«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп үн қатқан Абай бабамыз – ұлтының рухани тамырын жаңғыртқан, қазіргі заманмен үндестірген әлемдік деңгейдегі ғұлама

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»  деп үн қатқан Абай бабамыз – ұлтының рухани тамырын жаңғыртқан,  қазіргі заманмен үндестірген әлемдік деңгейдегі ғұлама

Әр халықтың өзіне ғана тән рухани көшбасшысы, данышпан данасы, бағыт берер темірқазығы болады. Бәрі де асыл сөз, ой жауһарынан басталады. Әне, сондай киелі сөз өнерінің тізгінін ұстаған, парасаттың биігінен көрінген ұлы тұлғамыз – Абай Құнанбайұлы. Туғанына 180 жыл толып отырған хакім Абайдың даңқы аспандап, мәртебесі жоғарылап, күн өткен сайын жарық жұлдыздай нұрын шашуда. Абай – қазақтың жазба әдебиетінің қайнар көзі. Өзіне дейінгі ақын-жыраулар бір төбе. Абай – формалық және мазмұндық жаңаланудың айшықты көрінісі. 

 

«Абай – біздің рухани тірегіміз, ақыл-ойымыздың темірқазығы. Оның мұрасы – ұлттық құндылықтарымыздың алтын арқауы. Біз Абайды ұлықтау арқылы өзімізді, болмысымызды тереңірек танимыз. Сондықтан Абай институтын Конфуций, Гёте, Сервантес сияқты әлемдік мәдени-ағарту орталықтарының үлгісінде дамыту – маңызды міндет».

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінен

 

Оның поэзиясы түрленген тың дүние. Өлеңге сыймаған, өмірден жинаған терең ой мен тегеурінді тұжырымдарын қарасөз арқылы тәпсірлеп таратқан әр жолы афоризмге айналған проза. Оның 45 қарасөзі – адамдық құндылықтарды құныттап тізген, кесіп-пішіп кеңес берген кемелді тұжырым. Батыс пен шығыстың маңдайалды мықтыларын сүзіп шығып, ой жарыстыра жазған аудармаларының дені авторынан асып түсіп жатқан, көркемдік көкжиегімізді кеңейткен інжу-маржанға айналды. Шығарған ән мен күйі шымырлап бойды тербейді, бірде шыңырау шыңға ұшырып қалықтатады. Енді бірде, тұңғиық тереңге батырып үстіңе сан түмен салмақты салып, әлсіз болсаң езетін, мығым болсаң қайрайтын әуендер еді. 

 

Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толған мерейлі мерекені ел болып атқару баршамыздың перзенттік парызымыз. Себебі Абай тойы – ұлттың рухани түлеуінің өзегі, қазақтың жоғалтқанын қайта тапқан, ұмытқанын қайта еске салған тарихи белес. «Той тойламақ не керек?» дейтін бықсыма пікірді өрбітіп отыратын да адамдар жетерлік. Мұндайда орыс тарихшысы В.О.Ключевскийдің: «Данышпан адам әрбір ұлтқа қажет! Оның мерейтойын өткізу – ұлттық қажеттілік. Ұлының жүрегіне үңіле отырып, біз ұлтымыздың өткенін талдаймыз, бүгінгі күніне баға береміз, сондай-ақ күні ертеңгі даму болашағымыздың бағдарын анықтап, шешім қабылдаймыз» деген сөзі еске түседі.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі 

 

Абай өнердегі өзгеше ерекшеліктерімен қоса, өз заманының қайраткері. Қиыр жайлап, шет қонған көшпенді халқын өнерге, білімге, ғылымға жұмылдырған, көсем еді. Ол болыс болды, қара қылды қақ жаратын әділ би болып қарашаның мұңын тыңдап, халықтың жағында болып, қисайғанды түзетті, үзілгенді жалғады. Есесі кетіп жүрген әлсізге жақ болды. Дақпырты шарықтап жүрген даңғойлардың мысын басып орнына қойды. 

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы әлемнің әр түкпірінде атап өтіліп, насихатталып жатыр. Сөзімнің басында айтқанымдай, Абайды білген жұрт Қазақстанды тануда. Қазақты естіген ел Абайдың даналық биігіне көз салып таңғалып жатыр. Ақордадан берілген пәрмен, көтерілген ұран Отанымыздың түкпір-түкпіріне жетіп, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін елең еткізді.

07.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16105
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31273
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29905
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33471