Полигон зардабын тартқан азаматтарға жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет.
ҚР Президенті Қ. ТОҚАЕВ
Жақында «Семей ядролық полигоны» қоғамдық қорының, «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек ӘБДІКӘРІМГЕ жолығып, әңгімелескен едік.
Президент жеңілдіктерді жүзеге асыруды тапсырған
– Болатбек Исаұлы, Тәуелсіздік алған 1991 жылы 29 тамызда еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы ядролық қару-жарақтан бас тартқан бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танылды. 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жарияланды. Бұл ұсыныс БҰҰ тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Содан бері не өзгерді?
– Семей ядролық полигон ауданында 1949 жылдан 1991 жылға дейін 450-ден астам жер үсті және жер асты сынақ өткізілді. Ол жердегі ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі. Осылайша, 40 жыл бойы әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңына айналған Семей полигоны біржола жабылды. Содан бері 33 жыл өтті. Жылдар жылжып өтсе де атом бомбасының зардабын тартқан халық лайықты қолдауды көрмей отыр.
2019 жылдың сәуір айында Семейге жұмыс сапармен келген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы керек. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік көмектердің көлемін анықтаймыз. Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет» деп қадап айтып, осы мәселені Үкімет деңгейінде қарауды тапсырған. Алайда Семей полигонының зардабын шеккен халық әлі де лайықты қолдауды ала алмай келеді.
1992 жылы 18 желтоқсанда «Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды. Кейін бірнеше бапқа өзгертулер енгізілген. Тіпті оның өзі толық орындалмады. Ядролық сынақтардың зардабын тартып отырған жұрт, отыз жылдан асты, осы мәселені билікке айтумен келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету деңгейі тым нашар. Полигоннан келген кеселдерден халық айығып кетпейтіні анық. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жатқан кесел қаншама!
Алысқа бармайын. Мен де ол жылдары Аягөз қаласында тұрдым. Полигон аймағындағы Абыралы, Шұбартау топырағында 13-14 жасымнан бастап шөп шауып, жұмыс істедім. Тажал ошағында жарық дүниенің есігін мүгедек болып ашқан сәбилерді көзім көрді. Жазықсыз ұрпақтардың кемтар болып туылғанына біз кінәліміз. Төбесінен атом жауып тұрса да, соған 40 жыл бойы үнсіз төзіп келдік. Енді судың да сұрауы бар. Осы зардаптардың жолын жоюды қарастыру керек.
Сынаққа қарсы күрескен батырлар
– Семей ядролық полигонына сол сынақ жүргізіп жатқан жылдары қарсы шыққан азаматтар болды емес пе?
– Әрине, елі үшін, халқы үшін күрескен аяулы азаматтар болды. Олардың есімін кейінгі ұрпаққа біз, үлкендер, айтуға тиіспіз. Себебі олар бұл қасіреттің тарихын терең біле бермейді.
Ядролық қару сынағын қолдамаған саяси көшбасшы, жазушылар, ғалымдар болды. Солардың қатарында Семей полигонының қазақ халқына тигізген зардабы туралы Мұхамедғали Сужиков, Кешірім Бозтаев, Медеу Сәрсеке, Андрей Сахаров, Бахия Атшабаров айтып, жазып, қарсы болған. Танымал жазушы Медеу Сәрсекенің «Семейдің қасіреті» атты деректі тарихи кітабы үш тілде жарық көрген.
Кезінде алғашқы кеңестік сутегі бомбасын жасаған ғалым, Кеңес Одағының физигі, КСРО Ғылым академиясының академигі, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Дмитриевич Сахаров ядролық бомба сынақтарының зардабын көрген кезде сутегі бомбасын жасаған жұмысына өкініп, бас тартады. Сол кездегі президиумға «Мына полигонды жабу керек, бұл халыққа зиян» деп айтқаны үшін қуғынға түседі. Кеңестік марапаттарынан айырылып, Мәскеуден жер аударылады. 1986 жылы Кеңес Одағында билік басында отырған Михаил Горбачев батыс мемлекеттерінің қысымына ұшырап, А.Сахаровты Мәскеуге қайтаруға рұқсат беруге мәжбүр болады. М.Горбачевке Андрей Сахаров полигонды жабу керектігін айтады.
Сол жылдары қазақтың қайсар азаматтары Кешірім Бозтаев, Меңдіғали Сужиков сияқты ағаларымыз осы өзекті мәселені көтеріп жатады. Осы азаматтар халыққа жанашыр боламын деп қуғын-сүргінге түсіп, қызметінен айырылады. Сондықтан олардың жасаған ерлік істерін сәл таратып айтып өтейін. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін.
Семей полигонын жаптыру туралы хатқа қол қойған алғашқы қазақ КОКП-ның сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болатын. Полигонның қасіретін Кеңес Одағының бірінші басшысына батыл айтқаны жөнінде журналистің жазған мақаласынан дерек келтіруге болады. СОКП ОК-нің Бас хатшысы Михаил Горбачевқа дереу хат (шифровка) жазып, «Тәуекел. Мен сол хатқа өзім қол қояйын» деген К.Бозтаевтың хатының тарихын журналист В. Пигаваев 2010 жылдың 9 шілдедегі «Казахстанская правда» газетінде «Под грифом, «Совершенно секретно» деген мақаласында жазады. Журналист ол заманда Мәскеуге мұндай қарсылық пікірі бар хат жазудың өзі үлкен ерлік екенін айта келіп, К.Бозтаевтың хатының мәтінін келтіреді.
Журналист алдымен мақаласын «Міне, бір кездері Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Кешірім Бозтайұлы Бозтаев қол қойған Семей сынақ алаңында атом қаруларын жарып сынауға қарсы жазылған мына хаттың Мәскеуге жөнелтілгеніне де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті» деп бастайды. Осынау шифрлы (құпия) хатты Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы К. Бозтаев 1989 жылы 20 ақпанда КПСС Орталық Комитетінің Бас Хатшысы М.С.Горбачевке жолдайды. Онда былай деп жазады: «Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитеті СОКП ОК-не мына жағдайды хабарлайды: 340 мың тұрғыны бар Семипалатинск қаласына таяу жатқан сынақ алаңында 1949 жылдан бері ядролық қару сынақтары жүргізілуде. Бұл сынақтар әуелі ауада, сосын 1963 жылдан бастап жер астында жүргізілуде.
Қазір арада 40 жыл өткенде бұл полигонның айналасындағы жағдай мүлде өзгерді. Яғни, полигон қалың ел орналасқан аймақтың қақ ортасында қалды. Ал бұл жағдай сынақтар жасау барысында еш ескерілмеуде. Бұл маңда жылына 14-18 ядролық жарылыстар жасалады, олар осы жердегі ғимараттар мен инженерлік желілерді істен шығарып, жүздеген, мыңдаған адамдар, басқа да жан-жануарлар ауырып, су ішетін құдықтар бұзылуда. Сонымен қатар, полигон аймағындағы топырақ қабаты қатты өзгеріске ұшырауда, әрбір үшінші жарылыс сайын жер бетіне радий белсенділігі жоғары газ тарайды, оны тоқтату іс жүзінде мүлде мүмкін емес.
Ядролық сынақтар туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер таратылып, тұрғындар арасында моральдық-психологиялық күйзеліс байқалуда және олардың осының бәрін сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес.
Осындай ауыртпалық жағдайға алаңдап отырған облыстық партия комитеті СОКП ОК бұл жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сиретуді, одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді.
Хат дәл сол күні М. Горбачевтің үстелінің үстінде жатады. Көп ұзамай КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, әскери-өнеркәсіп комиссиясының төрағасы И.С.Белоусов бастаған Үкімет комиссиясы да келіп жетеді.Міне, бұл Семейдегі ядролық полигонды жабудың бастамасы ғана еді» дейді автор.
К.Бозтаевтың 1992 жылы «Семей полигоны», 1995 жылы «Қайнар қасіреті» кітаптары жарық көреді. Кешірім Бозтаев халықтың тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп, тәуекел етсе де, бұл істі көппен бірлесе жүріп істедік дейді. Полигонға қарсы шыққан, сол күресі үшін Семей облыстық партия комитетінің І хатшылығынан алып тастаған Мұхамедғали Әленұлы Сужиков ел жадында. Ол арнайы құрылған, кейін жоғарғы жақтың қысымымен таратылған экспедицияның арқасында Саржал, Қайнар, Қарауыл елді мекендеріндегі сыртқы даланың, тамақ өнімдеріндегі радиоактивтілікті зерттегенде, оның мөлшері, әсіресе, қой еттерінде, сүт өнімдерінде ерекше жоғары екендігі байқалады. Осыларды және басқа мәліметтерді республиканың жетекші маманы С.Балмұхановтан білген М.Сужиков обкомның бюро мүшелерінің келісімін әзер дегенде алып, Семей полигонындағы атом және термоядролық қаруды сынаудың зардаптары туралы 1959 жылы КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.И.Беляевке құпия ашық хат жолдаған. Мұхамедғали Әленұлының өзі айтқандай, «халық өліп жатқанда үндемей, үнсіз келісіп, әрекет етпей отыра алмаған». Семей полигонындағы сынақтарға қарсы шыққаны үшін Мұхамедғали Сужиковті елу жасқа толар шағында қызметтен кетіреді.
Кезінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына қатысты деген желеумен еш еңбегі сіңбеген адамдар марапатталды. Уақыт өзі кімнің батыр екенін көрсетті. Игілікті істің ерте-кеші жоқ. Әңгімеге арқау болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Кешірім Бозтаев, Медеу Сәрсеке, Мұхамедғали Сужиков, Бахия Атшабаров сынды азаматтарға Қазақстанның Еңбек Ері атағын берсе, аруақтар бір аунап түсер еді. Әр қалада Семей полигонынан құрбан болған және зардап шеккендерге гүл шоқтарын қоятын ескерткіштер ашу керек.
Шетелдерден түскен қаржыдан зардап шеккендерге 1 тиын да бұйырмады
– 1989 жылғы 28 ақпанда белгілі ақын Олжас Сүлейменов басқарған ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей» антиядролық халықаралық қоғамдық қозғалысы ұйымына Дүниежүзілік ұйымдардан, АҚШ және басқа мемлекеттерден қомақты қаражат түскенін білеміз. Ядролық сынақтардан зардап шеккендерге сол қордан көмек көрсетілді ме?
– Кеңес Одағының бірінші басшысы М.Горбачев сол кезде Н. Назарбаевқа қоңырау шалып: «Осы мәселе жөнінде дабыл көтеретін адамды тап!» – деп тапсырма береді. Ол – ақын, дипломат Олжас Сүлейменов. Ақынның «Невада-Семей» қозғалысын ашуы биліктің айтуымен болған. Расында да қорға жиналған қомақты қаржыдан Семей ядролық жарылыс сынағынан зардап шеккендерге бір тиын да бермегені жанға батады. Семей атом полигонын жабу үшін күрескен, жоғарыда тілге тиек еткен Семей облыстық партия комитетінің І хатшысы Кешірім Бозтаев өзінің «Семей полигоны» атты кітабында: «Олжастың одан кейіндегі «ұлылығы» – қозғалысын акционерлік қоғамға айналдырып, Семей полигонынан тауқымет тартқандарға, басқа да мұқтаждарға көмек көрсетеміз деп арнаулы қор ашып, оған 2-3 жылда жиналған миллиардтаған доллардан семейлікке жарты доллар да бұйыртпай, өзара бөліске салып, қордың «қайраткерлері»: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Беренбаум деген жемқорлардың миллиардер болып шығуларына жол ашқаны» деп жазады.
Олжас Сүлейменовтің Семей полигонын «мен жаптым» деп өзімшілдікке салуы және аманатқа берген қаржыға қиянат жасаған ісін өз басым құптамаймын. 1991 жылы шетелдер демеушілік қолдау жасап миллиондаған қаржы аударған. Сыртқы істер министрлігінде және елшілікте істеген адамдар Олжастың қомақты қаржы алғанын біледі. О.Сүлейменов бұл ақшаны «Еуразиялық банкке» берді деген сөз бар. Ақ-қарасын іздесе табады ғой. «Еуразиялық банк» алса, сол ақшаны сол кездегі пайызымен халыққа қайтадан қайтарсын. Бұл қаражат Семей полигонынан зардап шеккен азаматтардың ақшасы. Олжастың қасында жүрген адамдар осы қаражатты спортқа, әдебиетке, мәдениетке жұмсадық дейді. Мен оларға «Берілген қаражаттың спортқа, мәдениетке не қатысы бар? Полигоннан зардап шеккен халықтың 60 пайызы келісім бермей, ол ақшаны жұмсауға құқықтарың жоқ» деп айттым. Бұл – жемқорлық. Қазір жемқорлық мәселесі көтеріліп жатыр.
Екінші мәселе, 1991 жылы егемендік алған кезде Ресей мемлекеті қазақ мемлекетіне өтемақы ретінде 13 миллиард рубль берген. Осы ақшаны қайтару керек. Мен өткенде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесіп, осы мәселені ашық айттым. Үкіметтегілер маған «Сендер көпсіңдер» дейді. Мен «Көп болғанымыз үшін біздің кінәміз жоқ. Біз өмірге келгенімізде көзімізді ашпай жатып, тажал полигонның аузына тығып жібердіңдер. Екі қолы жоқ Кәріпбек Күйіков бауырымыз сияқты кемтар болып, психикалық дертке шалдығып қор болған қаншама адам бар. Полигонның маңында тұрған халық әлі күнге дейін зардабын тартып келеді» деп ащы шындықты айттым.
Мен Олжаспен 2014 жылы кездескенде, ол маған: «Менің жасым ұлғайды, сен жассың ғой, мына істің қыр-сырын білесің, мені осылай алдап кетті, сол ақшаны халыққа қайтарып бересің ғой» деп сенім арта ма деп ойладым. Бірақ олай болмады. «Полигонды мен жаптым» деп, тұңғыш Президентті аузына да алмады. Маған бұл сөзі ұнамай қалды. Мен оған «Қазақтың мақал-мәтелімен айтайын «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп текке айтпаған. Сіз жалғызсыз. Жалғыз Олжас кім? Ешкім емес. Екі миллион қазақтың азаматтары бірігіп жапқан полигонды мен жаптым деп айту ұят. Ер адам халыққа істеген нәрсесімен мақтанбас, өз-өзін дәріптемес болар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп ұлы Абай айтқандай, халық үшін, ел үшін істеген еңбегіңді бұлдауға болмайды» деп бетіне айттым.
Қоғамдық ұйым әділеттілік салтанат құру үшін құрылды
– «Семей ядролық полигоны» қоғамдық қорын құруыңызға не себеп болды?
– Аталмыш қоғамды құруға бірнеше мәселе себеп болды. Халық үміт күткен «Невада-Семей» антиядролық халықаралық қоғамдық қозғалысының жұмысы саябырсып қалды. Полигоннан зардап шеккен халық сол баяғы аянышты халде қалды. Осыларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек бергім келді. Өзім де соның кермек дәмін таттым.
2007 жылға дейін осы жағдай арқама батса да, іштен тынып келдім. «Семей-ЯП»-ты ашуға әрекет жасауыма алдымен себепші болған жағдайды айтайын. 2002 жылы «Валют-транзит банкте» директордың орынбасары болдым. Полигоннан зардап шеккендерге бір реттік өтемақы берілетін болды. Соны алу үшін маған туған жерім Аягөз қаласына барып, растайтын құжат жинап әкелу керек болды. Барып-қайтқаныма 60000 теңге ақша кетті. Келіп құжаттарымды өткізгеннен кейін мен өтемақыға небәрі 24000 алдым. Сонда мен 36000 шығын шығарамын. Ойлап көріңізші, 20 жылға 1200 теңгеден 24 мың теңге ақша аламын. Сонда үкімет бізді мазақ етіп отыр ма, ақымақ етіп отыр ма? Бірінші басыма тиген мәселе осы болды.
