Өткен ғасырларда осы қызметті зерттеген ғалымдар академик И.П.Павлов, Евсеенколар «Медицина адамға қандай қажет болса, ветеринария ауылшаруашылығына сондай керек» деген. Себебі мал өнімдерін тұтынумен қатар сол малды ұстап күтіп-бағуда малдың өнімін тұтынудан басқа сол сойылатын малдың терісін сыпыруға болмайтын ауру түрлері көптеп кездеседі. Оның үстіне қазіргі таңда тіршілік қамымен малдардың шет елдерден тасымалдануымен қатар, еліміздің ішкі базарларында малдардың келіп орналасуы, мал өнімдерінде тасымалдау көптеген қиындықтар мен қатар әртүрлі аурулардың малдан адамға жұғуын жиілетуде. Сондай-ақ жер-жерлерде ауылшаруашылығы жерлерінің сатылуы да мал өрістерін тарылтып, нәтижесінде түрлі ауруларға жол берілуіне алып келуде. Оның нақты дәлелі адамда қанды Қырым безгегі ауруын тудырушы кенелердің көбеюі адам өліміне, тіпті сол ауырған адамдарды емдеп жүрген медицина қызметкерлерінің мезгілсіз қайтыс болу фактілері жыл сайын жиілеуде.
Осының барлығын реттейтін, мал ауруларының алдын алумен қатар ауырған малдарды емдей алатын малдәрігері мамандарын дайындайтын оқу орындарын көбейгенімен оны оқып бітіріп мал дәрігерлерінің санын көбейтер маман тапшылығы айқын сезілуде, ал бұл жағдайдан шығатын жол мал дәрігерлерінің хал жағдайларының көңілден шықпауы, себебі көптеген ауылдарда маман тапшы болған соң қатынап істеуге тура келеді.
Мал иелері малды таң азанмен өріске айдамаса мал аш қалып, ауруларға бейім болатынын жақсы біледі. Бізде әлі тұрақты мал бордақылау, сүт өнімдерін шығаратын комплекстер өте аз. Ал халық саны көбейген сайын оның талабының артуы табиғи құбылыс.
Сол үшін мал дәрігерлері біз тұрып жатқан оңтүстік облыстарда таңертеңнен ұйқыдан тұра сала малға профилактикалық жұмыстарды атқарып үлгеруі тиіс.
Айлық жалақылары уақытында берілгенімен, мал дәрігерлердің шығындарын өтей алмаған соң, оқу бітіріп келген студенттер де дипломына бір қарап әттеңін, мұң-мұқтажын кімге айтарын білмеген халде вахталық және әртүрлі келісімшартпен жасалатын жұмыстарға ауысып кетуде. Тіпті алды дамыған мемлекеттерге сіңіп кетуде.
2013 жылы мал дәрігерлеріне берілген қызметтік «НИВА» автокөліктері де ескіні жамағанмен есті кетірер халге жетті. Сонымен қатар берілген малмен жұмыс істеуге күнделікті қажет аспаптар да тозығы жетті десе болады.
Осыдан шығар жол мал дәрігерлерінің мұң-мұқтаждарына құлақ асып, айлық жалақыларын көтерумен қатар еңбек заңына өзгерістер енгізіп олардың еңбек демалыстарын да жылдың өздері қалаған мезгілінде алатындай дәрежеге сай етпесе болмайды, себебі сол малдан жұғатын аурулар мал дәрігерлеріне зиянын тигізсе денсаулығын жөндеу үшін қынжылыстар тудырмағаны абзал. Профилактикалық іс-шараларды атқаруда тірі вирус, бактериялардан дайындалған вакциналармен антигендер де мал дәрігерлерінің өміріне қауіп төндірері хақ.
Сөз соңында айтарым, ата-бабамыз тек қана мал шаруашылығымен айналысып жаман болған жоқ, ел ақсақал, билердің арқасында қиын, қыстау жылдары да халықты қиналтпай аман-сау өсіп өркендеуіне атсалысты. Бүгінгі заман талабы да малды көбейтіп, мал өнімдерін пайдалануда сауатты малдәрігерлерін көптеп қажет етуде. Ал бұл мамандық иелерінің проблемаларын ел болып шешу еліміздегі басшылық қызметтегі лауазымды тұлғалардың күн тәртібінен түспеуі тиіс деп ойлаймын. Біз ешкімнен кем емеспіз, ата-бабадан мирас болып келе жатқан кең байтақ жерді жетімсіретпей, малмен толтыра білсек, нұр үстіне нұр болары хақ. Заман талабына сай Абай ата айтқандай «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, дамыған елдермен тереземіз тең болу үшін тезірек алға басып, мамандарымызға көңіл бөлсек, еліміздің дастарханын адал стандарттағы мал өнімдерімен толтыра білсек, азаматтық борышымызды өтеген болып саналамыз.