(Соңы. Басы өткен санда)
– Осыдан 14 жыл бұрын Сарыағаштағы су тасқыны ауыл тұрғындарын біраз әбігерге түсіргені есімізде. Оның зардаптарын жою, рас, Сіздерге де оңай тимеді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Су тасқыны тек Сарыағаш ауданында ғана болған жоқ, Ордабасы, Арыс аудандарын да қамтыды. Бәрінде біз жүрдік қой. Ол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасарымын. Күндіз-түні ұйқы көрмей жүгіріп жүріп жұмыс істедік. 2008 жылғы ақпанның 26-сы ма, әлде 27-сі ме, есімде жоқ. Сол жылы алапат тасқыннан көптеген баспаналар су астында қалды. Содан зардап шеккендерге көмектесу үшін бел шеше кірістік. Табиғи апаттармен күрес жөніндегі облыстық штабты мен басқардым. Сәуір айының 4-і басталған құрылыс жұмыстары маусым айының соңына қарай толық аяқталды. Ұмытпасам, осы мерзімде 1760-қа жуық жаңа үй пайдалануға берілді. 2400-дей үйді түгелдей күрделі жөндеуден өткіздік, яғни үйдің шатырын қайта жауып, есік, терезелерінің бәрін жаңадан қойып бердік. 3,5 мыңдай үйге ағымдағы жөндеу жүргізілді. 7 мектеп үйін қайта салдық. Қаншама су арнасы реттелді, қаншама жол жөнделді, есебіне жету мүмкін емес. Сонда республикадан ешкім көмекке келген жоқ, бәрін өз күшімізбен атқардық.
– Исеке, Оңтүстіктегі жылы орныңызды ауыстырып, Шығысқа баруға не себеп болды?
– Менде орын ауыстырайын деген мақсат болған жоқ. 2009 жылдың наурыз айында Шығыс Қазақстан облысына әкім болып Бердібек Сапарбаев, Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып Асқар Мырзахметов келді. Асқар Исабекұлы: «1- орынбасар болып осы қызметіңізде жүре беріңіз, бірге істейік» деді. Дәл сол кездері Өмірзақ Шөкеев (вице-Премьер кезі) маған: «Су ресурстары комитетінің төрағасы болып келіңіз», деп ұсыныс жасады. Ал Бердібек Мәшбекұлы мені Шығыс Қазақстан өңіріне шақырды. Тек шақырып қана қоймай, Елбасының алдына кіріп: «Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласын қазақтандырайық, сол үшін Исламды алайын деп едім», деп өтініш білдіріпті. Ол кісі мені жақсы біледі. «О, онда дұрыс, мен сізді толық қолдаймын» деп ықылас танытқан екен. Сөйтіп мен Өскемен қаласына келіп қалдым.
Мұндағы атқарылған тірліктер де ұзақ әңгіме. Кез келген жерде мен жұмыстың болатын жағы қайсы, қандай кілтипаны бар, оны шешудің жолы қандай деп, соны табуға тырысамын. Менің Өскеменге барған кезде алғашқы күндері сезінгенім, адамдарда қалалық билікке деген сенімі жоқ екен. Өйткені жүйелі, жоспарлы жұмыс орнына, «ойбай, Президент келе жатыр, ана жерге асфальт төсеу керек, мына жерге баған орнату керек!» деген тәрізді алашапқын әбігершілікпен күн өткізгендей. Соның салдарынан қаржы мәселесінде үйлеспеушіліктер орын алған. Мәселен, істелген жұмыс бар, құжаттары да бекітілген, бәрі заңды. Алайда, оның бәрі бюджетте қаралмағандықтан 480-500 млн теңгедей қаржы 2-3 жылдан бері қаланың мойнына ілініп қалған. Одан басқа әкімдік тағы бір кәсіпкер жігіттерге 300 млн теңгедей берешек екен. Яғни, олар тапсырылған жұмыстарын толық бітірген, бірақ оның бәрі ресми түрде құжатталмаған. Демек, алдап кеткен болып тұр ғой. Мұның бәрін тексеру кезінде анықтадық. Өз басым ер жігіт бір сөзді болу керек деген түсінікпен тәрбиеленген жанмын. Мұны кез келген уақытта дәлелдей аламын. Содан соң әкімшілік қызметкерлерін шақырып алып: «Қала билігі ешуақытта ешкімді алдамауы тиіс, бұлай болмайды» дегенмін. Көп ұзамай екінші тоқсан басталды. Сәуір айының бас жағында бюджеттің жан-жағынан жұқалап отырып қысқарттық. Содан жаңағы 480 млн. теңгені «кредиттік қарыз» етіп көрсетіп, ай соңына дейін «төлеп» тастадық. «Үш жыл төленбей жүрген бюджет қарызын Әбішев келді де бірден төлеп тастады. Ничего себе!» деген таңырқады жұрт. Содан соң 300 млн теңгені жойып берудің жайына кірістім. Алдымен, тендерге қатысатын кәсіпкерлерді шақырып алдым. Олармен ашық сөйлестім. «Тендер ашық та, әділ өткізіледі, бірақ бір шартым бар, – дедім оларға. – Тендерді ұтып алғандарың ешқандай он пайыздық откат төлемейсіңдер, оның орнына сол қаржыны еңбегін ала алмай жүрген әріптестеріңнің есебіне аударасыңдар». Болды, келістік. Сөйтіп мамыр, маусым айларының ішінде-ақ барлық қарыздан құтылдық, бас-аяғы 800 млн теңгедей ақшаның орны жабылды. Бұдан соң қала тұрғындарының маған деген сенімі ерекше артты.
