Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «жаңа экономикалық бағдар» аясында өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруді жүктеген еді. Содан бері өңдеу секторында серпіліс байқалады.
Ел Президенті шикізаттық емес салаларды өркендетуде бірнеше мақсат-міндет белгіледі: осы арқылы, біріншіден, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізі қалыптастырылады, екіншіден, қажетті тауарлармен өзімізді толық қамти алатын жағдайға жетуіміз қажет. Үшіншіден, жаһандық мамандануда Қазақстан тез таусылатын шикізаттың қоймасы болып қалмайды, дүниежүзілік нарықтарды дайын өнімдерімен жаулайды.
Мемлекет басшысы «ел тағдыры үшін айрықша мәні бар» бірқатар жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Үкімет соның ішінде бастапқы 15 жобаны 2024 жылы жүзеге асыруға тиіс. Бұл ретте мемлекет қазақ жерінің қойнауынан шығатын металдарды шикізат пен руда күйінде шетелге тасымай, терең өңдеуі, сондай-ақ мұнай-газ және көмір химиясына, ауыр машина жасауға, уранды конверсиялап, байытуға, автобөлшектер, тыңайтқыштар шығаруға айрықша назар аударатын болады. Қ.Тоқаев жаңа экономикалық саясат аясында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құрылатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы 2024 жылы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу шараларын күшейтуді тапсырды. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп, ел экономикасының маңызды секторына айналуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 50 124,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 48,9% немесе 24 502,6 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіштер өңдеу секторының ел экономикасындағы маңыздылығын айқындайды.
Мемлекет жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуі шарт. Ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек.
Бұл іске кіріспес бұрын ел Үкіметі өңдеу өнеркәсібін дамыту саласына талдау жүргізіп, әрбір сектордың бәсекелі артықшылықтарын және халықаралық нарықта алуы мүмкін орнын айқындады. Белгілі болғанындай, соңғы бір жыл ішінде республика шетелден 47,2 миллиард доллардың дайын өнімін импорттапты. Осы көлемнің жартысына жуығы немесе 20 миллиарды – машина жасау секторының еншісінде. Ары қарай химиялық өнеркәсіпке – 4,5 миллиард, тамақ өнеркәсібіне – 3,8 миллиард, қара металлургия өнімдеріне 2,8 миллиард доллар тиесілі. Осының бәрі болмағанымен, үлкен бөлігін Қазақстан өзінде өндіре алады. Себебі қажетті шикізаттың бәрі өзінде бар.
Осыдан өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін аңғаруға болады: ол ішкі нарықтың мұқтаждығын өтеп, елдің экспорттық мүмкіндіктерін өрістетуі керек.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, ведомство талдау нәтижелеріне жүгіне отырып, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы серпінді инвестициялық жобалардың пулын түзді.
– Ол жобалардың бір бөлігі қазірден белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Тағы бір бөлігі – дайындық кезеңінде. Олар жоғары дәрежеде өңдеуге құрылған кластерлер қалыптастыруға мүмкіндік береді және алдағы уақытта «елдің өнеркәсіптік каркасына» айналады. Біздің министрлік ірі жобалар пулына іріктеу үшін шамамен 20 жобаны алдын ала ұсынды. Олар металдарды терең өңдеуді, ауыр машиналар жасауды, автомобильдердің бөлшектерін және тыңайтқыштарды өндіруді қарастырады, – деген Қанат Бисимбайұлы ақырғы 15 жобаның тізіміне енетін жобаның бәрі мол инвестиция тартатынына және жоғары технологиялы болатынын уәде етті.
2025 жылдың қаңтар айында да оң динамика сақталып, өнеркәсіптік өндіріс индексі 102,3% құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 3,7% өсім байқалды. Өңірлер арасында Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларында едәуір өсу тіркелді. Бұл статистикалық деректер Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамып келе жатқанын және ел экономикасында маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Өңдеу өнеркәсібіндегі тағы бір маңызды бағыт – жеңіл өнеркәсіп. Қазақстанда тоқыма және аяқ киім өндірісін дамыту үшін отандық шикізатты пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Болашақта Қазақстан өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін цифрлық технологияларды енгізуді көздейді. Өндіріс орындарында автоматтандыру, жасанды интеллект және «Индустрия 4.0» технологиялары белсенді түрде қолданыла бастайды. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дайындаған –
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК