БІЗДІҢ АЛДЫМЫЗДА СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТІ ТҰР

БІЗДІҢ АЛДЫМЫЗДА СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТІ ТҰР

Нұржан Нұржігітов:

 

Ғаламдық су тапшылығы күрделі экологиялық мәселеге айналды. Қазіргі таңда ғаламдық жылынудың нәтижесінде жаңбырдың аз жаууы, оның құрамы мен жерасты суларының күрт азаюы үлкен проблема туғызуда. Еліміз ғана емес, әлем халқы үшін де су мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Көптеген елдермен салыстырғанда Қазақстан өзен ағынының ресурстарымен аз қамтылған мемлекет. 2020 жылғы АҚШ Орталық барлау басқармасының World Factbook бағалауына сәйкес, еліміз бұл көрсеткіш бойынша 185 елдің ішінде 66-орында екен. Қазақстан өзен ресурстарына бай ел емес, көптеген өзен-көлдері болғанымен, жекелеген бассейндер толығымен дерлік көрші елдерге тәуелді. Ресми, бейресми мәліметтерге сүйенсек, тұщы су әзірге бізге жеткілікті. Дүниежүзілік ресурстар институты (WRI) Қазақстандағы су стресінің бастапқы деңгейін орташа жоғары (20%-дан 40%-ға дейін) деп бағалайды. 2019 жылы бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 164 елдің ішінде 58-орынды иеленіпті. Әлемдік рейтингтегі антикөшбасшылар – Бахрейн, Кипр және Кувейт (оларда 80%-дан астам). Қазақ халқы суды тіршілік көзі деп әспеттейді. Себебі су – өмір! Су жанға дәру. Еліміздің кей өңірлерінде суға зәрулік байқалып қалады. Осы орайда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітовпен сұхбаттасып, еліміздегі су ресурстары жайлы, су шаруашылығын жетілдіруге бағытталған ауқымды реформалар туралы, жаңадан әзірленген су кодексіне қатысты тұщымды жауап алдық.

– Құрметті Нұржан Молдиярұлы, Жаңа министрлік басшысы ретінде жаңа қызметтің жауапкершілігі туралы айтсаңыз. Бүгінгі таңда министрлікке қандай міндеттер жүктеліп отыр? Президенттің тапсырмаларын орындап, межелі мақсаттарға қол жеткізу үшін министрлік қандай жұмыс атқарып жатыр?

– Қайырлы күн! Сұрағыңызға рақмет! Бүгінгі таңда дүниежүзі су ресурстарымен байланысты күрделі қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Климаттық өзгерістердің әсерінен төтенше табиғи құбылыстардың жиілеуі, суға деген сұраныстың артуы, су нысандарының ластануы бүкіл әлемде су ресурстарын тиімді басқару қажеттілігін көрсетуде. Қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап ретінде 2023 жылғы қыркүйек айында Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

  • Бүгінгі таңда министрлік еліміздің су шаруашылығын жетілдіруге бағытталған ауқымды реформаны бастады. Ең алдымен жаңа нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жаңа Су кодексі әзірленді, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Су шаруашылығын дамытудың 2024- 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары және экономиканың барлық салаларында Суды үнемдеу жөніндегі жол картасы бекітілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз жаңадан су шаруашылығы инфрақұрылымдарын белсенді салуды және жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Біздің алдымызға еліміздің су ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызды міндеттер қойылды. Негізгі міндеттердің бірі жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеу болды. Бұл құжатта су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға, сондай-ақ еліміздің су ресурстық әлеуетін қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Суды үнемдеу саясатына, сұранысты басқаруға, ғылыми негізделген тәсілдер мен экономикалық тетіктерді енгізуге, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесіне жеке бөлім арналып отыр. Аталған құрылыстарды пайдалану бойынша кәсіпорындардың көп факторлы зерттеулер жүргізу бойынша жауапкершілігі айқындалды, соның негізінде олар қауіпсіздік декларациясын рәсімдеуге міндетті болады. Сондай-ақ, су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға үлкен назар аударылды. Бұл ретте, 2024 жылғы су тасқынынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқыны мен құрғақшылықты басқару саясатын, сондай-ақ, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жауапкершілігін, құқықтары мен өкілеттіктерін қайта қарау бөлігінде қосымша түзетулер дайындалды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу мәселесі жеке тарауға шығарылды, онда тасқын мен құрғақшылық салдарының алдын алу жөніндегі іс-шаралар айқындалды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құзыреттері, осы жұмыстарды іске асырудағы жеке және заңды тұлғалардың міндеттері қайта қаралды. Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасы саланы дамытудың ұзақ мерзімді көзқарасын айқындайтын негізгі стратегиялық құжат болып табылады. Биылғы су тасқынына байланысты тұжырымдама тасқын судың салдарымен күресу іс-шараларын күшейтуге бағытталып, қайта қаралды. Тұжырымдама шеңберінде су тасқыны мен құрғақшылықты болжаудың кешенді іс-шаралары, гидротехникалық нысандарды жаңадан салу және қолданыстағыларды жаңғырту көзделеді. Ғылыми зерттеулерді дамытуға және су саласының кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылды. Министрлік 2030 жылға дейін 2,6 миллиард текше метр су сақтай алатын 42 жаңа су қоймасын салуды және 37 су қоймасы мен 14 450 шақырым суару каналдарын жаңғыртуды жоспарлап отыр. Мұның бәрі біздің бір жылғы жұмыстың басы ғана, шешімін табуға тиіс біршама шаруалар алдымызда тұр. 

– Судың адам өмірінде алатын орны ерекше. Бабаларымыз «судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі таңда еліміздегі ауызсудың сапасы қандай? Жалпы су ресурстары жайлы не айтасыз? Су қоры өзімізге жеткілікті ме?

– Қазақта «Су – тіршілік нәрі, Судың кепкені – тіршіліктің кеткені» сияқты дана сөздер бар. Яғни судың арқасында Жер бетінде өмір бар. Қазақстанның су ресурстарының негізгі көлемі 106 км3 орташа көпжылдық көлемде жерүсті суларын қамтамасыз етеді, оның 55,7%- ы ел аумағында қалыптасса, қалған 44,3% – Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан трансшекаралық өзендер ағыны арқылы қалыптасады. Айта кету керек, елімізде қолда бар су ресурстарының 100%-ның тек 25%-ы ғана пайдаланылады. Пайдаланылған судың 70%- ы ауылшаруашылығы, 25%-ы өнеркәсіп және 5%-ы ауызсу мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылықта қолданылады. Қазақстандағы елді мекендердің ауызсуының негізгі көзі жерасты сулары болып табылады. Жерасты суларының жоғары сапасына байланысты ол ауызсу ретінде пайдаланылады. Сондықтан жерасты суларының таралу аймағы мен өңірлерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету өзара байланысты. Алайда еліміздегі жерасты су ресурстарының бөлінісі біркелкі емес. Минералдануы 1 г/л дейінгі Қазақстанның жерасты сулары ресурстарының көп бөлігі оңтүстік аймақтарда (Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары) шоғырланған. Ақтөбе облысы жерасты суларының шаруашылық-ауызсумен жабдықтау қорларымен жақсы қамтамасыз етілген. Ішінара қамтамасыз етілген аймақтарға Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары жатады, ал Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары жеткіліксіз қамтамасыз етілген өңірлер санатында. Су ресурстарымен жеткіліксіз қамтамасыз етілген өңірлерді шаруашылық-ауызсумен жабдықтау топтық су құбырларын салу (жерасты суларының ресурстарын қайта бөлу) арқылы жүзеге асады. Мысалы, Ақтөбе облысының аумағында орналасқан Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жерасты су орындары есебінен Атырау және Маңғыстау облыстарының көптеген елді мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Батыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін Тоқпай, Январцев және Көшім жерасты суларының орындарын пайдалануға болады.

ЖАҢА СУ КОДЕКСІ КӨП МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕК

– Сіз басқарып отырған Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасын әзірлепті. Жаңа редакцияда тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның су ресурстарын келешек ұрпаққа сақтау үшін нақты қандай іс-шаралар қарастырылған? Осы жайлы тарқата айтсаңыз. 

