»
Әмина апай екеуміз елге келген соң қыздар үшін дәл сондай үйірмелер ашуды армандадық. Көп бастамалар көтердік. Бірақ, бізді ешкім түсіне қоймады. Алматының әкімі Храпуновтың алдына кіріп, қыздар медресесін ашуға үй сұрадық. Обалы не керек, Храпунов бізді жақсы қабылдады. Шаляпин-Момышұлы көшелері қиылысындағы қабырғасы салынып, бітпей тұрған болашақ қарттар үйі ғимаратын сұрадық. Түріктер «соны сұрап алсаңдар, медресе ашып береміз» деген. Дүкенде дым жоқ, жылан жалағандай қат кезде біз медресе соғайын деп жүрміз ғой. Храпунов берді. Сол уақытта демеушілеріміздің бетін біреулер бұрып әкетіп, ақшасын текке айдалаға жұмсатып, біз үйді Храпуновтың өзіне қайтаруға мәжбүр болдық. Сондай көп кедергілермен алысып, сотқа дейін бардық. Оның үстіне мүфти Рәтбек қажының әйелі мен әнші Роза Бағланова апамыз бірігіп алып «Әмина деген кім? Мұсылмандар қоғамын біз басқарамыз» деп қарсылықтар туды. Үлкен айқай болды. Тіпті, конференцияларына Сара Назарбаеваны шақырып, халықаралық мұсылман әйелдер қоғамын ашпақшы болған. Роза апаңды білесің, «Сен Иранға төрайым боласың», «Сен Қытайға төрайым боласың» деп жұрттың бәріне «жыртыс» таратқан ғой. Күләш Ахметова, Ақұштап Бақтыгереева сынды бетке ұстар ақындарды төңірегіне жинап, әрқайсысы бір-бір елді «бөліп» алып, бізді шақырмай конференция ашты. Ал біз Сара Назарбаевамен бірлесіп талай шаралар ұйымдастырғанбыз. Сара алғашында түсінбей барған ғой, жан-жағына қарап: «Әмина апай қайда?» – деп сұраған. «Әмина жоқ, біз басқарамыз» дегенді естіп, «Әмина апайды шақырыңдар, онсыз конференция өткізуге болмайды. Сол кісі рұқсат берсе ғана қоғам құрасыңдар», – деген соң, бәсекелестеріміз, амал жоқ, бізді көлік жіберіп алдыртты. Әмина апайды Сара бірден президиумға шақырып, жанына жайғастырып қойды да: «Мына жағдайдан хабарыңыз бар ма?» – деп сұрады. «Жоқ», – деді Әмина апай. «Сіздің құжаттарыңыз түгел ме, заңды жұмыс істеп жатырсыз ба?» – деп сұрағанда Әмина апай құжаттарын көрсетті. Сара сол кезде бастамашыларға: «Ұят болады, бұлай үй ішінен үй тігуге болмайды», – деп ренжіп шығып кетті сол жиыннан. Сонымен қарсыластарымыздың ауыздары жабылды. Десе де, Роза апамыз мұнымен тоқтамай, «Нұғыманова Иранда алтын сақина тақты, Қытайда көйлек киді» дегендей кәкір-шүкір арыздармен сотқа сүйреп, әуреге салып қойды. Содан жасы келіп қалған Әмина апайдың денсаулығы нашарлап, көпке ұзамады. Бірақ, қайран апамыз көп шаруа тындырып кетті. Жоғары жаққа «Дүкен, асханаларда сиыр, қой еті шошқа етімен қатар тұрмасын, қатар пісірілмесін» деп хат жазып, халал ас үшін күресті. Әттең, сол кезде қазіргідей түсінік, қолдау болмады. Елдің санасы әлі кеңестік құрсаудан шықпаған. Бүгінгі заманда, өсіп келе жатқан жастарға енді керек болып тұр Әмина апай. Әлгі Иранға барған сапарымызда шейх Әмина апай екеумізді жеке қабылдап: «Жетпіс жыл темір құрсауда болып, қаншама жыл өтсе де мұсылманшылықты ұмытпай, Құранның сүрелерін жатқа білген қазақ әйелі – сізге басымды ием!» – деді Әмина апайға ерекше ықыласын білдіріп. Ыстықтан шаршап қонақүйге келіп демалып жатқанымызда Әмина апай: «Кісі еліне келгенде ханға берсін күнімді, өз еліме келгенде құлға берсін күнімді», – дейтін мұңын шағып. «Мен бәрі жақсы болады әлі», – деп жігерлендіретінмін. «Әй, қайдам, Баянжан, соған үлгермеймін-ау», – деген-ді күрсініп.
