ЕР-АҒА, БҰЛ – «ЖАҢА УЗРУПАЦИЯ»! (Депутат Ермұрат Бапиға хат)

ЕР-АҒА, БҰЛ – «ЖАҢА УЗРУПАЦИЯ»!  (Депутат Ермұрат Бапиға хат)

Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әйтсе де БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс...» деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді жай жиналыста айтқан жоқ,  Астанада өткен AIF-2025 халықаралық форумында, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Муннің алдында айтты. Бұл туралы сәл кейінірек.

Естеріңізде болса, өткен жылдың наузыз айында менің «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет!» атты мақалам жарық көрді. Аталған мақаланы еліміздің үш бірдей үлкен газеті және Abai.kz сайты қатарынан жариялады.

          Жасыратыны жоқ, мен бұл мақала журналистер қауымы мен депутаттардың назарын аударады, сөйтіп ондағы айтылған мәселе Парламенттің кезекті бір күн тәртібіндегі тақырыбына айналады деген зор сенімде болдым. Өкінішке орай, бұл мақалаға ешкім назар аударған жоқ! Бірақ, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин Осыдан тура үш жыл бұрын Өзі бас болып жобасын жасаған «Саяси реформа» туралы: «Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі енгізілді, әйелдер мен жастарға 30% квота белгіленді, партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Президент өкілеттігінің жеті жылдық бір ғана мерзіммен шектелуі маңызды жаңалықтың бірі болды. Конституциялық Сот құрылып, адам құқықтарын қорғау тәсілдері күшейтілді. Ата заңға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген норма енгізілді. «Ұлттық қор – балаларға»  жобасы осы ереженің іс жүзіндегі нақты көрінісіне айналды. Оған сәйкес Қазақстандағы барлық баланың есепшотына Ұлттық қор табысынан қаржы аударыла бастады. Конституциялық реформа Қазақстанда мүлде жаңа саяси жағдай қалыптастырумен қатар, бүкіл аймағымыз үшін жаңа үрдіске жол ашты...» деп, тынбай дәріптесе, мен Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екенін одан екі, тіпті үш есе артық үгіттеумен келемін.

Уикипедияда  узурпацияға «заңсыз үкімет билігін басып алу немесе басқаның құқын иемдену» деген анықтама беріліпті.

Ал, жақында, әлеуметтік желідегі жеке парақшамда осы тақырыпта жазған кезекті бір жазбама, құрметті Ермұрат аға комментарий қалдырып, «Ауыт, «узурпация», «узурпациялау» (узурпирование) деген сөз мемлекеттік саяси билікті, басқаруды басып алу, тартып алу дегенді білдіреді. Шамасы, сен осы терминді дұрыс қолданып жүрген жоқсың. Себебі, бұл сөздің қолданыстағы классикалық түсінігі бойынша, тек саяси биліктің басшысы, яғни біздің жағдайда президент қана билікті узурпация жасай алады...» деген пікір айтыпсыз.

          Сіздің осы сөзіңіз менің осы мақаланы жазуыма, Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екеніне тағы бір мәрте айналып соғуыма түрткі болды.

Бұл жерде басын ашып айтайын, біріншіден, құрметті Ермұрат  Сейітқазыұлы, дәл қазір Сіз сол Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жағынан «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы арқылы узурпацияланған мемлекеттің Парламентінің Мәжілісінің төрінде отырсыз.

Екіншіден, Ермұрат аға, сіздің айтып отырған уәжіңіз өте дұрыс!

Бірақ, «тек саяси биліктің басшысы, яғни біздің жағдайда президент қана билікті узурпация жасай алады...» деген бұл – Ераға, Өзіңіз айтқандай, узрупацияның ескі классикалық түрі немесе әбден ескірген формасы.

Дүние бір қалыпта тұрмайды. Үнемі өзгеріп, түрленіп отырады.

Мен мақаламды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі туралы айтқан сөзімен текке бастап отырған жоқпын.

«80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп...» депті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Демек, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымы да ескірген.

Сол секілді, узурпацияның да, Ераға, Өзіңіз айтып отырған классикалық үлгісінің де баяғыда тозығы жеткен. Тіпті, қолданыстан шығып қалған. Анау «мемлекеттік саяси билікті, басқаруды басып алу, тартып алу» – әбден «модыдан» қалған және аса қауіпті тәсіл... Сондықтан, ана екі қу – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов біздің «Жаңа Қазақстан» деген секілді, узурпацияның да жаңа моделін – «ЖАҢА УЗУРПАЦИЯНЫ» ойлап тапқан.