Алайда қиындықтар әлі де аз емес еді. Мәселен, бір жұмысты қолға алар болсаң, ПСД-сыз, яғни, жобалау-сметалық құжаттамасыз қаржы берілмейді. Енді не істеу керек? Қала бойынша атқарылатын жұмыстар өте көп. Жобалаушылардың бәрін шақырып алдым. Айлығы аз, біразы ақысыз демалысқа шығып кеткен. Содан мен айттым: «Мынау қала бойынша алғашқы кезекте атқарылатын жұмыстардың тізімі. Солардың ПСД-сын дайындау керек, жұмсаған шығындарың кейін толық өтеледі. Маған сенім артып, осыған көнcеңдер, іске кірісіңдер. Көнбесеңдер, амал жоқ, маған сенетін жобалаушыларды Шымкенттен шақыртамын. Бірақ кейін өкпелеп жүрмеңдер». Жобалаушылар «техусловия» жайын қозғады. Шынында да жоба біткенімен оған экология, санэпидемстанса, өрт сөндіру, жол қозғалысы, тәртіп сақшысы т.б. сала өкілдерінің қолын қойдыру оңай емес екен. Жобаның айлап ұзаққа созылатыны содан. Мен бұл жұмысты да өз мойныма алатынымды айттым. Жобалаушылардың 70-80%-ы маған сенді, ал қалған бөлігіне шымкенттік жігіттерді қосып жібердім. Көп ұзамай барлық жобалар тиісті схемасымен, компьютерлік есеп-қисабымен түгелдей дайын болды. Содан соң жобаларды алдырып, «техусловия» беретіндердің бәрін жинадым. Оларға мән-жайды түсіндіріп болып: «Бәрің де жобалармен танысып, сын-ескертпелерің болса, осы арада айтып, «техусловия» қағаздарына қол қоймай сыртқа шықпайсыңдар», дедім. Сөйтіп, қаланың ең күрделі мәселелеріне қатысты жалпы құны 40-50 млрд теңгеге татитын жобалау-сметалық құжаттар толық дайын болды. Тәуекелмен істедім де бәрін. Мен оларға «осы жобаларды алып, облысқа емес, республикаға барамын, қаржыны сол жақтан әкелгеннен кейін есеп айырысамыз» деп айтқанмын. Содан құрылыспен айналысатын жергілікті компания басшыларын шақырып алдым. «Мынау – ПСД, дайын тұр. Бірақ, бюджетте бұған қарастырылған ақша жоқ, кейін болады. Қайсың бел буып, іске кірісе аласыңдар? Қорықсаңдар қолға алмай-ақ қойыңдар, құрылыс мамандарын басқа жақтан іздеймін. Онда ренжімеңдер», дедім. Сенді. Жұмыстың 70-80%-ын жергілікті құрлысшылар, өзге бөлігін Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен келген жігіттер қолға алып іске кірісті. Сонымен тамыз айы аяқталып, қыркүйек айы басталды. Мен ес білгелі өндірісте, билік саласында қызмет етіп келемін. Экономиканың жағдайын да бір кісідей жақсы білемін. Үшінші тоқсан аяқтала бере республикалық бюджет қаражатын игеруге байланысты аласапыран уақыт туады. Ал, төрінші тоқсанда игерілмей қалған қаржыларды жан-жаққа «шашу» басталады. Міне, сол кезді тиімді пайдаланып қалу керек. Содан тамыздың соңы, қыркүйектің басында жобаларымды алып, тиісті министрліктерге апарып едім, қуана қарсы алды. «ПСД бар ма?» «Бар, құрлыс жұмыстары жүріп жатыр...» «Қанша уақытта бітіре аласыңдар?» «Жыл аяғына дейін». Сонымен қойшы, не керек, қазан айының ортасынан аса қала бюджетіне үш-төрт млрд.теңге ақша түсті ғой.
