Полигонмен күрескен аптал азамат

Полигонмен күрескен аптал азамат

«Елінде қария болмаса,

Жастары болар диуана», – депті от тілді, орақ ауызды Махамбет бабамыз.

Еліне қадірлі қария – Бейсен Жақанұлы ағамыздың атақ-даңқын газет-журналдарға шыққан мақалалары арқылы білгенімізбен, кездесудің сәті осы жолы түсті. («Ештен кеш жақсы» дегендей...)

90-нан асқан қария әлі тың екен. Кезінде өзі сабақ берген, жастары 80-нен асқан оқушыларының ортасында әңгіме айтып, жайдарлы отырды. Көптен көрмеген, жастай сыртқа кеткен жастар ескі қорымдар туралы, онда жерленген аталары жайында Бейсен ақсақалдан сұрап алып жатты.

Жасында өзіне қарайласқан, кейіннен қолында болған шешесі – Алтын әжеміз Қаракесек руының қызы екен. (Бейсен ағаның әкесі Жақан атамыздың туған інісі Әбдірдің жұбайы.) Сол себепті Қаракесек руына жиенмін деп, ауылдың өздеріне тән әдемі қалжыңдарымен тыңдаушыларды күлкіге қарық қылып отырды.

Енді Бейсен Жақанұлының ғұмырнамасына көз жүгіртіп өтейік. «Сүйегі оның асылдан» демекші, арғы аталарының даңқ-абыройына тоқталмай-ақ қоялық. Өзімізге етене жақын кешегі 1928-1931 жылдары болған Адайлар көтерілісі кезінде жақын ата-ағалары Желтау арқылы түркімен жұртына өтіп кетеді. Сол   жақта  жүріп, өсіп-өніп, туған топырақтарына 1967 жылдары қайтадан ат басын тірейді. Бұл ұзақ хикая... Келген ағайынның көші-қондарын күтіп, алып қоныстандыру жағында елдің қадірменді ақсақалдарымен бірге жас мұғалім – Бейсен Жақанұлы да жүрген еді.

Өткен тарихына оралар болсақ, ұлтымыздың ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы анасына түрмеден жазған хатында:

«Оқ тиді жүрегіме,

Он үшімде...» – дейді ғой (Әкесі Шолақ айдалып кеткен уақытын еске алып). Сол айтқандай, Бейсен ағамыздың да жүрегіне тағдырдың оғы төрт жасында қадалған болатын. Әкесі Жақан мен туған інісі Әбдір 1937 жылы «халық жауы» болып, ұсталып кетеді. Басында хаттар келіп тұрған екен. Сібірдің біраз жерлерін айтып жазыпты хаттарында. Сәкен Сейфуллинмен бірге отырғанында айтыпты. Кейін хаттар сап тыйылған. «Халық жауының» отбасы ретінде, әрине, шетқақпайлаулар болады ғой. Бала Бейсен де осындай әділетсіздікті көріп өскен еді.

1941 жылы туған ауылындағы мектепке барады. 1942 жылы Қаражар сегіз жылдық мектебі жабылып қалады. (Соғысқа байланысты болса керек. Жас бозбалалар әскерге алынып жатты емес пе?) Бейсен ағамыздың шешелері елмен бірге мал шаруашылығын өркендету үшін Сам құмына көшіп барады. Ақсақалдың айтуынша, Самда жаңадан монша және басқа да мемлекеттік кеңселер салынған екен. Өкініштісі, ғимараттарға пайдаланған құрылыс материалдары сол маңдағы қорым-молалардың тастары еді. Мектеп парталарына да, молалардың бастарына аты-жөндерін білдіретін плиталарды пайдаланған көрінеді.

