Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін! немесе қазақ даласына ағылған «қара шекпендердің» жаңа толқыны

Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін! немесе қазақ даласына ағылған «қара шекпендердің» жаңа толқыны

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі көрші Ресейден елімізге қарай ағылып келіп жатқан адамдар нөпірі туралы болып отыр. Бүкіл халық осыған назар аударып, құзырлы орындардан әлдебір қайран болар ма екен деген үмітпен отырғанда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың «Елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсету керек, заңнамаға сәйкес оларды уақытылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру кажет. Бұл орайда жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды» деген сөзі көпшілікті біржолата түңілдіріп жібергендей болды. Демократиялық қоғамдағы сөз бостандығын пайдалана отырып, азды-көпті қарсы пікірлерімізді айта бастадық. 

Қаламы қарымды журналистердің бірі Мұхтар Түменбай Премьердің сөзіне қарата мынадай пікір айтыпты.  

Межелі уақыт (әкеге хат) | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebieti«Премьер-Министр Әлихан Смайылов осы жолы өзінің мемлекеттік тұлға болмақ түгілі, мемлекет мүддесінен мүлде ада екенін анық аңғартты. Кешегі мәлімдемесінде ол Ресейден қашып келген азаматтардың тіркелуіне және жұмыспен қамтамасыз етілуіне көмектесуіміз керек дегенде ЕАЭО елдері арасындағы келісімшартқа жүгініпті.

Біріншіден, Қазақстан үшін әбден сор болған бұл келісімшартта ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтарының одақ аймағында емін-еркін жүріп тұруы, жұмыс күшінің еркін қозғалысы ескерілгені рас. Алайда ол жерде тіркелуге және жұмысқа орналастыруға КӨМЕКТЕСУГЕ МІНДЕТТІМІЗ деген сөз жоқ. Жұмыс тапса тапты, ал таппаса, көмектесуге міндетті емес ешкім. Олай болса өзге елден келгендерге приоритет беруге еш негіз де жоқ. Демек, Смайылов өз қызметін пайдаланып, сырт елдің, олардың азаматтарының мүддесін заңды белден баса отырып ашық қорғап отыр. Бұл, керек десеңіз, қылмыстық әрекет. Сондықтан мұндай тапсырманы үкіметтің басқа мүшелері орындауға тиіс емес. Тарихтың қара тақтасына жазылып қалғыларың келмесе, ойланыңдар, министр мырзалар. Сіздерде бір ғана бастық бар. Ол –  Заң. Соған сүйеніңдер.

Екіншіден, неліктен, әншейінде үндемейтін Премьер, дәл осы мәселеге келгенде ресми мәлімдеме жасап отыр? Оның себебі, ол қалың жұртшылық арасындағы наразылықты байқады. Және осы сөздерінің арғы жағында қазақ елі қонақжайлылықты ұмытты деген өкпе мен айып жатыр. Сондықтан да арнайылап шығып, осындай тапсырма беруге мәжбүр болдым дегендей. Олай болса Премьердің есіне сала кетейін. Осыдан 8 ай бұрын, Ресей Украинаға баса көктеп кіргенде 10 миллионға жуық украиндық бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Оларды әлем елдері құшақ жая қарсы алды. Сол кезде қазақстандықтар да талай тонна гуманитарлық көмек жөнелтумен шектелмей, зардап шеккендерді осында келуге де шақырған. Келгендері де болды. Ешкім қарсы болмады. Қазір де қарсы болмайды. Өйткені басына қайғы түскен адамға жәрдем беру – қазақтың ежелгі салты. Қазақ мүлде бейтаныс жанға да қол ұшын созады. Ол үшін қазаққа Премьердің нұсқаулығы қажет емес. Алайда қазіргі қаптаған ресейліктер соғыс аймақтарынан келген жоқ. Демек, босқын емес. Оларды қайғы емес осында алып келген. Өз елі алдындағы міндетінен жалтару әрекеті бас сауғалатқан. Оның үстіне, бұлар 20 жыл бойғы имперлік, агрессивті идеология тараған елден келді. Саналары уланған тобыр бұл. Сондықтан да оларға қазақ тарапынан жанашырлықтың болмауы заңды. Қысқасы, дәл осы мәселеге келгенде өз премьерлік пәрменіңізді алыстау бір жерге тығып қойғаныңыз жөн-ау, Смайылов мырза!» – дейді Мұхтар Түменбай.

