Бұл келісім қауіпсіздік кепілі емес

Бұл келісім қауіпсіздік кепілі емес

АҚШ-тың  Президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Зеленскийдің сәтсіз келіссөздерінен кейін шиеленісіп кеткен бірқатар мәселенің түйіні тарқайтын сияқты. Күллі дүние көз тігіп отырған Вашингтон мен Киев ақыры минералдық келісімге келді. Енді Украина тарапы АҚШ-қа Украина аумағындағы минералды және табиғи ресурстарды бірлесіп игеру үшін жаңа лицензияларға басымдық беретін болды. Оның қарымтасына АҚШ Украинаға соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына көмектесу үшін қаржылық және әскери көмек көрсетеді. Яғни Трамп билікке келгелі саябырлай бастаған әскери және қаржылық қолдаулар енді ары қарай жалғасатын болмақ. 

 

Келісімнің жай-жапсары

 

Жасыратыны жоқ, бұл келісімді ұсынған АҚШ президенті Трамп, егер Украина тарапы АҚШ ұсынған келісімді мақұлдамаған жағдайда, Вашингтоннан беріліп жатқан әскери көмек пен қаржылық қолдауды «қайта қарап» соғысты тоқтатуға ықпал етуден бас тартатындығын ашық айтқан еді. Сөйте тұра ерегескендей етіп, қару-жарақ жеткізуді тоқтатуға да уақытша бұйықтар беріп, Киевті әбден қысымға алғаны белгілі. Дегенмен екі ел арасында айларға созылған бұл келісім ақыры мақұлданды. Былайғы жұрт оны Украинаның дипломатиядағы жеңісі деп бағалап жатыр.

Трамп биік мінбелерден «Вашингтон Украинадағы соғысты қолдауға қазірге дейін 350 миллиард доллар ақша жұмсады»,- деп мәлімдеген еді. Ал АҚШ Қорғаныс министрлігінің ресми деректері 2022 жылдың қаңтары мен 2024 жылдың желтоқсаны аралығында АҚШ-тың Украинадағы жалпы шығыны 182,8 миллиард долларды құрайтынын жариялаған. Украиндар болса «350 миллиард доллар деген сөз Трамптың өтірігі» деген еді.

Өткен сәрсенбі күні АҚШ қаржы министрі Скотт Бесант пен Украина вице-премьері Юлия Свириденко келісімге қол қойды, бірақ оның нақты шарттары туралы мәліметтер әлі жарияланған жоқ. Келісімге сәйкес АҚШ – Украина қайта инвестициялау қоры құрылады. Қорды тең құқықты ынтымақтастық негізінде Украина мен АҚШ бірлесіп басқаратын болады. Украина елдегі ресурстарға толық иелік ету мен бақылауды сақтап қалады және қай пайдалы қазбалар қай жерде өндірілетінін шешеді. Бұдан бөлек қордан түсетін кірістерді алғашқы он жылда Украинаға қайта инвестициялауды күтеді. Украинаның министрлер кабинеті келісімді мақұлдағанымен, оны әлі де парламент ратификациялау керек.

Украинаның Экономика министрлігі Америка Құрама Штаттары қорға тікелей немесе «жаңа әскери көмек» арқылы үлес қосатынын, ал Киев негізгі материалдар, мұнай мен газ секторларына жаңа лицензиялар беру арқылы табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірістің 50% қосады деп мәлімдеді. Юлия Свириденко X әлеуметтік желісіндегі жазбасында «бұл Украинаны әуе қорғанысы жүйелерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді» деп жазды. 

Аталмыш келісім туралы Украина тарапынан айтылып жатқан мәліметтерде «Бұл келісім өткенге емес, болашаққа бағытталған, әскери көмекке бағытталған. Бұл Украинаның Вашингтон алдында ешқандай қарыз міндеттемесі жоқ дегенді білдіреді» - делінген. 

