Колбинге бас имеген батыр

Колбинге бас  имеген батыр

1990 жылдың 14 қаңтарында Мейірхан Әбдіманаповпен бірге Достық көшесі 7-ғимаратта отырған «Жалын» журналының редакциясына «Желтоқсан» ұйымын іздеп бардық. Бізді кескін-келбеті келіскен, өзіміз қарайлас қараторы жігіт ілтипатпен қарсы алды.

Ананы-мынаны сұрап, ұйымның ішкі жұмыстарын, атқарылған шаруаларын, алдағы жоспарларын қысқаша әңгімелеп берді. Үстел үстіндегі қағаздарынан ұқыпты, аса мұқият екенін байқадым. Жазуы тасқа басылғандай әдемі екен. Осыдан біраз уақыт бұрын қазіргі Сац атындағы театрда жастар Бірінші хатшы Н. Назарбаевпен кездескенде желтоқсаншы заңгер Аманжол Нәлібаев ағамыз «көмектесеміз» дегендерге өздері отырған мекеменің мекенжайын айтқан еді. Содан, арыз жазып ұйымға кіргесін, бірден жұмысқа араласып кеттік.

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің жанындағы комиссияға (төрағалары – Қ. Мырзалиев пен М. Шаханов) 1989 жылы «Аллажар» фильмінің қоюшы-режиссері Қалдыбай Әбеновтің белсенділігімен «Қазақфильм» киностудиясында құрылған «Желтоқсан» қозғалысы атынан екі-ақ адам толық мүше болып кірген еді. Олар – Аманжол Нәлібаев және Ерлан Декелбаев.

Күндіз-түні жатақханаларды аралап, Желтоқсанға қатысқан қыз-жігіттерден мәліметтер жинап әкеліп, Ерланға өткіземіз. Қорлау, қорқытулар әбден сүйектеріне сіңіп қалған болуы керек, көбі ауызша айтса да, жазып беруден қашатын.

Ол кездегі сол ұйымға мүше азаматтардың іс-әрекеттері шынайы болатын. Бір-бірімізге деген құрметтеріміз ерекше еді. Осындай сүттей ұйып отырған ұйымның да быт-шытын шығарып, ыдыратып тынды-ау!..

Біз, қарапайым мүшелер, қызметімізді адал атқардық! Соның нәтижесі шығар, қазір сирек кездесіп жүрсек те, бір-бірімізге сәлеміміз түзу. Сол жалын атқан қызықты да шыжықты күндерімізді сағына еске аламыз.

Алғашқы «Желтоқсан» ұйымына кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңші?! Саяси жұмыстарға араласа бастаған Сабетқазы Ақатаев, Мақаш Тәтімов, Жағда Бабалықұлы, Жасарал Қуанышәлі, Арон Атабек, Рашид Нүтүшев, Дос Көшім, Алмас Естеков, Салтанат Ермекова, Әмина Нұғманова т.б. азаматтармен осы ұйымда танысқан едік. Яғни «Желтоқсан» ұйымы қазақ ұлтшылдарының алғаш басын қосқан алаң, орын болды.

Алмас Естековтің Балтық жағалауы елдерінің бірінен шығарып, Алматыға астыртын жеткізетін «ТҮРКІСТАН» басылымын өзіміз де тараттық. Кейін белгілі болғандай, алғашқы нөмірлері ағайынды Арон мен Рашид Нүтүшевтер арқылы келген екен. Кейін Ербол деген студент жігіттен алып жүрдік. Сабетқазы ағамыздың жұмыс орнына сол газеттердің бір данасын мен апарып берген едім. Ықылас атындағы мемлекеттік музейінде отыратын (28 Панфилов паркінде). Міне, «Желтоқсан» ұйымының осындай миссиясы болды.

Сөзімнен ауытқымай, Ерланға қайта оралайын. Желтоқсанға байланысты қаншама том жиналған еді. Соның көпшілігі Ерланның қолынан өтіп, жоғары жаққа жіберіліп отырды. Ерланның өзі теледидар жөндеумен айналысатын бір дүкенде инженер болып қызмет еткен. Желтоқсан көтерілісінің басынан аяғына шейін қатысты.

Алты жылға күшейтілген баптар бойынша сотталды. Түрмеге қауіпсіздік комитетінің өкілдері неше рет келіп, Колбиннің атына кешірім сұрап арыз жазуын талап етеді. Бірақ Ерлан өзінің қайсарлығын көрсетіп, арыз жазудан бас тартты.

Желтоқсанның қара нары бұл күнде Қалдыбай Әбенов пен Аманжол Нәлібаевтардың Желтоқсанға байланысты ресми құжаттарын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Келешек үшін бұл құжаттардың маңызы зор.

Ерланға денсаулық пен отбасының амандығын тілеймін! Қолға алған істеріне Алла Тағала жәрдемші болсын!

Амангелді ЖҰМАШҰЛЫ

18.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21206
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20985
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36169
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34605
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38531