Миссионерлерді елге кіргізбеу туралы да мәселе көтеріп, билікке хат жазған Әмина апай. Бірақ ол уәжге билік құлақ аспады. Үндістер, пәкістандықтар келіп, өз уағыздарын жайды. Ел әбден шатасты. Анау да, мынау да құран оқитын сияқты. Содан сауаты жоқ байғұстар діннің жолы осы екен деп ілесті де кетті. Олармен күресуге біздің діни басқарма әзір болмады. Әбсаттар Дербісәлінің діни басқармаға келуіне Әмина апай себепші болды, оны ешкім білмейді. Діни кадрларды әзірлеуге баса мән берген ғалым мүфтимен бірлесе курстар ашып, Малайзияға бірнеше қызды құран оқып үйренуге жібердік. Сол қыздарымыз құран оқу жарысында 1-орын алып келді. Қазақстанда алғашқы болып Мәуліт мерекесін де біз өткіздік. Ұлттық кітапхананың мәжіліс залында, ЖенПИ-де, ҚазМҰУ-де студенттерге ауылдың дәмін татқызып, тамаша жиындар ұйымдастырдық.
Артынша бірінші болып Түркістанға саяхат жолын аштық. Ол кезде туризм деген атымен жоқ. Үлкен «Икарус» автобустар да болмаған. Қайта құрылып жатқан кезіміз ғой. Аздан соң шетелден үлкен автобустар да келе бастады. Облыстардың төрайымдары мен орынбасарларын жинап алып, Түркістанда жатқан рухани атамыз Ахмет Яссауидің басына алып барып, ұмыт бола бастаған ескерткішті елмен қайта табыстырдық. Оған апаратын жол да жоқ, ойқы-шойқы жолмен үш күн жүріп, Ахмет Яссауи, Укаша ата басына барып құран оқып, Арыстан бабта түнеп, Ғайып ерен Қырық шілтеннің кесенесін көріп, қайтарда Гауһар анаға соғып, әулиелерге тәу еттік. Сұрасақ жолды ешкім білмейді, картаға шұқшиып қарап отырып, зорға таптық. Содан көктемде мектеп оқушыларын апаруды бастадық. Улап-шулап барған балалар қайтарда анадан жаңа туғандай ақындардың өлеңін оқып, қазақ болып қайтатын. Өйткені, өзім ұстаз, қоғам белсендісі болғандықтан, Алматыдағы қазақ мектептерінің ашылу тарихы да менің көз алдымда өтті.
«Атамекенмен» бірге талай қазақ мектебін аштық
1980 жыл. Кеңестік заманның күйіп тұрған кезі. №86 орыс-қазақ мектебінде хим-биологпын. Алматы қаласында қазақ мектептерін ашуға бастама көтеріп, бір топ мұғалім атқару комитетіне хат жаздық. Алматы қалалық оқу басқармасын үш қайтара басқарған Қасымов есімді ұлтжанды азамат пен мектеп директорының құпия қолдауымен аттандатып жүрміз ғой. Ондайды күтпеген орыстар ойбайлап айқайға басты. Шона Смаханұлы, Кеңшілік Мырзабеков т.б. ағалар Д.Қонаевтың алдына дейін барып, ал қарапайым мұғалімдер қолымызға дәптер мен қалам алып, Алматының көшелерін аралап кеттік. Алдымен әр үйдің ауласына келіп, ойнап жүрген қара домалақ балаларды іздейміз. «Ата-анаң үйде ме, ертіп апаршы» деп пәтеріне кіріп, қазақтарымызбен сөйлесеміз. Көбісі: «Баламыз қазақша оқыса ертең аш қалады, сонда сендер асырайсыңдар ма?» – деп қарсылық танытады. Барынша түсіндіріп бағамыз. Ол кездегі мұғалімдердің еңбегі ерекше болды ғой. Таңертеңгісін директорымыз шақырып алып: «Ал қане, қайсысың қанша бала таптыңдар?» – деп сұрайды. Біз болсақ: «Түнімен бала табуға бола ма?» – деп қылжақтап күлеміз. Сол жылы қандай себеппен көшіп келгенін білмеймін, жеміс-жидек консервілеу зауытының төменгі жағындағы Солнечная көшесіне Қарақалпақстаннан бір топ қандастар көшіп келіп, қазақ мектептерін ашуымызға үлкен септігін тигізді. Әрқайсысының отбасында 7-8 бала. 1 қыркүйек – алғашқы қоңырау күні мектеп алды қарақұрым халықтан көрінбей кетті. Соны көріп жүрегіміз тоқтап қалмағанына әлі күнге таңғалам. Қуаныштан бір-бірімізді құшақтап, «мынау рас па, өтірік пе» деп жыладық қой. 1200 бала бірден жиналып, абыройымыз асып, үмітіміз ақталды. Орыс мұғалімдердің екі көзі шарадай, «біз енді қайда барамыз?» деп шу шығарып, далбасалады. Содан кейін №62, №128 мектеп, т.