Ауыл – ел жүрегі. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, әрбір қазақ үшін ауылдың алар орны ерекше. Ауылдардың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Сондықтан ұлтымыздың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі саналатын ауыл-аймақты дамыту мақсатында бірнеше жоба іске асырылып келеді.
Ауыл тұрғындарының табысын көтеруге бағытталған жоба «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы атауымен 2019 жылы еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл жерінде сынақтан өткен болатын. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген пилоттық жоба бертін келе «Ауыл – ел бесігі» атауымен жалғасып, бірден өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Биыл сәуір айында атқамінерлер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті.
Ендеше, төменде ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария және туризм салаларындағы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы айтып өтпекпіз. Бұл туралы бізге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндап берді.
Қ.Мәдібектің айтуынша, жыл басынан бері ауылшаруашылығы саласында 57,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 4,6 миллиард теңгеге артқан екен. (2022 жылы – 52,9 миллиард теңге).
Ауылшаруашылығы дақылдары 770,4 мың гектарға орналастырылып, 14,4 мың гектарға ұлғайған. Әсіресе өңірде қант өндірісін дамытуға аса мән беріліп отыр.
– Мысалы, қант қызылшасы алқабының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға ұлғайтып отырмыз. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз.
Егістік тұқымына тоқталар болсам, облыста 10 аттестатталған субъекті жоғары репродукциялы тұқым өндіреді. Шаруаларды сапалы жоғарғы репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен 12 түрлі күздік бидай дақылы 8 шаруашылықтың егіс алқабына себіліп, сынау тәжірибесі жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге қаржы бөлінді. Жалпы осындай ғылыми жұмыстарды жүргізе отырып, 2025 жылға облысты 100 пайыз жоғары сапалы тұқыммен қамтуды көздеп отырмыз. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 89,8 мың тонна тұқым толығымен қамтамасыз етілді.
Көктемгі дала жұмыстарына 6893 ауылшаруашылығы техникалары жұмылдырылды. Бұл жұмыстарға бөлінген 15,5 мың тонна дизель отынының 14 мың тоннасы 204-214 теңге аралығында таратылды. Биылдан бастап қажетті дизель отынына өтінім Gosagro.kz жүйесі арқылы электронды түрде қабылданады.
Шаруалардың назарына бір мәселені жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта мемлекетке қайтарылған жерлердің ашық және әділ бөлінуін бақылау үшін АGROSPACE ауылшаруашылығы өндірушілерінің платформасы құрылатын болады. Бұл платформа жеке кабинет негізінде жайылымдардың жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Жалпы, жер пайдаланушылар осы платформаны пайдалана отырып, ауыспалы егіс деректерін бақылай алады. Тіпті есептеулер жүргізіп, субсидия да ала алады. Сондай-ақ өрістердің жай-күйін бағалай алады және сақтандыру жағдайларын тіркей алады екен.
Келесі жылдан бастап шаруалар жерлерінің ресми құжаты болған кезде ғана мемлекеттік қолдау алуға өтінім бере алады.
Облыс әкімінің орынбасары биыл облыстағы ауылшаруашылығы техникалары 12 пайыз жаңартылатынын да айтып өтті.
– Мал шаруашылығы саласында ет өндірісі – 2,1, сүт өндірісі 1,5 пайызға артқан екен. Ал мал саны 4,8 миллион басты құрап, 2,1 пайызға өсті. Бұдан бөлек, 2023 жылы қолдан ұрықтандыру жұмыстарына пилоттық жобаға енген 10 ауданның 24 ауылдық округтеріндегі мүйізді ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға 100 миллион теңге қаражат бөлінді.
Бұл жұмыстар Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірлесіп атқарылып келеді. Бүгінде 424 бас МІҚ қолдан ұрықтандырылды.
Аталған елді мекендерде қолдан ұрықтандырушы ветеринар мамандар бекітіліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Облыс бойынша қолдан ұрықтандырылатын жеке қосалқы шаруашылықтағы нақты мүйізді ірі қара малының аналығы саны – 5886. Нәтижесінде қолдан ұрықтандырылған аналық мүйізді ірі қара малынан 70-75 пайыз асылтұқымды төл алу күтіліп отыр, – деген Қ.Мәдібек агро сала жайлы да әңгімелеп берді.
