Түркістан қаласында көптеген жаңа бастамалар қолға алынуда. Соның бірі – экобазар. Облыс орталығындағы бұл нысанның басты ерекшелігі – Түркістан облысының және өзге облыс-қалалардың шаруалары жаңа экобазарда мобильді қосымшаның көмегімен сауда жасауларына болады. Бұл жабық базар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орталығына айналмақ.
900 сауда орны бар экобазар 14 га жерде орналасқан. Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев экобазарда болып, оның жай-күйімен танысу барысында базар басшылығы мен осы салаға жауапты өкілдерге диқандар үшін қажетті жағдайды жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы өзге де құрылыс нысандарындағы жұмыспен танысып, құрылысшылармен, мердігер компания басшыларымен кездесті. Тұрғын үй секторларындағы инженерлік-коммуникация инфрақұрылымы жүйесімен қамтып, абаттандыру мен көгалдандыруға, халыққа қолайлы жағдай жасауға күш салуды тапсырды. Облыс орталығының тазалығын сақтауға қатысты жауапты сала басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа нысандарды да аралаған облыс басшысы мердігерлермен жүздесті. Бұл орталықта жеке кәсіпкерлер есебінен бірнеше тұрғын үй кешендері мен коттеджді қалашықтар, заманауи қонақ үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жаңа ғимараттар мен кеңселер бой көтеріп, сауда, ойын-сауық орталығы салынады.
12 гектар жерде бой көтерген 12 қабатты «Нұр-Сұлтан сити» тұрғын үй кешенінің жай-күйімен де танысқан облыс әкімі түрік компаниясы жүргізген құрылыс барысын да бақылады. Жалпы аумағы 160 мың 2м асатын зәулім үйлерге бұйыртса екі мыңнан астам отбасы қоныстанатын болады. Жаңа үйлердің алдын абаттандыру жұмыстары қатар жүруде. Қазірдің өзінде құрылысы аяқталған бес үйдегі баспаналардың 90 пайызы сатылған.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Түркістандағы Әкімшілік-іскерлік орталық 1500 гектарға жуық аумақты қамтиды. Бой көтерген жаңа ғимараттардың барлығы дерлігі заманауи үлгіде. Онда Түркістан облыстық адвокаттар коллегиясы мен облыстық нотариалды палата ғимараттары орналасады. Сонымен қатар, инвестициялық жобалар арасында бірнеше бизнес орталықтар, «Шахмат орталығы», мейрамханалар желісі, медициналық орталық, стоматология орталығы, коммерциялық ғимараттар мен ағаш көшеттерін өсіретін кешеннің құрылысы жоспарланған.
Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеу қалыптастырылған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 13 мың гектарды құрамақ.