Мәжілісте депутаттар сырттан 345 млн еуро қарыз алу туралы заң жобасын мақұлдады. «Алмақтың да салмағы бар»,– дегендейін, енді Үкімет алдағы 11 жыл бойы осы қарызды қайтарумен айналысады, оның ішкі және сыртқы экономикамыз үшін үлкен сынақ болары да сөзсіз. Журналистердің осы тақылеттес сауалдарына вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Қарызды еріккеннен алып отырған жоқпыз. Мұндай қарызды ала алмай отырған мемлекеттер де бар. Қаржы 11 жылға берілді. Өз есебіміз бар. Бұл қарыздың зиянынан гөрі пайдасы көбірек. Себебі бүгінде экономикамызға қажетті әдістемелер мен іс-қимылдар бар. Егер біз бұл заң жобасын қабылдамайтын болсақ, ертеңгі күні зейнетақымыз бар, әлеуметтік төлемдер бар, Жаңа Қазақстандағы өзгерістерді күтіп отырған қазақстандықтар бар, солардың барлығы тоқырауға ұшырайды. Денсаулық сақтау, білім саласы сияқты бюджеттік құрылымдардың айлығын да шектеуге хақымыз жоқ. Сондықтан тәуекел етіп шешім қабылдадық», – деп, журналистерді сендірмек болды.
Ал депутат Қайнар Абасов: «Қазір бюджеттің тапшылығы бар. Ал оны шешудің жолы – қарыз алу. Қаржылық дефицитті шешу үшін Үкімет осындай қадамға барды. Біз бюджет тарапынан қаржыланып отырған құрылыстардың тиісті деңгейде атқарылуын бақылау керектігін де айттық. Есептеуде, жоспарлауда қателіктер жіберу әсерінен көп жобалардың «сақалды» құрылысқа айналғаны белгілі. Тексеріс жүргізгенімен, оның шешілуі екіталай. Сондықтан қосымша қаражат көздерін қарастыра отырып, бұл мәселені қысқа мерзімде шешу керек. Ол үшін әлгі «сақалды» құрылыстардың себебін анықтап, ары қарай экономикалық тиімділігі бар-жоғын есептей отырып, қаржы қарастыру керек. Халықтың қаржысын тиімсіз пайдаланған мердігерлерге шара қолданып, бастаған құрылысты бітіруге мәжбүрлеу керек. Бұл жердегі мәселе – шығынды азайту емес, табысты көбейту. Халықтың табысын арттыру үшін мемлекеттен кіші және орта бизнесті дамытуға көмек қажет. Мысалы, дамыған мемлекеттер экономикасының 70-80 пайызын осылар құрап отыр. Өкінішке қарай, бізде бұл көрсеткіш өте төмен, 20-30 пайызға да жетпейді. Егер еліміздегі халық саны 20 миллионға жуық болса, ал кәсіпкерлер саны 1,5 миллионға жетіп жығылады. Бұл көрсеткіш 4-5 есе артық болу керек еді. Екі жол бар: бірі – жалпы кәсіпкерлікті дамыту арқылы табысты көбейту немесе ақылы жұмыс істейтіндердің айлығын көбейту. Мұның барлығы бизнестің ғана емес, халықтың да табысын арттырады. Әрине, қателіктер өте көп. Әсіресе, ауылдағы кәсіпорындар мәселесі. Ең бірінші олардың экспорттық әлеуетін арттыру керек. Әлем бойынша жеріміз 9-орында деп айтамыз ғой. Бірақ біздегі бір кемшілік – халық санының аздығы. Соған сай ішкі тұтыну да төмен деңгейде. Көрші Өзбекстанның өзінде 40 миллионға жуық халық тұрады, Ресейде 150 млн халық бар. Олармен салыстырғанда, біздің потенциал бойынша тұтынуымыз нормадан төмен. Сондықтан Қазақстанның нарықтағы экспорттық әлеуетін дамыту маңызды. Үкімет тарапынан қабылданып отырған өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерін, мақта, киім бұйымдарын экспорттау – негізгі мәселе. Мысалы, өндірілген 20 млн тонна бидайдың бәрін іштей толық тұтына алмаймыз ғой. Оның 1/3 бөлігі ғана жеткілікті болады. Ал қалғанын экспортқа шығару керек. Экспорт әлеуеті артқан кезде кіші және орта бизнес те қатар дамиды.
Жалпы, қазіргі азық-түлік нарығындағы дисбаланс біздің импортқа тәуелділіктен туындап отыр. Және біздегі ішкі өндіріс өте төмен деңгейде. Егер біз тұтыну себетін алатын болсақ, елдегі азық-түлік бағдарламасының басым көпшілігін импорт құрап отыр. Біздің күнделікті қажеттілігіміз ұн мен нан ғана емес қой. Елімізде өсімдік майына, етке экспортқа шектеу қойылды. Оның барлығы – ауылдағы табыс. Яғни малын 500 мыңға сата алатын шаруа қазір оны 100 мыңға сатуға мәжбүр. 180 мың тонна өндірілген экспорттауға болатын бидайды 100 теңгеден сата алмай отыр. Яғни ішкі нарық оны толықтай қамтамасыз ете алмайды. Егер сол өнімді өндірушінің табысы мол болса, ол тиісінше сапалы, қымбат өнім алады. Бұл экономикаға да әсерін тигізеді. Қазір етті ғана экспорттай аламыз, ал мал басы экспортына үкіметтен шектеу әлі бар. Майлы дақылдарға да солай. Ал бидайға шектеу қыркүйек айында ғана алынды. Өкінішке қарай, ол кеш алынды. Өнім шыққан кезде оны сату керек. Әйтпесе ол тоқырауға ұшырайды. Өткен жолғы отырыста осы мәселені шешуге қатысты депутаттық сауал жолдадық. Біздің айтқанымыз – салықты ғана көбейте бермей, мүмкіндік жасау. Экспорттық әлеует ішкі өндірісті дамытуға бағытталуы тиіс. Бұл жерде кешенді жұмыс жүру керек. Бірақ бұл жердегі басты кедергі – біздің экономикаға қажет қаражаттың тапшылығы. Оны екінші деңгейдегі банктен қаржыландырмау үшін үкімет қарыз алуға мәжбүр. Тек бізді: «Сол қарызды қайтаруда біздің әлеуетіміз жете ме?» деген күмәнді сұрақ мазалайды», – дейді. Қалың жұртшылықты алаңдататын да осы сауалдың жауабы десек, артық айтқандық болмайды.