Персоналдың, пациенттердің радиациялық қауіпсіздігі егер радиациялық қауіпсіздіктің негізгі қағидаттары (негіздеу, оңтайландыру, нормалау) және "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" Заңымен, "Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-275/2020 және 2022 жылғы 25 тамыздағы № ҚР ДСМ-90 бұйрықтарында белгіленген талаптар сақталған болса, қамтамасыз етілді деп саналады.
Рентгенологиялық зерттеулер ауруларды анықтауда кеңінен қолданылады. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда бұл зерттеулер пациенттер мен медициналық персонал үшін қауіпсіз. Радиациялық қауіпсіздіктің негізгі мақсаты - иондаушы сәулеленудің әсерін барынша азайту және денсаулыққа келуі мүмкін тәуекелдердің алдын алу.
Радиациялық қауіпсіздіктің негізгі принциптері:
Негіздеу - зерттеу тек нақты медициналық көрсеткіштер болғанда ғана жүргізіледі.
Оңтайландыру - сапалы сурет алуға жеткілікті ең төмен доза қолданылады.
Нормалау - персоналдың сәулелену деңгейлерін бақылау және рұқсат етілген нормаларды сақтау.
Негіздеу қағидаты жаңа сәулелену көздері мен радиациялық объектілерді жобалау кезінде, лицензиялар беру, сәулелену көздерін пайдалануға нормативтік техникалық құжаттаманы бекіту кезінде, сондай-ақ оларды пайдалану шарттары өзгерген кезде қолданылады. Оңтайландыру қағидаты сәулелену көздерін қалыпты пайдалану жағдайларында қолданылады.
Рентген кабинеттеріне қойылатын талаптар: кабинет қабырғалары, есігі және бақылау терезесі рентген сәулесінен қорғайтын материалдармен қорғалады. Қорғаныс материалдары (қорғасын плиталары, баритті сылақ) сәулелену деңгейін қауіпсіз деңгейге дейін төмендетеді. Жоспарлау кезінде рентген аппарат жеке орналасып, рентгенологтың жұмыс орны қорғаныс кабинасының артында болуы тиіс. Ескерту белгілері орнатылады.
Пациенттерді қорғау: қорғасын фартук, мойынды қорғайтын қалқан, репродуктивті ағзаларды қорғайтын құралдар пайдаланылады. Сәулелену өрісі мен экспозиция уақыты қатаң шектеледі. Жүкті әйелдерге рентген тек шұғыл жағдайларда жасалады. Сәулелену дозалары есепке алынады.
Медициналық персоналды қорғау: «А» тобындағы персоналды (ренген аппаратпен жұмыс істейтін қызметкерлер - дәрігерлер мен рентген-лаборанттар) жеке дозиметриялық бақылау тұрақты жүзеге асырылады, дозиметрлердің көрсеткіштерін алу тоқсанына бір рет жүргізіледі. «А» персоналдың сәулеленуінің жеке жылдық дозасы жеке дозаларды есепке алу карточкасында тіркеледі. Карточканың көшірмесі қызметкер жұмыстан босатылғаннан кейін 50 жыл бойы ұйымда сақталады және ол екінші ұйымға ауысқан жағдайда жаңа жұмыс орнына беріледі. Дәрігерлер мен рентген-лаборанттар қорғаныс кабинасының артында жұмыс істейді немесе жылжымалы қорғаныс экрандарын қолданады. Қызметкерлерге жүйелі түрде нұсқаулықтар өткізіледі, медициналық тексерулер жүргізіледі. Қорғаныс жоқ болса, экспозиция кезінде кабинетте болуға тыйым салынады. Арнайы рентгенологиялық зерттеулерге жүйелі түрде қатысатын адамдарды (хирургтар, анестезиологтар) жеке дозиметриялық бақылау "А" тобындағы персоналға жүргізілгендей жүргізіледі.
Қауіпсіздікті бақылау және қамтамасыз ету: рентген кабинеттерінде радиация деңгейлері тұрақты түрде өлшенеді. Рентген аппараты техникалық қызмет көрсетуден өтеді және сәуле шығару ақауларына тексеріледі. Барлық нәтижелер арнайы журналдарда тіркеледі, радиациялық бақылау құжаттамасы жүргізіледі. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның тарапынан бақылау мен тексерулер жүргізіліп отырады.
Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар: радиациялық қауіпсіздік жөніндегі іс-шараларды және радиациялық қауіпсіздік саласындағы гигиеналық нормативтердің, қағидалар мен нормалардың орындалуын қамтамасыз етуді талдау; радиациялық авариялардың ықтималдығы және олардың ауқымын анықтау; № 1 ДОЗ, № 2 ДОЗ регламенттелген нысандар нәтижелері бойынша "А" және "Б" тобы персоналының, сондай-ақ барлық сәулелену көзінен халықтың жекелеген топтары алатын сәулелену дозаларын талдау; сәулелену дозаларының белгіленген шектерінен артық сәулеленуге ұшыраған адамдар санының негізін талдау.
Жыл сайын радиациялық қауіпсіздікті бағалау нәтижелері радиациялық объектінің радиациялық-гигиеналық паспорты нысанына жазылады және радиациялық объектінің радиациялық-гигиеналық паспортын жүргізу және пайдалану тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне ұсынылады.
Қорытынды: санитариялық нормалар мен техникалық талаптар сақталған жағдайда рентген кабинеттерінің жұмысы қауіпсіз. Уақытты, қашықтықты және қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану сәулелену тәуекелін айтарлықтай төмендетеді.
Алматы қаласы Наурызбай ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас дәрігері В.Конеева
Алматы қаласы Наурызбай ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас маманы Ш.Умиркулова















