atameken.kz: «Соңғы екі апта ішінде «Атамекен» ҰКП алаңында бизнестің, санитар дәрігерлердің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мамандарының қатысуымен бірқатар онлайн-конференция өтті. Экономиканың зардап шеккен секторларын бағалау үшін кәсіпкерлерден сауалнама алу басталды. «Ashyq көшбасшылары» критерийлерін қайта қарау бойынша ұсыныстар әзірленді, жобадан аутсайдерлерді, чекин жасамаған және қатысу ережелерін бұзатын кәсіпкерлерді алып тастау тетігі пысықталды. Қызметкерлерді вакциналауды тексеру алгоритмі бойынша бизнестің пікірі жиналды»,— деп хабарлайды. Кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП алаңы арқылы Үкіметке жолдаған негізгі месседж — кәсібін адал жүргізіп жатқан бизнес қоғам, клиент және персонал алдындағы жауапкерішілікті түсініп, қолданыстағы шектеулерге жауаппен қарауға дайын. Осы ретте көлеңкеден гөрі, ашық жұмыс істеу тиімдірек болуы тиіс. Жиналған ұсыныстарды талдау негізінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2021 жылдың 21 тамызынан бастап: Аshyq жобасына қатысушыларға сенбі күндері сағат 22:00-ге дейін, жоба лидерлеріне (қызыл аймақта) сағат 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат ету; Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасы бойынша Қарағанды қаласында «COVID-free» пилотын іске қосу («жасыл» статусы бар келушілер мен персонал үшін қоғамдық тамақтану орындарына сағат 02.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беру); «Жасыл» статусы бар қазақстандықтар үшін той өткізуге рұқсат етуді (іс-шараны алдын ала тіркеу бойынша және барлық персонал вакцина салдырған мекемеде 100 адамға дейін) ұсынады. ҰКП шешім шығарған кезде барлық аймақта Ashyq бойынша жұмыс істейтін субъектілер үшін Бас мемлекеттік санитар дәрігердің бірыңғай қаулысын басшылыққа алуға шақырады. Ұлттық палата: «Жауапты бизнестің Ashyq жүйесі арқылы карантинді бұзушыларды анықтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдары мен вакциналау науқаны сырқаттанушылық бойынша жағдайды тұрақтандыруға көмектесетініне сенімдміз. Керісінше, түрлі тыйымды енгізу кәсіпкерлік субъектілерін «басқа жолдарды» іздеуге одан әрі итермелейді. Бұл инфекцияның жаңа ықтимал ошақтарын тудырады. Біз «басқа жолдардың» әлі де жойылмағанын атап өтіп, өкінішке қарай, ішінара локдаун енгізу арқылы пандемиямен күресу әрекеттері оң нәтиже бермей отырғанын атап өтсек дейміз. Сондықтан, бизнес «өмір сүру ережелерін» нақты түсінуі керек. Қатаң тыйым салу тәжірибесінен алыстап, Ashyq жобасының қатысушылары үшін жұмыс аптасын көбейту керек»,— деген ұсыныс енгізеді.
Ермек Сахариев