«БІЗ ДАҢҚТЫ КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ МҰРАГЕРІМІЗ, БАТЫР БАБАЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ»

«БІЗ ДАҢҚТЫ КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ МҰРАГЕРІМІЗ, БАТЫР БАБАЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ»

Олар ел мен жерді қорғап, ұлан-ғайыр даланы бізге аманат етті. Осы қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – бәрімізге ортақ парыз.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әлем жұрты қызыға көз тігуде. Байрақты бәсеке бір аптаға созылмақ. 8-14 қыркүйек күндері аралығында көшпенді халықтың оғыландары Сарыарқаның төсінде бақтарын сынайды. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев 2024 жылғы 3 қаңтарда «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» атты «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәденигуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», – деген болатын. Соның жарқын көрінісіне Қазақстан халқы куә болуда. 

Көшпенді халықтардың салт-дәстүрін паш ететін ең ірі спорттық іс-шара – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының шымылдығы 8 қыркүйек күні түрілді. Президент Қ. Тоқаев салтанатты жиынды өзі ашты. Үлкен алаңда Қазақ елінің басшысы жаһанның жартысы кеп қатысып отырған көшпенділер ойынының мән-маңызына арнайы тоқталып өтті, басқа тілде емес, тек мемлекеттік тілде. Бұл да халқымыз үшін үлкен мәртебе! Бір апта бойы ұлы дала төсі дүбірге бөленіп, әлем назары Қазақстанға ауды. Биылғы додаға жер-жаһанның 89 мемлекетінен келген 2700-ге жуық спортшы өз өнерін ортаға салып, шеберліктерін паш етуде. Биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына 21 спорт түрі кірді. Соның ішінде қазақ халқының дәстүрлі ойындары да бар: Асық ату, арқан тарту, бәйге, көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, жамбы ату. Осы сайыстардан бөлек спортшылар теңге ілу, алыш, садақ ату, құсбегілік секілді бәсекелер бойынша да бақтарын сынайды. Сондай-ақ интеллектуалды ойындар да ұйымдастырылады (тоғызқұмалақ, мангала, овари). Көшпенділер ойынының ұйымдастырылуы да ерек. Ұлттық нақышы да бөлек. Ұстанымы да зерек. Әсіресе қазақ тілінің мерейі өсіп, ағылшын тілімен терезесі тең тұруының өзі үлкен мәртебе! Бүкіл көшпенді түркі әлемі қазақ тілін түркі тілінің ізбасары санайды. Ал ағылшын тілі шетелдік қонақтарға ортақ тіл санатында. Осыдан-ақ, көшпенділер ұрпағының қосалқы тілге тәуелді емесін аңғаруға болады. Тіл мәселесіндегі дара ұстанымнан-ақ көпшіліктің рухы көтерілді. Елдің мерейі үстем болды. Қазақ халқының асқақ үні сахналық көріністерде де ерекшелене түсті. Бабалардың сара жолы осылай жалғасын таба берсе, көшпенділер ойынының ұрпаққа берері мол. Астарлап болса да айтары зор болмақ! Осы жерде елге белгілі журналист Қайнар Олжай ағамыздың ФБ парақшасындағы «ҮШ «С»-ның СЫРЫ» атты жазбасына көз жүгіртелік: «Біздің «QAZAQSTAN» арнамыз сағат 19.00- ден тікелей эфирді бастап, рәсімді толық көрсетті. Дәстүрлі телеэкранды айтпағанда, теледрон тынбай ұшып тұрды. Сондықтан миллиондар тамашалаған салтанатты тамсанып қайта жазуды артық санаймыз.

