Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ерекше қажеттілікті талап ететін адамдардың мүдделерін қорғайтын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
Жиналғандар ең алдымен ерекше жандардың құқықтарын қорғаумен айналысқан танымал қоғамдық ұйым өкілі Георгий Четвериковті бір минут үсніздікпен еске алды. Ол ұзақ жылдар бойы Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі лауазымында өңірдегі айрықша көмекке мұқтаж жандардың проблемаларын шешуге көмектескен еді. Қазіргі кезде Георгий Михайловичтің орнында аймақ басшысының кеңесшісі болып тірек-қозғалыс аппаратының зақымдануы бар спортшылардың арасындағы пауэрлифтинг жөніндегі өңірлік федерациясы басшысының орынбасары Юлия Петрусёва қызмет етеді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету туралы сөз қозғаған Әбілқайыр Сқақов биыл осы мақсаттарға 1,3 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Осы жылдан бастап техникалық құралдар мен қажетті қызметтерді ұсыну арнайы портал арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі кезге дейін порталға түскен тапсырыстардың 60%-ы қанағаттандырылды. – Алайда, бәріміз бір жақтан қарағанда әдемі көрінетін статистиканың артында қордаланған проблемалар шоғыры бар екенін түсінеміз,– деп атап өтті облыс әкімі. – Бұл проблемалардың бір бөлігін шешуге кірістік, кей мәселелер өз шешімін күтуде. Негізгі міндеттердің бірі – кедергісіз орта қалыптастыру. Көпшілік пандус немесе арнайы көтергіш орнату ерекше қажеттіліктері бар адамдардың нысандарға деген қолжетімділік мәселесін шешеді деп ойлайды. Алайда, олардан бөлек бедерлі бағыттау жолақтары, мнемосхемалар, пиктограммалар, шақыру түймесі және т.б. техникалық элементтер бар. Облыс бойынша мүгедектіктің барлық санаттары бойынша қолжетімділікті тексеруден 1 739 нысан өтті. Өкінішке қарай, олардың бір де бірі 100% талаптарға сәйкес келмейді. Қазір нысандарды бейімдеу жұмысы жүріп жатыр, алайда, мәселені толық шештік деп айтуға әлі ерте. Қалай болғанда да біз мұнымен тоқтап қалмай, бұл жұмысты күшейтуіміз керек.
«Сострадание» қоғамының төрайымы Елена Юрченко облыстағы нысандардың көбі ерекше қажеттілікке мұқтаж жандарға қолжетімсіз екенімен келіседі. Оның айтуынша, бірінші кезекте бұл мәселе қалаішілік автобустар мен сауда орындарына қатысты. Қоғам белсендісі арбамен жүретін жандар облыс орталығындағы жағалау аймағында қыдырып, Ертіс өзенінде шомыла алмайтынына қынжылды. – Мүгедек балалар мен ересектердің де бұған басқа қала тұрғындары сияқты құқықтары бар, – деді Елена Юрченко. – Жағажай туралы айтсақ, бұл көп қаржыны қажет етпейді. Біззге тек арнайы арба мен суға түсуге болатын ағаш жол қажет. Біз бұл мәселені бұған дейін де көтергенбіз, алайда, сұрақ шешімін таппады. Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріп, қоғамдық көліктер мен сауда орталықтарын ерекше адамдардың мұқтаждықтарына сай бейімдеуді тапсырды. Сонымен бірге, үкіметтік емес сектордың өкілдері өңірде жаңа ғимараттарды салу кезінде мүмкіндіктері шектеулі жандардың қажеттіліктері ескерілмейтініне назар аударды.
– Құрылыс саласының өкілдерін әлеуметтік заңнаманы білулері үшін арнайы оқыту қажет сияқты. Біз үнемі оларға арнайы талаптар туралы айтқанымызбен сөзімізге құлақ асар ешкім көрінбейді, – деді «Tandau Foundation» қорының атқарушы директоры Александра Шаронова. Облыс әкімі бұл проблема бақылуға алынатынын айтып, кездесуде көтерілген мәселелерді шешуге жағдай жасау үшін іс-шаралар жоспарын құруды тапсырды.