Агро салада биылғы жылы су үнемдеу технологияларын енгізу, сүт өнімдерін өңдеу, көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары, сүт тауарлы фермалары, құс және балық шаруашылығын дамытуға бағытталған 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 225 жаңа жұмыс орындары құрылады екен. Осы жобалар аясында 2 көкөніс және 1 жеміс-жидек сақтайтын қойма салу жоспарланған екен. Жалпы облыста 2025 жылға дейін сыйымдылығы 61,3 мың тоннаны құрайтын 27 қойманы іске қосу көзделіп отыр. Бүгінде қоймаларда 13,3 мың тоннаға жуық өнімдер сақтаулы тұр екен.
Облыста суармалы егіс алқабын ұлғайту үшін ауқымды шаралар қолға алыныпты. Ол үшін арнайы Жол картасы бекітілген. Карта аясында 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделген. Бұл жұмыстар жөнінде де Қанатбек Қайшыбекұлынан толығырақ сұрап білдік.
– Халықаралық қаржы институттары арқылы 40 миллиард теңге қаржы бөлініп, 33,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Сонымен қатар 257 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 54,9 мың гектар алқапты айналымға қосуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 11, республикалық бюджет есебінен 3 су қоймасының құрылысы жүргізілетін болады.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы су тапшылығын жоюдың бірден-бір тетігі ретінде біз жерасты суы қорын пайдалануды қолға алдық. Айталық, 646 ұңғыма қазу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 86-сы қазылды, – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек.
Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен құс шаруашылығын кезең-кезеңімен дамыту да жоспарланып отыр. Алдымен 2019-2021 жылдары 4 ірі құс фермасы жалпы 15,4 мың тонна құс етін өндірді. Ал 2-кезеңде, яғни 2021-2022 жылдары құны 4,9 миллиард теңгені құрайтын 2 ірі жем өндіретін кәсіпорын іске қосылды. 3-кезең бойынша, биыл толық инкубатормен 252 кәсіпорынды қамтамасыз ете отырып, 36,8 миллион дана жұмыртқа өндіру көзделген екен. Оған 2,5 миллиард теңгеге инвестиция тартылады.
4 кезеңде – 2024 жылы жобалық құны 13,4 миллиард теңгені құрайтын құс етін өңдейтін кәсіпорын салу жоспарланған екен. Оны «Алель Агро» АҚ іске асырмақшы. Жобаның жылдық қуаттылығы 70 мың тонна болса, онда ашылатын жаңа жұмыс орындарының саны 700 екен.
Жалпы облыста өткен жылы 15,4 мың тонна құс еті өндірілген екен. Ал жоғарыда тоқталып өткен жоспарға сараптама жасасақ, 2026 жылы құс етін өндіру 15,4 мың тоннадан 70 тоннаға артатын түрі бар. Ал облыстың ішкі тұтынымы 18 мың тонна. Ендеше ішкі сұраныстан артылған өнімді сыртқа сатуға болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын жемісті жүзеге асыру маңызды.
2019 жылы облыста басталған пилоттық жоба өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіп, Президент оны ел көлемінде масштабтандыру жөнінде міндет жүктегені белгілі. Жоба басталғалы 18,3 миллиард теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастады. Ал осы жылы қосымша 24 миллиард теңге бөлінді.
– Онда 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындары ашылады. Нәтижесінде, осы жобамен қамтылған ауыл тұрғындарының орташа табысы 44 мың теңгеден 113 мыңға артатын болады.
Біз алдағы 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 миллиард теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз. Ауылшаруашылығы саласын қолдауға осы жылы 27,4 миллиард теңге субсидия бөлініп отыр, – деген Қанатбек Мәдібек ауылдықтардың табысын арттырып, тұрмысын түзелту бағытындағы жұмыстар мұнымен тоқтамайтынын атап өтті.
Қысқасы, бір кездері тұрғындары қалаға үдере көшіп, үйлері қараусыз қалған көп ауылдың жағдайы қазір мүлдем басқаша. Көше жолдары теп-тегіс әрі жап-жарық. Ауыл іргесіндегі алқапта көктем шыға даланы дүбірге бөлеген дайындық жұмысы қыза түседі. Ал күзде Алланың алқапқа төккен ризық-несібесін жинау жұмысы тіптен қарбаласқа толады. Бір сөзбен айтқанда, тоқырау жылдары іргесі сөгіле жаздаған ауылдың бүгінде берекесі кірген. Бұл жер емген ауылдықтардың тірліктің көзін тапқанының, оған мемлекеттің қолдауының арта бастағанының нәтижесі.