Асыраушы сала қарқынды даму жолына түсуі үшін ұсақ шаруашылықтардың бірігуі маңызды. Мұнда ең тиімді жол – кооператив құру. Ал үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бұл саланың өркендеуіне тың серпін береді. Кеше облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев осылай деді.
Басқосуда алдымен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында берілген несиелердің кері қайтарылған қаражаты есебінен жобаны қайта жандандыру көзделіпті. Қазіргі таңда өңір бойынша 3 ауылдық округтегі 8 мыңға жуық тұрғындарды несиелендіру жұмыстары бастау алған.
– Қанатқақты жобаның бірінші кезеңінде 10 аудандағы 11 пилоттық ауылдық округтің 2478 тұрғыны несие алған. Осылайша берекелі бастама аясында 7 856 аула қамтылды. Жобаның кейінгі кезеңдері жүзеге асқанда 695 мың тұрғыны бар 145 ауылдық округтен 25 мыңнан астам жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеледі деп күтілуде. Нәтижесінде 7500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ, – деді Е.Жиенқұлов.
Аймақ басшысы талай отбасының табысын арттырып, ырысын молайтуға серпін беретін қанатқақты жоба аясында ұсақ шаруашылықтардың бірігуінің маңыздылығына тоқталып, бұл істе аудан әкімдері белсенділік таныту қажеттігін баса айтты.
– Жекешелендіру кезінде тым ұсақталып кеткен шаруашылықтарға ғылым мен озық тәжірибе жетістіктерін, жаңа инновациялық технологияларды, қуатты техникаларды пайдалану мүмкін емес. Демек, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартылмай, ауыл шаруашылығы қарқынды даму жолына түсе алмайды. Бұл жағдайдан шығудың жолы – ұсақ шаруашылықтарды біріктіру. Ал бірігудің ең тиімді тұсы – кооператив. Бұл дегеніміз – шаруалардың одағы. Кооператив шаруа қожалықтарының бірқатар жұмыстарын өз мойнына алып, шаруаларға қызмет етеді. Сондай-ақ үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға көп көңіл бөлу қажет. Бұл тұрғыда аудан әкімдері жергілікті жерлерде терең дәйектілікпен ойластырылған жүйелі жұмыстар атқаруы тиіс, – деді Б.Сапарбаев.
Күн тәртібіндегі келесі мәселеде жамбылдық жастардың жұмыспен қамтылуы да кеңінен сөз болды. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы 21 838 жас белсенді шараларға
тартылмақ. Оның ішінде 12638 жас тұрақты, 124 адам алғашқы жұмыс орнына орналасуға мүмкіндік
алады. Ал 450 жас қысқа мерзімді курстардан өтсе , 1622 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікті меңгеруге күш салмақ. Бұдан бөлек, 4 мыңға жуық жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, гранттарға ие бола алады.
Жиын соңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Хасен Қарабаев көктемгі әскерге шақыру науқаны жөнінде баяндама жасады. Спикердің есебін мұқият тыңдаған Бердібек Машбекұлы жоспарлы түрде жүзеге асатын шара барысында әскери міндетті жастарды іріктеу, оларды алдын ала зерделеу жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды.