ЕГІНДІБҰЛАҚ АУДАНЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ БИЛІК НЕГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ?

ЕГІНДІБҰЛАҚ АУДАНЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ БИЛІК НЕГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ?

1928-1963 жылдары Қу, 1965-1995 жылдары Егіндібұлақ, 1995-1997 жылдары Қазыбек би ауданы атанып, елдегі экономикалық дағдарыс кезінде Қарқаралы ауданының құрамына берілген әкімшілік бөліністің жұртында өмір сүретін адамдардың тағдыры ауыр, аянышты екенін айтып, 1997 жылғы оңтайластыру кезінде ойсыздықпен жабылып қалған ауданды қалпына келтіру қажеттігін жалықпай қайталап келе жатқанымызға талай уақыт болды. Бірақ, әзірше Егіндібұлақ өңірі халқының өтініш-зарына құлақ асатын билік өкілдері көрінбейді. 

«Бақсақ, бақа екен» дегендей, мұның арғы жағында жұтқыншағынан жүкті түйе өтетін әлдекімдердің мүддесі жатқаны байқалады. Айталық, Егіндібұлақ өңірінде Қарқаралы ауданындағы ең ірі өнеркәсіп орны «Алтай полиметалы» ЖШС-ның филиалы «ТГОК» – (Теректинский Горно-обогатительный Комбинат – Теректі кен-байыту комбинаты) жұмыс істейді. Бұл кәсіпорын ашылған кезде жергілікті тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ. Көпшілік жаңа жұмыс орындары ашылады, әлеуметтік жағдайымыз жақсарады деп үміттенді. Дегенмен, бұл үміт көпшілікті алдап кеткендей: кәсіпорын әзірше жердің қойнындағы қазынасын көсіп алғанымен, жергілікті жұмысшыларға еңбекақысын жөндеп төлемей, қарсы сөз айтқандарға айып салып, жұмыстан шығармақ болып өктемдік, тіпті қысым жасауда. Өндіріс кезінде экологиялық талаптарды сақтамағандықтан, табиғатқа, тұрғындарға, жалпы қоршаған ортаға тигізіп жатқан зардаптарын нақты бақылауға алып, кенді жуған су қайда төгілетінін, жаңбыр, қар суларымен қосылып, қайда барып құятынын електен өткізіп жатқан ешкім жоқ. Өйткені, Шарықты ауыл округі аумағындағы Теректі кен-байыту комбинаты әкімшілік орталықтардан шалғай орналасқан.Сондықтан, мұнда қандай жұмыс атқарылып жатқанан Қарқаралыда, тіпті Қарағандыда нақты ешкім білмейтін сияқты...

Қарқаралы ауданы кәсіпорыннан жылына 6 миллиард теңге салық түсетініне қуанышты. Бірақ, бір күнде 26 мың тонна кен өндіретін комбинат үшін бұл теңіздің жанындағы тамшыдай ғана. Бұл жоғарыдағы 26 мың тоннаны Қарқаралы аудандық сотына 04.05.2022 ж. «Алтай полиметаллы» ЖШС филиалы Теректі кен-байыту комбинатының сенімхат бойынша өкілі Д.В. Приходьконың сол мекеменің қырық шақты қызметкеріне 2022 жылғы 26 сәуірде сағат 8:30-да басталып сол күнгі 00:00-ге дейінгі ереуілдерін заңсыз деп тануға арнаптүсірген талап арызынан біліп отырмыз.

 «Алтай полиметалы» ЖШС-ның филиалы Теректі кен-байыту комбинаты жұмыс үдерісіне зер салсақ, оның нақты қожайындары елден тыс жатқанын көреміз. https://egov.kz – Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметіпорталынан 2022 жылдың 17 қазанында алынған құжатта құрылтайшысы BALCATTA FINANCIAL CORP компаниясы деп танылатындығын біліп отырмыз. Қазіргі таңда басшысы Адиль Максутович Билялов екен.

Ел баяғыдан айтып жүргендей Руслан Борисович Юн марқұм аталған кәсіпорынның тек атқарушы директоры міндетін ғана атқарғандығын ғана көруімізге болады. Ашық дерек көздері интернеттен алынған мына төмендегі құжаттан көретініміздей 2017 жылдың 5 шілдесінде «Алтай полиметалы» ЖШС жалғыз қатысушысының шешімінде Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі порталында көрсетілгенқұрылтайшысы «BALCATTA FINANCIAL CORP» компаниясы Британдық Вирджиния Аралдарында заңды тіркелгендігін анық байқаймыз. Бұл жерде офшордың исі аңқып тұрған жоқ па?