Бейсен ағай он бір жасынан бастап ауылдық жерлерде болатын жұмыстардың барлығын атқарады. (Мал бағу, трактор айдау т.б. жұмыстар) Ол кезде арнайы заңдармен балаларды жұмыстарға пайдалану болмаса да, жұмыстарға салғандары рас еді. Сол себепті Бейсен Жақанұлы қазір Еңбек және Тыл ардагері. 1948 жылы Ақтөбе қаласындағы кезінде мемлекет қайраткері болған Ұзақбай Құлымбетовтер оқыған педагогикалық училищеге оқуға түседі. Жақсы үлгерімінің арқасында көзге түсіп, училище директоры Молдашов шақырып, өткен-кеткен тарихын сұрап, көмек ретінде костюм, шалбар, бас киім, аяқ киім береді. Бұл сол кездегі басшылық қызметтерде болған ел ағаларының жетімдерге көрсеткен қамқорлықтары десек те болады. Ол кезде «халық жауларының» отбасыларын қорлап, мазақтаулар тым көп болғанын архив материалдарынан оқып, біліп жүрміз. Сталин өлгеннен кейінгі саяси жылымықты пайдаланып, елінде білімді ұстаз, мұғалім болып абыройлы қызмет жасап жүрген Бейсен Жақанұлы 1959 жылы Мәскеуге күштік құрылымдарының басшыларына хат жазып, анасы Алтынмен ақылдасады.

Сонда Алтын әжеміз: «Мен асарымды асадым. Сотталсам, мен сотталайын, хатқа мен қол қоямын», – деп қолын қойып, хат тиісті жерлерге жолданады. Айға жетпей Мәскеуден хабар келеді. Ақтөбе облысының тиісті мемлекеттік органдарына жіберілді. Хабарды солардан аласыз деген... Сөйтіп, қажырлы ізденуден соң әкесі Жақан, ағасы Әбдір қайтыс болғаннан кейін ақталады. «Шыны керек, аналарым да, біздер де «Кебенек киген келеді. Кебін киген келмейді» деген қағидаға сүйеніп, тірі екен деп, өзімізді өзіміз жұбатып жүрген едік! Сөйтсек, екеуі де 1943 жылы қайтыс болған дейді. Істі болған құжаттарын қарап отырсам, «Бай болды» депті. Басқа қылмыстары жоқ. 1927 жылдары жаңадан құрылған колхозға мүше болып кірген екен. Байлықтарын біздер көрген жоқпыз...» – дейді Бейсен аға!

 

Қалдайбек және Тасқарада болған термоядролық 

жарылыстарды

тоқтату үшін күрес

 

Бейсен Жақанұлы 1988 жылдан бастап, (Невада – Семей «антиядролық қозғалысы. 1989 жылы ақпанда құрылды. Басшысы – О. Сүлейменов) Қаражардан алыс емес, Қалдайбек деген шағын ауылдың іргесіндегі термоядролық жер асты полигонының қоршаған ортаға, жергілікті тұрғындарға келтіріп жатқан зардаптарын айтып, облыс басшылары мен табиғи ортаны қорғау мекемелеріне үсті-үстіне хаттар жолдай бастады. Әрине, облыс басшылары өздіктерінен шешім қабылдай алмайтын болғандықтан, үнсіз қалуды жөн көреді. Мұғалім, педагог, мектеп директоры қызметінде жүріп, 1988 жылға дейін республикалық «Қазақстан мұғалімі» және «Қазақстан мектебі» басылымдарында мақалалары шығып жүрген еді. Полигон жөніндегі ой-пікірлері талайларды үркіткені белгілі.

Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді азамат ретінде жариялылықты пайдаланып, ауылынан небәрі 24 шақырым жерде болып жатқан, бүкіл адамзат баласының қасіретіне айналған ядролық жарылыстардан запа шеккен жұртының мұң-зарын жоғары билікке жеткізуге бел байлайды. Халық арасында «Қалдайбек жарылысы», ресми құжаттарда «Тасқара жарылысы» деп аталады. 1989 жылы сәуір айында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жариялық жетіспейді» деген мақаласы шыққаннан кейін Бейсен ағаның қолдаушылары да көбейеді. Ядролық тажалмен күресу үшін сол кезде атақ-даңқы төрткүл дүниеге жайыла бастаған «Невада – Семей» қозғалысының белді мүшесі болады. Барлық жиындарына әлі күнге дейін қатысып келе жатыр.