Айтпағымыз басқа. Салтанатты ашылу алдында «Астана аренада» концерт өтті. Оны тікелей көрсеткен жоқ. Әли Оқапов, Қуандық Рақым, «Ұлытау» тобы және тағы басқалардан кейін ерекше көрініс болды. Сахнаға татар, қазақ, түркімен, қырғыз, өзбек – бес ұлттың би топтары бірге шықты. Әр ұлттық би биленгенде басқа төрт топ шеңберлеп, ырғағын қолдап тұрды. Ұлттар бірлігін жаһанға байқататын үлкен үш нәрсе бар. Біріншісі – саясат. Екіншісі – спорт. Үшіншісі – сахна. Осы үш «С-ның» спорты мен саясаты Сарыарқа төсін дүбірлеткенін бәрі айтуда. Біз бес ұлттың бірлігі байқалған үшінші «С» – сахна туралы жаза кеткенді парыз санадық. Салтанатты ашылудың режиссерін бәрі мақтар-ау, ал мынау бес ұлттың би топтарын бірге шығаруды ойлаған концерт режиссері де сондай мақтауға лайық!» деуі бекер емес. Бұл бес ұлттың тарихтары тамырлас, тілдері бауырлас, салт-дәстүрлері аралас. Түп-тамырлары бір, діні мен ділі де егіз! Жарты әлемді уысында ұстаған, бабалары ат жалында тіршілік кешкен халықтың ұрпақтарын жабайы, қарақшы санайтын елдерге дүниежүзілік көшпелілер ойыны үлкен ой салғаны анық. Ілім-білімнің шырағын жаққан, ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан, алғаш рет атты үйретіп, үзеңгіні ойлап тапқан да көшпелілер болатын...

КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ РУХЫН КӨТЕРГЕН СӨЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі көшпелі түркі әлемін тәнті етті. «Қадірлі қауым! Құрметті спортшылар! Бүгін көптен күткен байрақты бәсеке – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Баршаңыз қазақ жеріне қош келдіңіздер! Бұл – әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шара. Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына зор ризашылығымды білдіремін. Мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғыс айтамын. Көшпенділер өркениеті – дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды. Көшпенділер өркениеті – нағыз көнекөз өркениет. Шын мәнінде, көшпенді халықтар барлық құрлықта бар. Олардың ізін Еуропа мен Азиядан, Африка мен Америкадан көруге болады. Көшпенділердің мәдениеті, рухани қазынасы, құндылықтары ортақ. Көшпенді халық – ең алдымен, рухы азат жұрт. Көшпенділер үшін өмір – мәңгілік қозғалыс. Олардың әр қадамы – жаңа әлемге жасалған жасампаз қадам. Біз ежелден қонақжай халықпыз. Жаңалыққа жаны құмар, түрлі мәдениетке ашық жұртпыз. Біздің өмір салтымыз табиғатпен ерекше үйлесім тапқан. Көшпенділер – тумысынан қайсар халық. Көшпенділердің ұлы көші ешқашан тоқтамайды. Мыңдаған жылға жалғасқан осы көш қазір басқаша сипатқа ие болды. Көшпенді өмір салты қайта жаңғырды. Жаһандану дәуірінде ешқандай шекара жоқ. Бір сөзбен айтсақ, қазір заманауи көшпенділер пайда болды. Біз білім алу, жұмыс істеу үшін қоныс аударамыз, басқа елдерге саяхат жасаймыз. Бұл дәуірде біз еркіндік рухын сақтай білуіміз керек. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіру қажет. Біз даңқты көшпенділердің мұрагеріміз, батыр бабалардың ұрпағымыз. Олар ел мен жерді қорғап, ұлан-ғайыр даланы бізге аманат етті. Осы қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – бәрімізге ортақ парыз. Көшпенділер ойындары – осындай игі мақсаттан туған бірегей жоба. Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек. Құрметті достар! «Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға. Сарыарқаның сайын даласы 5 күн бойы дүбірге толады. Күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына куә болады. Бұл – бірлік пен татулықтың тойы. Достығымыз мәңгі болсын! V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялаймын!» – деді. Түсінген адамға үлкен тағылым болар сөз ғой бұл!