– Өте орынды сұрақ. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған және 20 жылда оған 272 өзгеріс енгізілді. Көптеген нормалар декларативті сипатта болады немесе оларды іске асыру тетігі қарастырылмаған. Кей нормалардың логикалық тұрғыда сай келмейтін тұстары бар. Сонымен қатар, ГТҚ қауіпсіздігі, суару және дренаж, ауызсу және сумен жабдықтау мәселелері шешілмеген. Жаңа Кодексте негізгі назар елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталып отыр. Жаңа Су кодексінде қолданыстағы редакцияда жоқ Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі іс-шаралар айқындалған. Жаңа Су кодексінде су нысандарын қорғауға қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл жағдайда су ресурстарын қорғау мен оларды пайдалану арасындағы шешім ретінде өзен ағынын «экологиялық ағын» және «ықтимал еркін ағын» деп екі құрамдас бөлікке бөлу ұсынылады. Экологиялық ағын – бұл су нысандарының деградациясын болдырмау үшін табиғатта қалуы керек су көлемі. Тиісінше, экологиялық ағынды шегергеннен кейін қалған «әлеуетті бос» көлем ғана пайдаланылуы мүмкін. Одан кейін осы әлеуетті еркін ағынға су пайдаланудың перспективалық және жедел лимиттері белгіленеді. Суды пайдалануға арналған барлық рұқсат беру құжаттары су алу мен ысырап ету көлемін қысқарту, айналымды және қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңмен көшу, қолда бар ең үздік технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары болған кезде суды пайдаланудың бекітілген нормалары мен лимиттері ескеріле отырып берілетін болады. Ағынды суларды пайдалануға қатысты қолданыстағы Су кодексі оларды белгіленген экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес суару үшін ғана пайдалануды қарастырады. Жаңа Су кодексінде тазартылған ағынды суларды пайдалану су заңнамасының негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырылған. Сондай-ақ, жаңа Кодексте субсидиялар, су ресурстары үшін төлемдер мөлшерін азайту, су үнемдеуді енгізу дәрежесіне байланысты су беру жөніндегі қызметтер үшін төмендетілген тариф түріндегі мемлекеттік қолдау іс-шаралары көзделіп отыр.

– Бүгінгі таңда Қазақстан халқының орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілу көрсеткіші қандай? Оған өзіңіздің көңіліңіз тола ма? 

– 2024 жылғы жағдай бойынша халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда – 98,9%, ауылдарда – 96,6%. Бүгінгі таңда жалпы республика аумағында 80 топтық су құбыры бар. Оның ішінде 41-і жергілілікті атқарушы органдардың бақылауында, яғни теңгерімінде және республикалық меншікте 39 топтық су құбыры бар. «Қазсушар» РМК жалпы саны 1,4 млн адам тұратын 640 елді мекенге су беретін жалпы ұзындығы 15,1 мың шақырым болатын топтық құбырларда жұмыс атқарады.

  • 2024 жылы министрлік тапсырыс беруші ретінде еліміздің 9 облысында: Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 30 жобаны іске асыра бастады. Жобаларды 2024-2026 жылдары аяқтау жоспарланып отыр.  

Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 мың шақырым су құбырын салу жоспарлануда. 1,4 млн тұрғыны бар 437 елді мекенде су беріледі және сумен жабдықтау сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, тағы да басқа нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл СҚО-да Булаев және Есіл топтық су құбырларының бас құрылыстарын қайта жаңарту, Есіл топтық құбырынан су бұру және Түркістан облысындағы Сарыағаш топтық құбыры және Арыс қаласының су алу жүйесінің бас ғимараттарының құрылыстары бойынша. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 168,6 мың адам тұратын 200 елді мекенде су беріледі және сумен жабдықтау сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, министрлік Түркістан облысы Шардара ауданының 80,0 мыңнан астам халқын ауызсумен қамту үшін «Шардара ауданының Шардара топтық су құбырын салу» жобасын іске асыруды жоспарлауда. Жоба бойынша Шардара-Байырқұм жерасты су көзінен Шардара қаласы мен Шардара ауданының 24 ауылдық елді мекенін ауызсумен қамтамасыз ету көзделген.

– Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды екені сөзсіз. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, Жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауызсу мәселесі өзекті. Бұл проблема бізде қалай?

– Өзіңіз атап өткендей, гидрогеологиялық зерттеулердің адамзат үшін маңызы зор. Елімізде осы саладағы үздік ғылыми орталық ретінде У.Ахметсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтын атап өтуге болады. Бұл институт негізінен жерасты суларын ғылыми тұрғыдан зерттеуге бағытталған ғылым ордасы болып табылады. Сонымен қатар, білікті гидрогеолог мамандарды даярлайтын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бар. Университет қабырғасында тәжірибелі гидрогеолог мамандардың қатысуымен алдыңғы қатарлы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің министрліктің ведомстволық бағыныстағы Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Гидрогеологиялық қызметтің негізгі жұмысы су тапшылығы бар өңірлерінде жерасты су ресурстарының көлемін ұлғайту үшін іздестіру-барлау жұмыстарын жүзеге асыру, жерасты суларын бақылау, иесіз, өздігінен төгіліп жатқан гидрогеологиялық ұңғымаларды жою, жерасты сулары мен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын мониторингілеу бойынша жұмыстарды орындауға бағытталатын болады.

– Еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалғанынан хабардармыз. Ол карталарда қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының барша қоры сияқты деректер көрсетілгені белгілі. Бұған қарап, елімізде су қоры мол деуге негіз бар ма? Қандай да бір проблемалар туындап жатқан жоқ па? 

