Невскийді ұлықтаған әкім

Невскийді ұлықтаған әкім

13 шілде күні Алматыда орыс князі Александр Невскийге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Еңселі ескерткіш Александр Невский атындағы ғибадатхананың аумағына қойылды. Осы уақытқа шейін ақпарат көздерінде  «қойылады», «жоқ, қойылмайды» деп талқыланып келе жатқан ескерткіштің жарқ етіп ашылуы қызу талқыланды. Әсіресе әлеуметтік желілерде бұған қарсы пікір білдіргендердің қарасы көп болды.

Ескерткіштің салтанатты ашылуына Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединский қатысып, сөз сөйледі. Путиннің көмекшісі ескерткіштің тарихи маңызын айта келіп: «Ескерткіш ХХІ ғасырдағы Ресей мен Қазақстан арасындағы татулық пен одақтастық туралы келісім үшін ашылып отыр», – деді. Бұдан кейінгі сөз кезегі Алматы қаласының әкімі Е.Досаевқа тиді. Ол да Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың хатын оқып, ескерткіштің ашылғанына қуанышты екенін жеткізді.

Александр Невскийге арналған ескерткіштің ашылуына қатысты қоғамдағы наразылықты бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады. Ең әуелі бір топ: «Қаланың төріне ескерткішін қоятындай Александр Невскийдің қазаққа, Алматыға қандай еңбегі сіңді?» дейді. Шынымен де Александр Невский кім? Оның бізге қандай қатысы бар? Ресми ақпарат көздерінде оны «саяси қайраткер, қолбасшы, Новгород пен Владимирдің князі» дейді. Тарихшылардың айтуынша, оның бізге қатысы мынадай.

Алтын орда ханы Бату орыс княздіктерін өзіне бағындырады. Содан соң Владимирдің ұлы князь Ярослав өзінің бағынғанының белгісі ретінде ұлы Александрды аманатқа береді. Бату оны ордасында өкіл баласы есебінде ұстайды. Тіпті кейбір деректерде үлкен ұлы Сартақпен аңда болғаны жайында айтылады.

Кейіннен Русьтің солтүстік-батыс бөлігіне шведтер мен немістер шабуылдайды. Сонда Новгород халқы Батудан көмек сұрайды. Алтын орда ханы жорыққа Александр Невскийді жібереді. Бұл ұрыста, Нево өзенінің бойында Александр жасағы жеңіске жетеді. Осыдан кейін князь Александр «Невский» деп аталады. Сондай-ақ тарихи деректерде «Александр Невский Алтын орда мен орыс князьдары арасындағы бітімгершілікті де жандандырды» делінеді. 

Алайда кейбір тарихшылар жоғарыда айтылған деректермен келіспейді. Олар «Ресей зерттеушілері Александр Невскийді тым әсірелеп көрсетіп, оны империялық пиғылдағы қазіргі саясатына пайдаланып отыр» дейді. Біз тарих ғылымының докторы, профессор Берекет Кәрібаевқа хабарласып, Алматыда қойылған ескерткіштің тарихи маңызын сұрадық. О кісі: «Бұл ешқандай да тарих емес, ғылыми негізі де жоқ дүние. Шынын айтқанда, Александр Невскийдің бізге түк те қатысы жоқ. Сондықтан да оған арнап Алматыда қойылған ескерткішті саяси дүние деп айтқанымыз оң. Егер біздің билік қауқарлы болса, мұндай адамдарға ескерткіш қойып, ұлықтамас еді. Тіпті бұл Ресейдің тағы бір саяси қадамы –  соғыс ашуға тауып отырған сылтауы болуы да мүмкін. Мұны мен ертеден, осы ескерткіш қойылардан бұрын айтқанмын», – деді.       

Негізі, орыс князіне ескерткіш қою бастамасы 2021 жылы оның туғанына 800 жыл толуына орай айтылған еді. Бастапқы кезде ескерткішті қаланың көрнекі жерлерінің біріне орнатуды жоспарлапты, алайда оған Алматы қаласы мәслихаты қарсы шығыпты. Кейіннен Александр Невский атындағы ғибадатхананың аумағына қоюға шешім қабылдапты.

Орыс князіне қойылған ескерткіш Алматы әкімі Е.Досаевты да шарпып өтті. Әлеуметтік желі қолданушылары оны: «Қайдағы орыстың князінде несі бар, ыржалақтап жетіп барғаны қалай, әкімдік салауаты қайда, мұндай болмашы іс-шараларға орынбасарын жіберсе де болды емес пе?» деп сынады. Дегенмен Досаев бұл күні өте ширақы, көңілді жүрді. Ғибадатхана қызметкерімен жылы амандасып, Ресейдің берген «Бейбітшілік пен келісім» орденін де ерекше ілтипатпен қабылдады. Тек іс-шарадан соң көмекшілері оның көлігіне ешбір журналисті жолатпады, өзі де ешкіммен тілдеспей, лып берді.

Жалпы, орыс генералдарына қойылған ескерткіштің бас-аяғы бұл емес. Әрине, Кеңес өкіметі тұсында қазақ даласында кімге ескерткіш қойылмады. Жерімізді отарлап, төрімізді иемденгендердің көбіне еңселі, биік ескерткіш қойдық, соның біразын әлі күнге шейін көзіміздің қарашығындай қорғап отырмыз. Дәл осындай даулы ескерткіштің бірі – 2007 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылында Г.Колпаковскийге арнап қайтадан жаңғыртылып, жаңартылып қойылды. Г.Колпаковский де орыс генералы, Орталық Азияны жаулап алушылардың бірі. Қазаққа бар қатысы 1860 жылы Ұзынағаштың іргесінде қоқандықтардың бетін тойтарған. Бірақ тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, оның қазаққа пайдасынан зияны көп тиген. Әне, сондай адамға да ескерткіш орнатты, оның ашылуына Ресейдің Қазақстандағы елшісі және біздің де біраз шенді-шекпенді азаматтар қатысқан еді. Сол тұста да біздің зиялыларымыз, тарихшы ғалымдар бұл ескерткіштің қайта жаңарғанына наразылықтарын білдірген-ді. Бірақ оған ешкім құлақ аспады. Өзіміздің батырларымыз бен хандарымыз жоқтай, енді, міне, Александр Невскийге ескерткіш қойылды. Ертең тағы кімге қойылады? Әрине, ол уақыт еншісінде.

 

РАУАН МУТАИР
20.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 25
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 25
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 31
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 27
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 26

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1186
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7233
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11097
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7296
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7441