– Министрліктен бе?
– Иә. Парламент депутаттарының пленарлық мәжілісінде «бюджет қаражаттарын қайта нақтылау» қолға алынды да, оны «мақсатты қаржыға» айналдырып, бекітіп берді. Өйткені жыл аяғына қарай ешкім ақша сұрап жатқан жоқ, қайта игере алмай, басы бәлеге қалудан сескеніп, қайтарып берушілер көп. Ал, мен ақша сұрап келіп тұрмын... Сөйтіп, 2009 жылы-ақ ПСД жасағандардың шығынын толық өтеп бердік. Құрылысшылардың материалдық шығындарын да, еңбекақыларын да төледік. Содан кейін-ақ менімен бірге жұмыс істесу үшін кезекке тұратын болды ғой...
– Ислам Әлмаханұлы, су шаруашылығы комитетіндегі жағдайларды және одан кейінгі тағдырыңызды өз аузыңыздан баяндап берсеңіз.
– Бұл жөнінде қысқаша айтайын. Су ресурстары комитетіне де Президенттің тікелей тапсырмасымен келдім. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары кезімде су мәселесіне қатысты Өзбекстанмен, Қырғыстанмен екі арада көп жағдайлар болды ғой. Сонда бұл мәселелерді республика емес, облыс деңгейінде біз өзіміз шешетінбіз. Негізінен ол жерде мен жүретінмін. Сондықтан «су мәселесін Ислам жақсы біледі» дегендей көзқарас Президенттің ойында қалған болуы керек. Сол кездегі Премьер-министр Мәсімов облыс әкіміне телефон шалып: «Президент Әбішевті Су ресурстары комитетіне төраға етіп жіберуге тапсырма берді» – деп хабарлапты. Келдім сөйтіп.
Енді ол жерде көргенім – өте көп қаржылар. Мәселен, орташа бір қаланың жылдық бюджеті 20-30 млрд теңге болса, ондағылар бір жобаның өзіне осынша қаржы жұмсаған ғой. Біз қиыншылықты да, жетіспеушілікті де көп көрдік қой. Сондықтан ақшаның қадірін білеміз, әр тиынды үнемдеп жұмсауға дағдыланғанбыз. Комитет жұмысын зерттеп қарасам, көптеген жоба-жоспарларға ақшаларды оңды-солды есептеп, асыра сілтеген. 4 жылдық бағдарламасын қарасам, 397 млрд теңге жоспарланған екен. Содан 303 млрд теңгені қысқарттым. Қалған 94 млрд теңгемен бір жылдың ішінде жаңағы 3-4 жылға жоспарланған жұмыстардың бәрін бітірдік. Сол нысандар әлі күнге дейін тоқтаусыз істеп тұр. Бұл 2012 жыл болатын. 2013 жылы бізді Ауылшаруашылығы министрлігінен алып, Экология министрлігіне ауыстырып жіберді. Содан маусым айында жаңа министр, марқұм Қаппаров Нұрлан Жамбылович: «Сізбен бірге жұмыс істесе алмаймын» деп мені қызметімнен босатты. Бұл әңгіме Президентке де жеткен болуы керек. 9 айдан кейін мен бұрынғы қызметіме қайта тағайындалдым. Осы мерзімде Су ресурстары комитеті бойынша 1,5 трлн теңгеге мемлекеттік бағдарлама қабылданып, үкіметтің қаулысы шығып қойыпты. Оны да мен қайта қарап, ревизия жасап, 1 трлн ақша артық деген оймен Премьер-министрдің сайтына хат жаздым. Ол хат Премьер-министрдің сайтында бір сағаттай тұрды да, алдыртып тастады. Сол кезде ешуақытта ештеңені құр жібермейтін «Время» деген газеттің журналистері осы жазбаны көріп қалып, менен интервью алған болатын. Ол сұхбат бүкіл елге тарап кетті. Содан мені Президент шақырып алып: «Мына қысқартылған қаржыларың шындыққа сай келе ме?» – деп сұрады. «Келеді!». «Мұны сен қанша уақытта көз жеткізе дәлелдеп бере аласың?» «Алты ай ішінде, – дедім. – Бұл үшін маған өзіме сенімді мамандарымды шақыртып алуға мүмкіндік беріңіз». Бұған Президент қарсы болған жоқ, сөйтіп маған толық жағдай жасап берді. Сол 6 айдың ішінде мен осы мәселеге қатысты жобамды барлық тиісті құжаттарымен қоса тіркеп апарып бердім. Президент көріп қолдады, содан әрі қарай жұмыс істеп кеттік.