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының территориясы 1:200 000 масштабта толығымен гидрогеологиялық карталарға түсірілген. Қазіргі уақытта елімізде барлығы тәулігіне 43,1 млн м3 жерасты суларының пайдалану қоры бекітілген. Болжамды қор шамамен жылына 40 км3 . Жоғарыда атап өткенімдей, географиялық жағдайларға байланысты еліміздің жерасты суларының негізгі бөлігі оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда шоғырланған. Батыс, солтүстік және орталық аймақтарда жерасты суының көлемі аз мөлшерде. Жалпы, пайдалану мүмкіндігі бар жерасты су қорының 1/3 бөлігі шаруашылық ауызсуға пайдалануға жарамды, бұл жоғары көрсеткіш болып табылады. 2022 жылы экономика салаларына жұмсалған судың жалпы көлемі 24,9 млн км3 . Оның 4-5 пайызы жерасты сулары болып табылады. Демек, пайдалануға дайын жерасты суларының көлемі айтарлықтай көп деп айтуға негіз бар.

– БҰҰ мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болу қаупі бар. Мемлекет басшысының пайымдауынша, еліміз 2050 жылға қарай тіпті «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру дейді соңғы ақпарат. Кей ауылдар әлі күнге құдықтан су тасып ішіп отыр. Тіпті, соңғы жылдары Астанамызда су тапшылығы сезіле бастады. Астананың маңайындағы кей ауылдар әлі күнге колонкадан су алады. Бұған айтар уәжіңіз бар ма?

– Қазақстанда 1960 жылдары орташа көпжылдық өзен ағысы 118,5 текше километр болса, қазіргі уақытта ол шамамен 106 текше километрді құрайды. Бұл климаттың өзгеруіне және антропогендік факторларға байланысты. Бүгінгі таңда 6 256 ауылдың 5 130 ауылы ауызсумен қамтамасыз етілген (4 308 ауыл орталығы сумен жабдықтау және 822 ауылда кешенді блок модульдер орнатылды). Қалған 1126 ауылды ауызсумен 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен 303 ауылда орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі және 13 ауылда (Ақмола-3, БҚО-2, Қызылорда-3 және СҚО-5) кентішілік желілер Министрлік арқылы топтық су құбырларын салу арқылы іске асырылатын болады. Атап айтқанда, Министрлік тарапынан Астана маңайындағы ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Ақмола облысы Целиноград ауданы Покровка жер асты сулары кен орнынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейін су құбырын салу жобасы іске асыруда. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жобада қарастырылған барлық 19 ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын аяқтады. Арайлы мен Қарамеңды батыр ауылдарының аумағында су құбыры желілерін төсеу жұмыстары жүргізілуде.

  • Ал, Ақмола облысында қайта жаңартылып жатқан Нұра топтық су құбырының 68,7 шақырым бөлігінің құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша Қарғалы, Жантеке, Тоғанас, Құмкөл, Ұзынкөл, Буревестник, Полтавское және Егіндікөл ауылдары жаңа су торабына қосылды. Айта кету керек, бекітілген жобада аталған елді мекендерді топтық су құбырына қосу қарастырылмаған болатын. Қазіргі уақытта гидравликалық сынақтан өткізу, тазалау және дезинфекциялау жұмыстары аяқталды. Судың сапасы зертханада зерттеліп, оң нәтиже алынды. 30 қыркүйектен бастап Егіндікөл ауылына дейін жаңа су құбыры арқылы су беріле бастады. 

Астана қаласын сумен жабдықтау 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген жалғыз Астана су қоймасынан жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда қала халқының өсуіне және ішкі инфрақұрылымдардың (1,2-ші сорғы станцияларының) қуаттарының жетіспеуіне байланысты ауызсу жеткізу кезінде проблемалық мәселелер туындады. Алайда, жергілікті атқарушы органмен қосымша 3-ші сорғы станциясы пайдалануға беріліп, және Министрлік тарапынан су тапшылығын шешу мақсатында 2023 жылы су қоймасын толтыру үшін Қаныш Сәтбаев атындағы каналымен Есіл су құбыры арқылы Астана су қоймасына 40 млн м3 көлемінде қосымша су жіберілді. Астана су қоймасына тасқын суды жинау 2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Мәселен, былтыр су қоймасындағы су көлемі қаланы ауызсумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Биыл Астана су қоймасы 99,6%-ға толды. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Астана қаласын және маңайындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету ҚР Үкіметінің күн тәртібінен түскен емес.