Яғни айранды тік көтеріп ішіп жүргендер сыртта, мұндағылар шелек түбіндегі жұғынды жалағандарына мәз. Екінші жағынан алып қарағанда, Теректі комбинатының осылай, бақылаудан тыс жұмыс істеп жатқанына биліктегі кейбір кісілер мүдделі тәрізді. Егіндібұлақ ауданын қалпына келтіруден олардың бой тартатынының сыры осында жатса керек. Өйткені, әкімшілік орталық жақын жерге келген соң, біреу болмаса біреу кәсіпорын қанша кен өндіретініне, оның қаржысы қайда кетіп жатқанына әуестенбей тұра алмайды.

Жоғарыдағы деректерге қосымша бір ақпаратты ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет атқарған, Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарынын әкімі лауазымында болған Ниқанбай Омарханов мырза айтты: «Қу өңірінде түсті металдар қоймасы тұнып тұр және Семей ядролық полигонының қырық жылдық сілкінісінен кейін олардың бәрі жердің беткі қабатына жақындап, аз шығынмен алуға қолайлы жағдайға жетіпті. Яғни, күштілер мен тістілердің оңай баюы үшін бұл зор мүмкіндік».

Көріп отырғанымыздай, қазіргі биліктің қазақ ұлтына қиянаты болмаса, пайдасы жоқ па деген ойға да қаласың? Егіндібұлақ ауданын қалпына келтіру жергілікті халыққа қаншалықты қажет болса, билікке соншалықты керек емес. Тұрғындары адамзат бастан кешетін азап пен тозақтың бәрінен өткен, экологиялық апат аймағында тұрса де туған жерінен кетпей, ширек ғасыр бұрын адам тағдырына немқұрайды қарайтын биліктің үстірт тұжырымы негізінде таратылған ауданның болашағынан үміт күтіп отырған бұқара теңдікке тек ашық күреспен ғана қол жеткізе алады. 

Бір жылдай уақыт бойы Егіндібұлақ ауданын ашу жөнінде қарқынды түрде мәселе көтеріпжүрген біздерге Қарқаралы, Қарағанды мен Астана басқа жол қалдырмады. «Офшормен күресті» қанды қаңтардан кейін қарқынды бастаған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселені жеке қадағалауына алып, нүктесін қояды деп сенеміз.

 

 

 

 

ОҚЫРМАНДАР НАЗАРЫНА ҚАЙТАЛАП ҰСЫНАМЫН: бұрынғы Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданы тек Қарағанды облысы емес, байтақ қазақ жеріндегі киелі өңірлердің бірі. Қазақ жұрты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыраған 1721-1723 жылдары ұлттың үш ұлы биінің бірі Қаздауысты Қазыбек елін Сарыарқаға қоныстандырып, 1728 жылы Қу – Едірей өңіріне бекінген екен. Алты жылдан кейін осы тарихи оқиғаға 300 жыл толады.

Қазақстанда кеңес билігі орнаған соң шаруаларды тәркілеп, елді колхоз бен артельдерге біріктіру науқаны жүріп жатқан 1928 жылы халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, сол кездегі Қазақ АСР-ы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовтың ықпалы бойынша Қу ауданы құрылды.

Қазақ халқы бастан кешкен ауыр нәубеттер Қу өңірінің тұрғындарын да айналып өтпеді. Кейбір дерек көздері ауданда 1931 жылғы санақ бойынша 40359 адам өмір сүріп, 29149 жылқы, 31653 сиыр, 2328 түйе, 67828 бас қой, 1935 ешкі болғанын көрсетеді. Кеңестік билік қолдан жасаған аштықтан соң, 1934 жылы Қу өңірінде 4206 адам қалыпты. Сол жылы Моңғолиядан әкелген малды қоса есептегенде 1075 жылқы, 1698 сиыр, 94 түйе, 1848 қой болыпты. Аудан сонда да жабылып қалмады, тіпті дамып, 1941-1945 жылдардағы соғысқа жүздеген ұл-қыздарын, мыңдаған тонна азық-түлік пен жылы киім-кешек жіберді. 

