Еліміздің экономикалық қуатын еселей түсу үшін нақты секторды дамыту, атап айтсақ, Қазақстанның қуатты индустриялық негізін қалыптастырудың маңызы зор екені белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық салаға басымдықтар беру мәселесінде бұл түйіндерді назардан тыс қалдырған емес. Біз бұл мақаламызда мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан іс-шаралар туралы оқырман қауымды, іскер топ өкілдерін құлаққағыс етуді жөн көрдік. Себебі ақпаратқа қолжетімділік артқан заманда да түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы зор болмақ.
Президент айқындаған бағдар
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму» атты бөлігін бүкілдей экономика тақырыбына арнағаны есімізде. Бұл өз кезегінде қысқа мерзімді стратегиялық саясаттың бағыты болды. Президент бұл реткі Жолдауында: «Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек. Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Сонымен қатар экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек», – деп атап көрсетті. Президент мырза бұдан ары негізгі бағыт ретінде мынадай бірнеше маңызды міндеттерді алға қойған болатын.
«Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды. Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президент Жолдауында бұл саладағы мемлекеттік саясат пен заңдардағы ішінара кемшіліктерді де жасырған жоқ.
«Әрине, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің кең көлемді қамтитын ауқымды шараларын сақтап қаламыз. Сонымен бірге Үкімет стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындап, қолдау шараларының аясын кеңейту керек. Стратегиялық жобалар үшін заттай грантты, қаржыландыру жеңілдігін, жекелей кепілдікті, экспорттық қолдау тәсілдерін топтап ұсыну жолын қарастыру керек», – деді Президент.
Бұл осыдан 4 жыл бұрынғы Жолдауда айтылған мәселелер еді. Осыдан кейін қысқа уақыттың ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы» өмірге келді. Тұжырымдамада еліміздің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында қойылған міндеттерді орындау, атап айтар болсақ, «өнеркәсіп секторларында мамандандырылған факторлар мен нарықтық жағдайлар жасау жөніндегі міндеттерді шешу үшін өңдеу өнеркәсібі өндірушілері үшін мемлекеттік қолдау шараларының құралдарын, оның ішінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім шеңберіндегі пакеттік шешімдерді кеңейту» секілді өзекті мәселелер қарастырылған болатын. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің өсуі мен дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту жөніндегі міндетті іс жүзінде іске асыру мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен шараларының атаулылығын кеңейту және арттыру арқылы бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруға бағытталған шаралар арқылы жүзеге асыру жағы да ескерілген еді.
«Qazindustry» қандай мекеме?
Жоғарыда атап өткен маңызды міндеттерді жүзеге асыруға министрліктердің дені атсалысатындығы атап көрсетілген. Дегенмен «Qazindustry» деп аталатын Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ бұл саладағы бірегей оператор болып табылады. Осы арада басы ашық бір жағдай – мемлекет индустриялық саясатын жүзеге асыру барысында ірі кәсіпорындардың, өңдеуші саланың әлеуетін арттыру мақсатында түрлі қолдаулар мен стратегиялық жобаларын ынталандырудан бөлек орта шағын бизнесті де назардан тыс қалдырған жоқ.
Ең алғаш 2010 жылы «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ болып өз жұмысын бастаған бұл акционерлік қоғамның атауы 2019 жылы Үкімет қаулысымен «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ болып өзгерді. Сонан бергі уақытта еліміздің индустриялық дамуын қамтамасыз ету жолында өнімді еңбек етіп, кәсіпкерлер, өндіріс саласы өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан бұл ұйымның атқарған шаруасы көп. Аталмыш АҚ ішкі және сыртқы нарықтарға бейімделген Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті өңдеуші өнеркәсібін құруға және дамытуға бағытталған 2020-2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында мемлекеттік қолдаулардың бірыңғай операторы бола білді.
