Қоғамның қоғам болып қалыптасуы еңбекпен тығыз байланысты. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның одан әрі гүлденіп, қанатын кеңге жаюына ықпал ететін негізгі фактор да – еңбек. Арамызда еңбектің көркін қыздырып, еселі жұмыс атқарып, өз мамандығының қыр-сырын жете меңгерген қарапайым еңбек адамдары баршылық. Олар биік мінберге шығып, сөз сөйлемесе де, өз мамандығын жанымен жақсы көріп, сол саланың шыңына шыққан еңбек майданының майталмандары.
Ұлы өзендердің тыныш қана тынып ағатыны сияқты, көп көзіне түспей-ақ, жаны сүйетін кәсібін алға сүйреп, өрге тартатын еңбек адамдары арамызда жүр. Солардың бірі – Сәбит Нұрпейісов. Сәбит Сағындықұлы табиғаты көз тартатын шұрайлы өлке Көкбастау ауылында дүние есігін ашып, кіндік қаны тамған, бақытты балалық шағының балбесігіне айналған туған жерінде табан аудармай қырық жыл бойы еселі еңбек етіп келеді. Орта мектепті аяқтағаннан кейін мал дәрігері мамандығын алған ол ер-азамат ретінде Отан алдындағы міндетін өтеп, әскер қатарында борышын атқарады. Әскерден келген бетте туған жеріне туын тігіп, үйленіп, ұрпақ сүйеді. Өмір жолы көпке өнеге болатын ол бүгінде 2 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отыр. «Әке көрген оқ жонар» деген аталы сөз бұл отбасын да сырт айналып өтпесе керек. Олай дейтінім, қос ұлы әскери салада қызмет етсе, өзгелері орман және мал шаруашылығында еңбек етуде.
Бүгінде мал дәрігері ретінде ауыл халқының төрт түлік малының өсіп- өнуіне барлық білімі мен күш-жігерін сарп етіп, жұмыс істеп келеді. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын төрт түлік малмен тығыз байланыста өткізген ата-бабаларымыз мал қадірін аса жоғары бағалағанын білеміз. Тіпті, хал-жағдай сұрасқанда да, әуелі мал амандығын алға қойып, «мал- жан аман ба», – деп тіл қатысуы да сол төрт түліктің қазақ халқының өмірінде ерекше маңызды екенін көрсетіп тұрған жоқ па?! Олай болса, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, еңбек майталманы Сәбит Сағындықұлының қолында бабаларымыз жанынан артық бағалаған төрт түлік малдың тағдыры тұр.
Бұрынғы кезде, яғни, колхоз- совхоздар тарамай тұрған кезеңде бүкіл бір совхоздың, «Большевик» ауылының бүкіл малының саулығына жауап берсе, одан кейінгі жылдары әр отбасының күнкөрісіне айналған төрт түлігінің жанына арашашы болып, уақтылы дәрісін егіп, маусымдық індеттерге шалдықпай өтуіне атсалысып, өз мамандығына асқан жауапкершілікпен қарайтын Сәбит Нұрпейісовке ауылдастары да дән риза. Үнемі алғыс айтып, ақсақалдар батасын беріп, еңбегінің жана беруіне тілектестігін білдіруден танған емес.
Халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға тоқталған сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Түрлі қар ж ы п и р ами дасы н а, құ мар ойындарға әуес адамдар ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар», – деген болатын.
«Еңбек – бәрін жеңбек» қоғамның ұранына айналу үшін халықтың ой-санасымен үздіксіз жұмыс жүргізу керек. Әсіресе, еңбекті бағалау, өз саласының маманы болу, адал қызмет ету секілді құндылықтар басты назарда болса, Сәбит Нұрпейісовтей өз ісін сүйетін, ыждаһаттылық пен қарайтын мамандар көбейер еді. Бұл ретте, еңбекке ынталандырудың басқа да ойластырылған әдіс-тәсілдерінің жүйесін әзірлеуге болады. Қорыта келгенде, еңбек адамы идеясы жалпы халықты еңбекке жұмылдырып, еңбек адамына деген құрметті арттыруы тиіс.