– Сарапшылар елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тікелей байланысты екенін айтады. Орталық Азияның басқа республикаларымен салыстырғанда Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді екен. Worldometers мәліметінше, Қазақстан жан басына шаққанда суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр. Салыстыру үшін Ресейде бұл көрсеткіш үш есе аз – бір адамға 1,3 мың литр, Германияда – 855 литр, ал Ұлыбританияда – небәрі 348 литр. Сала ғалымдары суды қажеттілікке байланысты орынды қолданғанда тұщы су қорын 40%-ға үнемдеуге болатынын айтады. Тоқтаусыз ағып тұрған суды көрген жұртшылық келешектің қамын ойлауды ұмытып кете беретін тәрізді. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмайтынымыз байқалады. Министр ретінде айтыңызшы, суды үнемді пайдалану үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда? Бұл мәселені заң арқылы шешуге бола ма?

– Қазіргі таңда су ресурстарын ұтымды пайдалану өзекті мәселе болып отыр. Сонымен қатар, жағдай жаһандық климаттың өзгеруінің әсерінен күрделене түсуде. Су ресурстарына сұраныстың ұлғаюына байлынысты суды ұтымды пайдалану және оны үнемдейтін технологияларға көшу қажеттілікке айналуда. Осы ретте, заңнамалық базаны жақсарту және елдегі су тапшылығы проблемаларының алдын алу және болдырмау мақсатында Министрлік жаңа Су кодексінің жобасын әзірледі. Осы орайда, жаңа Су кодексінде суды үнемдеу мәселесіне маңызды рөл берілген. Мәселен, ендігі кезекте су пайдаланушылар су ресурстарын тиімді пайдалануға және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаралар қабылдауға міндеттенеді. Сонымен қатар, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінде су пайдаланушылардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінде су пайдаланудың және шаруашылық қызметтің белгіленген режимін сақтау, су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі су заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жоспарлануда. Суды үнемдеу мәдениетін арттыру және тұтынушыларды ресурстарды үнемдеуге ынталандыру үшін Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен 1 адамға шаққандағы тұтыну көлемінің белгіленген нормасы шегінде ауызсу қызметтерін тұтыну көлемі бойынша саралау тетігі бекітілді. Бекітілген бұйрықта бір адамға тұтыну лимиті төмен тұтынушылар үшін (аз тұтынсаң, аз төлейсің қағидаты бойынша) төрт деңгейлі тарифті белгілеу жолымен саралау көзделеді, сондай-ақ есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін 100%-ға жоғары тариф енгізілді. Сонымен қатар айта кету керек, суды есепке алу аспаптарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бүгінгі таңда 42 мыңнан астам аспапты орнату қажеттілігі кезінде әкімшіліктердің мәліметтері бойынша 29 мыңнан астам суды есепке алу аспаптары орнатылды, бұл жоспардың 71%-ын құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі Жол картасын бекітті. Жол картасы су заңнамасын, тариф белгілеу жүйесін, су саласын цифрландыруды, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетіктерін жетілдіру, кәсіпорындарда суды есепке алудың, айналымды және қайта сумен жабдықтаудың қазіргі заманғы жүйелерін енгізу, су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, тұрғын үй-коммуналдық жүйелерді салу және пайдалану, қоғамда суға ұқыпты қарауды насихаттау және тәрбиелеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Жоғарыда аталған барлық шаралар суды пайдалану тиімділігін арттыруға және ысырапшылдықты азайтуға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған мәселе министрліктің тұрақты бақылауында.

СУ ҚОЙМАЛАРЫ МЕН БӨГЕТТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

– Біздің білуімізше, жер үстіндегі суларға қатысты екі үлкен қауіп бар. Біріншісі – климаттық өзгерістер, екіншісі – шетелдерден ағып келетін су көлемінің азаюы. Қазіргі кезде «климаттың өзгеруімен су ресурстары қалай болады?» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Тек климаттық өзгерістерге байланысты кейбір жерлерде су көбейіп жатыр, ал енді бір жерлерде азайып жатыр деген болжамдар ғана бар. Мысалы көршілеріміз Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан бастау алатын өзендер жайлы да алып-қашпа әңгіме көп. Бау-бақша пісетін уақытта, әсіресе көктем мен күзде Қырғызстан мен Өзбекстанның су ресурстарына тәуелділігіміз артады. Бұл жайлы не айтасыз? 

