Алда маңызды білім сынағы — ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі басталғалы тұр. Бұл кезең талапкерлер үшін өз білімін дәлелдеп, болашақ мамандығына бір қадам жақындауға үлкен мүмкіндік береді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, оны халықаралық тестке айналдыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның айтуынша, ҰБТ-ны жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, ал 2026 жылы тестілеу форматына өзгерістер енгізілмейді.
2026 жылғы қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу талапкерлер үшін білімін бағалап, болашаққа бағыт алатын маңызды кезең болып отыр. Соңғы жылдары қаңтардағы ҰБТ-ға деген қызығушылықтың артуы бұл тестілеудің білім беру жүйесіндегі рөлін айқын көрсетті. Қаңтар айындағы ҰБТ негізгі сынақтың алдындағы дайындық қана емес, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін кезең ретінде қарастырылады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылғы қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін 187 мыңға жуық адам өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 мың адамға көп. Мұндай өсім талапкерлердің ҰБТ-ға жауапкершілікпен қарай бастағанын және өз болашағын алдын ала жоспарлауға ұмтылатынын аңғартады. Тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтуде. Сондай-ақ 1 наурыз бен 6 сәуір, 10 мамыр мен 10 шілде аралығында және 10-20 тамыз күндері өтеді. Соның ішінде 10 мамыр мен 10 шілде аралығында тапсырылған ҰБТ нәтижелері мемлекеттік немесе жергілікті бюджет есебінен бөлінетін білім грантына қатысуға, сондай-ақ жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге жарамды. Өтініш беру барысында талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл компьютерлік форматтың тиімділігін көрсетеді. Мұндай жүйе талапкерлерге ыңғайлы жағдай жасап, психологиялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті пәннен және өз таңдауы бойынша екі бейіндік пәннен тест тапсырады. Міндетті пәндерге Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық кіреді. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны 120-ны құрайды. Оның ішінде Қазақстан тарихынан 20 тапсырма, оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан 10 тапсырмадан, ал екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. Ең жоғарғы балл 140 болып белгіленген.
Тестілеу барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасы арқылы қолжетімді. Бұл талапкерлерге есептеу мен талдау жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Тестілеу уақыты 4 сағатты немесе 240 минутты құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.
Тест аяқталғаннан кейін талапкерлер өз нәтижесіне қатысты апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде қабылданады. Апелляциялық комиссияның шешімінен кейін ғана талапкердің сертификаты жеке кабинетінде жарияланады. Бұл талап тестілеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылданғандар, шығармашылық бағыттан кейін басқа мамандықтарға немесе педагогикалық бағытқа ауысқысы келетіндер, мектеп пен колледждердің өткен жылғы түлектері, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ биыл мектеп бітіретін түлектер қатыса алады. ҰБТ нәтижелері жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін пайдаланылады.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің әділ әрі ашық өтуін Ұлттық тестілеу орталығы қамтамасыз етеді. Барлық тестілеу пункттері бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Тестілеу кезінде белгіленген ережелерді бұзған талапкерлердің нәтижесі жойылады.
Қаңтар айындағы ҰБТ – талапкерлер үшін қорқыныш емес, мүмкіндік. Бұл тестілеу талапкерге өз деңгейін бағалап, негізгі ҰБТ-ға сенімді дайындалуға жол ашады. Бұл кезеңді тиімді пайдаланған түлек болашақтағы үлкен сынаққа бір қадам жақындай түсетіні анық. Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезеңі — оқушылар үшін маңызды білім сынағы ғана емес, сонымен қатар үлкен психологиялық жүктеме түсіретін жауапты уақыт. ҰБТ-ға дайындық барысында баланың эмоциялық жағдайы, ішкі күйзелісі мен өзіне деген сенімі ерекше маңызға ие. Мамандардың айтуынша, ҰБТ кезінде оқушылардың көпшілігінде мазасыздық, қорқыныш, өз мүмкіндігін төмен бағалау, шаршау сияқты психоэмоционалдық қиындықтар байқалады. Кейбір балалар ҰБТ нәтижесін болашақ өмірін шешетін жалғыз мүмкіндік ретінде қабылдап, өзіне шамадан тыс талап қояды. Мұндай ішкі қысым баланың білімін толық көрсетуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Осы кезеңде балаға қоршаған орта, әсіресе ата-ана, педагог және басқа да ересектер тарапынан көрсетілетін психологиялық қолдау аса қажет. Ата-ананың басты міндеті — баласына сенім артып, оны нәтижемен емес, еңбегімен бағалау. Баланы басқа оқушылармен салыстыру, қорқыту немесе шамадан тыс бақылау кері әсерін тигізеді. Керісінше, түсіну, сабыр сақтау және қолдау көрсету баланың өзіне деген сенімін арттырады.Педагогтер үшін де бұл кезең ерекше жауапкершілікті талап етеді. ҰБТ-ға дайындық кезінде мұғалім оқушыны үрейлендіру емес, ынталандыру бағытында жұмыс жүргізуге тиіс.
Таңатар Нұрайна Нұрдәулетқызы,
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Абай атындағы жалпы орта мектептің 10 сынып оқушысы
















