Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов көктемгі дала жұмыстарының орындалуы, суармалы су мәселесінің шешілуі бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, жоспарлы 106,4 мың гектардың 107,1 мың гектарында жер жырту жұмыстары басталған, 409,5 мың гектар алқапта дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, 214,6 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақылдар, 34,5 мың гектарға көп жылдық шөп және 36,6 мың гектарға көкөніс дақылдары, 58,0 гектар алқапқа майлы дақылдар, 2,7 мың гектарға қызылша, 15,7 мың гектарға бақша, 8,8 гектарға дәндік жүгері және 8,0 мың гектарға картоп себілген.
Басқарма басшысы тыңайтқыштар жеткізу, техникаларды барынша жұмылдыру, жанар-жағармаймен қамту шаралары ойдағыдай орындалып жатқанын жеткізді.
— Ұзындығы 478,6 шақырымды құрайтын 122 каналда 1 393 шаруа бірігіп тазалау жұмыстарын жүргізді. Су тапшылығы бар аудандар жер асты суының әлеуетін толығымен пайдалану мақсатында 2022-2024 жылдар аралығында 646 ұңғыма қазу жоспарланған. Қазіргі уақытта 182 ұңғыма қазуға өтінім түсіп, Меркі, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Қордай және Жуалы аудандарында жаңа 71 ұңғыма қазылып, 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылды,-деді Е. Жиенқұлов.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев бүгінгі таңда «Жамбыл су қоймалары» КММ-сі теңгеріміндегі 105 су қоймаға су толтыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жалпы жобалық сыйымдылығы 130,25 млн. текше метрді құрайтын аталған қоймалардағы (2022 жыл, 22 сәуірдегі ақпарат бойынша) судың жиналу көлемі орта есеппен 71,3 пайызға жеткен.
«Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева каналдарды тазалау, гидроқұрылымдарды жөндеу шараларына тоқталды. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылдың вегетациялық маусымында барлық су көздерден шамамен 880,0 млн. текше метр су алынып, 120,0 мың гектар суармалы алқапты суару жоспарлануда екенін жеткізді.
Облыс әкімі су жүйелерін тазарту, жөндеу жұмыстарына баса көңіл бөліп, су қоймаларының құрылысына айрықша назар аударды. Аймақ басшысы бірқатар мәселелер бойынша басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен жауаптар алды.
— «Жұмыс істеп жатырмыз, қатырамыз» деген құрғақ сөз, жалпылама жауап қабылданбайды. Нақты нәтиже керек. Аудан, ауыл әкімдері шаруалармен тікелей байланыста жұмыс істеуі тиіс. Су қоймаларының толтырылуын басты назарда, бақылауда ұстаңыздар. Вегетациялық кезеңде су үздіксіз берілуі қажет. Қалпына келтіру, жөндеу шараларының және көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалаңыздар,-дей келе Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Аппараттық кеңесте жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланыс мәселесі де қаралды.