БҰЛ ТАҢҒАЖАЙЫП ДОДАҒА ӘЛЕМ КӨЗ ТІГУДЕ

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына арналған қойылымдарда күллі түркі халықтарына ортақ Көк бөрі бейнесі де көрініс тапты. Көшпенділердің жан дүниесі – ТабиғатАнамен айрықша үйлесімде дамыды. Сондықтан өздері мекен еткен жерді ерекше аялады. Табиғатты қастерлеу арқылы тіршіліктің тылсым сырының тереңіне бойлады. Көшпенділер өркениеті мен рухани әлемі адамзат санасының дамуына серпін берген тарихи құбылыс екені даусыз. Оны неге дәріптемеске? Ерекше айтар тағы бір ақпарат, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Қазақ тілінде сөйледі. «Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ретінде дәстүрлі спорт түрлерін бүкіл әлемге таратуға бағытталған жаңашыл күш-жігердің бір бөлігіміз. Бес құрлықта 22 елде 32 мүшесі бар бұл спорт түрлері тек сайысты ғана білдірмейді. Олар сонымен қатар біздің мәдени байлығымыздың, достығымыздың және ынтымақтастығымыздың белгісі», – деді ол өз сөзінде. Күллі түркі халықтарының басын қосудағы игі мақсатты да біле жүрген дұрыс. Ол – ортақ тарихты санадан өшірмеу. Бауырлас халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті кеңінен насихаттау. Қауіп-қатер төне қалған жағдайда жұдырықтау жұмыла білу. Қазақ даласы үшін тағы бір орасан пайдасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысында шағын және орта бизнестің, оның ішінде туризм, халықтық қолөнер, қызмет көрсету салаларындағы мүмкіндіктерін іске асыруына жағдай жасалады. Сонымен қатар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бай мәдени және спорттық бағдарламасы Қазақстандағы этникалық туризмді дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жарыс бағдарламасына сәйкес спорттың 20 түрінен жарыстар өтуде. Сонымен қатар спорттың 10 түрі арнайы таныстырылым ретінде дүйім жұртқа таныстырылды. Қазақстан құрамасы сапынан 216 спортшы 21 спорт түрінен бақ сынайды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 42 оқу-жаттығу жиынына қатысты. Оның ішінде 37 жиын ел аумағында, 5-еуі шетелде өткізілді. Жарыс бағдарламасына сәйкес 110 медаль жиынтығы ойнатылады. ДКО-ның спорттық және мәдени іс-шаралары 5 негізгі нысанда – «Астана Арена» стадионында, «Қазанат» ипподромында, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз сарайында және «Думан» қонақүй кешенінде өтеді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Астана іргесінде «Көшпенділер әлемі» этноауылы жұмыс істеп тұр. Этноауыл аумағына еліміздің 20 өңірі киіз үй тікті. Онда қолөнершілер жасаған ұлттық кәдесыйлар ұсынылған. Шатырларда ұлттық тағамдар және сусындар бар. Сонымен қатар этноауыл аумағында концерттік бағдарламалар мен спорттық іс-шаралар өтіп жатыр. 6 күн бойы базары тарқамайтын этноауылға кіру тегін. Күнделікті келушілерге 3200 өнерпаз мәдени бағдарлама ұсынады. Жан-жақтан ағылған түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген сыйластығы, олардың қазақы танымға деген махаббатының, ыстық ықыласының зор екендігін жүздерінен аңғаруға болады. Былтырғы жылы мұндай көшпенділер ойыны Түрік елінде болып өтіпті. Одан кейін бізде һәм Қазақ елінде жалғасын табуда. Түбі түркінің баласының мақсаты бір, жолы бір, бағыты бір екендігін тағы бір айқын айғақтап дәлелдеп берді. Әлеуметтік желіден, оның ішінде, әп-сәтте тікелей бейнехабар таратып отырған әріптестеріміз арқылы, сонау Жапониядан келген елшілер қазақша сөйлеп, әр нәрсені қазақ тілінде сұрап жатқандығын көріп, «әп, бәрекелді!» дегеннен басқа айтарымыз болмады.