б. қазақшалана берді. Төңкерісті бастаған біздің №86 мектеп. Ғабит Мүсіреповтің атын сұрап екі жыл жүріп, зорға алдық. Қазақ мектептері көбейген соң, мені қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына қазақ мектептерінің тәрбие жұмысын басқаруға шақырды. Бірден жас ұрпаққа халықтық педагогиканы оқытып, салт-дәстүрді үйрете бастадық. Мұхаммед-Рахым Құрсабаев деген озық ойлы жас жігіт шықты. Оның «Атамекен» бағдарламасын бағдаршам етіп, жұмысқа кіріскен тұсымыз. Алайда, оқу министрі болып келе қалған Шәмшә Көпбаева бұл бағдарламаны қабылдамай тастады. Себеп – Мұхаммед-Рахым оны автор ретінде қоспағаны үшін. Сондай пендешіліктің кесірінен өмірі арпалыспен келе жатқан «Атамекен» бағдарламасы мектеп бағдарламасына әлі күнге дейін түпкілікті енгізілмей келеді.
Әйтпесе, «Атамекен» – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін керемет бағдарлама! Оның шыққанына биыл 35 жыл болады. Мұхаммед-Рахым – Семейде туып өскен, Бүкілодақтық «Артек» пионер лагерінде тәрбиеші болған тұңғыш қазақ баласы. Сол талантты жігітті өсірмей қойды, бүгінде Абай атындағы педагогикалық университетте ұстаздық етеді. Күні кеше Астанада өткен «Көшпенділер ойынын» ол баяғыда-ақ айтып қойған болатын. Оның балаға асық атуды, тоғызқұмалақ ойнауды жастайынан үйрету керек деген ұсынысы бойынша біз мектепте қыруар шаруа тындырдық.
Мақсұт Оразайдың қазағын қорғаудағы ерлігі
Шын мәнінде «Атамекен» бағдарламасын іс жүзіне асырған №86 мектептің директоры Мақсұт Оразай болды. Ол кісі қызметке келе сала «Ұлттық тәрбиеге көшеміз!» деп талап қойды. Ұстаздар шоршып түсіп, қарсылық білдірді. Қазіргі «Халық қаһарманы» атанып жүрген Аягүл Мирозованың өзі бірінші қарсы шықты. Біз қызметтес болғандықтан, бұл жағын өте жақсы білемін. Сол әріптесіміз Османова деген жартылай ұйғыр, жартылай қазақ қалалық білім басқармасы басшысына Мақсұт Оразайдың күнде не істеп жатқанын жеткізіп отыратын.
Оқу жылы басталар тұс. Бір күні директорымыз келді де: «Алғашқы қоңырауға балалар гүл әкелмесін, соны барлық ата-аналарға ескертіңіздер», – деді. «1 қыркүйекте ұстаздарға гүл сыйлау – қалыптасқан дәстүр ғой, қалай айтамыз?» – деп сасып қалдық. «Біз қазақшылыққа көшеміз деп келісіп едік қой, онда оқушылар ұстаздарына кітап сыйласын. Кітап – өлмейтін дүние, ішінен бір сөзді оқыса да балаға пайда. Ал үш мың теңгеге сатып алған гүлі үш күннен кейін қоқыста жатады. Қазақта қарғыс бар: «Гүлдей сол» деген», – деп тойтарып тастады. Сөйтіп жапа-тармағай балаларға телефон соқтық. Содан не болды дейсің ғой. Мақсұт ағай экспромт жүретін қызық кісі еді ғой. Мерекелік жиында сахнаға шықты да, қалтасына қолын жүгіртіп, тақия алып шықты да, төбесіне кигізе қойды. «Балалар, мен басыма не кидім, көрдіңдер ме?» – деп сұрады. Балалар «тақия, қалпақ» деп жамырады. «Мұның аты – тақия. Ертеңнен бастап бәрің де бастарыңа тақия киесіңдер», – деді. Ел тым-тырыс. «Сендердің қазақ екендеріңді барша жұрт тақияларыңа қарап білетін болады. Ертең мен сендерді мектеп алдында тосып тұрамын, сендер «Ассалаумағаләйкүм» десеңдер, мен «Уағаләйкүмассалам» деп амандасамын!» – деді. Міне, ғажап! Айтқан сөзінде тұрды. Күнде таңертең мектептің алдында күтіп тұрып, балалармен қолдап амандасты. Уақыт өте келе ұл балалар үлкен кісімен амандасу үшін мектепке қарай жүгіретін болды. Мектеп директорының өзі қол беріп амандасса, кішкентай бала үшін одан артық қандай дәреже бар?!