Екіншіден, 1984 жылы 34 жасымда құлақ кереңдігінен 3-топтағы мүгедектікті беріп тұрғанда, «мүгедек» деген сөзден намыстанып алмадым. Сол кезде мен мүгедектікті алсам, жәрдемақы алып, ірі қалаларда көлікте тегін жүру жеңілдігіне ие болушы едім. Астанаға қоныс аударып, жұмыссыз қалып, қиыншылық көргенде мүгедектікті алайын десем, маған бермейді. Бұдан бөлек Семей полигонынан зардап шегушімін десем, керек қылмайды. Осындай мәселемен әкімнің, министрдің атына шағым хат жазып, «менің кеселімнің диагнозын қойып, дәлелдеп, маған 3-топтағы мүгедектікті бермесеңдер, мен сендерді прокуратураға, халықаралық біріккен ұйымының сотына беремін» дедім. Сөйтіп, 3-топ мүгедектігін алдым. Құлақ 70 пайыз естімесе де, 2-топтағы мүгедектікті ала алмай жүрмін. 2006 жылдан бері Астана қаласы тұрғын үй кезегіне мені тұрғызбайды. Менің Семей полигон сынағының салдарынан мүгедек болғанымды елемейді. Ол жылдары «Зейнеткер емессің» дейтін еді. 2018 жылы зейнетке шықтым. Зейнетке шығу үшін тағы сергелдеңге түстім. Кеңес одағы тарап, тәуелсіздіктің алғашқы жылында мекемелер қаңырап қалып, бүкіл құжатты отқа жаққан. Соның салдарынан еңбек кітапшамда 47 жыл еңбек өтілінің 3 жылы ғана көрсетілген. 43 жыл жоқ. Сонымен соттасып 30 жылымды дәлелдеп, 60000 теңге зейнетақыға әзер қол жеткіздім. Құжаттарға ие болмау – Үкіметте жұмыс істеген адамдардың салғырттығы. Жалғыз мен емес, көп адам бейнет шекті. Міне, осындай жағдайлар туындап, 2007 жылы менің Қазақстан Республикасы «Семей-ЯП» қоғамдық қорын құруыма түрткі болды. «Семей-ЯП» атауы «Семей ядролық полигоны» деген мағынаны білдіреді. «Семей-ЯП» қоры – полигон төңірегіндегі ядролық сынақтардан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында құрылған қор. Осы қорда 17 жылдай жұмыс істеп келемін.
– Сөзіңізді бөлейін, сіз «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің де төрағасысыз. Бұл қоғамға қалай келдіңіз?
– Өзім мүгедек болған соң, жарымжан жандардың тағдырына да жаным ашыды. «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1996 жылы құрылған. Өзім мүгедек болғаннан кейін аталмыш қоғамның жиналысына, шараларына қоғамдық кеңес мүшесі болып қатысып жүрдім. Қоғамның жұмыстарына барлай қарасам, Семей полигоны мүгедектеріне ешқандай көмегі көрінбеді. Мен алқа кеңесі төрағаларымен кездесіп жүргенде мүгедектерге қатысты қоғам құрғым келетінін құлаққағыс еткен едім. Сол жылы «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» төрағасы 90-ға таяп қалған кісі болатын. Соның орнына барсаң қалай болады деп ұсыныс жасаған соң, келістім. Сөйтіп, 2016 жылдан бері Астана қаласы мүгедектер қоғамы» бірлестігінің төрағасымын. Оның кеңсесі бар, соны алдым. Сол кеңсенің ішінен полигоннан зардап шеккен азаматтар мен мүгедектерге, көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға шағын баспахана, тігін цехын аштық. Мүгедектер қолөнер бұйымдарымен айналысады. Елордадағы сапаржайда және С.Сейфуллин көшесіндегі мекемеде кеңсеміз бар. 2013-тен бері Астана қаласының әкімдігі және Жұмыспен қамту орталығының қолдауымен мүгедектер, Семей полигонынан зардап шеккен 30-40 адамды жұмысқа аламын. Оларға мемлекеттік бағдарламамен ай сайын жалақы төленеді. Кейбірінің бізде бар жұмысты істеуге кәсіби білімі жоқ. Жалақының мардымсыздығынан біразы басқа жұмысқа ауысады. Дегенмен қасымда өз ісіне берілген он шақты адам бар.
Мүгедектердің де өз мұңы жетерлік. Өткен дәуірде 1, 2, 3-топтағы мүгедектерге денсаулығына байланысты жағдайын жасаған. Қазіргі кезде 1-2-топтағы мүгедектерді назарға алады да, 3-топ мүгедекті лақтырып тастайды. Мен бұл жағдайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездескенде айттым. Мысалды алыстан іздемей, өз басымдағы жағдайдан келтірейін. Біріншіден, мен 46 жыл еңбек өтілім бар зейнеткермін, екіншіден, 3-топтағы мүгедекпін. Сонда мен зейнеткерліктен бөлек мүгедектігіме де жәрдемақы алуым керек.
Экологиялық тазарту жұмысы неге жүргізілмеді?
– 2022 жылы Алматыда Семей полигонындағы соңғы ядролық жарылыс күніне арналған халықаралық конференция өткенін білемін. Конференцияға қатысқан қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, ғалымдар, мәдениет өкілдері ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдардың мәселесін және оларды қорғайтын заңды қайта қарау қажеттілігін айтып, Үкіметке, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне жүгіну туралы шешім қабылдап еді. Содан шыққан нәтиже бар ма?
– Бұл мәселе сөз жүзінде қалды десем, қателеспеймін. Билік осыншама жыл халықтың жан дауысын естімей, көңіл бөлмей отыр. Көңіл бөлсе де, айтылған сөз аяқасты қалды. Мемлекеттік қызметте отырған жастардың полигоннан хабары жоқ. Біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жағдайды айтсақ, олар «Біз тек заңға бағынамыз» дейді. Бұдан шығудың бір жолы – полигоннан зардап шеккендер туралы заң нормаларына өзгерістер енгізу керек немесе мүлде жаңа заң қабылдау қажет.
1992 жылғы 18 желтоқсанда «Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бүгінде ол заңның күші жоқ. Енді жаңа заң қабылдау үшін петицияға 50000 адамның қолын жинау керектігі талап етілуде. Нақтырақ айтқанда, әр адам өзінің полигон сынағына қатысқанын көрсетіп, жеке үнін қосу үшін қол жинауға атсалысу қажет. 50 мың адамның қолын жинасам ғана ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа кіріп, 1992 жылғы Семей полигоны және мүгедектер туралы заңды /Ресей пен жапон елінің заңындай/ түбегейлі өзгертуді өтіне аламын. Семей полигонында ядролық сынақ жарылысынан зардап шеккен 50000 адамның қолын жинау деген ақылға сыймайды. Солай деп айтуға негіз бар. Себебі 1949 жылдан бастап осы қасіретті тартқан, көзі көрген куәгерлердің көпшілігі өмірден өтіп кетті. Біразы өмір сүруге бейімі жоқ мүгедек болып қалды. Семейге бара қалсаң, әсіресе, полигонға жақын ауылдарға жолыңыз түссе, ауру, мүгедек болып қалған тұрғындарды көресіз. Біз шұрайлы жерімізден ғана емес, тұтас бір ұрпақтан айырылдық. Сондықтан біз әлеуметтік мәселелеріміздің толық шешілуін талап етеміз.