– Сұрағыңыз орынды, мәселен, Қырғызстанмен Шу және Талас өзендерінің бассейні бойынша су ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы 2000 жылғы Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы Келісім аясында жүзеге асырылады. Биыл сулылық былтырғы жылға қарағанда жақсы. Киров су қоймасын толтыру суару кезеңнің алдында 467,7 млн м3 болды, бұл өткен жылдағы көрсеткішке қарағанда 20 млн м3 артық. Орто-Токой су қоймасының көлемі 438 млн м3 (жобалық көрсеткішінің 93%). Тасөткел су қоймасын 447 млн м3 дейін толды, былтырғы көрсеткіштен 90 млн м3 артық. 2024 жылғы 26 сәуірде Бішкек қаласында бірлескен комиссияның 33-отырысы өтті, оның шеңберінде Қазақстан үшін 2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған мемлекетаралық объектілер бойынша су беру кестесі бекітілді. Атап айтқанда, Талас өзені арқылы 380 млн м3 , іс жүзінде 1 сәуірден 1 қазанға дейін 419 млн м3 су келіп түсті. Шу өзенімен су беру 180 млн м3 көлемінде бекітілді, 1 сәуірден 1 қазанға дейін 165,4 су келіп түсті. 2024 жылғы 11 сәуірде Шымкент қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның Су шаруашылығы және энергетика басшыларының кездесуі өтіп, оның шеңберінде 2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған Үч-Корган СЭС жұмыс режимінің кестесі бекітілді. Өзбекстанмен еліміздің оңтүстік өңірлерінде суару кезеңінде сумен қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азия елдерімен Сырдария өзенінің бассейні бойынша Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы (МҮСК) шеңберінде тұрақты негізде ынтымақтастық жүргізеді. Сырдария өзенінің жылдық сулылығы және гидрологиялық болжамы бойынша МҮСК-86 отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария каскады су қоймаларының 2024 жылғы вегетациялық кезең жұмысының болжамды кестесі бекітілді.

  • Кестеге сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезең қорытындысы бойынша су жіберу 3 692 млн м3 көлемінде күтілді, қазіргі уақытта суару кезеңінің басынан 4735 млн м3 су түсті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2324 млн м3 артық. Сондай-ақ, Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарын суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында өзбек және тәжік тараптарымен бірлесіп «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимін келісу бойынша үшжақты хаттамаға қол қойды. Хаттамаға сәйкес маусым-қыркүйек айларында «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су берудің жалпы көлемі – 533 млн м3 . Мәселен, маусым-шілде айларында 350,2 млн м3 құрады, тамызда 182,2 млн м3 су жіберілді, бұл бекітілген кестеден 41 млн м3 артық. 

Сонымен қатар, осы жылдың қараша айында Түркіменстанда Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 87-отырысы өтеді, оның аясында вегетация аралық кезең қаралады және су қоймалары жұмысының болжамды кестесі бекітіледі.

– Биыл еліміздің бірқатар аймақтарында су тасқыны болды. Бұдан су қорының молаюына пайда бар ма? Келешекте тасқын суын сақтап қалуға су қоймалары мен бөгеттер дайын ба?

– Қазақстан жазықты жерде орналасқан ел ретінде, су ресурстарының едәуір бөлігін еріген қар сулары арқылы алады. Биыл қар суларының молдығы елдің су қорына оң әсерін тигізді. Мысалы, 80 миллион текше метр тасқын суы Батыс Қазақстан облысындағы Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді.

  • Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 миллион км3 су жіберілді. Соның арқасында, бақылау тарихында алғаш рет, бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдік жүйелеріне жетті. Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 миллиард км3 су жіберілді, оның ішінде тасқын кезінде 3,3 миллиард км3 , ал Каспий теңізіне 7,4 миллиард км3 су құйылды. 

Жалпы, еріген қар сулары су қоймаларының, өзендер, көлдер мен жерасты суларының деңгейін көтеруге ықпал етеді, бұл ауылшаруашылығы, өнеркәсіп және ауызсумен қамтамасыз ету үшін маңызды ресурс болып табылады. Тасқын суларын тиімді пайдалану және ықтимал су басудан қорғау үшін біз кешенді тасқын тәуекелдерін басқару шараларын қабылдап жатырмыз. Су қоймалары мен бөгеттердің құрылысы мен жаңғыртылуы жүргізілуде, бұл тек тасқын суларын ұстап қана қоймай, сонымен қатар су ресурстарын толықтыруға мүмкіндік береді. Болашақта тасқын суын жинау және қауіпсіз өткізу үшін 2,6 миллиард км3 су көлемімен 42 жаңа су қоймасын салу және жалпы жобалық көлемі 3,7 миллиард км3 болатын 37 су қоймасын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл шаралар тасқындардың салдарын азайтуға, елді мекендер мен ауылшаруашылығы жерлерін қорғауға, сондай-ақ құрғақшылық кезеңдерде тұрақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, 580 мыңнан астам халқы бар 84 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп зардап шеккен объектілерді салуға, қайта салуға, қалпына келтіруге және қорғау бөгеттерін нығайтуға бағытталған 56 жобаның тізбесі айқындалып, қаражаты бөлініп, жөндеу жұмыстары басталды. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын орындау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация министрліктерімен бірлесіп, төтенше жағдайлар бойынша flood.gharysh.kz су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Ақпараттық жүйе ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік береді, яғни картада құзыретті органдар ұсынатын болжамды мәндерге сәйкес келетін ықтимал су тасқыны қаупі аймағын көзбен көруге мүмкіндік болады. Жоғарыда аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі (алгоритмі) әзірленіп, бекітілді. Әдістемеге сәйкес уәкілетті органдардың әрқайсысы ақпараттық жүйеге мәліметтерді, оның ішінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі – гидрометеожағдайлар бойынша болжамды деректерді, Су ресурстары және ирригация – су қоймалары мен су жіберу деңгейі туралы мәліметтерді, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі өз кезегінде қолда бар деректер негізінде су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдейді.