Қала бойынша бірінші болып біз Наурыз мерекесін тойладық. Қазақ үй жоқ, директордың талабы күшті, «Табыңдар!» дейді. Ол кезде «Алматықұрылыс» деген комбинаттың директоры Шалбай Құлмаханов бізге шефтік көмек көрсететін мекеме басшысы еді, сол кісіге «қазақ үй тауып беріңіз» деп хат жаздым. «Қайдан табам, жоқ қой», – деп қолын қусырды ол кісі. Өзіміз тапсақ ақшасын төлейтін болып келісіп, әрең дегенде сұрастырып жүріп Қарақалпақстаннан көшіп келген бір ата-ананың үйінен таптық. Сол абырой болып, қазақ үйді мектептің артындағы стадионға құрып, түнімен күзетіп жаттық. Біреу қазан тауып әкеліп, ошақ қаздырдық. Алтыбақан құрдық. Физкультура мұғалімдері үш түн ұйықтамай неше түрлі баспалдақтар жасап тастады, жамбы ататын бағандар орнатты. Бұл 1982 жылдың көктемі. Ал республикалық наурыз тек 1989 жылы алғаш рет мерекеленді. Ал, есептей беріңіз, біз қаншалық ілгері кеткенімізді. Ұстаздар 1 сомнан жинап, күріш, май, құрт, нан алып, үлкен қазанға наурызкөже жасап, ата-аналарды шақырып, балалар от жақты. Сол кезде Османова жетіп келіп: «Мынау не жабайылық? Кім рұқсат берді? Жинаңдар!» – деп айқайлады. М.Оразай: «Бұл мектептің өткізіп жатқан іс-шарасы. Мектептегі әрбір іс-шара үшін сенен рұқсат сұрауым керек пе, жинамаймын!» – деді. Сөйтіп Османова директорымыздың артына түсіп алды. Дәл сол кезде өмірімізге демократия деген ұғым пайда болып, бірінші басшыны сайлау керек деген бір шала заң шықты. Мектеп директорларының ішінде Мақсұт Оразай бірінші болып «Қазақ мектебі қандай болуы керек?» деген тұжырымдамасын әзірлеп, сайлауға өз-өзін ұсынды. Османова осыны пайдаланып: «Конкурсқа қатысатын болсаң, директорлықтан босай тұруың керек» деген соң, өзі арыз беріп қызметінен кетті. Артынша Османова оны сайлаудан өткізбей тастады. Солайша Мақсұт ағамыз айқай-шусыз қызметімен қош айтысты. Кейін оппозициялық қозғалыстарда бой көрсеткенін білеміз. Марқұм Мақсұт ағамыздың арқасында қаншама ізгі дүниелерді жүзеге асырдық. Біздің аядай ғана білім ордамыз ұлттық құндылықтардың құтханасына айналған сол мезгілде. Мәселен, ұлдар мен қыздар кодексін жазып, қабырғаға іліп қойдық. Әртүрлі жастағы оқушылардан «Қамқорлық» тобын құрдық. Жоғары сыныптың оқушылары бастауыштағы бауырларына қамқорлық танытты. Мұғалімдер оған да қарсы шықты. Әр сыныптағы тақтаның екі жағына домбыра ілініп тұруын талап етті. Бәріміз дүкендерді аралап, домбыра іздеп кеттік. «Бала домбыраны көзбен көріп өсуі керек, кейін өзі тартпаса да, ұрпағы тартады», – дейтін. Енді бір жаңалығы – мектеп бітіретін түлектерге «Абай жолын» оқымаса аттестат бермейтін болды. Шынында, Абайтану деп жатамыз, бірақ оны танып жатқан адам қайда?! Ал баланың оқыған-оқымағанын қалай тексереді? Кез келген жерден баланы шап беріп ұстап алады да, кабинетіне апарып: «Абай оқудан келгенде не болды?» – деп сұрайды. Біз, сондай-ақ, ақындар айтысын, жыршылар байқауларын