Ол – арнаулы заң арқылы ерекше құқықтар мен құзыреттер берілген қоғамдық бірлестік немесе коммерциялық емес ұйым арқылы мемлекетті «көмескі» жолмен басқару.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Қазақстандағы көжедей көп қоғамдық бірлестіктердің немесе коммерциялық емес ұйымдардың біреуі ғана. Мұндай мемлекеттік ұйымнан елімізде 23 000-нан астамы тіркелген. Бірақ, соның ішінде тек Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» арнайы заңы арқылы ерекше құзыреттерге ие болып, оның міндеттері мен функциялары сол заңмен арнаулы бекітіліп берілген. Бұл палатаның араласпайтын саласы жоқ!

Аталған Заң арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен, қауымдастықтармен (одақтармен), ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайтын етіп, міндеттері мен функцияларын тастай қып бекітіп алған. Оның филиалдары облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандарында ғана емес, шет мемлекеттердің аумағында да жұмыс істейді.

2014 жылғы бірінші қаңтардан бастап, манағы 23 000-нан астам қоғамдық бірлестіктің немесе коммерциялық емес ұйымның ішінен жалғыз «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана осы заң арқылы өз үстемдігін жүргізіп келеді. Ал, оны кімнің басқарып келгенін жұрттың бәрі біледі...

Мен барлық заңдардағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қатысты нормаларды тізбелеп, сөзді ұзартпай-ақ, тек екі-үш заңға ғана тоқталайын.

«Құқықтық актілер туралы» заңға сай, Орталық мемлекеттік орган, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, заң жобасын дайындауды өзіне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе оны дайындауға шарттық негізде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, өзге де ұйымдарға, жекелеген ғалымдар мен ұжымдарға, оның ішінде шетелдіктерге, тиісті салалардағы сарапшыларға бөлінген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, тапсырыс бере алады екен (17-1-бап).

Байқадыңыз ба, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қай заңның қайсы жерінде қандай орында тұрғанын?! Бұны  «1» деп қойыңыз!

Ең сұмдығы мынау – аталған «Құқықтық актілер туралы» заңына сай, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжат Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша сараптама кеңестерімен (бұдан әрі – сараптама кеңестері) міндетті түрде талқылауға жатады екен.

Көрдіңіз бе, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты құқықтық актілер, нақтылап айтсақ, заңдар түгелімен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының талқылауынсыз өтпейді екен.

Демек, бұл – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттің заң шығару, әсіресе кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заң жобаларын жасауға емін-еркін араласады, тіпті өзі билеп төстейді деген сөз!

Сол Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сараптама орталығының «сараптауынан» өткен Заң жобаларын осыған дейін екі палата депутаттардың бірауыздан қолдап, оны Парламенттің нотариус ретінде бекітіп беріп келгенін ешкім жоққа шығара алмаса керек!

Конституция бәрін реттеп, жөнге салып отыратын мемлекеттің МИЫ болса, жоғарыда аталған «Кәсіпкерлік Кодекс» оның ЖҮРЕГІ болып есептеледі.

Мемлекеттің қолқа-жүрегі болып табылатын сол «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне» сол 23 000-нан астам қоғамдық бірлестіктің немесе коммерциялық емес ұйымның ішінен жалғыз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығарушылыққа қатысатын құзыретін иемденіп алған (19-бап).

Сөйтіп, аталған Кәсіпкерлік Кодекстің 19-бабы арқылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері (бұдан әрі – сараптама кеңестері) арқылы, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысады.

Демек, кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік және халықаралық жобалардың бәрі басыбүтін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жасалады.

Ол аз десеңіз, кәсіпкерлік субъектілерінің, нақтырағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қармағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне әлеуметтік жауапкершілікті ендіруіне мемлекет кепілдік береді және оны көтермелейді (20-бап).

Қысқасы, қаржысын шығарып, кепілдік беретін – мемлекет, ал оның қызығын көретін – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Ол аз десеңіз, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңына сай, Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімшарттарының орындалуын мониторингтеуді, сондай-ақ оның қорытындыларын интернет-ресурстарда жариялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, электрондық сатып алу жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ұсынатын мәліметтері негізінде жүзеге асырады (28-1-бап).

Ал, Тимур Құлыбаевтың «Ұлттық олимпиада комитеті» секілді тағы бір қоғамдық бірлестік құрып алып, «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңына сай, оған «Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырмалар алуға құқылы» деген ерекше ҚҰҚЫҚ алып алғаны, сөйтіп бүтін бір немесе жарты министрлікті қуыршаққа айналдырғаны секілді «ұсақ-түйектерді» тізбелеп, жұрттың басын қатырмай-ақ қояйын...

 

Ардақты Ер-аға – Ермұрат Сейітқазыұлы!

 

Айтыңызшы, шағын ғана топ жай қоғамдық бірлестік немесе коммерциялық емес ұйым арқылы кәсіпкерліктен бастап, бүкіл саланың құқықтық актілерін өз мүддесіне қызмет еттіретін етіп қабылдатуға және мемлекеттік бүкіл жобалар мен келісімдерді өз мүддесіне тиімді етіп жасауға ықпал ететін заңдық негізді қалыптастырып алса, сөйтіп аз ғана жылдың ішінде мемлекет байлығының елу пайызы 162 адамның қолына өтіп кетсе, бұдан артық қандай узурпация болмақ?!