Оның негізгі стратегиялық бағыттары ретінде «Қазақстанның өнеркәсібі мен сабақтас салаларын дамытудың «ақыл-ой орталығы» ретінде сараптамалық-талдау қызметі, Өңдеуші өнеркәсіпте мемлекеттік ынталандырудың жүйелі және тікелей шараларын ұсыну, Өңдеуші өнеркәсіппен аралас салалар мен экономика салаларының дамуына жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарын дамытуды үйлестіру, «QazIndustry»-дың институционалдық дамуы» сынды мазмұндар қамтылған. Бұл жерде нақты «Қазіргі заманғы индустрияландыру мен жаһандық үрдістерді жүйелі талдау Өңдеуші өнеркәсіпті дамытуды қолдаудың жүйелі шараларын іске асыруға қатысу, Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын ұсыну, Өңдеу өнеркәсібімен аралас жекелеген салаларды дамытуды сүйемелдеу, «QazIndustry» қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар екендігін айта кеткен жөн.
«QazIndustry» АҚ-ның атқаратын нақты жұмыстары ең әуелі ақпараттық-кеңестік түсіндіру жұмыстарынан басталады. Мәселен АҚ-ның мамандары тарапынан өндірістік-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша кеңес беріледі. Бұдан бөлек кезең-кезеңімен «QazIndustry» АҚ жағынан мемлекеттік ынталандыру шараларының қалай алып барылатындығы туралы түсіндіру алып барып отырады. Мұнда ашық есік күндері, кәсіпорындардың жауаптыларымен кездесу, конференциялар мен форумдар өткізу сынды қызметтер атқарылады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары нақты түсіндіріліп, оған қол жеткізудің тетіктері айқындалады. Мұнда индустрияландыруды жеделдету, еңбек өнімділігін арттыру, өңдеуші саланы дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді ел іші-сыртына саудаға шығару жолындағы мемлекеттік ынталандыру саясаты басты назарда екенін ерекше айта кеткен жөн.
Бұл мекеме осылармен қатар индустрияландыруды дамыту, жеделдету жолында өзге де тараулармен бірлесе отырып талай игі бастамаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен 2024 жылдың бірінші тоқсанында «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп Астана, Шымкент қалаларының, Түркістан облысының өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 3 вебинар-кеңес өткізді. Астана, Алматы қалаларында және Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарының өнеркәсіптік инновациялық қызметтің 18 кәсіпорнына іссапармен қатысты», – дейді аталмыш мекеменің баспасөз қызметі.
Мемлекет шығындардың бір бөлігін өтейді
Жоғарыда айтып өткеніміздей, біздің елімізде жыл өткен сайын отандық өнім өндірушілерді қолдау, өңдеуші саланы дамыту, өнеркәсіпті жедел дамытуға барынша ден қойылып отыр. Әрине, бұларды «қазақстандық модель» ретінде даралап көрсетуден аулақпыз. Негізі әлеуметтік- экономикалық жақтан серпінді әрі сапалы дамып келе жатқан мемлекеттердің көбінде өздеріне тән стратегиялық бағыттары мен қолдаулары бар. Мәселен шығыстағы көршіміз Қытай елінде отандық өнімдерді шетелдерге экспортқа шығарған кәсіпорындар мен компаниялардың бір бөлім шығындарын мемлекет қазынасынан қайтарып беретін белгілеме сақталған. Бұл саланы мысал ретінде қарастыратын болсақ, «Азия жолбарыстары» атанған елдер мен аймақтар болсын, Жер шарының арғы бетінде жатқан Бразилия, Мексика елдерімен қоса Қытаймен иық тірестіре дамуға барын салып келе жатқан Үндістан, сондай-ақ Малайзия, Түркия, Иран, Филиппин қатарлы мемлекеттерді атауға болады. Бұлардың барлығындағы бір ерекшелік – өнеркәсіп пен өңдеуші саланы дамытуға баса назар аударып отырғандығы дер едік. Мәселен бауырлас Түркия мемлекеті соңғы кезде әскери өнеркәсіпті барынша дамыту арқылы отандық қару-жарақтарды алыс-жақын шетелдерге саудалап, мемлекет қазынасына миллиардтаған доллар пайда түсіріп жатыр.