Мысалы мен Семей полигонынан 20 жыл зардап шектім, демек мен ай сайын өзіме тиесілі өтемақы алуға тиіспін. Өтемақыны Семейдің басында, полигон маңайындағы елді мекенде тұратын адамдар ғана алуға тиіс емес. Бала кезінен ядролық жарылыс болған жерде туып, көзбен көргендер басқа мекенге көшіп кетсе де, зардап шегуші болып танылып, өтемақы алып, белгілі бір әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізетін заң қабылдау керек.
40 жыл жарылыс болған жерімізді бүкіл әлем біледі. Ал біздің қазақстандықтар полигон жабылғаннан кейін бұл жерді «экологиялық таза» деп айтады. Мәселен, Жапонияда Хиросима мен Нагасакиде ядролық бомбалаудан зардап шеккендерге мемлекет ай сайын 100 доллардан асатын өтемақы, атомдық сәулеленуге байланысты ауруларды емдеуге арналған арнайы медициналық төлем және денсаулық төлемін жасап отыр.
Кейінгі ұрпақтар аталары мен әкелеріндей зардабын тартпасын десек, елдің жердің, табиғатын экологиялық тазарту жағын қайтадан қозғау керек.
Қазіргі кезде бізге халықаралық деңгейде болсын демеушілер керек. Қаражат көзі табылса, Семей полигоны мүгедектеріне емдеу орындарын, сауықтыру орталықтарын, шағын мекеме ашу жоспарда бар. Адамға қайырымдылық жасаумен қоса рухани азық берудің маңызы зор. Мен «Дала әуендері» атты театр және Тәттімбет, Абай, Мәди, Қасым, Мұқағали сияқты қазақтың маңдайалды тарландарын насихаттайтын орталық құрып, болашақ ұрпақты ізгілікке тәрбиелегім келеді.
– Рухани дүниені айтқаныңызға қарағанда, әдебиетке, өнерге жақын сияқтысыз.
– Руханият әлемін кім сүймейді?! Бала кезімізден көркем дүниемен сусындап өстім. Мамандығым жоғары білімді инженер-механик болса да, кітап жазамын.
Әр жылдары «Өмірге құштарлық», «Жазылмаған өлең, айтылмаған сыр», «Ғайни», «Жазмыш. Болмыс. Тағдыр» атты кітаптарым жарық көрді. Республикалық «Ғажайып Қазақстан» газетінің тілшісімін. Ғылыми конференцияда жасаған баяндамалар да бар.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың ортасында жүргендіктен, туындыма мүгедектер тағдыры да өзек болған. Алда әрі қыруар шаруа күтіп тұр.
– Болатбек Исаұлы, сіздің алға қойған жоспарыңыз көп сияқты ғой...
– Ана жолы елімізде су тасқыны болған кезде Үкіметте отырған ығай-сығайлардың өз жұмысына немқұрайлы қарайтыны байқалды. Бұрындары халықтық бақылау деген болған. Осы сияқты бақылау құрып, әр ауданда, қалада тұрғылықты бөлімшелер ашылып, халықтың ақшасы дұрыс бөлініп отыр ма, соны бақылау керек.
Мен «Жаңару» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысын басқаратын Оралбай Әбдікәрімнің жемқорлыққа қарсы күрес қозғалысына мүше болып кіргелі отырмын. Ондағы мақсатымыз – жолымыз, ойымыз бір жерден шықса, бірлесіп жұмыс жасау, ақыл кеңес беру. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, жемқорлар ақшаны көргеннен кейін талан-таражға салады. Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқан жақсы күндерге біз жетпесек те, ұрпақтар жетсе дейміз. Жасымыз пайғамбар жасынан асып, Семей полигоны, мүгедектер мәселесін өз көзімізбен көріп, дәлелдей алмай жүргенде ертеңгі ұрпақтар дәлелдей алмайды. Сондықтан мен бұл мәселені заң жүзінде дәлелдеп, шегелеп жеткізгім келеді. Соны қадағалайтын – халықтық бақылау қоғамы. Үкіметтің шешпеген мәселесін шешсек деген үміт. Алла тек ісімізді оңдасын!
Сұхбаттасқан –
ЖҰЛДЫЗ ТОЙБЕК,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
ҚР Ақпарат саласының үздігі