Жастар – ел дамуының, бүгіні мен ертеңінің қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды әрі қолынан іс келетін жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру идеясын айтты. Сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес, биыл үшінші жыл мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу жүріп жатыр. Өтінімдер 1 мен 30 қыркүйек аралығында қабылданады. Жобаға әртүрлі кәсіп пен істің басы-қасында жүрген жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу мақсатында ұйымдастырылған жобаның алғашқы іріктеуінде 300 үздік білікті жастардың қатарына енген Жамбыл облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің басшысы Дәулет Қалдығожинмен сұхбаттасқан едік.
– Дәулет Қуатұлы, басшылық қызметке Президенттік жастар кадрлық резерві арқылы келдіңіз. Жалпы, бұл қандай жоба?
– Бұл – жас қазақстандықтардың арасынан «еліме қызмет етемін» дейтін, білімді, ашық ойлы, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдайтын, ситуациялық кейстерді дұрыс әрі қолайлы шешетін, ойы ұшқыр дарындыларды іріктеу мақсатында ұйымдастырылған жоба. Алғаш рет 2019 жылы, екінші іріктеу 2021 жылы өтсе, үшінші кезеңге биыл құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Үміткерде тек қана мемлекеттік немесе квазимемлекеттік қызметте жұмыс істеймін деген ой болмау керек. Ең басты мақсат – өз еліме, халқыма, мемлекеттік аппаратта, квазимемлекеттік қызметте жұмыс істей жүріп, қандай пайда, көмек бере аламын, қандай жаңа шешімдер әкеле аламын деген көзқарас болу керек. Бұл жерде тек қана «мен бастық боламын, үлкен лауазымға тағайындаламын» деген мақсат емес. Әрине, мемлекеттік қызметте істеп жүрген жастардың барлығы басшы болғысы келеді. Бірақ, басшы болу деген тек қана лауазым емес, ол – жауапкершілік, үлкен міндет. Бұл жоба ең бастысы – жастарға арналған мүмкіндік. Егерде үміткер Президенттік жастар кадрлық резервінен өтіп, жоғары лауазымға тағайындалып, басшы болып жатса, әуелі өзіне «Мен осы басшылық қызметімде халқыма, еліме, мемлекеттік аппаратқа қандай пайда әкеле аламын? Қандай жақсы қызмет істей аламын?» деген сұрақтарды қою керек деп ойламын.
– Бұл жобамен іріктеуден өткен жас маманға лауазымды, жауапты қызметті атқаруда оңай емес. Оған тәжірибені қайдан алады?
– Үшінші рет өтіп жатқан іріктеуде кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі болу керек деген талап қойылған. Одан бөлек жоғары білімі болуы маңызды. Университет бітірген баланы бірден басшы етіп тағайындамайтыны белгілі. Кемінде 3-5 жыл жұмыс істеу керек. Бұл жоба жастарға арналған әлеуметтік лифт. Мысалы, мен осы департамент басшысы болып тағайындалған кезде тек қана басшы ретінде жауапкершілікті алған жоқпын, сонымен қатар Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі ретінде де тағы жауапкершілік өзіме жүктелгендей сезіндім. Сондықтан, менен сұраныс екі есе болатын сияқты. Бір жағынан басшы ретінде жұмысты көрсету керек. Екінші жағынан Президенттік жастар кадр институтына кір келтірмеу, осы кадрлық резервтің мүшелерінің жұмысы сапалы және мамандар шынымен де құзыретті екенін дәлелдеу.
– Департамент басшысы болғанға дейін қандай қызметтерде тәжірибе жинадыңыз? Жалпы еңбек жолыңызды айтып өтсеңіз.
– 1990 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. 2009-2012 жылдары Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім алдым. Оқу бітірген жылы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне екі жылдық ғылыми-педагогикалық магистратураға оқуға түсіп, 2014 жылы экономика ғылымдарының магистрі атандым. Содан кейін өз еңбек жолымды бастадым. Жеке компанияларда қаржыгер менеджері, экономист болып қызмет атқардым. Одан соң Талдықорған экономика және көлік колледжінде студенттерге экономика пәндері бойынша 1 жыл дәріс оқып, мұғалім болдым. Содан кейін мемлекеттік қызметке келдім. Алматы облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінде жетекші маман болып мемлекеттік қызметімді бастадым. Одан кейін сол департаментте ішкі іріктеумен бас маман лауазымына ауыстым. Сол жерде қызмет етіп жүріп 2018 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына «Мемлекеттік саясат» бағдарламасы бойынша магистратураға оқуға түсіп, 2020 жылы Мемлекеттік саясат магистрі дәрежесін алдым. Магистратурада оқып жүргенде 2019 жылы Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатыстым. Сол жылы қазіргідей 50 үміткер емес, 300 жастың қатарында болдым. Академияда оқып жүргенде мен қызмет етіп жүрген мекеме «Мемлекеттік қызмет істер агенттігі» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі» болып екіге бөлінді. Содан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне ауыстым. Академияны тәмамдағаннан кейін Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде ақырғы қызметімді атқардым. Одан бөлек Превенция басқармасында жұмыс істедім. Былтыр жазда Президенттік жастар кадрлық резерві шеңберінде Жамбыл облысы техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы болуға ұсыныс түсті. Бір жылдан бері осы қызметтемін.
