Біз емес пе ек, оралман кеп оңалған,
Салт-дәстүрді толықтырып жоғалған.
КЕЙ қазағым, айнымайтын томардан,
Бүгін неге шошынады олардан?
Жат жұрттарға жаутаң қағып сан-алуан,
Өз жерінде өгей бала саналған.
Бар мұрадан жұрдай болып тоналған,
Сен өзің де, оралмансың рухыңа оралған.
Айтшы енді, артық нең бар олардан?
Қайран қазақ, қандастарың болмаса,
Солар келіп, олқы ортаң толмаса,
Өзге ұлттар жағаңнан ап жармаса,
Жалтақ кезің созылар ма еді жалғаса?
Бәйтерегің тұрар ма еді жайқалып?
Ол ендігі, кетер ме еді шайқалып?
Сәл кешіксек азырақ,
Дін мен ділден ажырап
Қалар ма едік, тілді жоқтап азынап?
Оралманды жат санаған «бауырым»,
Мойныңа алма, сен қарғыстың ауырын.
Іштен шыққан жансызы деп жауының,
Қарсы болар бүкіл қазақ қауымың.
Қой бауырым, өзіңді ұста алқынба,
Алысам деп қандасыңмен талпынба.
Айыпты боп ата-баба алдында,
Қаларсың сен, мәңгі мәңгүрт қалпыңда.
Ата - жұртта, қонысы бар қонарға,
Оралманның аяғына оралма.
Солар келіп жан бітірген томарға,
Сен тосқауыл бола алмайсың оларға.
Оралманның аяғына оралма,
Кұшақ жайып қолыңды соз оданда.
Ата жұртқа ат арытып келгенде
Бауыр тартар туыс керек оғанда.
Қазағымды халық еткен, Тәңірім!
Танымайтын тарихы мен тамырын,
Томар қазақ, жүргізбесін әмірін,
Кеудесінен итермейтін бауырын.
Аман болсын барлық қазақ бауырым!