"Гүл - гүлден рең алады, адам - адамнан мінез алады"

"Гүл - гүлден рең алады, адам - адамнан мінез алады"
(Исматулла Мақсым)
Адам "Жақсы мінезді қайдан үйренем?" демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат алу керек. Түйе сондай зор биіктігін ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды. Көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нәрсені талғамай жеп, қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіштікте сондай көнгіш. Бала шөгерсе, шөгіп жатады. Түн болса, байлап салған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз ақ құмар нәрсесі - тұз. Тұз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақ мақалында бар. "Түйе тұзға тоқтайды. Жігіт қызға тоқтайды". Енді бір мақал: "Тұз десе - түйе тоқтайды, төркін десе - қыз тоқтайды" деген.
Жуастықта қойдан қоңыр болу керек. Араб жұрты "һәм хош құлқың сипатлығы адам ініге ағыным дирлар" екен. Оның мағынасы "қой сықылды" дегені. Біздің қазақ жұрты һәм мақтаған адамын "қойдай қоңыр" деп сөйлейді. Қойда жуастық мінез бар. Сол себептен басқа хайуандардан қасиеттілі болды.
"Ешкі егіз табады. Ит сегіз табады. Шошқа тоғыз табады". Мұнан да көп табатыны бар. Қасқыр қанша күшіктейді, түлкі, қарсақ, мысық - әрқайсысы қаншама бала табады. Қой жылына жалғыз-ақ қозы табады. Сонда да төрт аяқтыда қойдан көп жануар жоқ. Өзі бір жылда үш түлейді. Бір қабат жүнін, "жабағы" деп атайды.
Қазақ халқы оны қанша пайдасына жаратады. Өзіне киім, малына жабу. Артығын сатып керек жарақ алады. Бір түлеген жүнін: "Қозының қарын жүні" дейді. Онан текемет басып, қызға жасау қылады, үй ішіне төсеніш қылады. Ақ жүнінен аппақ киіз басып, түскиіз жасайды. Үшінші түлегенін "күзем жүні" дейді. Қанша киіздер басып, онымен керек жабдықтарының бәрін бітіреді. Жаз отыратұғын текемет, тысқы төсеніштері мен қысқы үйінің астына төсейтұғын төсеніші, бұлардың бәрінен артылғанын және сатып, керек жарағын алады. Қазақ жұртын бірсыпыра көтеріп, берекелендіріп тұрған осы қой деген мал. Құрты, майы, қыс болғанда, отыны қойдың барлығынан табылады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Мұрат Рақымжанның парақшасынан.
11.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 6989
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 7118
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 22110
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 20721
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 24214