Ескі билік оны «Назарбаев моделі» деген атпен үгіттеп келді.

Іс жүзінде, бұл Тұңғыш Президент басында тұрып, жобасын Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жасаған, Парламент бекіткен нағыз жаңа узурпациялау жүйесі болатын.

Көрдіңіз бе, узурпацияның осындай да моделі болады екен!

Тағы қайталап айтам, Ер-аға, бұл – узурпацияның жаңа түрі! Біз «Жаңа Қазақстан» құруды кеше – 2022 жылы ғана бастадық қой. Ал, ана екеу «Жаңа Узурпацияны» сонау 2013-2014 жылдары бастап кеткен.

Депутат Ерлан Саиров айтқандай, алты жылдың ішінде бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы азаматтар өзінің саяси тетігінен айырылды. Қазір Тимур Құлыбаев биліктен кетіп, Кәрім Мәсімов түрмеге қамалып, олардың ықпалының айтарлықтай әлсірегені рас.

Соның арқасында, депутаттардың да бұрынғыдай емес, тебіні артып, үні шығып, алдына келген Заң жобаларына елеулі өзгертулер мен толықтырулар енгізіп жібермегенімен, өздері діттеген бірді-екілі нормаларды заңдастыра алатын деңгейге жеткенін жоққа шығаруға болмайды.

Депутаттар шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтарамыз деп жүргенде, жоғарыда айтылған заңдарға сүйеніп жасалған жобалар мен келісімдер арқылы сол активтерге барабар байлық мен ақшаның қолды болып жатқаны да өтірік емес...

Меніңше, лауазымнан босату – саяси тетігінен толық айырылғандық бола қоймайды-ау. Олардың САЯСИ ТЕТІГІ өте мықты. Себебі, олар құрып кеткен ЖҮЙЕ мұрты бұзылмаған күй сол беті тұр!

Ол – Атамекен ҚР ҰКП және «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң!

Өзіңіз айтып келе жатқандай, Құдай оның бетін ары қылсын, ескі билік өкілдері таққа қайта оралып жатса, осы заң арқылы сорымызды тағы қайнатары ап-анық!

Тіпті, ескі-жаңа билікке қатысы жоқ, үшінші біреу билікке келсе, ол да өз айналасындағы бір алпауыт арқылы осы заңмен мемлекетті тырп еткізбей ұстап, атқарушы билікті, заң шығарушы және құқық қорғау органдарын және қуыршаққа айналдырып қоймасына кім кепіл?!

 

Құрметті Ермұрат Сейітқазыұлы!

 

Сондықтан, мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы барлық заңды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыздандыру керек деп есептеймін.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң мен анау мен атаған нормалар тұрғанда, Ата Заңымыздағы «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма өз деңгейінде орындалады дегенге өз басым ешқашан сенбеймін! 

Бұл заң мен нормалар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен жасаған есіл еңбекті селге кетіруде...

Ер-аға, бұл тек Сіздің ғана атыңызға жазылған хат емес, жалпы депутат атаулының бәріне арналған жанайқай!

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұртай Сабильянов, Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев, Марат Башимов, Ерболат Сатыбалдин, Қазыбек Иса, Мұрат Әбенов, Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан, Ерлан Саиров, Әділ Жұбанов, Елнұр Бейсембаев, Аманжол Әлтай, Асхат Аймағамбетов, Ринат Зайыт, Болат Керімбек, Анас Баққожаев, Жанарбек Әшімжанов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбай  секілді табанының бүрі бар әріптестеріңізбен кеңесе отырып, бұл бастаманы Өзіңіздің бастауыңызды сұраймын!

Әйтпесе, Өзіңіз депутат болғалы тынбай айтып келе жатқан қауіп-қатердің ерте ме, кеш пе, жүзеге асып кетуі ғажап емес!

Тіпті, мұның арты, Құдай бетін ары қылсын, тағы да қантөгіске апарып соқтыруы әбден мүмкін!

Біз узурпация туралы ескі көзқараспен жүре берсек, қатты кешігеміз және ертең үлкен опық жейміз!!!

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жоюға ықпал ете алсаңыз, бұл – ескі билікпен отыз жылға жуық күрескен Сіздің ғана емес, бүкіл «Жаңа Қазақстанның» Ұлы жеңісі болып, тарихқа алтын әріппен жазылып қалары хақ!

 

Құрметпен,

                                                                       Ауыт МҰҚИБЕК,

«Құрмет» орденінің иегері    

 

09.06.2025

12.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14163
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14103
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29249
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27891
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31412