Украинаның Экономика министрлігінің мәліметінше, бұл елде Еуропалық Одақ өмірлік маңызды деп санайтын 34 пайдалы қазбаның 22-сі бар. Оның негізгі минералдарына бағалы және өндірмейтін металдар, ферроқорытпалар және титан, цирконий, графит және литий сияқты минералдар жатады. Украинада сондай-ақ электроника, қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және жаңартылатын энергия сияқты жоғары технологиялық қолданбалар үшін маңызды болып табылатын лантан, церий және неодимді қоса алғанда, 17 металл минералынан тұратын сирек жер элементтерінің қоры бар екен.

 

БҰЛ кімге тиімді болмақ?

 

Бұл жаңалықты көптеген сарапшылар Укарина үшін жақсы жаңалық, дипломатиялық жеңіс деп бағалап жатыр. Ал ресми мекемелердің өкілдері болса, аталмыш  келісімнің нақты  сипаты  АҚШ-Украина арасында жасалған инвестициялық келісім деп отыр.

Пайдалы қазбаларды игеру мәселесін ең алыдмен көтерген Дональд Трамп, Украина Джо Байден әкімшілігінің Ресеймен соғыс басталғаннан бері Украинада жұмсаған 350 миллиард долларды қайтаруы керек деп талап етуінен басталды. Әрі қарызды қайтарудың бір шарты ретінде осын келісімді ұсынды. Дегенмен Трамп дайындаған келісім сол күйінде мақұлданған жоқ. Бұл жерде екі тараптың да мүдделері тең қорғалғандығын алдымен айта кету керек. 

Аталмыщ келісімнің түпкі мәніне бойлаған сарапшылар «келіссөздер АҚШ-тың Украинаның минералдық ресурстарына қол жеткізуге ұмтылуымен басталғанымен, олар кейіннен Украинаны қалпына келтіруге арналған кеңірек инвестициялық қорға айналды»- деп бағалап отыр. 

Атлантикалық кеңес жанындағы Еуразиялық орталық директорының орынбасары Шелби Магид: «Украина Трамп әкімшілігімен өте қиын келіссөзді аяқтаған сияқты. Вашингтонның бұрынғы ұсынысы Америка Құрама Штаттары Украинаның табиғи ресурстары мен инфрақұрылымының үлкен бөлігін ішінара немесе толықтай иеленетіні туралы хабарланған еді... Енді Украина өз активтеріне толық иелік етеді және келісімді елдің болашақтағы қайта құруы үшін бірлескен инвестициялық қорға айналдырады, өткені емес, тек болашағы — АҚШ-тың Украинаға берген көмегін қаржыландыру ретінде есептейді»- деп жазды.

Мәселеге басқа қырынан көз жіберген кейбір сарапышалар «АҚШ-Украина минералдық келісімінде Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі қамтылмағанымен бұл келісім Вашингтонның Киевке әскери көмек көрсету есігін қайта ашады»- дейді.

«Бұл қауіпсіздік кепілдігі емес», - деді Квинси институтының жауапты мемлекеттік басқару институтының Еуразия бағдарламасының директоры Анатол Левен Әл-Жазираға берегн сұхбатында. «Бұл Украинаны қорғау үшін АҚШ әскерлерін жіберуді білдірмейді және Трамп ешқашан мұндай шартты ұсынбайды. Трамп Еуропаның Украинаға әскер жіберу туралы ұсыныстарын қолдаудан бас тартты. Бірақ егер келісім орындалса ... бұл АҚШ-тың Украинаға мүдделі болуын қамтамасыз етеді»,- дейді ол. Левеннің айтуынша, бұл келісім «АҚШ-тың Украинада мүдделері бар екенін сезіндіретін» болады. Бұл қауіпсіздіктің кепілі болмаса да, бұл Ресейдің болашақ агрессиясына тосқауыл болуы керек, өйткені бұл Ресей жаңа соғысты бастаса, Америка Құрама Штаттары сөзсіз қатаң санкциялар енгізіп, Украинаға әскери көмек көрсетеді»- деп қосты.

