Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың серпіні, сондай-ақ елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі қайта құрулардың ауқымы мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту қажеттілігін негіздейді. Басқарудың жедел және тиімді шешімдеріне қажеттілік мемлекеттік қызметке жүктелетін талаптардың артуына әкеледі.
Осы ретте, ҚР Президенті Қ.Тоқаев өткен жылдың 17 шілдесінде Қазақстанның мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын бекіткен болатын. Мемлекеттік қызметтің сапалық құрамын одан әрі жаңарту мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу арқылы жүзеге асырылады, ол мансаптық және позициялық модельдердің ең жақсы ерекшеліктерін біріктіретін және бәсекелестік тәсіл мен мамандардың бірегей кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін ескере отырып, оларды тікелей іздеу арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін болады.
Әлемнің жетекші елдерінің басқару практикасында қалыптасқан заманауи трендтерге сүйене отырып, мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін құруға бағыт алынды. Тұжырымдамада әкімшілік рәсімдерді түбегейлі өзгерту және цифрландыру, мемлекеттік басқарудағы командалық-әкімшілік тәсілдерден бас тарту процестері егжей-тегжейлі көрсетілген.
Негізінде, қазірдің өзінде тәжірибеде жеке сектордан кандидаттар үшін мемлекеттік қызметтің ашықтығы қамтамасыз етілуде, қызметшілердің қызметін бағалаудың жаңа жүйесі және келісімшарттық қызметшілер институты енгізілді, Президенттік жастар және өңірлік кадрлық резервтеріне іріктеулер жүргізілді.
Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мәселелерінің ауқымдылығын қамти отырып, қазіргі уақытта оларды жедел іске асыру керек.
Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдетуге, бюрократияны қысқартуға және кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізуге бағытталған инновацияларды енгізу бағыттарында жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде мемлекеттік органдардың басым көпшілігінде бос лауазымдарға конкурстық іріктеу «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің ашық порталы арқылы өткізіледі. Жүйедегі барлық іріктеу процестері цифрландырылған, яғни республикамыздың кез келген азаматы 24/7 форматында бос лауазымдарға құжат тапсырып, іріктеу кезеңдерінен онлайн режимде өте алады.
Іріктеудің жаңа жүйесі кандидаттардың бойындағы құзірттерді айқындайды, әділеттілік пен объективтілікті қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алады, сондай-ақ квазимемлекеттік және жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға кең мүмкіндіктер береді.
Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілердің заңнамалық тұрғыда бекітілген құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің жүзеге асырылуына ерекше көңіл бөлінеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар.
Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті өз құзіреті шегінде азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды. Осы орайда, Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының жүзеге асырылуына тексеру және талдау жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру, іссапар шығындарын төлеу және сыйақылар беру барысында заңнама талаптарының сақталуына ағымдағы жылы жүргізілген талдау қорытындысымен қабылданған шаралардың нәтижесінде 264 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 2 475 170 теңгені құрайтын іссапар шығындары төленіп, олардың құқықтары қорғалды. Сондай-ақ, мониторинг барысында жыл сайынғы еңбек демалысына қаражатты уақытылы төлемеу фактілері анықталып, қызметшілерге сомасы 267 195 теңгені құрайтын өсімпұл төленді.
Бұдан басқа, жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мемлекеттік органдарға бару және қашықтықтан «Е-қызмет» АЖ арқылы мониторинг жүргізу нәтижесінде 64 мемлекеттік қызметшіге жалпы 195 сағаттан астам демалыс уақыттары берілді, сондай-ақ 25 қызметшіге 87 377 теңге көлемінде қосымша ақы төленді.
Мемлекеттік аппарат қызметіндегі міндетті бағыттардың бірі проактивті түрде азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін қажетті көмек алуына жәрдемдесу немесе мүмкіндіктері туралы хабардар ету болады. Мемлекеттік қызметшілердің қызметіне қойылатын талаптардың ішінде мемлекеттік қызметшілердің қызметінен туындайтын азаматтардың құқықтарын іске асыруға жәрдемдесу және көмек көрсету шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері жеке орын алады.
Осы ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті тарапынан халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында пайдаланылатын ақпараттық жүйелер арқылы заңдылықтың сақталуына тұрақты түрде мониторинг және талдау жұмыстары жүргізіледі.
Нәтижесінде, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыстағы білім және денсаулық сақтау салаларындағы халыққа қызмет көрсетуші ұйымдармен қызмет көрсету мерзімдерін бұзудың 15 300-ден астам фактісі анықталып, тиісті лауазымды тұлғалардың қарауына ұсынымдар енгізілді.
Жалпы, Департамент тарапынан жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде 32 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, оларға тиісті мемлекеттік қызметтердің нәтижелері берілді.
Осылайша, мемлекетіміз тәуелсіздігін алған және мемлекеттік басқару моделін дербес дамытқан сәттен бастап салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде отандық мемлекеттік қызметтің қолданыстағы моделі адами фактордың маңыздылығына бағдарланып, бұл бірінші кезекте «мемлекеттік қызмет» ұғымын «ұлтқа (қоғамға) қызмет ету» ұғымы ретінде жаңғырып, мемлекеттік қызметің халыққа бағдарлануына, сондай-ақ мемлекеттік аппаратта икемді дағдыларды дамытуға ықпал етеді.
Руслан ШАРИПОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Абай облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы