1 наурыз күні әлемдік ақпарат көздері Күрдстан жұмысшы партиясы басшылық құрамының атысты тоқтату туралы үндеуін жариялай бастады. Негізінде Түркияда түрмеде отырған КЖП-ның басшысы Абдулла Ожалан 27 ақпан күні мәлімдеме жасап, Күрдстан жұмысшы партиясын тарату керектігін, әрі бұл шешімі үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алатындығын айтқан еді. Арада бірнеше күн өткенде КЖП-ның басшылары бұл мәлімдемені қолдайтындығын, бұдан былай КЖП-на бағынышты барлық қарулы күштердің ешқандай шабуылға ұшырамау шарты астында атысты тоқтататынын әрі Абдулла Ожаланның басшылығында қаруларын тастап, тарайтындығын хабарлады. Сонымен қатар, КЖП Түркия Үкіметінен Ожаланды босатуды және оның ендігі жерде қалыпты жұмыс істеуіне және өмір сүруіне рұқсат беруін талап етті.
Күрдстан жұмысшы партиясы – террористік ұйым
Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін Күрдстан жұмысшы партиясы туралы қысқаша мәлімет бере кеткенді жөн көрдік. КЖП ең әуелі 1970 жылдары «Анкара отаншыл демократтарының жоғары білім бірлестігі» негізінде өмірге келген. Алғашында студент жастардың басын қосқан бұл бірлестіктің көлемі жылдам кеңейіп, Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі күрдтер жиі қоныстанған аймақтарға қанат жайып, ресми ұйым ретінде қалыптаса бастайды. Оның негізін қалаушылардың арасында Абдулла Ожаланның есімі айрықша аталады. Абдулла 1948 жылы 4 сәуірде туған. 1971 жылы Стамбул университетінің заң факультетіне оқуға түседі де, көп өтпей Анкара университетінің Саясаттану факультетіне ауысады. Оның саяси белсенділігі университетте оқып жүргенде басталса керек. Студенттер арасында құрылған бірлестіктен саяси партияға айналған бұл ұйым 1978 жылы 27 қазанда «Жұмысшы» партиясының тәуелсіздік декларациясы ресми түрде жарияланды, әрі ұйым атауын «Күрдстан жұмысшы партиясы» деп тұрақтандырды. Партия коммунистік идеология негізінде құрылғанымен, басты мақсаты күрд ұлтшылдығы еді. Сондықтан оңшыл ұйымдармен жиі қақтығыстарға ұшырап отырған. Партия ресми түрде құрылғаннан кейінгі кездегі ресми билік тарапынан жасалған қудалау мен қатаң бақылау шараларына байланысты Абдулла Ожалан шетелдерге бой тасалап, партия істеріне алыстан жетекшілік етумен айналыса бастайды.
Аталмыш партияның негізгі мақсаты тәуелсіз күрд мемлекетін құру еді. Әрі бұл мақсатқа жету үшін олар қарулы қақтығыстар жасау, террорлық шабуылдар ұйымдастыру, әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, саяси тұлғаларға астыртын шабуылдар ұйымдастыру сынды күрес жолына түседі. Солардың қатарында 1979 жылы Мехмет Джелал Бучак «шаруаларды қанады» және «жаумен ымыраласты» деп айыпталады. КЖП тарапы оны өлтіруге әрекеттенді, бірақ сәтсіздікке ұшырайды. Бұл жұмысшылар партиясының қоғамда алғаш рет лаңкестік қимылға араласуы еді. Бұл әрекет Түркияның саяси экстремистік топтары арасында кескілескен көше шайқасына себеп болады. Ресми деректерде 1978-1982 жылдар аралығында Түркияның Ұлттық қауіпсіздік мекемесі 43 мыңнан астам лаңкестік әрекетті тіркеген екен. Қақтығыс кезінде Түркияның бұрынғы премьер-министрі Нихат Элим 1980 жылы өлтірілді. Сол жылы әскери төңкеріс шарықтап барып басылады. КЖП-ның тұтқындалған мүшелерінің алды өлім жазасына кесіледі, қалғандары мерзімді қамау жазасын алады. Көптеген азаматтар шетелге қашады.
Бұдан кейінгі жерде КЖП өз қимылдарын Ирак, Иран, Сирия елдері аумағында жалғастырады. Сол елдерде база құрып, Түркия әскерлерімен қақтығыстарға барып отырған. Түркия ресми билігі бұл бассыздыққа үнсіз қарап қалған жоқ. Қажетті кезінде шекара сыртында әрекет етіп жүрген лаңкестерді құртумен айналыса бастайды. Сонан бері өткен жарты ғасырға жуық уақыт ішінде КЖП бірнеше мәрте «қару тастайтындығын», «райларынан қайтатындығын» жариялап, Түркия үкіметімен мәмілеге келуге талпынған. Алайда уәделерінен қайтулары да тез болған көрінеді. Олардың бір реткі «атысты тоқтау» туралы үндеуіне қарата Режеп Тайып Ердоған: «Атысты тоқтату деген сөз – мемлекеттер арасындағы қақтығыстарға қатысты айтылатын термин, ол бір топ лаңкестердің қолданатын сөзі емес!» – деп жауап берген екен.
КЖП-ның төрағасы Абдулла Ожалан 1999 жылы Греция, Кения қатарлы елдердің қауіпсіздік мекемелерінің селбесуі нәтижесінде қолға түседі. Түркия билігі оны өлім жазасына кеседі. Алайда Ожалан Еуроодақтың адам құқығын қорғаушы ұйымдары мен соттарына арыздана бастайды. Еуропалық ұйымдардың араша түсуіне байланысты Түркия үкіметі шешімін өзгертіп, Абдулла Ожаланды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кеседі. Ол сонан бері Мәрмәр теңізіндегі Имрали аралындағы түрмеде қамауда отыр. Әлемдік БАҚ-тарда кешеден бері таралып жатқан ақпараттарда «2012 жылдан бері қарай түрік үкіметі Ожаланмен байланысқа шығып, Түркиядағы күрд мәселесін шешу үшін «бейбітшілік процесін» алға жылжыту жөнінде келіссөздер жүргізіп келе жатыр», – деп жазды.
Ердоғанның емеуріні
КЖП-ның мәлімдемесі тарала салысымен саясаттанушылар арасында, енді Түркияда бейбітшілік орнайтын күн алыс емес деген сарындағы болжамдар айтыла бастады. Біздің ойымызша, Түркия билігі бұл мәлімдемеге қатты желпініп кеткен жоқ. Президент Режеп Тайып Ердоған сөз арасында қысқа қайырып, биліктің ұстанымын жеткізді. 1 наурыз күні Стамбулдағы Долмабахче сарайында шейіттердің отбасыларының қатысуымен ауызашар қонағасы ұйымдастырылған. Осы шараға жұбайы Әмина Ердоғанмен бірге келіп қатысқан Президент, дүйім жұрттың алдында сөз сөйледі. Түркия Президентінің ресми сайтында жарияланған толық мәтіннің қысқаша мазмұны мынадай...
– Қырық жылдан бері еліміз үшін адами және экономикалық шығыны ауыр болған мәселені шешу мүмкіндігін елемеу немесе «бір уыс» лаңкестің қабағына қарап отыру Түркия сияқты елге жараспайды. Бұл туралы ешкімде күмәндану немесе алаңдаушылық болмасын! Түркия терроризммен күресуде тек біздің аймақта ғана емес, әлемдегі ең қуатты, қабілетті және төзімді ел болып есептеледі.
Тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүруді қаншалықты жақсы көрсек, қасиетті деп санайтын құндылықтарымызға, азанымызбен бейнеленген иманымызға, туымызбен бейнеленген Отанымызға, ең қымбат мемлекетіміздің өмірі мен мүлкіне, әсіресе мемлекетіміздің қауіпсіздігіне және меншігіне жасалған ең кішкентай шабуылға немесе қысымға бірдей ымырасызбыз.
Әрине, қайшылықтарды шешуде кездесуге, өзара диалогқа, ымыраға келуге басымдық береміз және солай істейміз. Бұдан былай біз өшпенділік, қақтығыстар мен шиеленістердің орнына өзара сыйластық, төзімділік пен диалогты сақтаймыз, бірақ біздің созған қолымыз ауаны бос қармап қалса немесе оны біреулер қауып алатын болса, темір жұдырығымыздың әрқашан дайын екенін ескертемін. Біз бұрын төңкеріс жасаушылардың арасында ФЕТО (Фетхулла Гүлен қозғалысын айтып отыр) және басқа да террористік ұйымдарға дейін, елімізде империалистердің қолдарынан жасалған шабуылдармен бетпе-бет кездескенде қажетті рефлекстерді көрсете алмаған шығармыз, бірақ мұндай Түркия енді жоқ. Керісінше, бүгінде күшті, қуатты, әсерлі, әр салада мүмкіндігі мол Түркия бар!
Түркияның тек өз азаматтары үшін ғана емес, әлемдегі барлық жәбірленген және зардап шеккен халықтар үшін де жарық жұлдызға айналғанын атап көрсеткен Президент Ердоған ары қарай Түркияның өркендеп келе жатқан ахуалына да тоқталып өтті.
«Егер лаңкестер берген уәделерін бұзса, бейбітшілікке ұмтылу процестерін кідірту, кешіктіру, алдау, атауларын өзгерту және қалағанын жасау сияқты шығыстық айла-шарғыларға көшетін болса, онда бізді жазғыра көрмесін! Қажет болса ең соңғы лаңкестің басы иығынан домалап түспейінше тоқтамаймыз!» – деді Ердоған.
PS: Күрдстан жұмысшылар партиясы Қазақстанда да террористік ұйым ретінде танылған топ. Оны АҚШ, Еуроодақ бастаған көптеген елдер террорлық ұйым ретінде мойындайды. Тек Ресей үкіметі ғана өз позициясын ашық білдірмеген. 1978 жылдан қазірге дейінгі 48 жыл уақыт ішінде, КЖП-ның ұйымдастыруымен болған лаңкестік әрекеттер мен қарулы қақтығыстар салдарынан, ұзын саны 40000-нан астам адам ажал құшыпты...
КЖП-ның кезекті мәлімдемесінен кейін Президент Ердоғанның жауабы биліктің нақты шешімін айқындағандай болды. Ал, партия төрағасы Абдулла Ожаланды босату және қуғынға ұшырамау шарты астында КЖП-ға бағынышты партизандық ұйымдардың қару тастауы, партияның таратылуы сынды шарттар төңірегінде әзірге процестер басталмағанға ұқсайды.
Ерқазы Сейтқали