Семей ядролық полигонының зардабын Егіндібұлақ өңірінің халқы қатты тартып отыр. Мұнда обыр, ақ қан, қан тамырлары, тыныс жолдары аурулары, т.б. науқас түрлері кеңінен тарағын. Бүкіл әлемге антиядролық қозғалыстың құрбаны және елшісі ретінде аян жерлесіміз Кәріпбек Күйіков осы Егіндібұлақ аулының тумасы. Соған қарамастан, өңір тұрғындары Семей полигонынан зардап шеккендерге берілетін жеңілдіктердің бәрінен айрылған. Жалпы, Айнабұлақ, Айрық, Мыржық, Едірей ауылдары полигонға жақын, ядролық сынықтар өткен аумаққа 40-50 км жерде орналасқанымен, ешқандай жеңілдік көрген жоқ. Ал кезінде Егіндібұлақтың құрамында болған Доғалаң аулы сынақ алаңдарына жаңағы ауылдардан алыс орналасқанына қарамастан, кейін Семей облысына қайта берілгендіктен, барлық әлеуметтік жеңілдікті алып отыр. Семей ядролық полигоны тұрғындарына әлеуметтік жеңілдіктер жасау жайлы заңды қабылдаған депутаттар сынақ зардаптары облыстар мен аудандардың шекарасы бойымен шектелмейтінін, ең алдамен полигонға жақын жатқан елді мекендердің тұрғындарына зиян шектіретінін білмеген бе?!

Аудан жабылатын 1997 жылы Егіндібұлақөңіріндегі 1 млн гектардан астам жерде 10 мың жылқы, 14 мың сиыр, төлімен қоса есептегенде 500 мыңғы жуық қой өсірілді. Аудандағы 8 совхозда жоғарыдағы малға қоса, 90 мың гектар алқапқа дәнді дақыл, 100 мың гектар жерге көпжылдық шөп екті. Осы жұмыстың бәрін аудан өңіріндегі 17600 тұрғын атқарды.

Қу ауданы жай ғана әкімшілік бөлініс емес, бұл – ұлтымыздың тарихына алтын әріптермен жазылатын ірі оқиғалар өткен, ұлы тұлғалар өмір сүрген қасиетті қоныстардың бірегейі. 1756 жылы қазақ жеріне басып кірген шүршіт (қытай) басқыншыларына қарсы күрес майданының негізгі ұрыстары осы өңірде өтті. 1848-1928 жылдары осы Қу тауының батысындағы Қарасор көліне Талды өзені құятын алапта атақты Қоянды жәрмеңкесі жұмыс жасады. Ресей самодержавиясының зәресін ұшырған әйгілі «Қарқаралы құзырхаты (петициясы)» 1905 жылы осы жәрмеңке үстінді әзірленіп, патша аппаратына жолданды. Халықтың осынау заңды талабына құлақ түрмеген империя санаулы жылдар өткен соң астан-кестең болып, жарты әлемді жайлаған бүліншіліктерге жол ашты. Аштық нәубеті салдарынан қырылған адам сүйегі үстіне орнаған кеңестік биліктің тәркілеу науқанындағы озбырлығына қарсы «Боқты көтерілісі» осы жерде болды. Осынау құнарлы топырақта аруақты би Алшынбай, күй тәңірі Тәттімбет, өлең сөздің бүлбүлдері Қалдыбай мен Кемпірбай, Балта мен Мауқай, күрескер ақын, әнші-композитор Мәди, ұлы Абайдың анасы Ұлжан, бәйбішесі Ділдә, қоғам қайраткерлері Мұстақым Малдыбаев пен Нығымет Нұрмақов, әйгілі әншілер Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Нұғыман Әбішев, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Көшкімбаев, басқа да ондаған тұлғалар – ақын-жазушылар, ғалымдар мен суретшілер дүниеге келді.

Тарихы тарлан Қу (кейінгі Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданының 1997 жылы үстірт шешім салдарынан таратылып, Қарқаралыға, бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысына берілуі онсыз да моральдық соққыға ұшырап отырған елге жасалған әділетсіз қысым болды деп есептейді халық. Семей ядролық полигонына ең жақын аумақ болғанына қарамастан, Қарқаралы ауданына қосылған кезден бастап өңір тұрғындары көптеген әлеуметтік жеңілдіктерден қағылуда.

Өңір халқы ауданның қайта ашылуын сұрап республика мен облыстың билік органдарына талай рет мәселе қойды. Бірақ түрлі сылтаулармен, субсидияда отырады, яғни тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады деген сылтаумен тілегіміз қанағаттандырылмай келеді. Шын мәнінде солай ма? Өңірдің тұрғындары негізінен дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда бұрынғы Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданына қарасты өңірде 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 357 шаруа қожалығы және 104 кәсіпкер тіркеліп, жұмыс жасауда. Сонымен бірге, өңірде Қу орман-тоғай мемлекеттік мекемесі қызмет көрсетеді. Бұлардың бәрі жергілікті және мемлекеттік бюджетке мүмкіндігіне қарай салық төлейді. Мысалы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұрынғы Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданына қарасты шаруашылықтар, мекемелер мен кәсіпорындардан, оларда қызметкерлерден мемлекеттік бюджетке 6 017 994,7 мың  теңге салық түскен екен. Оның ішінде: өзін-өзі басқару 4 деңгейдегі бюджет бойынша 11452,0 мың теңге; аудандық бюджетке 1 299 720,8 мың теңге; облыстық бюджетке 947789,8 мың теңге; республикалық бюджетке – 3759042,1 мың теңге түсті. Бұл жерде атап айтатын нәрсе, бюджетке салықтың негізгі бөлігі өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін іргелі кәсіпорындардан – «Алтай полиметаллы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Теректі кен байыту комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен түседі. Бұрынғы Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданына қарасты өңірде орналасқан бұл кәсіпорындар барлық салықтың 80 пайызын береді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, білім, медицина, т.б. бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы одан әрі өсуіне байланысты, алдағы уақытта аудандық бюджетке түсетін табыс салығы мен әлеуметтік салық мөлшері одан әрі өсе түседі деп айтуға негіз бар. Яғни, өңір өзін-өзі толық қаржыландырады, республикалық және облыстық бюджетке беретін салығы алатын субсидиясының біраз бөлігін жабады деуге болады.

Біз, Егіндібұлақ ауданын қайта ашу жөнінде құрылған Жұмыс тобының мүшелері Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің биылғы 7 сәуірде Қарқаралы ауданы тұрғындарымен кездесуінде де, соңында өткен жеке қабылдауында да болдық. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Махмұтұлы бұл мәселені басқа өңірлердің халқы да көтеріп отырғанын айтып, Егіндібұлақ ауданын қайта ашу жөніндегі мәселе Қазақстан Президентінің жеке қадағалауында екенін және ол 2-3 ай қарастырылатынын жеткізді. Біз өз тарапымыздан, аудан ашуды сұрап отырған басқа өңірлерге қарағанда Егіндібұлақтың ерекше жағдайы барын алдыға тартық. Біріншіден, мұндағы халық Семей ядролық полигоны сынағынан өте қатты зардап шеккендігін, темір жол мен республикалық маңызды тас жолдардан алыс, түкпірде жатқандығын баса айттық. 

Осы кездесуден кейін Мемлекет басшысынан бастап еліміздің бүкіл билік өкілдеріне жіберген, екі мыңнан астам адам қол қойған Ашық хатымызға Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, Парламент Сенатына Ұлытау облысынан биыл сайланған депутат Серік Шайдаровтан жауап алдық. Алдыңғы жауаптарда алдымен ауданды қалпына келтіру үшін экономикалық мүмкіндіктердің жоқтығы айтылса, бұл жолы Егіндібұлақ өңіріндегі халық саны облыстың аудандары тұрғындарының орташа көрсеткішінен 5,3 есе аздығы, өңірдің қазіргі аумағы  облыс аудандарының орташа көрсеткіштен 2,9 есе кемдігі және қосымша әкімшілік ғимараттарын салуға тура келетіні алдыға тартылған екен. Мұның барлығы негізсіз сылтау. Еліміздің қолданыстағы заңдарында аудандағы халық саны мен аумағының көлеміне қойылған ешқандай заңды шекті нормалар жоқ. Анықтама үшін мынаны айтайық: Қарағанды облысымыздабұрын болған Ұлытау ауданының көлемі 123 мың шаршы км-ге таяу. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының аумағынан (98 мың шаршы км) үлкен. Мұндағы халық саны он екі мыңның төңірегінде ғана. Екіншіден, облыстағы Абай ауданының аумағы 6,5 мың шаршы км. Егіндібұлақ өңірінің қазіргі аумағы бұдан екі есеге таяу артық. Егер бұған Шығыс Қазақстан облысына берілген Доғалаң аулы қосылса, бұл аумақ одан әрі өседі. Аудан таратылған ширек ғасырда мұндағы коммуникация жүйесі, мәдени-әлеуметтік мекемелер (екі мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, пошта, музей, кітапхана, аурухана-емхана кешені, Қу орман-тоғай шаруашылығы мен өртке қарсы күрес мекемесінің ғимараттары, т.б.) сол күйі сақталды. Сондықтан, экс-орынбасар, қазіргі сенатор С.Шайдаров мырзаның жауабы нақты дәлелдермен негізделмеген, шығарып салма жауап. 

Аудан жабылған уақытта Егіндібұлақ өңірінің тұрғындары тіршілік мұқтажымен өнеркәсіпті қалаларға кеткені, әсіресе Қарағандының Майқұдық аумағына шоғырланғаны белгілі. Бұл өз кезегінде қалаларда криминалдық жағдайдың өршуіне алып келді. Тіпті, жылдың басындағы «қанды қаңтар» оқиғасы кезінде Қарағанды мен Нұр-Сұлтанда көшеге шыққандар сапында Егіндібұлақтан көшкендер болса, таңданудың жөні жоқ. Өйткені, олар тұлға ретінде ауылда қалыптасты, көпшілігі қаладан орын таба алмады, екіншіден, жұмыссыздық салдарынан ереуілшілерге қосылуға мәжбүр болды. 

Көңіл аударатын мәселе, қазіргі уақытта қаладан ауылға қайтып келіп, жер алып, шаруашылық ашып жатқан жастар көп. Өндірісі қалыпқа түскен кәсіпкерлердің алдағы уақытқа жоспарлаған жұмыстары тіпті үлкен. Өңірде қайтадан аудан ашыла қалса, бұл үдеріс күшейе түседі, шалғай елді мекендердегі әлеуметтік салалар одан әрі дамып, ауыл тұрғындарының шағын және орта бизнеспен белсені айналысуына  жол ашылады. Бұрынғы Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданына қарасты ауыл округтары қазіргі аудан орталығынан 150-200 км қашықтықта. Электрондық байланыс, интернет жүйесі талапқа сай дәрежеде емес. Жолдың ауырлығы аудан орталығына қатынасуға қиындық туғызуда. Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданы қалпына келтірілетін болса, ауыл округтерімен аудан орталығының арасы екі есеге дейін кемиді. 

Тағы да бір мәселе – бұрынғы Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданы аумағында геологиялық барлау жүргізіліп жатқан, таяу жылдарда ашылуы мүмкін кен орындары (Шарықты ауыл округіндегі Көктас, Мәди ауыл округіндегі Үшқара, Балқантау ауыл округіндегі Қарашоқы, т.б.) баршылық. Күні ертең бұларға да жұмыс күштері керек. Оларда негізгі және қосалқы жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық көбейетіні күмәнсіз. 

Мемлекетіміз жаңа ғана аяғынан қаз тұрған кезде таратылған Егіндібұлақ ауданын қалпына келтіретін уақыт болды. Қазіргі Қазақ елі әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алған, экономикасы ұдайы даму үстіндегі державалардың біріне айналды. Қазақстан алда өркендей беретіні күмәнсіз. Егіндібұлақ өңіріндегі әкімшілік бөлініс қалпына келтірілсе, республиканың қара шаңырағын берік ұстау үшін қадалатын алтын уықтардың бірі болары анық. Қайталап айтайық, аудан жабылған жылдары жұмыс, жайлы тұрмыс іздеп жан-жаққа босып кеткен тұрғындардың көпшілігі туып-өскен жеріне оралуға әзір. Себебі, қазіргі кезде қалада да жұмыс табу оңай емес. Шағын және орта бизнес үшін ауыл қолайлы екеніне адамдардың көзі жетті. Осындай жерге еліміздің оңтүстік өңірінде сыймай отырған халықтың бір бөлігін көшіруге де қолайлы болары анық. Жалпы, мұндай көштің алды өңірдегі Қоянды аулына келіп, мал өсірумен айналыса бастады.

Егіндібұлақ өңіріндегі әкімшілік бөліністің қалпына келуі Қаздауысты Қазыбек бидің ата жұртындағы халыққа рухани серпіліс береді және тұтас бір аумақты қайта түлету үшін жасалған шынайы да нақты қадам болады деп сеніммен айта аламыз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері
18.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 29
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 43
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 90
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 290
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 284
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 905

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8982
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8377
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11602
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9360
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10586