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕРДІ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУ МЕН ҚОРҒАУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ ЗОР 

– Жуырда ғана Астанада Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және бақылаушы ел ретінде Қырғызстан делегацияларының қатысуымен Халықаралық Аралды құтқару Қоры Басқармасының отырысы өтіпті. Отырыс барысында 2024-2026 жылдары Қазақстанның төрағалығы кезінде Халықаралық Аралды құтқару Қоры Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітіліпті. Келесі жылы Солтүстік Арал теңізін сақтау және Сырдария арнасын реттеу жобасының 2-ші кезеңі басталады деген ақпарат тарады. Мәселенің мән-жайын өз аузыңыздан естісек?

– Иә, дұрыс айтасыз. 2024 жылдан бастап Қазақстан Аралды құтқару халықаралық құтқару қорына (АҚХҚ) төрағалық етеді. Биыл Астана қаласында құрылтайшы елдердің өкілдерінен тұратын АҚХҚ Атқару Комитеті толығымен қалыптастырылды. Сондай-ақ, 4-5 қыркүйекте Қазақстанның төрағалығымен АҚХҚ ұйымдастырушылық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі 12-отырысы өтті, сондай-ақ 18 қыркүйекте қатысушы елдер үкіметі басшыларының орынбасарларының қатысуымен АҚХҚ Басқармасының отырысы өтті. Басқарма отырысы шеңберінде Қазақстан Республикасының 2024-2026 жылдарға төрағалық ету кезеңіне арналған Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жөнінде іс-шаралар қабылдау тапсырылды. Осы тапсырманы орындау бойынша біздің министрлік Дүниежүзілік Банктің гранты есебінен «Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасының ТЭН-ін (ТЭН) әзірледі. ТЭН жобасы мынадай түйінді нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған: - Солтүстік Арал теңізінде (САТ) судың жинақталу көлемі мен сапасын жақсарту; - Арал теңізінің түбінен тұз шөгінділерінің шығарылуын азайту; - САТ су ресурстарын экологиялық басқаруды жақсарту; - балық өнімдерін ұдайы өндіру мен қайта өңдеуді қолдау арқылы балық шаруашылығын дамыту. Бас жобалаушы жобалау алдындағы барлық зерттеулерді жүргізді, техникалық шешімдерді әзірледі, САТ деңгейін арттырудың барлық нұсқалары үшін экологиялық әсерге талдау жасады. Қазіргі уақытта ТЭН ескертулерді жоюды ескере отырып, «Мемсараптама» РМК қарауына енгізді. Қоғамдық тыңдаулардың нәтижелері бойынша сағалық көлдер мен САТ су ресурстарын ұлғайту және тұрақтандыру жөнінде түпкілікті техникалық шешімдер қабылданатын болады.

– Су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыру және білікті кадр дайындау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанынан ел құлағдар. Бұл жақсы бастама екені сөзсіз. Еліміздегі 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылыпты. Биыл «Болашақ» бағдарламасына су саласының мамандықтары қосылғаны тың жаңалық. Және қазақстандық 2 университет Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қосдипломды білім берудің бірлескен бағдарламасын іске қосыпты. Тараз қаласында жеке Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылыпты. Бұл жұмыстардан күтілетін нәтиже қандай?

– Су шаруашылығы саласында кадрлар даярлау сапасын арттыру мақсатында Үкіметтің қаулысымен «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» құрылды. 2024 жылғы оқу жылына 245 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысының тұтас квотасы бөлінді: бакалавриат – 210 орын, магистратура – 10, докторантура – 15. Оның ішінде бакалавриатқа түскендер – 129; магистратура – 1; докторантураға – 13. Магистратура мен докторантураға талапкерлердің пайдаланылмаған гранты қысқы семестрге жоспарланған.