ұйымдастырдық. Қаламгерлерді жиі қонаққа шақырдық. Сондағы балалардың талпынысын көрсең ғой, шіркін! Түсінгенім, балаларға төпелеп тапсырма бере беру керек екен. Ерінбей жырды жаттады ғой айналайындар. Сахнаға көрпеше төсеп, малдас құрып отыруды үйреттік. Тіпті, бір бала қатты қызып кетіп, жыр айтамын деп ентелеп алға ысырыла-ысырыла сахнадан құлап түскені бар. Біздің бұл бастамамыз министрлікке жетіп, оқушылардың тұңғыш Республикалық ақындар айтысын өткізді ғой. Қытайдан келген атақты домбырашыны шақырып, екі аптаның ішінде ұлт-аспаптар оркестрін құрып, аудандық жарысқа қатыстық. Балалар деген шебер екен ғой.
Сөйтіп жаңашыл, ұлтжанды Мақсұт Оразай директорымыз кеткен соң осынау жақсы жұмыстың бәрі сілтідей тынды. Директордың орынбасары болған Күләнда Қадіржанованың адамгершілігін сонда байқадым, ағамызды кабинетіне кіргізбей, орнына ұялмай өзі отырып алыпты. Неше түрлі адамдар болады екен ғой мына өмірде. Өзі орыс тілінің маманы еді ғой, аз күндей сабақ берді де, жұмыстан біржолата кетіп қалды. Кейін біреулерден сол Мақсұт ағамыз «Я, русскоязычный казах, остался без работы» деген жазуды алдына іліп, Арбатта тұр деп естідім. «Мәке, оныңыз қалай, ұят емес пе?» – деп телефон шалдым. Көп ұзамай Мақсұт аға әдебиеттен тереңдетіп оқытатын №2 мектеп-интернатқа директор болып, ол жақта да талай тамаша жаңалықтарымен қуантты.
Жағда Бабалық және «қазақтану» қоғамы
Қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтындағы беделді қызметімді тастап, Әмина апаймен қоғамдық жұмысқа кіріскенімде мен елу жаста екенмін. Таныстардың бәрі таң-тамаша қалып, ренжіп жатты. Мүмкін қоғамдық жұмыс ақшаны көп төлейтін шығар деп ойлады. Қоғамдық жұмыстың не екенін өзің де жақсы білесің, көк тиынсыз шапқылап жұмыс жасадық қой. Алайда, оған еш өкінбеймін. Бойдағы бар дүниені сарқып, елім деп ерінбей, жұртым деп жұмылып, ұлтжанды асыл азаматтармен бір сапта еңбек еткенімді өзіме бақыт санаймын.
Әмина апамыз дүниеден озған соң мені сондай біртуар қазақтың бірі – Жағда Бабалық атамыз «Қазақтану» қоғамына жұмысқа шақырды. ЖенПИ-дің ғылым жөніндегі проректоры, ғажап ұлтжанды адам Клара Жантурина оқу орнынан бөлме бергізген соң, аптасына бір рет жиналып, Жағда атамыздың еңбектерін насихаттауды көздедік. Алайда, Клара Жантурина қайтыс болып кетті де, жаңа басшылық бөлмемізді тартып алып, бізді институттан шығарып жіберді. Содан соң Жағда атамыз төсек тартып жатып қалды. Тоқсанның алтауына келіп қайтыс болған атамыз кеткенше «қазақ, қазақ» деп кетті ғой жарықтық. Жағда атаңды зерттесең, дария тарихқа кезігесің. Қазақтың бағзы шынайы тарихы сол кісінің қазына-мұрасында көміліп жатыр. Маған салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы қолжазбаларын өсиет етіп кеткен еді. Енді соларды, Алла қуат берсе, төтеден қазақшаға аударып, жарыққа шығарсам деп армандаймын...
Әңгімелескен – Гүлжанат ШОНАБАЙ