Мұнайлы өңірдегі өрелі істер

Мұнайлы өңірдегі өрелі істер

 

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Атырау облысында

 

 

 

Өмірінің ширек ғасырдан астам уақытын ұстаздыққа арнап, елдің руханияты мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып жүрген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы Атырау облысына үш күндік іссапармен келді. Алпыс жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келетін қоғам қайраткері «Ауыл аманаты – ел аманаты»  атты экспедицияны бастап келе жатыр дегеннен-ақ келелі сөзі иесімен кездесуге асыққан жұрттың қарасы көп болды. Білгеніміздей, экспедицияның мақсаты – аймақтағы тұрғындардың хал-ахуалымен танысып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, саралап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салу.

 

 

 

Колледждегі кездесу

  Ақ жаулықты ел анасы атанған сапарын білімнің қарашаңырағына айналған ғасырға жуық шежірелі тарихы бар, бүгінде 1720 студент білім алып, 111 ұстаз еңбек ететін Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің педагогикалық ұжымы мен студенттерімен кездесуден бастады. Кездесу барысында ең алғаш техникум болып ашылғаннан колледж мәртебесін алғанға дейінгі білім ордасын басқарған басшыларға арналған қабырға суреттерімен оқу орнының «Өнер және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Дәулет Сәлімов таныстырды.

  Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзада Каментаева облыста тұңғыш ашылған кәсіби білім беретін оқу орны 1929 жылы Гурьев педагогикалық техникумы ретінде жұмысын бастап, арнаулы педагогикалық білімі бар бастауыш сынып мұғалімдерін даярлағандығын айтты.

  – 1992 жылы ұлағатты ұстаз, білікті басшы Қатира Дүтбаеваның есімін иемденген колледж заман талаптарына сай жаңарып, кемелденіп келеді. Біздің алдымызға келген білім алушы – болашақ ұстаз, болашақ ата-ана, қасындағы жолдасына ықпал етіп, тағдырын өзгерте алатын қадірлі сыйлас құрбы. Сондықтан, біз болашағын осы колледжбен байланыстырған әр шәкірттің жігерін жанып, сенім шырағын жағуды адамдық борышымыз санаймыз. Сан мыңдаған түлектеріміз еліміздің әр қиырында тәуелсіз Қазақстанның өркендеп, көркеюіне өз үлесін қосып келе жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. Қазіргі таңда колледжде Білім беру ісінің үздіктері, Ы.Алтынсарин және «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері, магистрлер мен жаңартылған білім мазмұны бойынша білімдерін жетілдірген жоғары санатты оқытушылар дәріс беруде. Бүгінгі заман – бәсекелестік пен жоғары технологиялардың, ғылым мен білімнің заманы. Сондықтан ұлттық рухпен тамыры сусындаған, өркениет әлемінің озық технологияларын меңгерген, жаңа заман талабына сай кәсіптік білімі бар, сапалы да білікті мамандар дайындау біздің басты мақсатымыз. Бүгінде колледжде бес бөлім бойынша білім беріледі. Өңірдегі мұғалім кадрлардың 70-80 пайызын қамтып отырған іргелі оқу орны, деген Гүлзада Бекенқызы «қош келдіңіз» деген соң сөз тізгінін Сәуле Мешітбайқызына ұсынды.

  Ең алдымен елдің ақпарат айдынында 30 жылдан бері қызмет етіп келетін халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті туралы бейнеролик көрсетіліп, оның өткені мен бүгіні туралы тарихына тоқталды. Бауырлас Түркия елінің бастамасымен БАҚ саласына ерекше дем берген басылым «Zaman Qazaqstan» атауымен жарық көріп келген. Алдыңғы жылы өзінің 30 жылдық мерейтойын абыроймен атап өткен басылымның елдің барлық өңірлерімен қатар, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз республикаларында да меншікті тілшілері жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде бұл басылым елдің тыныс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын тынбай жазып, қалың оқырманның сырласына айналып үлгерді. Газеттің негізгі оқырманы ауыл-аймақта болғандықтан, соңғы 15 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» экспедициясын қолға алып, елдің бірнеше аймағын аралап жүр. Сондай-ақ, газет шекпенінен шыққан «Мөлдір бұлақ» журналы 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Елдегі оқушылардың сүйікті басылымына айналған журналдың ұрпақ тәрбиесіне қосып келе жатқан үлесі мол.

  Экспедиция аясында елдегі тұралаған салалардың жандануына атсалысып, биліктің назарын аудару басты назарға алынып отыр. Сонымен қатар, бұл бастама негізінде жастардың тәрбиесі, отбасы құндылығы, білім алудың маңыздылығы туралы мәселелерге де ерекше көңіл бөлінуде. Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі қоғамдағы жиі кездесіп жүрген отбасылық және әлеуметтік жағдайдағы күрделі мәселелерге тоқталып, ұлттық құндылықтар мен отбасы мәселесінің, қоғамдағы қыз бала тәрбиесінің маңызы туралы келелі ойларын айтты. Бұған негіз де жоқ емес. Соңғы жылдары жастар арасындағы қылмыс саны өткен жылдармен салыстырғанда артып отырған көрінеді. Ендеше бұл жағдайда не істемек керек? Қандай әрекет қылмыстың одан әрі өршуіне тоқтам бола алады? Еркін форматта өткен басқосуда осы және өзге де жайттарға тоқталған қоғам қайраткері оқытушылар мен студенттерге ағынан жарылып, олардың тұшымды пікірлеріне құлақ түріп, мазалаған сұрақтарына жауап берді.

  Сапарының білім ордасынан бастау алғанына ризалығын білдірген ардагер ұстаз сексеннің сеңгіріне таяса да мінберде тұрып сөз сөйлеп, сағаттап жауап беруге әзір.

  Ұстаздық қызметтен зейнеткерлікке шыққан соң журналистика саласына біржола бет бұрған Сәуле Мешітбайқызы мектеп жасында жүргеннен-ақ, ұстаздықтан бөлек, журналист болуды армандапты.

  Өзінің өнегелі өмір жолын баяндап берген ол, ұлағатты ұстаздар мен студенттерге мамандық таңдауда қателеспеу керектігін баса айтты.

  – Бүгінде елде ерте жүктілік жағынан көш бастап тұрған өңірлердің саны артып тұр. Сондай-ақ, суицид бойынша да алдыңғы қатардағы орында тұрған аймақтардың көптігі бәрімізді алаңдатады. Кешегі «ұят болады, жаман болады, обал болады және сауап болады» деген сөздермен тәрбиеленген ересек буынның бүгінгі ұрпағы осы қасиеттерден ажырап кетті. Бұрын күйеуден қайтып келу өліммен тең болатын. Еліміз ажырасу бойынша әлем бойынша алдыңғы бестікте тұрғандығы қынжылтады. Ал, әке-шешесін «қарттар үйіне» тапсырып жатқан безбүйрек балалардың ісіне тіптен қарның ашады. Мінекей, бұл біздің намысымызға тиеді. Бұл кеудесінде инедей иманы бар адамды ойлантуы керек. «Отан отбасынан басталады» деген ғой. Біздің ертеңгі болашағымыз мықты болу үшін біз мықты болуымыз керек. Баяғыда «атаң келе жатыр, әкең келе жатыр» деген сөздер берекенің бастауы еді. Қазіргі таңда осы құндылықтар жоғалып бара жатыр. Әлеуметтік желілерді жақсылыққа ғана пайдалануымыз қажет. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дейді. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу әрқайсысымыздың қолымызда, деді Сәуле Мешітбайқызы.

  Кездесуге арнайы қатысқан ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Баянсұлу Тыныбаева ұлтты, ұрпақты тәрбиелейтін ұстаз қауымының алдындағы жауапкершілік туралы пікірін айтып, болашақ мамандарға ой тастады.

  Кездесу барысында колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Қабделова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Самал Масатова, студенттер Сандуғаш Ақболатова, Нұрбибі Қабдол құрметті қонаққа алғыстарын білдіріп, тығыз байланыс орнату туралы жоспарларымен бөлісіп, газетке жазылу туралы пікірлерін білдірді.   

  Білім ордасын өзі басқаратын басылыммен әріптестік байланыс орнатуға шақырған ардагер журналист студенттерді «Жас тілші» ретінде қабылдап, колледждің жарқын жетістіктері мен шәкірттердің жұмыстарын жариялауға әзір екендігін жеткізді.

  Жиын соңына таман «Өнер және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Дәулет Сәлімов газет кітапханасының сөресіне бірнеше кітапты тарту етіп, колледж қызметкері Батырхан Қадырқожа кездесу соңында өлең жолдарын оқыды. Содан  соң Сәуле Мешітбайқызы мектеп ұжымымен естелік суретке түсті.

 

 

 

Жайық бойындағы жақсылықтар

 

  Бұдан әрі экспедиция мүшелерінің сапары Махамбет ауданында жалғасты. Мұндағы сапардың мақсаты – «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүзеге асып жатқан кәсіпкерлік нысандарды аралау. Экспедиция мүшелеріне бағдарламаның облыс бойынша орындалысы туралы жеткізген Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие беру, шаруа қожалық иелеріне берілетін субсидия жөнінде тұшымды ақпараттармен бөлісті. Оның айтуынша, аудандарда кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелеріне, сондай-ақ кәсіп ашуға ниеті бар тұлғаларға Үкімет тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

  – «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындар бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл өте тиімді. Несие немесе микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауылшаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Сондықтан ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Ауыл тұрғындарының қызығушылығын оятқан жоба 2025 жылға дейін қолданыста болады,   деді бөлім басшысы.

  Басқарма өкілінің айтуынша, микрокредит қаржысының мақсатты жұмсалуы да қадағаланады. Сенім білдірілген өкіл саналатын «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ай сайын ауылшаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді.

  – Микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуына үнемі мониторинг жасалады. Қарыз қаражаты мақсатты жұмсалмаған жағдайда айыппұлдар, қаржыны мерзімінен бұрын қайтару секілді шаралар қарастырылған, деді Тілекқабыл Ғұбайдуллин. 

  Игілігі мол «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеңілдетілген несиеге ие болған аудандағы жас кәсіпкерлердің бірі Махамбет ауылының тұрғыны Ерасыл Ерболатов. Ол жоба арқылы 8 млн теңгеге жуық несие алып, ауданнан наубайхана мен шағын маркет ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазір қарамағында 5 адам жұмыс істейді. Наубайханада күніне 100 нан пісіріледі. Алдағы уақытта кәсіпкер өзге де нан өнімдерін дайындауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, кәсіпкердің шағын маркет сөрелерінен дәстүрлі жеміс дақылдарынан бөлек, экзотикалық жемістер мен көкөністерді де табуға болады. Ал, оның шағын маркеті халықтың сұранысына ие болуда. Жас кәсіпкер бағдарлама шартында кепілдің болуы көп жастардың басты мәселесі екендігін жасырмады.

  Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіп­сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла­нысты мәселелерді шешу мақса­тында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мем­ле­кет­тік бағдарламасына бірнеше тұрғын мүдделілік танытып отыр.

  «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, кәсібін дамытқан жандардың бірі – Махамбет ауданының тұрғыны Әсел Мадаминова. Ол үш жылдан бері өз үйінен тез дайындалатын тағамдарды тапсырыс бойынша дайындап келген. Халықтың сұранысы артқанын байқаған жас кәсіпкер жеке нысан ашуды көздейді. «Ауыл аманаты» жобасын естіген ол бағын сынап көреді. Осылайша оның жобасы үздіктер қатарынан табылып, кәсіпкер тұрғындардың сұранысына ие «Айс кофе» кофеханасын ашады.

  – Бұл ойымды жолдасыма айтқан едім, ол бірден қолдай кетті. «Ауыл аманаты» жобасына өтініш берген болатынбыз. Қуанышымызға орай 2,5 пайызбен 8,6 млн теңге несиеге қол жеткіздік. Бұл қаражат арқылы кофеханаға арналған шағын ғимарат салуға, кофемашина, кофе ұнтақтауға арналған аппараттарды алуға мүмкіндік алдық. Кофе дәндерін ресми дилерден аламыз. Ерінбей еңбек етемін деген адамға Үкімет тарапынан қолдау бар. Алдағы уақытта бұл кәсібімізді дамытуды көздеп отырмыз, деді жас кәсіпкер.

  Бүгінде «Айс кофе» кофеханасына келушілер қатары артуда. Таңғы 8:00-ден 00:00 аралығында қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысан Махамбет ауданында тұңғыш рет ашылып отыр.

  Бүгінде кәсіпке икемі бар азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы мол мүмкіндік беруде. Ауылшаруашалығы саласы қарқынды дамыған Махамбет ауданының тұрғындары көбіне мал шаруашылығына сұраныс білдірген.

  Махамбет ауданына қарасты Алға ауылы облыс орталығынан отыз шақырымдай жерде орналасқан. Ауылдан он бес шақырымдай жерде Егіз арнасының (канал) маңында орныққан «НұрАрыс» шаруа қожалығының құрылғанына он шақты жыл болыпты. Басында ірі қара және уақ мал өсірумен бастаған шаруалар былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 млн теңгеге несие алып, 10 бас түйе сатып алған. Қожалықтың төрағасы Марал Әуелбаевтың айтуынша, мұндай мемлекеттік бағдарламаларға тұңғыш рет қатысып отыр. Бүгінде түйе сүтін сауып, сатып жатыр. Тіпті тұрақты тұтынушылары да бар. Ең басты мәселе – электр жарығы мен техниканың жоқтығы жұмыстың жандануына қолбайлау болуда.

  Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына өтінім қабылдау басталғандығын айтты.

  Оның айтуынша, лизингпен техника және отандық көлік жабдықтарын алғысы келген фермерлер биылдан бастап өтініш бере алады. Бағдарлама аясында фермерлер қажетті отандық жаңа ауылшаруашылығы техникасын сатып ала алады. Бұл бастаманы жүзеге асыруға мемлекет 100 млрд теңгені қаржыландырып отыр.

  – «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы елімізде өндіріліп құрастырылған отандық ауылшаруашылығы техникасын қаржыландыруға бағытталған. Өтініштер компанияның Telegram-боты арқылы қабылданады. Өтініш берілген күннен 5 жұмыс күні арасында клиент «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға барлық қажетті құжатты өткізуі тиіс, деді Т.Ғұбайдуллин.

  Қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысқан экспедиция мүшелері шаруаларға сәттілік тілеп, көкейлеріндегі түйткілді тиісті орындарға жеткізетіндігін айтып, сапардың алғашқы күнін тамамдады.

 

 

Шырайы кірген малды өңір

  Келесі күні таңда экспедиция мүшелерімен бірге төрт түліктің мекені Қызылқоға ауданына ат басын бұрып, сәске уақытында аудан орталығына жеттік. Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге бір топ ауыл тұрғыны жиналды. Аудан әкімі Қанат Әзмұханов алыс жолды еңсеріп келген ел анасына алғысын білдіріп, жас ұрпаққа үлгі болар істерін сөз етті. Ақ жаулықты ана өзінің жұмыс сапары туралы, ұрпақ тәрбиесі, ел болашағы, тарих және басқа да алуан тақырыптар жайында сөз қозғап, өз тарапынан ақпараттық және рухани қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тіледі.

  Еркін форматта өткен кездесуге қатысқан депутаттар мен ардагерлер ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз ойларын білдіріп, құрметті қонақпен пікір алмасты.