– Негізгі құжат бойынша не істеулеріңіз керек еді?
– Айтайын. Таза су дүние жүзінде – дефицит, келісесіз ғой. Сондықтан суды үнемді пайдалану керек. Ал суды барынша көп пайдаланатын сала – ауыл шаруашылығы. Одан кейін – өнеркәсіп, сосын – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Судың келетін көзі – бұлақтар, қар, жаңбыр. Күн жылынысымен көктемде су көбейіп кетеді. Сол кезде оны жинап, жаз бойы пайдалану керек. Бұл – бірінші мақсат. Екіншісі – үнемді пайдалану. Оны халық кәдесіне асырудың бір жолы – суармалы егістік. Сізге айтайын, Совет үкіметі кезінде, яғни 1991 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда 2 млн 384 мың гектар суармалы жер болған. Ал 2012 жылдың 1 қаңтарында содан қалғаны – бір млн 340 мың гектар. Сонда біз 1 млн суармалы жерді жоғалтқан екенбіз. Осыған орай, Су ресурстарын басқару комитеті мемлекеттік бағдарлама жасаған екен. Онда «60 мың гектар жерді қайта қалпына келтіреміз, көктемгі тасқын судан 600 млн текше метр су жинаймыз, енді оны пайдаланған кезде 900 млн текше метр су үнемдейміз» дейді. Соған 1,5 трлн.теңге ақша жұмсалуы тиіс екен. Бұдан басқа да ұсақ-түйек шығындары бар, осылай жоспарланған ғой. Мен айтамын: «Жоқ, 60 мың емес, 610 мың гектар жерді игеруіміз керек, 600 млн текше метр емес, 1 млрд 900 млн текше метр су жинай аламыз. 900 млн текше метр суды емес, 2,5 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұл жұмыстарға 1,5 трлн теңге емес, небәрі жарты трлн.теңге жұмсауға болады. Бір трлн теңгесі артық», дедім. Олар таң қалып, таңдай қағады. Қалай? Оның бәрін есеп-қисап жұмыстарына салып дәлелдеп бердім. Енді сол айтылған тірліктің біз 70%-ын ғана істеп үлгердік. Сол нысандардың бәрі де қазір істеп тұр... Амал қанша, көп ұзамай мені абақтыға қамауға алды. Сосын бұл жұмыстардың бәрі пышақ кескендей тыйылып қалды...
– Сонда бұл істердің артында кімдер тұр?
– Ең алдымен, жоғарыда айтылған сөздерден өзіңіз де бір қортындыға келген боларсыз. Яғни, жұмсалатын ақша шығыны көп те, атқарылатын жұмыс мөлшері болымсыз ғана. Оны о баста жоспарлап істеген адамдар ақымақ емес. Оны тура заңдастырып, сол қаржылардан жеке басына пайда таппақшы болды. Мен оны кезінде «Бұл – экономикалық диверсия» деп айтқан едім. Бұған тереңірек қарасақ, басқа да көптеген мәселелер бар. Бұл әшейін, «откатын» алып қоя салумен шектелмейді, басқа да үлкен схемаларды құрайды. Әйтпесе, 1,5 трлн-ның 10%-дық «откаты» 150 млрд теңгені алмақшы болды деген жәй сөз. Бұл жерде бір трлн-нан астам пайда таппақшы болып құрылған жоспар бар. Енді сіз оның артында кім тұр деп сұрайсыз. Бұл әшейін облыс әкімінің немесе жай министрдің ісі емес. Олардың қолынан келмейді. Міне, қазір қамауда отырған Мәсімовтар кім еді ол кезде? Сол кісілер командасының маған жасаған қысастығы деуге болады. Енді бері қараңыз, мені пара алатын ойы болды деп 5 жылға соттады. Мен айтамын: «Әй, мен мына 1,5 трлн-ды барлық құжаттарымен өткізіп істеген адамдардың сонда пара алмақ ойы болмады ма? Бұл – экономикалық диверсия, Отанға опасыздық жасаумен бірдей. Соған тоқтау салдым емес пе! Неге осы жағына қарамайсыздар?» Мені пара алды деп емес, «алайын деп жатыр» деп кінә тағып отырсыздар. Мен шын мәнінде мемлекет қаржысын талан-таражға салудан қорғап қалдым және оны дәлелдеп бердім. Президент ұстанып отырған бағыт та бюджет қаржысын үнемдеп пайдалану емес пе, дедім мен сотта.