Осындай қарсы пікірлердің әсері болды ма, әлде ақылы түстен кейін кірді ме? Әйтеуір, Үкімет басшысы ол сөзді «байқамай айтқан екен», яғни айтар ойы, ұстанымы басқа екен. Оған да тәубе дедік...

Әрине, қонақжай қазақ босағасын аттаған мейманның кеудесінен кері итерген емес. Керек десеңіз, үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығарып салатын салтымыз бар. Алайда мына келіп жатқандарды құдайы қонақ деуге келмейтін сияқты. Босқын дейін десең, Ресей жері тыныш тұр. Қашқан-пысқан, ұры-қары дейін десең, кейіп-кеспірлері ондай санаттан ада көрінеді. Ал «өздері де өлгісі келмей, өзгені де өлтіргісі келмей лажсыздан келіп жатыр деп түсіністікке тұрақтай бергенде, бас сауғалап тұра қашқанша өз Отанында, өз президенттеріне азаматтық ұстанымдарын жеткізіп, дүниенің тегершігін шыр айналдырып жіберуге шақ қалып тұрған патшаларына басу айтуға ниет танытпағаны қалай деген нар күмән ойымыз дендеп тұр.

Осындай абыр-сабырдың кезінде біздің Президентіміз оңтүстікке сапар шегіп, рухани астанамыз болып қалыптасады деп күтіп отырған Түркістан топырағына аяқ басты. Сол қасиетті мекенде тұрып, айнала жұрт толық естісін дегендей, руханияттан гөрі саяси салмағы басым сөздер сөйледі. Толық келтіре кетелік: «Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлылық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек». Әдеттегідей бейбітшілікті, тыныштықты көбірек дәріптеді. Бұнысына қарсылығымыз жоқ. Дегенмен мемлекет басшысының осынау сөздері өрекпіген ағайынға басу айтып, көрші-көлемге өз ұстанымымыз бар екенін аңғартқандай болғанымен, арғы жағы белгілі жайдақ сөз секілді сезілді маған... 

Сырттан ағылып келіп жатқан адамдардың нөпірі осылай көбейе берсе, ел ішінде бейберекетсіздік тудыруы бек мүмкін екенін екінің бірі айтып жатыр. Алайда соған құлақ түріп, қара халықтан асып түсіп, парасат-пайымының терең екендігін, әккі саясаткер екендігін көрсетіп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шыға алатын көреген басшыға күніміз түсіп тұрған жайы бар. Аңдап қарасақ, ер сыналар кезең туып келе жатқандай.

Мынау шұбырындыны қазақ даласына ағылған «қара шекпендердің»  екінші әлде үшінші толқынына жатқызарымды білмей отырмын. Біз неге көңілшек бола береміз осы? Кезінде Патшалық Ресей жерінен қазақ даласына ағылған жергілікті жұрт «Қара шекпенділер» деп атаған перселендерді неге ұмыттық? Сол келімсектердің кесірінен ұлы Сібірдің бір бөлігі саналатын тұтас солтүстік аймағымыз шұбарланып шыға келген жоқ па? Күні бүгін Петр мен Павел әулиелердің есімінің құрметіне қойылған қос қала атауын бірін Қызылжар деп, екіншісін Ертіс, Баян деп атауға дізесі дірілдеп отырған жағдайымыздың басты себебінің қайдан келгендігін неге еске алмай отыр Үкімет?

Ал кешегі қандықасап қырғын болған екінші жаһан соғысы жылдары Сталиннің қанды шеңгелі мен қитұрқы саясатының кесірінен қазақ даласы «сенімсіз халықтардың жер аударылатын» ашық аспан астындағы абақтысына айналмап па еді? Сонда келіп табан тіреп қалған адамзаттың ұрпақтары бізден нәсілі бөлек екендігін көзімізге күнде шұқып көрсетіп отырғандығын неге қаперге алмаймыз? «Баршаның баласын бауырға басқан» қазақ сол ақкөңілділігінің кесірінен толыққанды ұлттық мемлекет құра алмай, тәуелсіз ел болса да, соның кесірінен күні бүгін Мәскеудің қабағын бағып, жалтақтап келе жатқандығын неге ұмытамыз осы? 

Алашқа Алла берген тәуелсіздіктің кезіндегі демографиялық ахуалымыз неге жақсармай, өспей отырмыз? Білесіздер ме? 1989 жылғы деректе әлемнің 9-шы ірі территориясы саналатын Қазақстанда 6534616 қазақ болса, орыстардың саны 6227549 адам болған. Бұдан қандай қорытынды шығару керек екендігін, оның салдары қалай болатындығын бұл жерде тарқатпай-ақ қояйын.

Қазақ халқы қашанда даласындай дарқан болған. Алайда сол дарқандығының кесірінен мың өліп, мың тірілді ғой. Жоғарыда айтылған сырттан келушілердің кесірінен күні бүгінге дейін ана тіліміз тұғырына қона алмай келе жатыр. Кезектегі ағылғандардың кесірі тағы да ана тілімізге соққы болып тиері даусыз. Тілімізден бөлек, діліміз де шұбарланып кетті. Қазір қазақтың қыздары «махаббаты жарасқан» кез келген нәсіл өкілімен тұрмыс құрып кете беретін болды. Сол сүйгенінің етегінен ұстап, «шыққан қыз шиден ары» болып құрлық асып кетсе арман не? Қолданыстағы неке заңын пайдалана отырып, өң-түстерін теледидардан ғана көретін адамдарды біздің азаматымыз етіп қатарымызды «молайтып» жатқанына қынжыламыз ғой, шіркін... Сол «дәстүр» мынау Отанын сатып, солдаттан қашып келіп жатқан сақырлаған қалың жігіттерді көргенде «қайта жаңғырмасына» кім кепіл?  

Бір ғана қазақтың қызы САЙРАГҮЛДІ атамекеніне сыйдырмаған билік, есесіне 1 660 000 орысқа төрін ұсынды. «Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды» демекші, шүрегейлерден құтылудың жолы қандай?.. Әлеуметтік желідегі халықтың жанайқайында, үрейінде шындық бар. Өз елімізде үйсіз ағайындардың, жатақханасыз далада қонып жүрген  студенттеріміздің жағдайын кім ойлайды?.. Ресейдегі  қандастарымыз Украинадағы соғысқа барып қыршынынан қиылып жатқан жоқ па? Бұның бәрі халықтың жанайқайы. «ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТПІЗ, КРИЗИСКЕ ҰШЫРАМАҒАН МЕМЛЕКЕТПІЗ, СОЛ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙДА?!»  деген сұрақты да жиі естиміз.  Әрине, мақсатымыз береке-бірлікте. Мемлекет мүддесі – біздің мүддеміз. Біле білгенге бүгінгі бейбіт күніміз бен тұғырлы тәуелсіздігімізден асқан бақ, жетерлік құндылық жоқ. Барымызды бағалайық, айналамызда боп жатқан дүниелерді барлап, АЛЛАДАН БІР-АҚ ТІЛЕК ТІЛЕДІМ: «Қазіргідей геосаяси жағдайда, көршілерімізден тыныштық кеткен заманда бейбіт күннің қадірін түсіне білейік. Алла Тағалам елімізге жар болсын!»

Алаш жеріне қарай ағылып келіп жатқан адамдар, олардың еліміздің қоғамдық, экономикалық өміріне тигізер әсері, үкіметіміздің қауқарсыздығы және Президенттің ұстанымы  туралы сараптамалық материалды газетіміздің алдағы нөміріне оқисыздар... 

 

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
30.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 611
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8756
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8156
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9139
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10370