"Өзгеретін адам ба, әлде заман ба?"

"Өзгеретін адам ба, әлде заман ба?"

Бұл сұрақтың жауабын «Заман талабына сай адам өзгереді» деп қысқа қайырамыз. Алайда осы бір қарапайым сөйлемнің астарында үлкен мәселе жатыр. Шынымен де, адам заманға бейімделе ме, әлде заманның қандай болатынын адамның өзі қалыптастыра ма? Қазіргі қоғамға қарап отырып, бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын.

Бүгінде технология дамып, адамзат бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге қол жеткізді. Ақпарат алу жеңілдеді, байланыс орнату жылдамдады, ғылым мен техника қарыштап дамыды. Бірақ осы дамумен қатар рухани құндылықтардың әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Себебі заман дамып, ілгері тартқан сайын қоғам кері шегінуде. Бұл ащы болса да, шындыққа жақын пікір. Осыдан бірнеше ғасыр артқа көз жүгіртейікші. Хандықтар арасындағы шайқастардың кесірінен тұтас кітапхана қирап кетсе де, ғылымға деген құштарлығын тоқтатпаған ғұламаларды, қараңғылық басқан заманда халқын білімге шақырған ұлы Абайды, қазағын «оянуға» үндеген Міржақыпты, сонымен қатар, XXI ғасыр жастарының жан сырласына айналған Мұқағалиды көреміз. Олар өмір сүрген кезең қазіргі уақытпен салыстырғанда әлдеқайда қиын еді. Бірақ сол заман адамдарының рухани тұрғыдан биік болғанын жоққа шығармаймыз.

Ал бүгінгі көрініс қандай? Қазір том-том кітап оқуға шыдам жетпейді. Тіпті 20-30 минуттық бейнежазбалардың өзін толық көруге ерінетіндер көбейді. Оның орнына TikTok желісіндегі бірнеше секундтық үзінділерге тәуелді болып барамыз. Ойлануға уақыт бөлмейтін, бәрін жеңіл қабылдағысы келетін буын қалыптасып келе жатқандай. Ең қорқыныштысы – біз мұны қалыпты нәрсе ретінде қабылдай бастадық. Рухани жұтаңдықты «заман талабы» деп ақтаймыз. Кітап оқымайтын қоғамды «қазіргі буынның ерекшелігі» деп жұбатамыз. Бірақ осы үнсіздіктің соңы қайда апарады? Барлық дүниеге қолжетімділік артқан сайын адамның да көкке өрлейтін күні туа ма? Ғасырлар бұрын Мағжан сеніп кеткен жастар, біз қайда беттеп барамыз? Жауабы жоқ мыңдаған сұрақтар…

Әрине, қоғамда белең алып жатқан әр олқылықты «заман өзгеруде» деп жуып-шая алмаймыз. Өйткені қай дәуір болмасын, таңдау жасайтын – адам. Өзгеге еріп, аяғыңды аспанға көтеріп жатсаң да, күн-түн демей дамып, жетілсең де өз еркің. Демек, мәселе заманда емес, адам баласының сана деңгейінде жатыр.

Біз болашаққа асығып барамыз, бірақ сол жолда адам болып қалуды ұмытпауымыз керек. Себебі қоғамның ертеңі тікелей біздерге байланысты. Дәл осы тұста бойға үрей сыйлайтыны – заманның өзгеруі емес, адамның өз өзгерісін байқамай қалуы.

Аяулым РЫСҚАЛИ,

Алматы қаласы, №181 ЖББ мектептің 

11-сынып оқушысы

 

02.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26349
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25790
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43186
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38988
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43585