– Мемлекеттік қызмет туралы іні-қарындас, замандастарыңызға қандай кеңес айтасыз?
– Мемлекеттік қызметке келген жастарда еліме, халқыма қызмет етемін деген ниет болу керек. Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы бар. Кейде сол жас мемлекеттік қызметкерлерге дәріс оқимын. Мен оларға: егерде сіздер мемлекеттік қызметке «Бай боламын, байып кетемін, көп ақша табамын» деп ойласаңыздар, қателесесіздер» деп айтамын. Иә, мемлекеттік қызметшілердің жалақылары арқылы өзін асырауға мүмкіндіктері бар. Бірақ «миллионер боламын, көп табыс табамын десеңіздер», онда бұл – мемлекеттік қызмет емес. «Мемлекеттік қызметке келіп қолыма билік аламын» десеңіздер, бұл да сіздер үшін емес. Басты ниет: қызмет атқару, пайда әкелу және жаңа, креативті идеялар, жаңа көзқарас, тың тәсіл керек.
– Сіз басқарып отырған департаментте қандай өзгеріс, жетістіктер бар?
– Әрбір мемлекеттік органдардың рейтингтері болады. Тек біздің облыста ғана емес, еліміздің әр өңірінде осындай департамент бар. Шілде айындағы бірінші жартыжылдық рейтинг қорытындысы нәтижесінде еліміздегі 20 департаменттің ішінде біздің облыс 9-орынға шықты. Жылдың соңына дейін рейтинг бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетеміз деп ойлаймын. Департаменттің мақсаты – сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мысалы, телефон сатып алдыңыз. Бұл телефонның тұтынушы ретінде сізге қауіпсіз болуы, сертификаттаудан өткені осының барлығын қадағалайтын орган – біз. Сондықтан, бізге жамбылдықтардың ой-пікірлері маңызды. Арыз-шағым жазса, сол бойынша тексереміз. Мысал ретінде бір оқиғамен бөліссем, жыл басында Тараз қаласының тұрғыны зергерлік бұйым сатып алған. Оның сапасына күмәнданып, бізге арыз-шағым түсірді. Дүкенді тексеру кезінде жекеменшік мекеме зергерлік бұйымдарды сатудан бұрын зертханалық тексерістен өткізбегені анықталды. Соның нәтижесінде зергерлік дүкен 3000-ға жуық бұйымдарды зертханаға тапсырып, барлығын сараптамадан өткізіп, оның сапасын дәлелдеп, сертификаттарын алды. Бұл жерде айтқым келгені, біздің мақсат – келеңсіз оқиғаларды тауып, айыппұл салу емес. Ең бастысы, жүйе дұрыс жұмыс істеуі яғни, әр тұтынушы тауарды сатып аларда өнімнің сапалы екені дәлелді болуы керек. Тұтынушыда күмән болса, сапасыз тауарды сатып алмауы керек. Ол біздің техникалық реттеу деген бір бағытымыз. Екінші метрология саласы. Ол – дегеніміз әр өлшем бірлік құралдары дұрыс жұмыс істеуі керек. Мысалы, тұтынушы ретінде медициналық мекемелерге барамыз. Тұмауратып ауырып келсеңіз, дәрігер қызу өлшегіш құралмен дене температурасын өлшейді. Ол сіздің дене қызуыңызды нақты көрсетпесе, дәрігер дұрыс диагноз қоймайды. Содан емдеу шаралары да қате болады. Әр градус, әр миллиметр нақты болуы керек. Соның барлығын қадағалайтын, дұрыс жүйе қамтамасыз ететін – метрология саласы. Департамент барлық өлшем құралдары зертханада, сертификаттау органдарында тексеріліп, арнайы құжат берілгенін қадағалайды. Сондықтан, сіздердің газет арқылы жамбылдықтарға хабарлама айтқым келеді. Егер тауардың сапасына немесе өлшем құралдардың көрсеткіштеріне күмәндансаңыз, бізге хабарлассаңыз болады. Әлеуметтік желіде бармыз, бізге келіп кеңес алып, сұрақ, ұсыныстарыңыз болса, әрдайым ашықпыз.
– Әңгімеңізге рақмет!