Таяу шығыстағы жағдай ушыға түсті. 28 ақпан күні басталған Израиль мен АҚШ-тың бірлескен шабуылы Иранға ауыр тиіп жатыр. Зымыран және әуе шабуылының салдарынан инфрақұрылымдар қирап, бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр. Бұл шабуылдардың ішіндегі ең айтулыларының бірі Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменейдің өлімі болып отыр. АҚШ құпия қызметінің жеткізген мәліметтеріне сай әрекет еткен Израиль күштері 28 ақпан күні ұлы сәскеде жасаған зымыран шабуылы салдарынан 86 жастағы кәрі көсем қаза тапты. 28 ақпаннан басталған шабуылдар Иран еліне аса ауыр шығындар әкеліп жатыр. АҚШ-тан таралып жатқан ақпараттарға сенетін болсақ, Хаменейден басқа, 40-тан астам жоғары лауазымды ирандық әскери қолбасшылар мен үкімет шенеуніктерінің қаза тапқанын мәлімдеді. Соңғы деректерге қарағанда, Израиль мен АҚШ-тың шабуылдары салдарынан Иранда 200-ден астам адам қаза тауып, 800-ге жуық адам жараланған. Мұның ішінде қыздар мектебіне түскен бомбадан қаза болған 85 оқушы бар. Адам шығындары туралы Иран БАҚ-тары Қызыл жарты ай ұйымына сілтеме жасап хабарлап отыр. Ал, Иранның қарымта шабуылынан, АҚШ-тың алты сарбазы, кем дегенде тоғыз израильдік қаза тапқаны айтылуда.
1 наурыздағы сұхбатында Д. Трамп АҚШ-Израиль әскери операциясы «төрт-бес аптаға» созылып, АҚШ-тың шығындары артады деп күтілетінін айтты. Сарапшылар қақтығыс басталғаннан кейін оның аяқталу уақытын көбінесе бастамашы тарап анықтамайтынын атап өткен еді. Алайда, Хаменейдің өлімі Иранды белгісіз жағдайға алып келгендей. Қазір ел ішінде диктатордың өліміне қуанып жатқандар да, өліспей беріспейміз деп кекке булығып жатқандар да бар көрінеді.
Израиль мен АҚШ-тың Иранға қаратқан шабуылына қарымта қайтаруға шындап кіріскен Иран әскерилері, соңғы 3 күннің көлемінде АҚШ-тың әскери базалары мен одақтастарының кейбір нысандарына зымыранмен соққы беріп жатыр. Мұнда Қатар еліндегі Аль-Адид әуе базасы мен инфрақұрылымдары көзделген. Таралып жатқан ақпараттарға қарағанда, құлаған немесе жарылған снарядтар инфрақұрылымдарға зақым келтірген. Бұл оқиғаға байланысты адам шығыны туралы нақты дерек жоқ. Қатар әуе қорғанысы күштерінің Ираннан келген екі дрон мен бірнеше зымыранның көзін жойғаны айтылуда.
Иран әскерилері сонымен бірге Бахрейндегі АҚШ-тың бесінші флоты деп аталатын әскери теңіз базасына қарымта соққы берген. Қазірге дейін бір адамның қаза тапқаны айтылуда. АҚШ тарапы келген шығындар туралы әлі нақты мәліметтер айта қойған жоқ. Иранның соққы беру нысандарының қатарында Кувейттегі Ас-Салем, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Аль-Зафра қатар маңызы бар нысандар бар. Иран тарапы 28 ақпаннан 2 наурызға дейінгі аралықта болған әскери қимылдарын АҚШ-тың барлық әскери нысандары мен одақтастарына бағытталатынын жариялады.
Осылайша, білтесі тұтанған соғыс өрті, тұтас Таяу шығысты ғана емес, төңірегін түгел әбігерге салып жатыр. Аталған елдерде саяхаттап жүрген азаматтарды Отандарына аман-есен алып қайту мәселесі күн тәртібіне көтерілді.
Көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын Қазақстан үшін аталған елдердің барлығы дос мемлекеттер еді. Өкінішке қарай, ұзақтан бері сақталып келе жатқан саяси қайшылықтар ақыры қару кезенуге алып келгендей. 1 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Президент аймақта қақтығыстың өршіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, осынау күрделі кезеңде Әмір мен бауырлас Қатар халқына тілектес екенін айтты. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстанның ұдайы қолдауы үшін ризашылығын жеткізіп, екі ел арасындағы сан қырлы қарым-қатынасты достық және стратегиялық серіктестік рухында одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша Президент Қ.Тоқаев осы күні БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға да хабарласқан. Қазақстан Президенті кезектегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Әмірліктердің басшылығы мен барша халқына шынайы құрметін, қолдауы мен тілектестігін жеткізді, осы елдегі азаматтық инфрақұрылымға зақым келгеніне қынжылатынын айтты. Сонымен бірге Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін достас әрі бауырлас ел ретінде, қажет жағдайда қал-қадерінше көмектесуге дайын екендігін жеткізді.
Мемлекет басшысы 2 наурыз күні Бахрейн Королі шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен телефон арқылы сөйлесіп, еліміз қазіргі қиын-қыстау шақта Бахрейн халқына тілектес екенін айтыпты. Аталған елдер мен Қазақстан арасында тығыз ынтымақтастық орнағалы талай жыл болғаны белгілі. Қазіргі күнде бұл елдерден қазақ жеріне қомақты инвестиция құйылып, көптеген бірлескен кәсіпорындар іске кірісіп жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін Таяу шығыстың тыныштығы барлығынан қымбат екені анық. Осы қатарда еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Иран халқына да қайғыра көңіл айтты.
Министрліктің таратқан мәліметінде: «Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дәйекті түрде дамытып келе жатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіреді», – делінген.
2025 жылы 11 желтоқсанда Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген еді. Сол кездегі жылы жүздесулер қарсаңында екі ел арасындағы сауда-саттық пен алыс-беріс жылдан-жылға күшейіп келе жатқандығы сөз болған.
Көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын, бейбітсүйгіш қазақ елі қашанда тыныштық пен татулықты дәріптейтіні анық. Мұндайда Президент Қ.Тоқаевтің қайшылықтар мен қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешу жөніндегі ұстанымдары, еліміздің басты көзқарасы болып қала бермек.