ҰЛТТЫҚ САНА ДҮР СІЛКІНГЕН КҮН

 Белгілі журналист Жеңіс Оспанов ФБ парақшасына сүйсіне жазғандай, бізде АҚШ-тан көшпенділер ойынын тамашалауға арнайы келген ағылшындық азаматтың киіз үйдің ішінде, үй жабдығын, оның жасалу құрылысын сұрап қазақша сөйлеп жатқандығын көріп, тағы да сүйсіндік. Өйткені ұлы далада өзінің ұлылығын, өзінің даналығын, өзінің қазақылығын сақтап қалған халықтың осы киіз үйде отырып, ұрпақ сабақтастырып, ұрпағының қамын ойлап, одан қала берді, жан-жақтан ақикөзденіп, найзасын шошаңдатып келген жауға да төтеп беріп, ұлы дүрмек уақыттың құрбаны болып кетпей, аман қалғандығының өзі сол түркілерден бермен қарай сабақтасып келген көшпелі қазақтың бас бірлігінің арқасы. Сонымен қатар «бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсілдің ұлағатты ұлы сөздің құдіреті. «Көшпенділер ойыны», иә, сонымен аты айтып тұрғандай, бұл ойынға алыс-жақын елдің барлығы келді. Ат жалында ойнап өскен қазақтың алғырлығын, қазақтың тапқырлығын, қазақтың жеті өнер иесі екендігін айқындап басқаға көрсету басты мақсат. Өйткені заманның ық жағында болмай, жиі шапқыншылыққа ұшырап жатса да адами ұлы қасиетіне дақ түсірмеген халқымыз қаншама жыл посткеңестік үкіметке ықпалды болса да, дала қосында асауды тізгіндеп мінген көкірегінен даланың жұпар иісі аңқыған қазақтығын сақтап, осы күнге, осы бір шаттығы мол кезеңге жетіп отыр. Тақымы сірі мықты жігіттеріміз көкпар ойыны кезінде ешкімге дес бермеді. Қалың қазақтың қиқуы арқасын қоздырған көкпаршылардың мінген сәйгүліктерінің бойында қара қыпшақ Қобыландының жүйрігі Тайбурылдың, атақты Ақан серінің жүйрігі Құлагердің қаны бар ғой. Оның үстіне Қамбар атаның бел баласы жылқының қадір-қасиетін білетін қазаққа жылқы жақын «ер қанаты – ат» деп тәмсілдеп өскен қазақ үшін ат баптау, әрине, атадан балаға қалған ұлы үрдіс екендігін елдің барлығы біледі. Түбі бір түркінің баласымыз дейтін ұлттармен бірге, әлемнің әрбір түкпірінен тағы басқа ұлттар, Орта Азияның кіндігі, қазақтың бас қаласы – Астанаға ат басын бұрып, дүбірлі тойдың ортасында жүр. Бұл – қазақ үшін үлкен мәртебе! Қазақтың мерейі. Қазақтың жұлдызының тағы бір мәрте жанғаны. Ұлттық сананың дүр сілкінгені. Ұзағынан болғай!.. Көшпенділер ойынына қатысып жатқан қазақ баласына тек қана жемісті жеңіс тілейміз!..

ШЕТЕЛДІК ҚОНАҚТАР НЕ ДЕЙДІ? 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғашқы күндерден-ақ өз алаңына ондаған мың қонақты жинады. Олардың арасында көшпенділердің ерекше мәдениетімен танысу үшін Астанаға арнайы келген шетел азаматтары жетерлік. Мысалы Джимми Нельсон Астанаға Голландиядан ұшып келген. «Біз Астанадағы 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін бес күнге келдік. Бұл – таңғажайып оқиға, мен мұндағы адамдардың сұлулығы мен қонақжайлылығына таңғалдым. Қазақстан сияқты ел өзінің бай мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға көп қаржы жұмсайтыны таңғаларлық. Мұнда болу бір мәртебе екен, мен мұндай мүмкіндікке дән ризамын», – дейді ол. Вероник пен Тим Бродбент Көшпенділер ойындарын көру үшін Франциядан ұшып келіпті. «Біз Астанада болдық, бұл – бірегей оқиға. Бүкіл әлем Орталық Азияның орталығында жиналды. Әрине, бізге де осында келу бұйырды. Біз кеше, дәл ашылу күні келдік, бәрі керемет болды. Мұнда бәрі сондай тату-тәтті екен», – дейді Франциядан келген қонақтар. «Біз көшпелі спорт туралы бұрын-соңды ештеңе білмедік, білсек те өте аз ғана шығар. Бірақ қазір бұл біз үшін өте қызықты әрі көңілді», – деп ағынан жарылды испандық турист Кристина Прунелл. Досы садақ атумен айналысатындықтан, аустриялық Малкольм Дауни көшпенділер ойындарына қызығушылық танытыпты. «Біз Аустрияда тұрамыз, садақ атумен, яғни венгриялық садақ атумен айналысатын досымыз бар. «О, Мариан осымен айналысады, біз мұны міндетті түрде көруіміз керек» деп ойладық. Алғашқы әсеріміз осылай болды», – дейді іс-шара қонағы. Астанадағы көшпенділер ойындары кезінде көрсетілген садақ ату сайысы Аустралиядан келген тағы бір қонақты да таңғалдырыпты. «Бүгін таңертең біз Венгр стиліндегі садақ атуды көрдік. Бұл өте керемет болды. Мен бүркітпен аң аулауды және көкпардан жарысты көргім келеді», – деді аустралиялық қонақ Элоди Гарриман. Елорда тұрғындары, қонақтары мен ойын қатысушылары үшін этноауылдың барлық мәдени іс-шараларына кіру тегін. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық жарыстарына тек билетпен кіруге болады.