  Елдегі қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту туралы ұсынысын білдірген аудандық мәслихат депутаты Есенбай Нұровтың пайымды ойын айтты.

  Кездесу барысында аудан әкімі Қанат Әзмұханов аудан тұрғындарының қай істі қолға алса да ауызбіршілікпен шешіп, ортақ тоқтамға келетіндігін айтады.

  Аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры, аудандық мәслихат депутаты Алтынзер Баймұратова аудандағы 27 тұрғынның жоба арқылы несие алғандығын атап өтті.


  Осылайша аудан көлемінде ауыл тұрғындарының өз кәсіптерін ашып, бұрынғы ісін кеңейтуге қолдау жасалуда. Кәсіпкерлік палатасының директоры Алтынзер Баймұратованың айтуынша, ауылдық жердегі тұрғындардың табысын арттыруды көздеген аталған жоба аясында 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиені алуға 50-ден астам ауыл тұрғыны қызығушылық танытып, оның 27-сінің құжаты мақұлданған. Бұл жобалардың құны 224 млн теңгені құраған.

  – Халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жүзеге асырыла бастаған жобаға Миялы ауылы тұрғындары белсенділік танытса, Мұқыр мен Сағыз ауылдық округінен 4 тұрғын, Жангелдин, Көздіғара, Тайсойған, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерінен 1 тұрғыннан несие рәсімдеді. Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауылшаруашылығын дамытуға көңіл аударған 23 тұрғынның ұсыныстары қаржылай қолдау тапса, өзгелері жылыжай, көлік жуу, жеңіл және «ГАЗель» автокөліктерін алып, кәсіптерін жалғауда. Осы жобаға қатысуға ниетті азаматтардың қатары да өсуде. Жобаның ашылуын күтіп отырмыз, деді Алтынзер Бағытжанқызы.

  Аудан әкімі аймақта кәсіпкерлікті дамытудың қиындығы болғанымен, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыссыз отырған азаматтардың қолынан келетін дүниелерді үйлерінен-ақ іске асыруға таптырмас мүмкіндік екендігін атап өтті.

  Қанат Қадыржанұлы ел анасына сүбелі сөзі үшін алғысын білдіріп, алдағы жоспарларына қолдау танытатынын айтып, қолға алған жұмыстарына ақ жол тіледі.

  Күн еңкейе бастаған уақытта Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылдық округіне жетіп, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсібін дөңгелетіп отырған Өтеғали Мүтиевтің көлік жуу орталығына тоқтадық. Қазіргі таңда кәсібін дамыту бағытында жұмыстарды қолға алған жас кәсіпкер үнемі ізденіс үстінде екен.

  Экспедиция мүшелерін күтіп алған ауылдық округ әкімінің орынбасары Әйгерім Кеңесованың айтуынша, ауылда ілгерілеушілік көп. Ауылдық округтің бір жылдық бюджеті 1 млрд теңгеден асыпты. Бүгінде 8 мың халыққа әкім аппаратындағы 9 маман қызмет көрсетеді. Сәуле Мешітбайқызы Әйгерім Қабиболлақызына жылы шырай танытқанына ризалығын білдіріп, «аттан түспе» деп тілек айтып, қамшы табыстады. Әйгерім Қабиболлақызы да ардагерге аналық тілегі үшін алғыс айтып, қамзол кигізді.

  Мұнайлы өңірдегі сапарының межелі күнінде Сәуле Мешітбайқызы облыс әкімі Серік Шапкеновтің қабылдауында болып, бүгінгі жастар тәрбиесі, кітап пен газет-журнал оқу үрдісін қалыптастыру, руханияттың жай-күйі хақында емен-жарқын пікір алысып, құнды ой-ұсыныстарын ортаға салды.  

Суреттерді түсірген автор

 

Алмас ҚАБДОЛОВ, Атырау облысы
12.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 166
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 41
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 141

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2189
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2421
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17313
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16034
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19408