  • Бүгінгі таңда елімізде 10 жоғары оқу орнында су саласына кадр даярланады. 2024-2025 оқу жылы су мамандықтарына (сумен жабдықтау және су бұру, су ресурстары және су пайдалану, гидрология, гидрогеология, гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару) 523 студент бакалаврға қабылданды.  

Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде қашықтан білім беру процесі ұйымдастырылып, 80 студент, оның 65-і екінші және 15-і колледжден кейінгі жоғары білім алуға қабылданды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қосдипломды білім берудің бірлескен бағдарламасы туралы Меморандумға қол қойды. Осылайша, бір саладағы мамандықтар бойынша оқитын қазақстандық ЖОО студенттері көрші мемлекеттің оқу орнының дипломын ала алады. 2023 жылы оқуды бастаған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері ЖОО-ны бітіргеннен кейін бірден екі диплом алады. Су шаруашылығына қажетті жұмысшы орта буын мамандарын даярлау еліміздің 5 өңірінде орналасқан 6 техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінде «Гидротехникалық құрылыс», «Гидротехникалық мелиорация» және «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандықтары бойынша кадр дайындалады. Болашақ су мамандарын теория мен практиканы ұштастыра отырып даярлау мәселесі де жолға қойылуда. Мәселен, биыл сәуір мен шілде айлары аралығында «Қазсушар» РММ өңірлік мекемелерінде жоғарғы оқу орындарының 1-4 курстарының 80-нен астам студенті өндірістік практикадан өтті. Ағымдағы жылы «Қазсушар» РМК 450 адамын жоғарылату курстарынан өткізуді және бұл іс-шараны жыл сайын тұрақты түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. 26-30 тамыз аралығында Нидерландының «Апаттар қаупін азайту тобының» мамандары Астана қаласында «Су тасқыны қаупін басқару» тақырыбында арнайы оқу семинарын өткізіп, қазақстандық 30 маман біліктілікті жоғарылатудан өткендігі туралы сертификат алды. Сондай-ақ, министрлік келесі жылы «Power China» компаниясымен бірлесіп Қытай Халық Республикасында 100 маманды біліктілікті жоғарылату курстарынан өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Министрлік жанынан кәсіби стандарттарды әзірлеу жөніндегі салалық кеңес құрылды, ол саладағы қажеттіліктерді негізге ала отырып, қолданыстағы білім беру стандарттарын өзектендіреді және әзірлейді.

– Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігіне елімізге инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Осы шаруа қалай жүзеге асуда?

– Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында министрлік халықаралық қаржы құралдарын белсенді түрде тартуда. Мәселен, 2024 жылдың сәуір айының соңында Үкімет Эр-Рияд қаласында Ислам даму банкімен (ИДБ) Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың басшылығымен су шаруашылығы нысандарын салуды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларға қарыз бөлу туралы келіссөздер жүргізді. Осы сапар барысында су объектілерін кезең-кезеңімен қаржыландыру жоспары айтылды. 2024 жылғы 4 қыркүйекте министрлік пен ИДБ арасында «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі бойынша келіссөздер хаттамасына қол қойылды. Бұл жоба 2024 жылғы 12 қыркүйекте ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында мақұлданды.

– Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездескеніңіз жайлы БАҚ жазып жатыр. Бұл кездесуде қандай мәселе көтерілді?

– Иә, 2024 жылғы 19 қыркүйекте менің және Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастарының барлық бағыттары бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі бірлескен жұмыс тобының 11-отырысы өтті.

Онда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісім жобасын мақұлдау мәселесін талқыладық. Сондай-ақ Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының вегетацияаралық жұмыс кестесін пысықтадық. Алдағы Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 87-отырысында 2024 жылғы вегетациялық аралық кезеңге Нарын-Сырдария каскады су қоймаларының болжамды жұмыс кестесін бекіту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, трансшекаралық өзендерді ұтымды пайдалану мен қорғаудың аймақтық стратегиясы жобасын талқылап, Орталық Азия елдерін тарту бойынша пікір алмастық. Ең бастысы – екі мемлекет аумағында су бөлуді автоматтандыру және есепке алудың 10 басым уческесінің орналасу тізбесі бойынша келісімге келдік.

– Нұржан Молдиярұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет. Отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілеймін! 

– Сізге де рақмет!

 

СҰХБАТТАСҚАН – НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

11.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 678
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 590
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 601

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8137
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11366
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9118
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10349