Ақтөбеліктер Аманғос Төлеуовті жақсы біледі. Ол – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, экономика ғылымдарының кандидаты. Жастайынан еңбекке пісіп өскен кейіпкеріміз бүгін де ат үстінен түскен емес. Ауылшаруашылығы саласының ардагерінен ақыл сұрайтындар да, оның шапағатын көргендер де аз емес. Қашанда қоғамды толғандырған мәселелерде аянып қалмайтын ардагер адал еңбек қана адамды абыройға бөлейтінін айтады. ... Аманғос Төлеуов Ақтөбе облысының солтүстік беткейіндегі жері шұрайлы, ауылшаруашылығына өте қолайлы Қарғалы ауданында дүниеге келген. Кеңес заманында аудан атауы Степной, кейін Ленинск деп аталған-ды. Жастайынан қой соңында жүрген әкесіне қолғабыс еткен бала мектеп бітіргенде әке жолымен ауылшаруашылығы маманы болуды таңдайды. Осылайша жоғары білім алу үшін Орал қаласындағы ауылшаруашылығы институтының зоотехник мамандар даярлайтын факультетіне оқуға түседі. Оқу орнында үздік оқыған жас жігіт қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Алғашқы күннен-ақ белсенділігімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен көзге түскен ол группа тізгінін қолына алып, староста атанады. Құрбыларының басын қосып, түрлі спорттық жарыстарға қатысады. Осының барлығы жас студенттің кейінгі өміріне әсер ететінін ол сол кезде білмеген де болар... 1969 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтын тамамдап, қолына зоотехник маманы екенін растайтын дипломын алып, Ақтөбесіне оралған жас маман аудандағы Чапаев атындағы колхозға барып, еңбек жолын бастауды ұйғарады. Аталған шаруашылық асылтұқымды мал өсіретіндіктен, жас маман дәл осыны таңдады, себебі ол болашағын ғылыммен байланыстырғысы келді, ғылыми жұмыспен айналысуды мақсат етті. Ауылшаруашылығы жылын қорытындылау кезінде аталған шаруашылық асылтұқымды мал үлгілері қойылған көрмеде екінші орын алды. Бұл жеңісте жас зоотехниктің зор үлесі бар еді. Кейін ет бағытында жұмыс істейтін, қарауында 6 мың ірі қара, 14 мың қойы, мың бастай жылқысы, төрт жүздей асылтұқымды сыры бар партияның ХVIII съезі атындағы колхозда жұмыс істегенде селекциялық жұмыспен айналысуға мол мүмкіндігі болды. Төрт жыл ішінде аталған шаруашылық асылтұқымды мал өсіретін фермаға айналды. Кеңес Одағы ыдыраған жылдары өзге салалар секілді ауылшаруашылығы саласында да қиыншылықтар болды. Шаруалар қолындағы бар техникасын, малын, өндірістерін сатып, жоқ қылды. Иә, қиын кездер еді. Жекешелендіру басталған кездері А.Төлеуов Ленинск аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігіне жетекшілік ететін. Мал бағумен, егін өсірумен айналысатын шаруашылық бірлестігіндегі төрт бөлім жекешелендіруді емес, ұжымдық түрде жұмыс істеуді ұйғарғандықтан, өндірістік кооператив құруға тура келді. Дегенмен, бұл кооператив бір жыл ғана жұмыс істеп, кейін ауылдың атауы қойылған «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Аманғос 1999 жылы Қазақ мемлекеттік экономика және жоспарлау институтының аспирантурасын бітіріп, «Тұйық өндірістік циклды құру» тақырыбында экономика ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғады. Серіктестік құрылған уақыттан бастап оны өсімдік шаруашылығына, мал шаруашылығына және өнімді қайта өңдеуге маманданған толыққанды көпсалалы кәсіпорынға айналдыру жолында көп еңбек еткен маман бұл тақырыпты бес саусағындай білетін еді. Бүгінде Аманғос Төлеуов қырық жылға жуық басқарып келе жатқан «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстағы ең ірі көпсалалы кластер болып есептеледі. Дәнді дақылдарды өсіру және өңдеу, асылтұқымды ірі қара, қой, асылтұқымды жылқы өсіру, автомобиль көлігімен тасымалдау, жеке және заңды тұлғаларға әртүрлі қызмет түрлерін көрсету, шұжық, нан және макарон өнімдерін шығарумен айналысатын ауылшаруашылығы кәсіпорны пайдаланатын жердің жалпы алаңы 52 мың гектарға жуық. Бүгінде аталған серіктестік құрамында «Агро-Сервис Ащылысай», «Степное Алтын Астық», «Қайрақты», «ҚосЕстек АГРО» және «Атамекен нан-2000» кәсіпорындары бар. Диірменде, наубайханасында, шұжық фабрикасында, кондитерлік цехта, автопаркте мыңға жуық адам өз несібесін тауып отырған «Степное» кәсіпорнының өнімдерінің тек облыста ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде, көршілес Орск, Орынбор қалаларында да тұтынушылары бар. А.Төлеуовтің айтуынша, шаруашылықта ірі қара, қазақтың ақ бас сиыры, көшім тұқымды жылқы, қой өсіріледі. Сонымен бірге дәнді дақылдар, күнбағыс, көкөніс және бақша өнімдері өсіріледі, күнбағыс майын, тұшпара, шұжық өнімдерін шығаратын цех та жұмыс істейді. Кәсіпорын диірменінде ұн тартылып, наубайханасында нан өнімдерінің 40-тан астам түрі пісіріледі. Аманғосты облыс жұртшылығы жақсы біледі. Бүгінде ауылшаруашылығы саласының білікті ардагері мемлекеттік мәселелерге, қоғамдағы түрлі істерге қатысты өзінің азаматтық позициясын білдіріп, көмек қажет тұста қолдан келгенше қолдау көрсетеді. Кәсіпорында жұмыс істейтін әр адам басшылықтың қамқорлығын көріп отыр. Степное ауылына, тұрғындарына да жан-жақты көмек көрсетіліп тұрады. 1994-2012 жылдар аралығында облыстық мәслихаттың депутаты болған кейіпкеріміз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Оған қоса ұлт тарихын түгендеудегі еңбегі де орасан: өңір жұртшылығы А.Телековтің он сегізінші ғасырда өмір сүрген қазақ батыры Сәрке батырдың есімі мен ерлігін ұлықтау, ұрпақ жадында қалдыру мақсатында батырға ескерткіш орнатуы, өз уақытында белгілі дінбасы, қоғам қайраткері болған Нұрпейіс хазірет мешітін қалпына келтіруі сынды іргелі істерін жақсы біледі. Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында да ардагер аға жобаға қатысушыларға тауарлы несие түрінде жүздеген бас ірі қара мен ұсақ мал, жүздеген тонна мал азығын берді. Ол ел басына қиындық түскен биылғы су тасқыны кезінде де қарап қалмады. Тасқыннан зардап шеккен Ойыл және Қобда аудандарының тұрғындарына 100 тонна тұқымдық бидай, 100 тонна тұқымдық арпа, сондай-ақ егіс салу үшін 50 тонна судан шөбінің тұқымын беріп, алдына 200 қой және 50 баспақ салып берді. Бұл үйлерін, малдарын су шайып кеткен тұрғындар үшін өте үлкен көмек болғаны даусыз. Аманғос Төлеуов ешқашан алдына көмек сұрап келгендердің қолын кері қайтарған емес. Ауыл тұрғындары оны жақсы біледі. Тоқсаныншы жылдары сырттан көшіп келген қандастарға қол ұшын созып, осы ауылда қоныстануына, жұмыспен қамтып, көмектесуіне де оның азаматтық ұстанымы әсер етті. Ауылдың абыройын асырып, елдің жоқ-жігітін түгендеу де азаматтың парызы. Бүгінде еңбек етуге, лайықты өмір сүруге барлық жағдайы жасалған ауылдан ешкім де сыртқа қоныс аударғысы келмейді. Сонау тоқсаныншы тоқырау жылдары ауылдағы әлеуметтік нысандардың әркімнің қолында кетпеуіне еңбек қылған, кейін мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге, көшелерді жарықтандырып, ауыл іші жолдарына асфальт төсеуге, ауызсу мәселесін шешуге, көгілдір отын тартуға ықпал еткен абзал ағаның жақсылығын ауылдастары жоғары бағалайды. Экономика ғылымдарының кандидаты Аманғос Төлеуовтің еңбегі халық тарапынан ғана емес, мемлекет тарапынан да өз бағасын алды. Ол 1981 жылы «Құрмет белгісі», 2000 жылы «Құрмет», 2017 жылы «Отан» орденімен марапатталды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ақтөбе облысының жыл адамы», Қарғалы ауданының Құрметті азаматы. 2003 жылы «Қазақстан Республикасы онкүндігінің үздік кәсіпкері» республикалық байқауының және облыстық «Үздік кәсіпкер» байқауының лауреаты атанып, 2007 жылы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру және қайырымдылық іс-шараларын жүзеге асырудағы тығыз ынтымақтастық үшін ҚР Президентінің грамотасымен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінде жасы жетпістің бесеуіне келген ауылшаруашылығы саласының ардагері – жұбайы Роза Нұритдинқызымен балалары Қайрат, Абат және Айнагүлден тараған ұрпағының ортасында мәуелі бәйтеректей болып отырған жайы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деген сөзіне, міне, осындай нағыз еңбектің адамдары лайық!..