Обырдың алдын алу өз қолдарыңда

Обырдың  алдын алу  өз қолдарыңда

Нұрлыбек Бөрібайұлы Құлмаханов, 

Қызылорда облыстық онкология орталығы директорының 

орынбасары:

Біздің мамандық үлкен тәуекелділікті талап етеді

Мен Нұрлыбек Бөрібайұлы  өзім Қызылорда облысы Жалағаш ауданының  тумасымын. Жаңаталап ауылында  Сансызбай атам тұратын. Ол кісі   елге сыйлы, құрметті ақсақал болған. Жылда жазда каникулға шыққанда ауылға барып, атамның қасында демалып, тәрбиесін алып қайтатынмын. 90-жылдары Қызылорда қаласына көшіп, сол жақтан білім алдым. Дәрігер болуға бала күнімнен қызықтым. Арман қуып, 2000 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің  емдеу ісі факультетіне оқуға түстім. 2006-2007 жж. Қазақ медицина университеті, Урология  мамандығы бойынша интернатураны оқыдым. 2012 ж Қазақ онкология және радиология ҰҒЗИ негізінде онкология бойынша бастапқы мамандандыру,  2007-2009 жж. Қазақ медицина университеті «ҚДСЖМ», магистратурасын тамамдадым. 

Жалпы өзімнің мамандығым бойынша 2012 жылдан бастап Қызылордада онкоуролог болып істедім. Оның арасында 8 жылдай Алматы қалалық, Алматы облыстық онко орталықтарында жұмыс атқардым. Содан 2024 жылдың сәуірінен осы емханада директордың орынбасары болып істеп келемін. Онкоурологиялық аурулардың, оның ішінде бүйрек, қуық, еркектің аталық безі, т. б. қатерлі ісіктердің барлық түрлеріне хирургиялық ота  жасаймын. Негізі біздің мамандық үлкен тәуекелділікті, жауапкершілікті талап етеді. Бұл жерде өмір мен өлім айқасы тұр десе де болады. Обыр ауруының 1-2 сатысында науқастар өмір сүру үшін күреседі, ал соңғы 3-4 сатысында өлмеу үшін ажалмен  шайқасады. Айтуға ауыр, әрине, десе де шындық осындай...

Онкологиялық орталықта  55 дәрігер жұмыс істейді. Олар хирургиялық сәуле және химиотерапиялық емдер жүргізеді. Мұнда асқазан, өңеш, сүт безі, гинекология, өкпе, бүйрек, бауыр т.б. ағзаларға ота жасайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша 6202 адам онкологиялық есепте  тұрады. Оның ішінде сүт безі – 1201, тік тоқ ішегі қатерлі ісігі – 367, өкпе – 289, асқазан – 248, өңеш қатерлі ісігімен 197 адам ауырады екен. Бұрындары үлкен жасы келген қарттардың ауыратынын еститінбіз. Қазір обыр ауруы жас талғамайтын болды. 

Орталықтың директоры – Дмитрий Вальерович Хегай. Ол кісі мықты онкогинеколог. Болат Спандиярұлы Кашаков – күндізгі стационар бөлімінің меңгерушісі, Талғат Сақташұлы Жұматаев – онкогематология бөлімінің меңгерушісі,  Мұңлық Сағатбекқызы Сағидатова – радиология  бөлімінің меңгерушісі. Болат Қожабекұлы Тілеулиев – жоғары дәрежелі хирург, Дана Мәжитқызы Абдикадырова – паллиативтік бөлім меңгерушісі, Сәкен Бекетұлы Мырзақұлов – хирургия бөлімінің меңгерушісі. Міне, осы кісілердің  іскер басшылығы мен табанды еңбегінің  арқасында аурухана ұжымы науқастардың өмірін сақтап қалу жолында күндіз-түні аянбай еңбек етуде. 

