Иранда жағдай уақытша тынышталды

Иранда жағдай уақытша тынышталды

2025 жылы 28 желтоқсанда Иран астанасы Тегерандағы Гранд базарындағы саудагерлер елде болып жатқан экономикалық дағдарыстар мен инфляцияға қарсы наразылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұған бірден үн қосқан көпшілік азық-түлік бағасының қымбаттауы, ақшаның күн сайын құнсыздануына қарата билікке деген пікірлерін айтып, дабыл қақты. Осылайша білтесі тұтанған бұл оқиға бірер күн өткесін бүкіл елді шарпыған күшті наразылық акцияларына ұласып, халықтық шерулерге айналды. Айтылған мәселелерге қосымша адам құқықтарының билік тарапынан шектеулерге ұшырап отыруы, шариғат үкімдерінің қаталдығы мен елді үрей астында билеуге дағдыланған аятолла Әли Хаменейдің диктатурасына қарсы ұрандар көтерген халық бұл шерулердің сипатын саяси бағытқа бұрып әкеткен еді.

 

Күллі дүние көзін парсы еліне тігіп, Таяу Шығысты тағы бір жанжал ошағының ендігі тағдыры қалай өрбитіндігі алаңдата бастады. Алыстан айбат шеккен АҚШ бұл қимылға әскери жақтан күш қосатындығын ашық мәлімдеп, Катардағы базасына қарулы жасақтар жеткізетіндігін айтып, шұғыл қимылға дайындалып барып, соңғы сәтте шешімін өзгерткендей болды. Әскери сарапшылар Трамптың айтуынан қайтуы тез болғанын әртүрлі бағалап жатыр. Олардың пайымдауынша, Иранға соғыс ашу «қымбатқа түседі» екен. Мұнда Иранның әскери қуатының салыстырмалы түрде күшті болуы, соған жанама түрде Хезболла, хуситтер, Ирактағы қарулы жасақтар сынды Иран қолдайтын прокси-күштердің де қарап отырмайтындығын ескерген болуы мүмкін деген болжам бар. Ал Таяу Шығыста соғыс басталды деген сөз – мұнай бағасының бірден шарықтауына әкеліп соғатын маңызды фактор екендігі тағы бар. Бұл әлемдік экономикаға зор ықпал етеді.

Екіншіден, Иранға тікелей соғыс аша алмайтындығы оның құқықтық мәртебесімен байланысты болса керек. Бұл ең әуелі Иранның ішкі саяси дағдарысы болғандықтан, БҰҰ-ның жарғыларына сәйкес ешбір елдің сырттан килігуіне жол жоқ деген сөз. Тағы бір саясаттанушылар егер АҚШ әскері Иран жеріне аяқ басатын болса, наразы болған халық бірден аятолла билігін қолдап, дұшпанға қарсы тұратыны анық деп отыр. Өйткені былтырғы Израиль-Иран қақтығысы кезінде АҚШ-тың Иранның ядролық базалары орналасқан деген күдікті аймаққа бомба тастау әрекеті халықтың күшті қарсылығына тап болғаны бар. Бұл өз кезегінде Иран билігінің «халықты сырттан айдап салып отырған арандатушылардың басты кейіпкерлері АҚШ пен Израиль» деген ұранының «рас екендігін» айғақтайтын әрекет болар еді.

Үшіншіден, Иранға әскери жақтан килігу АҚШ-қа абырой әпермейтін жоба. Өйткені орыс-украин соғысына жанамалай араласып отырған АҚШ, шығыстағы алып ел Қытаймен де қырбай болып отырған жайы бар. Сондай-ақ Таяу Шығыста бірнеше жерде әскери қимылдарға араласып отырғандықтан, өзіне жау көбейткісі келмеді деуге негіз бар. 15 қаңтарда Лондондағы АҚШ елшілігінің алдында наразылық акциялары өтті. Наразылық акциялары АҚШ президенті Трамптан уәдесін орындауды және Иранда қатыгездікпен басылып жатқан наразылық акцияларын қолдауды талап етті.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, Иранда ереуілшілерді күшпен басу әрекеті белгілі нәтижелерге жеткен сияқты. Қазір астана Тегеранда уақытша болса да тыныштық орнағандығы, соған ілесе өзге өлкелерде де ереуілшілердің екпіні басылғандығы айтылып жатыр.

Аятолла билігі наразылық акцияларын күш қолдана отырып жаныштап жатқандығы сол кездің өзінде белгілі болып еді. Олар интернетті өшіріп, сыртпен байланысты үзуге тырысқан. Дегенмен жаманат жерде қалған жоқ. Адам құқықтары ұйымдары қауіпсіздік күштері қолынан 3428 наразылық білдірушінің қаза тапқаны расталғанын мәлімдеді, бірақ нақты қаза тапқандар саны бірнеше есе көп болуы мүмкін екенін ескертті; олар сондай-ақ «режимнің қауіпсіздік күштерін кең көлемде жұмылдыруы тұрақсыз, сондықтан наразылықтар қайтадан басталуы мүмкін» деп санайды.

