Қазақстан Конституциясы сөз бостандығын және пікір білдіру құқығын таниды. Мен ешқандай зорлыққа шақырмай, заңды бұзбай, азаматтық позициямды мәдени түрде білдіріп отырмын.
Конституция – мемлекеттің тірегі ғана емес, халық пен биліктің арасындағы ең басты қоғамдық келісім. Ол жай ғана заңдар жиынтығы емес, елдің болашағын айқындайтын бағыт-бағдар. Сондықтан оған енгізілетін әр өзгеріс – тарихи жауапкершілік.
Бүгінде қоғамда Жаңа Конституция баптарына қатысты түрлі пікір бар: қаншама пікірлер жазылды, қаншама сөздер айтылды, дат жолданды. Әсіресе тіл, президенттік өкілеттілік, сайлау жүйесі, арнайы құқықтық режим сияқты маңызды мәселелер халықтың көкейінде үлкен сауал тудырып отыр. Бұл сауалдар – алаңдау, ішкі күйзеліс, рухани дағдарыс. Бұл – жай ғана «күл болмаса, бүл болсын» емес, бұл – референдумға қатысқысы келу, жанашырлық, өз таңдауын ұсынған дауыстар.
Дәл қазіргі тарихи сәтте Мемлекет үшін ең басты капитал – бюджет те емес, ресурс та емес. Ең басты капитал – халықтың сенімі. Сенімнің өзегі – ашық талқылау. Ал талқылаудың ашық емес, біржақты өтіп жатқанын көріп отырмыз. Және қоғамда бір күй байқалады: айта-айта шаршаған, ішкі реніш бар. Постарыма жазылған пікірлерді сараптап, мұқият қарап шықтым. Елде «Бәрібір шешім қабылданып қойған» деген күдік бар. Айналайын, қазағым-ай. Кімге барып сырымды айтам, Кімге барып, мұңымды айтам...
Референдум – халық еркін білдіретін құрал. Бірақ ол шынайы пікір алмасумен, сараптамамен, балама көзқарастармен толыққан кезде ғана мағыналы. Егер талқылау аз уақыт ішінде өтіп, ұсыныстардың қалай ескерілгені түсіндірілмесе, адамдардың бойында «бізбен санаспайды» деген сезім қалыптасуда. Шынында да қайтадан асықпай, 6 ай шынайы талқылау үшін референдум уақытын неге жылжытпасқа? Халықтың үнін есту үшін, халықтың сенімін жоғалтпау үшін бұл өте маңызды.
Конституция – бір науқанның немесе 20 күннің құжаты емес. Ол – болашақ ұрпақтың негізгі заңы. Ұрпақ алдында ұятқа қалмайтындай заң керек. Халыққа «қолдаңдар» деуден бұрын, халыққа «сөйлеңіз» деп айту керек шығар. Постыма жазылған пікірлердің ішінде «бұл Конституция әлі өзгереді» деп, басу айтқандай пікірлер бар екен. Егер халықтың үнін естімесе, әлі өзгертетін болса, онда неге асығамыз?! Ақша шашу үшін бе?
Мен үшін референдум бюллетені қалай берілетіні белгісіз.
Егер референдум бюллетенінде Жаңа Конституцияны тұтасымен қолдау туралы бір ғана «Иә» немесе «Жоқ» таңдауы берілсе, бұл нағыз катастрофа сұрақ.
Неге? Себебі Конституция – бір баптан ғана тұрмайды. Ол – тіл, президенттік өкілеттілік, сайлау жүйесі, арнайы құқықтық режим сияқты күрделі, әрқайсысы жеке талқылауды қажет ететін баптар жиынтығы. Халық тек жалпы «Иә» немесе «Жоқ» деп дауыс бергенде, әр азамат өз пікірін толық білдіре алмайды, нақты ұстанымдары есепке алынбай қалады.
Бұл – халыққа таңдау еркіндігін бермейтін бюллетень. Бұл – референдумның мәнін жоққа шығару. Ал шынайы демократияда әр бап, әр мәселе жеке қаралып, әр азамат өзінің нақты позициясын білдіруі тиіс.
Референдум тек бюллетеньдегі белгі емес, халықтың саналы және шынайы шешімі. Ал шынайылық болмаса, нәтиже қанша пайызбен жарияланса да, сенім орнамайды, қоғамдағы алаңдаушылық пен реніш көбейеді.
Талқылауға ұсыну – әлсіздіктің белгісі емес, кемелдіктің нышаны. Егер шын мәнінде халықтық Конституция керек болса, онда халықтың үнін есту қажет. Тықпалау үшін емес. Шын мәнінде бірге шешім қабылдау үшін. Себебі Конституция – биліктің құжаты емес. Ол – халықтың құжаты.
Ақмарал ШАТЕМІРҚЫЗЫ,
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Ы.Алтынсарин төсбелгісі иегері