– Президент араша түсе алмады ма сол кезде?
– Мені 2019 жылдың 16 наурызында ұстап әкетті. Сол жылы 19 наурызда Президент отставкаға кетті. Ол кісінің басындағы мәселе менсіз де жеткілікті болатын. Одан кейін түрмеде отырған адамның сөзін кім тыңдайды? Дегенмен сөзіңді ұғар, өзіңді түсінер қарапайым халқым бар екен. Соны білдім. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде көшеге шыққан адамдардың саны әрі кеткенде 100-150 мыңдай болуы мүмкін. Ал, енді мені қолдап, қорғап, «босатылсын» деген тілекке 327 мың адам қол қойған екен. Бұл әшейін көз жұмып қол қоя салғандар емес, аты-жөнін, жұмыс орны, мекен жайын жазып қол қойғандар. Олардың бәрін сатып алып та, қорқытып та істете алмас едіңіз. Солардың басым көпшілігі шығармашылық интеллигенция өкілдері болатын. Осыған орай «Ислам Әбішевті қорғау комитеті» құрылды. Олар «сот әділ жүргізілсін, жазықсыз жан жаланың құрбаны болмасын» деген талап қойды.
– Қалай ақталып шықтыңыз?
– Әлі ақталған жоқпын, шартты түрде босанып шықтым. Ақталу мәселесі әлі алда. Бұл жерде менің жаныма бататыны – соттың заңды аяққа басып, мүлде, мүлде, мүлде қисынсыз, қолдан құрастырған уәждің соңында кетуі дер едім. Бірде бір куә жоқ, тек қана антикордың (сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті) құпия қызметкері жазған арызы ғана бар. «Пара береді» деген адамы мені танымайды да, көрмеген де, еш уақытта телефонмен де сөйлеспеген.
– Қазіргі уақытта қайда тұрып жатырсыз және немен айналысасыз?
– Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмын. Туған-туыстардың бәрі осы жақта. Сондықтан Шымкентке жиі келіп тұрамын. Айналысып жатқан қызметім жоқ. Барлық іні-бауырларым, бала-шағам кәсіпкерлік қызметте. Олар тіпті мемлекеттік қызметке қызыққан да емес. Қазіргі уақытта бүкіл әулеттің үлкені, ақсақалы ретінде өз тәжірибемді ұрпақтарыма үйретіп, ақыл-кеңесімді беріп отырамын. Тек ұрпақтарыма ғана емес, азды-көпті шаруашылық тәжірибемді, ұсыныс, пікірлерімді жинақтап, ресми чаттарға жіберіп тұрамын. Бұл тек өз білгеніммен бөліссем деген ғана ой. Сондай-ақ Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының жанынан меценаттар клубы құрылды. Сол клубтың төрағасымын. Өткен жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойына орай ақындардың мүшәйрасын өткіздік. Осы сияқты басқа да бекітілген іс-шараларымыз жеткілікті. Осындай жұмыстарымыз арқылы қоғамға, елімізге пайдамыз тиіп жатса, біз қуаныштымыз.
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!
P.S:
Ислам Әбішевпен сұхбатты қос нөмірге жалғастырып жариялап отырмыз. Кейіпкеріміздің іскерлігіне, шыншылдығына, шынайылығына көзіміз жетті. Мұндай ел сыйлайтын, құрметтейтін азаматтар халқымызға дәл қазір ауадай қажет. Президентіміз Исламды жақсы білетіндігі даусыз. Н.Назарбаев та оны бағалап, экономиканың кейбір қиын тұстарына салған. Оның шыншылдығы К.Мәсімовтерге ұнамаған. Халық адал перзентін қорғап қалды. Жаңа Қазақстанды құру майданында Исламдай азаматтар жүрсе, шіркін!