 

Норвегияда орналасқан Iran Human Rights (IHR) адам құқықтары ұйымы қауіпсіздік күштері 3428 наразылық білдірушінің қаза тауып, шамамен

 20 000 адам тұтқындалғандығын растады, бірақ нақты қаза тапқандар саны бірнеше есе көп болуы мүмкін екенін ескертті. 

 

АҚШ-та орналасқан, ұзақ уақыт бойы наразылық акцияларын бақылап келе жатқан Соғысты зерттеу институты қатыгездікпен басып-жаншу «наразылық қозғалысын уақытша басып тастаған болуы мүмкін» деп мәлімдеді. Олар: «Режимнің қауіпсіздік күштерін кең көлемде жұмылдыруы тұрақсыз, сондықтан наразылықтар қайтадан басталуы мүмкін», – деп отыр.

Тегеранның интернет және басқа да ақпаратты цензуралау шараларына байланысты наразылық акцияларындағы құрбандар саны бойынша сандарда айтарлықтай айырмашылықтар бар. Бұған дейін шетелде жұмыс істейтін ирандық оппозициялық БАҚ Иран үкіметінің жоғары лауазымды шенеуніктерінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, наразылық акцияларында кем дегенде 12 000 адам қаза тапқанын мәлімдеген болатын. CBS News жақында екі түрлі дереккөзге сілтеме жасап, қаза тапқандар саны 20 000-ға жетуі мүмкін деп мәлімдеді.

Халықаралық қауымдастық Ирандағы тұрақсыздықтарға алаңдаушылық білдіріп жатқан тұста Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Ресей президенті Путиннің жұма күні Иран президенті Масуд Пезешкиянмен және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен «жағдайды деэскалациялау» мақсатында бөлек сөйлескенін айтты. Сондай-ақ Иранның жақын одақтасы ретінде Кремль Ресейдің де деэскалация туралы келіссөздер жүргізгенін мәлімдеді.

Бір қызығы, әскери жақтан күш қолданамын деп сес көрсеткен АҚШ Президенті Трамп 16 қаңтар күні Иран басшылығына тұтқындалған ереуілшілерді дарға аспағаны үшін алғыс айтты.

«Иран 800-ден астам адамның өлім жазасын тоқтатты. Мен олардың бұл шешімін толықтай қолдаймын», – деді Трамп журналистерге берген сұхбатында.

Иранның сыртқы істер министрі жақында Fox News арнасына берген сұхбатында қаза тапқандар санын асыра сілтеген ақпараттық соғыс тактикасын айыптады. Ол наразылық акцияларында шамамен бірнеше жүз адам қаза тапқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Иран билігі 16-шы күні алғаш рет шамамен 3000 адам тұтқындалғанын жариялады.

AFP агенттігі сарапшылар мен әртүрлі үкіметтік емес ұйымдардың 17-ші күні жүргізген бақылауларын қорытындылай келе, үш аптаға жуық наразылық акцияларынан кейін биліктің күшті қысымы кезінде демонстрациялар айтарлықтай суыған болуы мүмкін деген болжамын жариялады. AFP-ге жасырын түрде сөйлеген кейбір тұрғындар астана Тегеранда соңғы төрт күн бойы салыстырмалы түрде тыныштық болғанын айтқан. Бейсенбі және жұма күндері наразылық акцияларының белгілері байқалмады, бірақ дрондардың әуеде қалықтап жүргені естілді. AFP тілшісі бейсенбі күні кешке Тегеран қаласы бойынша көптеген қауіпсіздік күштері орналастырылғанын атап өтті.

Дегенмен, қуғындағы соңғы Пахлави әулетінің монархының ұлы Реза Пахлави ирандықтарды әлеуметтік желілерде күш-жігерін жалғастыруға үндеп, оларды бүгін және ертең жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 8-де ашу-ызалары мен наразылықтарын білдіруге шақырды.

 

PS: AFP агенттігі американдық зерттеушінің наразылықтар басылған болуы мүмкін деген сөзін келтірді. Дегенмен, олар үкімет қауіпсіздік күштерін ұзақ уақыт бойы толық жұмылдыру жағдайын сақтай алмайтынын, сондықтан наразылықтардың қайта өршуі мүмкін емес екенін мәлімдеді. Осылайша соңғы үш жылдың көлеміндегі ең ауқымды ереуіл нәтижесіз аяқталды деуге болады.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

23.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 426

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22599
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22355
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38189
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35933
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39991