Кез келген саяси маңызы бар істердің басында идеяға берік, сауатты, батыл азаматтар жүреді ғой. Сол сияқты полигонға байланысты күрестің аясында өзінің шәкірті, күрескер азаматтардың бірі Серік Ерғали «Жем» қозғалысын құрды. Кедергілерге қарамастан көптеген еңбектер жасалды. Кейіннен дәрігер, Жоғары Кеңестің депутаты болған марқұм Ізімғали Көбенов антиядролық «Ақтөбе облысы және Батыс аймақ» деген қозғалыс құрды. «Жем» қозғалысынан бастап, 20 шақты мүшелері бар еді. Кейін бытырап кетті.

Ағамыз полигонға байланысты бірнеше кітап жазып шығарады. Алғашқы кітабы «Қасірет пен Сенім» деп аталады. Ақтөбе облысы мен Батыс аймақтардағы полигонға байланысты жазылған мақалаларды топтастырып, шығарған. Ізімғали Көбенов көп жәрдем жасаған еді. Екінші кітабы «Термоядролық жарылыстан басталды» деп аталады. Термоядролық жарылыстың зардабынан бүгінде Қалдайбек ауылының күлі мен жұрты қалды.

Қаражар ауылының өзінен 100-ге жуық адам айықпас дерттердің құрбаны болыпты. Бейсен Жақанұлы осының барлығын нақты деректермен облыс басшыларының атына хат жолдап, баяндайды. Үшінші кітабы «Семей сапарынан» деп аталады. Семей қаласында өткен барлық ғылыми конференцияларға қатысып, батыс аймақтарда болған жарылыстардың халыққа келтірген зияндарын биік мінберлерден дүниеге паш етеді. (Семейде 500 жарылыс болды деп жүрміз. Ағылшын зерттеушісі 600 рет жарылыс болды депті. Семей конференциясында. Батыс аймақтардағы жарылыстар саны 400 болса, 21 жер бетіндегі жарылыстар екен).

Бейсен ағамыздың айтар әңгімелері өте көп екен. Өлке тарихынан да мол хабары барлығы көрініп тұр. Бір әңгімесінде сол өлкеге белгілі Тұрыш ахунның зиратын 1942 жылы партия комитетінің бір хатшысы (аты-жөні белгілі) моланы бір кісіге қаздырып, аштырады. Қазушы адам қабірдің бетіне жапқан плитасына келгенде, әрмен қарай қазғысы келмей: «Әділетсіздік болатын болды-ау», – дегенде, әлгі хатшы шолақ мылтығын шошаң еткізіп, «Аш!» – деп бұйырған екен. Кейіннен партия қызметкері қиын жағдайда қайтыс болған деген сөздер ел аузында айтылып жүрген еді. Бейсен Жақанұлымен қысқа ғана тілдескен едік. Соның өзінде көптеген ғибратты сөздер естіп, біраз байып қалған болатынбыз. Алматыдан алыс, шалғайдағы Қаражар ауылында осындай кемеңгер қарттың барлығына «шүкір» дедік.

Түйін: Байғанин ауданының жұртшылығы Бейсен Жақанұлының 90 жылдық мерейтойын аудан көлемінде атап өткен еді. Тәуелсіздіктің алдындағы ерен істері мен ерліктері туралы естелік, әңгімелер айтып, білмейтін жандарды таңғалдырыпты. Аудан азаматтарының аузында жүрген тағы да бір әңгіме – аудан халқының айлықтарына қосымша 25 пайыз экологиялық үстеме қаржыны да төлеуге міндеттеген Бейсен Жақанұлының жанқиярлық еңбегі екен. Сөз соңында айтарымыз – Ақтөбе облысының басшылары 93 жастағы күрескер қарияның еңбектерін бағалап, мемлекеттік жоғары марапаттарға ұсынса, әділетті болар еді.

Әлі күнге елінің көркеюіне атсалысып келе жатқан қарт күрескер кез келген жоғары марапаттарға лайықты.

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,

Алматы – Ақтөбе – 

Қаражар – Алматы

 

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27534
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27041
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44384
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40128
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44724