Шағын мақаламызда соңғы 4 жыл көлемінде атқарылған шаруалардың барлығын қорытындылап шығудың мүмкін емес екендігін айта кетпекпіз. Мұндағы басты мақсат – еліміздің жаңа индустриялық саясатын жүзеге асыру барысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар негізінде қабылданған нақты шешімдер мен тиімділіктер туралы ақпараттарды түсіндіре кету болмақ. Дегенмен ішінара мысалдарға тоқтала кетудің артықтығы жоқ деп ойлаймыз. Жақында «QazIndustry» АҚ сайтында жарияланған мына ақпараттар назарымызды аударды.
«Ағымдағы жылдың мамыр айының ортасынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін технологиялық жабдықты сатып алуға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша мемлекеттік ынталандыру шараларының жаңа түрі іске қосылады. Бұл кәсіпкерлерге технологиялық паркті жаңарту және жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге және кәсіпорынның энергиялық тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Енгізілгелі отырған шығындардың жаңа түрі туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев айтып берді.
«Кәсіпорын шығындарының негізгі үлесін технологиялық жабдықтардың құны құрайтыны белгілі. Сондықтан, бизнес-қоғамдастық өкілдері осындай шығын түрін енгізуді сұрады. Осы сұранысты ескере отырып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан ағымдағы жылдың наурыз айында «Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына» өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, 2024 жылғы 12 мамырдан бастап басым тауарлар тізбесіне енгізілген дайын өнім шығаратын кәсіпорындар жабдықты сатып алуға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге өтініш бере алады. «QazIndustry» кәсіпорындардың технологиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсаған қаражатының 40 пайызын өтейді, бірақ орталықтан өтелетін қаржы 60 миллион теңгеден аспайды», – депті дирекция басшысы.
Мұндай қажеттіліктің туындауына мынадай бірнеше себеп түрткі болған екен. Ең әуелі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарындағы жабдықтарды жаңарту мақсат етілген. Екіншіден, ШОБ орындарындағы өндірісті дамытуға қажетті қаражаттың жетіспеушілігін шешу көзделген болса керек. Дегенмен оның да өзіндік шарттары бар. Мұнда «Шығындардың жаңа түріне өтінім бергісі келетін кәсіпорын өтінім түскен күнге дейін кемінде күнтізбелік бір жыл жұмыс істеп тұруы және салық бойынша, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша өтінім берілген күнге сәйкес қарыздары болмауы тиіс. Сонымен қатар, өнеркәсіп субъектісі өтінім берілген күнге дейінгі алдыңғы үш жылда салық аударымдарының жыл сайынғы өсімін қамтамасыз етуі керек. Бұл талап салық төлеуден босатылған субъектілерге немесе тіркелген күнінен бастап өтінім түскен күнге дейін күнтізбелік үш жылдан аз уақыт өткен субъектілерге қолданылмайды.
Егер кәсіпкер ұсынып отырған жабдық бойынша бұған дейін мемлекет тарапынан (қаржы даму институттарынан) сатып алуға қолдау алған болса, онда «QazIndustry» бұл шығындарды өтей алмайды. Мұндай шектеу Ережелерде қарастырылған», – дейді аталмыш АҚ-ның баспасөз қызметі. Нақты мәліметтерге жүгінсек, 2023 жылы мемлекет есебінен кәсіпорындарға жалпы көлемі 884 млн теңгеден астам шығын өтелген екен. Ал 2024 жылдың алғашқы 4 айында мемлекет тарапынан отандық кәсіпорындарға 238,4 млн теңгеге шығындары өтелген.
PS: Еліміздің жаңа индустриялық саясатын жүзеге асыру барысында қабылданған бұл шаралардың 2025 жылға дейінгі аралыққа жоспарланғандығын айта кеткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде қазіргідей күрделі жағдайда экономика саласын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлардың тиімсіз екендігін айтқаны бар. Бұл шынымен де ойланатын жағдай. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуалдың өзгерісі бізді айналып өтпейтіні белгілі. Ендеше қысқа мерзімді жоспарларды жүзеге асыру арқылы өнеркәсіптік және өңдеуші саланы демеп отыруды мемлекет тікелей қолдап отырғанда, қалғаны кәсіпкерлеріміз бен ШОБ өкілдерінің өзіне сын болмақ...