 

Украина батыл қимылдай бастады

 

АҚШ ен жасалған минералдар келісімі украиндарға шабыт берген сыңайлы. «Трамп Путинмен ауыз жаласып кетуі мүмкін» деген күдік азда боса сейілгендей. Орыс-Украин соғысы басталғалы шетелдерден келіп жатқан әскери көмектердің Киев үшін маңызы зро болғаны анық. Алайда ауыртпалықтың ең үлкені отанын ерлікпен қорғап жатқан укриандарға тсүіп жатқаны анық. Украинада Кеңес одағы кезінен әскери өнеркәсіптің мықты негізі қаланғаны белгілі. Соғыс басталғалы бері украиндар бұл салаға қайтадан жан бітірген. Қазір Украинада жасалған дрондар мен өзге де қаруларыдң жаңа буыны орыстарға үрей шашып жатыр.

9 мамырда Мәскеуде жеңістің 80-жылдығына байланысты әскери шеру өткелі жатыр. Мәскеу тарапы осыған байланысты 3 күнге атысты тоқтау туралы ұсыныс жасағаны белгілі. Алайда Зеленский бұған сенбейтіндігін мәлімдеі. Әрі ешкімнің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайтындығын ашық айтып жатыр.

Қазірге екі жақтан да шабуылдар жасалып жатқандығы айтылуда. Украина тарапынан дрондар шабулы үдеп бара жатқандай.

 Ресейдің Курск облысының губернаторы Александр Гинштейн Telegram-дағы хабарламасында Украинаның ұшқышсыз ұшағы көлікке шабуыл жасап, салдарынан екі әйелдің өлгенін жариялады. Оның айтуынша, тағы бір 53 жастағы ер адам көлігіне жарылғыш зат қойылған кезде қаза тапқан.

Ал РИА Новости агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап таратқан хабарында ресейлік әскерилер 5 мамыр күні түнде украиналық 105 ұшқышсыз ұшағын жойғандығы айтылған.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин астанадағы екінші түн қатарынан шабуылдар кезінде кемінде 19 украиндық ұшқышсыз ұшақ атып түсіріліп, барлық әуежайлар бірнеше сағатқа жабылды, бірақ зардап шеккендер жоқ деп мәлімдеді.

Ресейлік күштер сонымен қатар Воронеж облысының оңтүстік-батысында кемінде 18 ұшқышсыз ұшақты жойып, Белгород облысының оңтүстігінде 10 ұшқышсыз ұшқышты атып түсірді, деп хабарлады жергілікті билік.

Курск облысының губернаторы украин әскерлерінің аймақтағы электр станциясына шабуыл жасағанын хабарлады.

Ресей мемлекеттік телеарнасының соғыс тілшісі Александр Сладков пен бірнеше ресейлік әскери блогерлер Украина армиясы Курск облысына құрлықтан тағы да бронетранспортерлермен басып кіргенін хабарлады. Киев ілгерілеу туралы хабарларға түсініктеме бермеді.

PS: Соғыстың соңғы жаңалықтары осылай таралып жатыр. Өткен жексенбі күні Ресейдің мемлекеттік бірінші арнасы Путиннің билікке келгеніне 25 жыл толуына арналған деректі фильмді көрсеткен. Онда Ресей президенті Владимир Путин «Украинада әзірге ядролық қаруды қолданудың қажеті болмағанын және болашақта оны қолданудың қажеті болмайды деп «үміттенеміз» депті әлденені астарлай... Ол сонымен қоса үш жылға созылған соғысты «Ресейдің қажеттіліктерін қанағаттандыратын ақылға қонымды келісімдермен аяқтауға» жетелеу үшін «күші мен құралдары» жеткілікті» екендігін айтқан.  

Ерқазы СЕЙІТҚАЛИ

09.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 6696
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 6824
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 21809
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 20419
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 23911