Оқу жөнделмей, адамзаттың ұрпағы қалыпты жолға түспейтіні анық. Мектепке келгеннен бастап отаншылдыққа, елін, жерін сүюге баулып жүрміз бе? Еліміздің арғы-бергі тарихын, ата-бабамыздың тәуелсіздікті қалай армандағанын, адам төзгісіз, сұмдық жағдайды басынан өткергенін санасына жеткізе білген жөн. Әлде де тарихымыз дұрыс жазылмай жатқаны ақиқат. Болашақта жазылар деген үмітіміз жоқ емес.
Маған тіпті пән мұғалімдері әдеби, тарихи кітаптарды, газет-журналдар - ды оқымайтын сияқты көрінеді. Ұрпақ алдында ойымыздағы білімді аямай беріп (егер болса), келешектің алдында жүзіміз жарқын болуы керек еді. Ұстаз күнделікті газет-журналды оқымай, әсіресе методикалық материалдарды оқып, жергілікті жерде өтіп жатқан әдеби-мәдени шараларға оқушыларымен келіп қатысып, пікір алысып отырғаны жөн.
Мен Ақтөбе қаласындағы бірнеше кітапханаға, әсіресе балалар кітапханасына жиі барамын. Оқушылардың, ұстаздардың оқу залында отырғанын сирек көремін.
Бір мезгіл білімін жетілдіріп, ұштап, айтар ойын тиянақтап алуы керек ұстаздар қайда? Оқушы шәкіртті «бала ғой, осы не біледі?» деген ойдан арылып, олардың ұшқыр қиялын ұштап, ұстаздың әрбір сөзін, ойын, білімін тексеріп, қажетін алып, ойына қонбағанды тыңдамайтынын білуіміз керек. Ең бастысы ұстазды мойындасын, ол үшін мұғалім білімді болуы шарт.
Мектепте ұстаздар қауымы мен басшылары «ұстаздарды баспасөзге жазылуға мәжбүрлеуге болмайды» деген уәжді үнемі алға тартады. «Оқымасаң, ой тоқырайды» деген даналар. Қазақ баспасөзін оқып, санасын, ойын сілкіп, білмегенін біліп, жаңарып отырғанға не жетсін?! Оқу-ағарту министрлігі ұстаздардың айлығын көтеріп, жағдайын жасауда. Мен өткен ғасырдың 60-70 жылдарында сол кездегі ақшасымен 50 сомға баспасөзге жазылып (қазір тігіндісі бар) оқыдым, кем болмадым. Сен білмегенді басқа біледі, өмірің қанша болса, сонша білім жинау ұстазға керек. Ақтөбеде 80-нен астам мектеп бар, осы мектептердің кітапханаларына бір дана қазақ газеттеріне жазылса, ұстаздар оқыған болар еді. Мен шәкірттеріме «менің бір үлкен арманым бар» десем, олар қандай арман дегендей құлақтары қалқиып елең етуші еді.
– Уақытым болып газет-журналды алаңсыз оқысам дегенімде сондай да арман болады ма екен дегендей таңданып, бірақ мақұлдағандай болатын. Қаладағы Бәйішев атындағы орталық кітапханасында ақын Сәбит Баймулдинның оқулары өтіп жатыр. Осы оқуларға ағарту саласының қызметкерлері, қалалық, облыстық білім басқармасының қызметкерлері қатысқаны жөн еді. Өкінішке орай, олар өте аз келді.
Ұстаз, келешектің, ұрпақтың адам болып қалыптасуына, білімді болуына, ғылымға икемделуіне сіз басты адамсыз, соны ұмытпаңыз!