 Мая Алимжанқызы Акбарова,  химиотерапевт, бөлім меңгерушісі:

Химиотерапия аурудың таралуына жол бермейді

 

  – Еңбек жолымды айтар болсам, 1996 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетінің емдеу факультетін  бітіріп, Қызылордаға  келдім. Алғаш дәрігер-лаборант болып істедім. Сосын статистика бөлімінің меңгерушісі болдым. Алғашқы ұстазым профессор Кәрібай Төлеутайұлы болды. Ол кісі қазір Алматыда С. Асфендияров атындағы медициналық академияда сабақ береді. 1997 жылдан бастап Қызылорда облыстық онкология  орталығына  келіп,  қабылдау бөлімінде жұмыс істедім.  Бізде «онкология қабылдау бөлімінен басталады» деген сөз бар. Алғаш ұжымда кілең ер адамдар, арасында тек 2-3 әйел ғана болды. Қазір  технология дамыған, ер-әйелдер аралас, әсіресе  жастар көп. Медицина саласында жүргеніме 30 жыл болады екен. Осы еңбек жылдарының барлығы өз туған қаламда, өз саламда өтті. 2022-2023 жылы магистрді бітіріп, «Медицина саласының магистрі»,  сондай-ақ  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағымен марапатталдым. Шүкір, бұл да болса еңбегіміздің  бағаланғаны деп білемін. Әрине, онкология  саласында істеу өте ауыр. Жұмысымды көрген жандар «Неге  онкологияға  келдің, басқа бөлімге  бармадың ба?» деп сұрап жатады. Әр істің өз қиындығы болады ғой. «Ой, мына жұмыс қиын екен!» деп тастап кете берсең, онда ауырды кім істемек? Мұнда өз ісін шын жақсы көретіндер ғана істей алады  деп ойлаймын. Өмір үшін күресіп, қатты қиналып жатқан жандарға қуаныш, денсаулық, өмір сыйлаудың өзі бір бақыт емес пе?..

Бөлімде 3 дәрігер, 20 шақты медбике жұмыс істейді. Әр жергілікті емханаларда онколог дәрігерлер бар. Ал шалғайда жүрген адамдарға көшпелі көліктер жыл сайын аралап қызмет көрсетеді.  Онкологиялық ауруға күмәнді болса, бірден біздің орталыққа жіберіледі. Әр науқасқа консилиум арқылы ем тағайындайды. Жалпы онкологиялық ауру емделе ме деген сұраққа былай  жауап берер едік:  ертерек 1-2 кезеңінде анықталған обыр ауруы 100 пайыз емделеді. Ал соңғы сатысында ауруды асқындырып алған науқастарды  дәрінің күшімен емдеп, өмір сүру жасын ұзарта аламыз. Қиындау болады, әрине. «Мен енді жазылмаймын» деп  ойлап, ем  қабылдаудан бас тартатын жағдайлар да кездеседі. Негізінде  бұл аурудан құлан-таза айығып шығуға болады. Ол үшін «мен жазыламын» деген сенім керек. Бізге 2-сатыдағы бір науқас келді. Ауруының қиындығына қарамастан  бірнеше химиотерапияға, ауыр операцияға шыдады. Ақыры  қазір біржола сауығып кетті. Бір ғана сол кісі емес, біздің ем-шарамыздың арқасында сауығып кеткен адамдар шетел аспай-ақ, өзіміздің Қазақстанда да тәуір болуға болатынына көз жеткізді. 

    Әр ағзаның өз обыры болады (асқазан, өңеш, бүйрек, сүт безі локализациялық). Оның өз әлемдік стандарты бар.  Онкологияда бәрі кешенді түрде:  1-ота, 2-химия, 3-сәуле береді. Ауру ошағы таралмау үшін біз химиотерапияны алдын ала береміз.  Әр науқастың жағдайына қарай химиотерапия беріледі. Олар жыл сайын тұрақты түрде бақылауда болады.  Онкологиялық аурусың  десе, біздің  халық бірден уайымға беріліп, күйзеліске түседі. «Біттім, құрыдым» деп өзін тастап жібереді де, төсекке таңылып жатып алады. Әрине, кімге де болса психологиялық жағынан өте ауыр.  Бізде психологтың кабинеті бар. Оған бойын қорқыныш пен уайым билеген науқастар барып қаралып, психологпен сөйлескен соң, осы сезімдерін жеңіп жатады. Шетелде бұл ауруға көзқарас мүлдем басқаша.  Олар өздерін тұмаумен ауырған сияқты қабылдайды. Жыл сайын әрбір ағзасын тексертіп жатады. 

Негізінде, онкологиялық аурудың алдын алудың екі жолы бар: Алғашқысы – салауатты өмір салтын ұстану. Екіншісі – арнайы скринингтен өтіп тұру. Мұндай скринингтер клиникаларда тегін жүргізіледі. Адам денсаулығына қаншалықты көңіл бөлсе, бізге де дертпен күресу соншалықты оңай болмақ. Көбіне олар  аурудың соңғы сатысында қаралады. Қызылорда экологиялық апатты аймақ болғандықтан, обыр ауруымен ауыратындар саны көп. 

Жалпы  онкологиялық ауру мынадай  белгілермен білінеді:

- жөтел;

- дауыстың қатты қарлығуы;

- салмақ тастау;

- тамақтың жұтынған кезде ауыруы; 

- мойынның ісінуі, ауыруы;

- несеп шығару проблемалары.

Біз халықты үнемі емханаға тексерілуге шақырып отырамыз. Тек шақырып қана қоймай, ай сайын аудан орталықтарына өзіміз де барып, скрининг жасаймыз. Дәрігерлер бүгінде елімізде жатыр мойны обыры, сүт безі қатерлі ісігі, асқазан мен өңеш қатерлі ісігі  сияқты бағыттар бойынша тегін скрининг жүріп жатқанын еске салған еді. Жергілікті  емханаларында жұртшылық қатерлі ісік скринингі тексерулерінен тегін өте алады. Қалта телефондарына «скринингтік тексерілуден өтіңіз!» деген хабарламалар жиі жіберілуде. Бірақ халықтың сонда да емханаға баруға мойны жар бермеуде. Скрининг ауру пайда болмас бұрын ісікті табуға және ерте диагноз қойылған кезде ісік түрін анықтауға, ісіктен болатын өлімді азайтуға бағытталған. Себебі,  елімізде соңғы 20 жылда қатерлі ісік аурулары екі есе көбейген.  Дәрігер көп жағдайда қатерлі ісіктің белгілері байқала бермейтінін айтады. Дегенмен дерттің кейбір белгілері қайталана берген жағдайда жедел түрде  маман дәрігерге көрінуге кеңес береміз. 

     

Қаппар Жақсымов, емделуші: 

– Мен тоқ ішек жолдарында ісік бар деген диагнозбен осы онкологиялық орталыққа ем алуға келдім. Дәрігерлер «Сіз дер кезінде келіпсіз. Аурудың 1-2 сатысында емделуге болады,  әлі-ақ жазылып кетесіз!» деді. Ол кісілердің жылы сөздері  қиналған жаныма демеу беріп, үміт отын жаққандай болды. Ота жасалып, химиотерапия мен ем-домдарын  алдым. Оңай болды деп айта алмаймын, бәріне шыдап, мен өте қиын да ауыр кезеңдерден өттім. Өмір сүру үшін күрес, тірі қалуға деген құштарлық, ынта-жігер мен төзімділік, міне, осының бәрін бастан өткеріп,  ауруды жеңіп шыққандай болдым. Дәрігерлер де «Енді қиындық артта қалды. Сіз жыл сайын тексеріліп, біздің бақылауымызда боласыз» деді. Мені емдеп жатқан химиотерапевт Мая Алимжанқызына, ота жасаушы Нұрлыбек Бөрібайұлына айтар рақметім шексіз. Сондай-ақ осы орталықтағы барлық ақ желеңді дәрігерлерге де алғыс айтамын. «Еңбектеріңіз Алладан қайтсын, қолдарыңызды  дерт шалмасын, еңбектеріңіз жемісті болсын!» деп ақсақалдық батамды беремін.

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
08.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17387
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17231
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32413
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31003
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34654