Батыс Қазақстан облысында биылғы жаңа оқу жылында 11 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттамақ. Жалпы, оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз жиынында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова мәлімдеді.
2026-2027 оқу жылына дайындық барысы туралы баяндаған басқарма өкілі:
– Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларын сапалы жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа оқу жылына дейін Қарашығанақ Петролеум оперейтинг б.в. компаниясының әлеуметтік жобалары аясында салынған сегіз мектептің құрылысы аяқталады, – деді.
Белгілі болғанындай, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының маңызды бағыты – білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту. Соның ішінде мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары – басты назарда. Облыс бойынша 191 жаңа пәндік кабинет сатып алу көзделген. Сондай-ақ жаңадан пайдалануға берілетін сегіз шағын жинақты мектепті қажетті оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету және 24 пәндік кабинет жасақтау жұмыстары жүргізілуде.
– Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд 115 млн теңге бөлініп, сатып алынған оқулықтарды баспалардан алу, облыс орталығына жеткізу шаралары атқарылуда. Сонымен қатар оқушыларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен жалпыға бірдей білім беру қорынан 416 млн теңге қаражат қарастырылды. Бұл қаржы оқушыларға кеңсе тауарларын, мектеп және спорттық киімдер мен аяқ киімдер сатып алуға бағытталған. Әр балаға 50 581 теңгеден ата-аналарының есепшоттарына қаражат аударылды, – деді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік санаттағы отбасыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі шаралардың бірі – «Мектепке жол» акциясы. Осы қайырымдылық акциясы шеңберінде 1 тамыздан бері облысымыздағы 978 балаға 11,2 млн теңге көлемінде кеңсе тауарлары, киім-кешек және қаржылай демеушілік көмек көрсетілген.
Өз баяндамасында БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары А.Темірханова білім беру мазмұнын жаңарту аясында жаңа пәндер мен курстар қосылатынын, 2-4 сыныптарда бағалаудың жаңа тәсілі енгізілетінін айтып өтті.
Сондай-ақ облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің де жұмысына тоқталған басқарма өкілі бұл бағытта 35 колледж жұмыс жасайтынын жеткізді.
– Биыл өңірге 4000 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Бұл – жастардың сапалы кәсіптік білім алуына жасалып отырған нақты қолдау. Кәсіптік білім берудің мазмұны да уақыт талабына сай жаңартылуда. «Жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктер атласы» негізінде колледждердің білім беру бағдарламалары қайта қаралып, сұранысқа ие жаңа мамандықтар бойынша кадр даярлау жұмыстары күшейтілді, – деді А.Темірханова.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы