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫ АЛДА 

Қазақстан ұлттық құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнін 21 алтын, 7 күміс, 9 қола медальмен аяқтады. «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен Жамбы ату спортының Түркі стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қола жүлдені Айтбек Сарыбай жеңіп алды. Күміс жүлдені түркиялық Керем Игит еншіледі. Жарыстың екінші күнінде ұлттық құраманың үш бірдей спортшысы Азия стилінен жүлделі орындарға ие болған еді. Аударыспақтан Сырым Ізбасаров (100 келі) моңғолиялық спортшы Ерболат Жеңісбекті жеңіп, алтын жүлде алды. 100 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев Қырғызстан спортшысы Кумушбек Қыдырәлиевтен басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал 90 келі салмақ дәрежесінде Есімхан Рахматіллә күміс жүлде еншілелі. Ол Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулынан жеңілді. Ұлттық құрама спортшылары аударыспақтан жалпы есепте бес алтын, бір күміс еншіледі. «Арғымақ» ат спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қасымханның Көшпенділер ойындарындағы екінші қола медалі. Екінші жарыс күнінде «Пута» нысанасы бойынша Жәнібек Құлмырзаев алтын, Айкөркем Батихан қола жүлде алған болатын. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпежек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдер әрқайсысы төрт салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қазақстандық балуандар екінші жарыс күні 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде иеленді. Әйелдер арасында Зарина Сарипова (65 келі) мен Роза Нысантайқызы (70 келі) алтын жүлде алды. Замзагул Файзолланова (77 келі) күміс жүлдеге, Альбина Бахиева (+77 келі) қола жүлде алды. Ерлер арасында Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) алтын жүлде алды. Ерасыл Жанатаев (90 келі) қола жүлде еншіледі. Қазақстандық балуандар қазақ күресінен барлығы 15 медаль алды: 12 алтын, 1 күміс, 2 қола. Айта кетсек, жарыстың бірінші күні боз кілемде күрескен 8 қазақстандық спортшының барлығы да жеңістің биік тұғырына көтерілген болатын. «Алау» мұз айдыны сарайында өткен кураштан екінші жарыс күнінде 7 балуан жүлде алды. Ерлер арасында Ернұр Сүлейменов (60 келі), Айбек Қазақбаев (66 келі), Нұрдін Шаймерден (73 келі), әйелдер арасында Толғанай Абеуова (57 келі) күміс жүлдеге ие болды. Марат Нигматуллаев (60 келі) пен Әділет Ахметғали (73 келі), әйелдер арасында Алтынай Нұрханова (57 келі) қола жүлдеге ие болды. Осылайша, ұлттық құрама курашты 13 жүлдемен (1 алтын, 6 күміс 6 қола) қорытындылады. Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 105 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Ерлан мен 75 келі салмақ дәрежесінде Ольга Душаева қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама спортшылары Көшпенділер ойындарын төрт қоламен аяқтады. «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан АҚШ құрамасын 16-4 есебімен жеңді. Асық ату мен бес асықтан Қазақстан құрамасы финалға шықты. Финалдық ойындар 11 қыркүйек күні «Алау» мұз айдыны кешенінде өтеді. Байрақты бәсеке 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы иеленген жүлделер саны: 21 алтын, 10 күміс, 17 қола. Алғашқы үштікке Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан кірді. 

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
12.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 197
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1068
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1106
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1087

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6081
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5523
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8710
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6514
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7721