Президент Жолдауы елдің қолдауына ие болғай!

Президент Жолдауы елдің қолдауына ие болғай!

1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы халқымыздың көкейінде жүрген, азаматтар көптеген кездесулерде жиі қозғап жүрген мәселелердің түйінін тарқатты.Иә, елімізде шешімін күткен мәселелер көбейіп тұр. Сондықтан Президенттің жаңа Жолдауын көптеген ел тұрғыны асыға күткені рас. Ел Президентінің бұл Жолдауы халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, шетелдік инвесторлардың жауапкершіліктерін арттыруға, адам өмірінің қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдағы түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге, халықтың мүддесін жақсартуға бағытталған. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың болашағын ойлау деп білеміз. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Атом электр стансысын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы. Референдум – азаматтық қоғамның беделі мен халыққа деген сенімнің көрсеткіші. Бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының форматы. Тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатуда. Бүгінде миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді. Осы орайда азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырды. «Amanat» партиясы бұл жұмысты бастап та кетіпті. «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік. Еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырыпты. Президент бұл жобаны Үкіметпен бірлесіп іске асыруды тапсырды. Біз ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының Жолдауға көрсетіп жатқан қолдауын назарларыңызға ұсынбақпыз. Үкіметке зор жауапкершілік жүктелді Жанболат Жөргенбаев, Парламент Сенатының депутаты: «Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауылшаруашылығы саласындағы түйткілді шаруалардың бірқатарына тоқталды. Су үнемдеу бойынша бірнеше бастама көтеріп, еліміз үшін судың тапшылығы қай кезде де маңызды мәселе екенін, оңтайлы шешу жолдарын жіті қарастыру қажеттігін ескертті. Президент айтқандай, тіршілік нәрі судың нарқы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігін құруы маңызды қадам, өте орынды шешім дер едік. Себебі Парламент Сенатында ауылшаруашылығының ақсап тұрған саласы ешқашан назардан тыс қалған емес. Су тапшылығы мәселесін Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары үнемі айтып, көтеріп жүр. Өткен екі шақырылымда Үкіметке депутаттық сауал арқылы жолдап, өз ұсыныстарын да жазбаша жолдады. Енді айтылып, жазылып жүрген ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру мәселесінің түйіні шешіледі. Ирригация жүйесіне қатысты атқарылған ауқымды жұмыстар да жоқ емес. Алайда негізсіз құрылған жобалардың шаруалардың жұмысына кері әсер еткені де жасырын емес. Елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп, құрғақшылық қысқан сайын күш алып келеді. БҰҰ мәліметтері бойынша 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Енді құрылған жаңа министрлік осы мәселе бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарады деп сенім білдіреміз. Біз өз тарапымыздан заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуге дайынбыз. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе Мемлекет басшысы: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», – деді. Расында да, мол өнім аламыз десек, жердің жағдайын жақсарту керек, тыңайтып, тұқымды жаңалап, озық технологияны қолдану қажет. Президент алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу керектігін тапсырды. Мемлекет басшысының келтірген дәйегі бойынша елдегі ауылшаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет екенін міндеттеді. Шаруалардың қолын байлайтын бір кедергі осы техниканың ескілігі. Тозығы жеткен темір тез сынғыш келеді. Диқандар сынған техникамен қалай мол өнім өсіріп жинай алады? Әлеуметтің әлеуетін арттыру да күйіп тұрған мәселенің бірі. Жолдауда Президент келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Соңғы үш жылда ең төменгі жалақы мөлшері үш есеге көбейді. Соның нәтижесінде Жолдауда айтылғандай, 1 миллион 800 мың адам, оның ішінде 350 мың бюджет қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға серпін береді. «Жол қадірін жүрген білер» дейді. Инфрақұрылымның иі қанбай, илеуі кемшін соғып тұрған саласының бірі – күре жолдың кем-кетігі. «Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет», – деді Президент. Қай облысқа барсаңыз да, шалғайдағы ауыл, ауданның жолының барлығы талапқа сай дей алмаймыз. Сондықтан Үкімет мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр».

Жолдауда көп нәрсе айтылды

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ерлан Саиров: «1. Қазақстанның экономикасы «голландиялық ауруға», шикізатқа тәуелділікке ұшыраған. Бұл проблемадан құтылмай, еліміздің экономикасын толыққанды дамыту өте қиын. Сондықтан Президент Тоқаев өнеркәсіптің төртінші, бесінші бөлінісіне өтіп, елімізде өнеркәсіп өндірісін жаңа заманға сәйкес дамыту үшін нақты ұсыныстар, тапсырмалар берді. Ол үшін мемлекеттік реттеу және осы салаға салықтық, басқа да жеңілдіктер қарастырылған. АЭС бойынша бүкілхалықтық референдум өтеді. Бұл оңды шешім. Халық үшін түйткілді мәселелер бойынша халықтың шешімі қажет. 2. Қазақстанда су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Су мәселесі, жалпы планетарлық мәселе, біздің еліміздің халқы бұл проблемаға қазірдің өзінде тап болып отыр. Бұл мәселені шешудің көптеген жолдары айтылды. Ең негізгісі, су мәселесімен кешенді түрде айналысатын Су шаруашылығы және ирригация министрлігі құрылады. Бұл өте дұрыс шешім. 3. Қазақстанда салынбай, сақалды құрылысқа айналған көптеген жол тараптары бар. Республикалық маңызы бар Қалбатау – Майқапшағай трассасы, Атырау облысындағы Атырау – Астрахань, басқа да жолдарының құрылысы ондаған жылдарға созылып кетті. Жалпы, еліміздегі республикалық, облыстық деңгейдегі жолдардың жөнделуі, эксплуатациялануы қанағаттанарлық емес. Осы мәселелерді кешенді шешу үшін Көлік министрлігі құрылады. Ең басты жаңалық, Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2024 жылдан бастап 85 мың теңгеге жетеді. Бұл шара халқымыздың 1,8 млн азаматтарының өмір сүру дәрежесіне тікелей, нақты жақсы әсер етеді. Бұл мәселені біздің көтергенімізге бірнеше жыл болды. Өйткені Қазақстанның төменгі жалақы деңгейі Африка елдерінің дәрежесімен тең болатын. Енді, төменгі жалақы деңгейі Ресейден артық болады. Бұл өте қомақты нәтиже! Бұл мәселе еліміздегі орташа жалақының тағы өсіп, халқымыздың өмір стандарттарының жоғарылайтындығының айғағы!».

Алға қойған міндеттер таудай...

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов: «Президент 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін арттыру керек деді. Бұл осы көрсеткішке байланған бірқатар әлеуметтік қолдауды, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды қолдаудың қаржылық көлемін арттырады. Президент ел болашағы жастар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қолдау мен қорғау сұрақтарына ерекше мән берді. Қолжетімді, сапалы білім беру, салауатты өмір салтын ұстануға толыққанды жағдай жасау сияқты өзекті бағыттар қамтылған. Ал жастарға қамқорлық таныту – жарқын болашаққа жасалған басты қадам. Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толығымен қолдаймын және бәрі өзімізге, яғни халқымызға байланысты деп ойлаймын. Біз қазір алға қойылған міндеттерді іске асыруға біріге отырып кірісуіміз керек».

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
07.09.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1064
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7106
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10958
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7173
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7317