«Қазақтың Есенині» атанған Шардара шайыры

«Қазақтың  Есенині» атанған Шардара шайыры

Жуырда Түркістан облысы Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен жергілікті ақын Ғайбулла Бектөреевтің 50 жасқа толуына орай шығармашылық кездесу кеші өтті.

Ғайболла Бектөреев – Шардара ауданы Тұрысбеков ауылындағы Абылай Әлімбетов атындағы орта мектептің түлегі. Алматыдағы «Дарын» әлеуметтік-гуманитарлық университетін бітірген соң туған ауданына оралып, Амангелді Иманов атындағы жалпы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп, жас ұрпақ бойына ұлттық рух себумен келеді. Өзі сегіз баланың ардақты әкесі. Өлеңдері облыстық, республикалық газеттерде жарық көріп, аудан ақындарының жыр жинақтарына енген, жеке кітабы әлі шыға қоймаған. Алайда республикалық, халықаралық мүшәйраларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, ел-жұртқа танымал болып қалды. Бұдан жиырма жыл бұрын, Шардараның 40 жылдығына орай өткен мүшәйраға әділқазы болып қатысқан қазақтың қабырғалы ақыны Қадыр Мырза-Әлі: «Қазақ әдебиетіне алапат дауыл, алапат толқын келе жатыр. Ол – Ғайбулла Бектөреев!» – деп жоғары баға бергені көптің есінде. Ал өткен жылы Әлем Халықтары Жазушылары одағының бір топ мүшелері болып, Қара Қырғыз автономиялық облысының 100 жылдығына орай сол елдегі «Рух Бейне» халықаралық шығармашылық академиясы және «АҚТАЛ» әдеби шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған халықаралық шеңбердегі «Рух-Фест Қырғызстан – 100» фестиваліне қатысу үшін Бішкек қаласына барғанымызда оның терең білімді тарихшы екеніне көзіміз жетті. Өлеңдерін де толғанып тұрып ерекше мәнерде оқиды екен. Айыр қалпақты көрші елдің қаламгерлері Ғайболлаға жүлделі екінші орынды лайық көрді. Сол жолы оңтүстік шайырына «Қазақтың Есенині» деп ат қойып, айдар тақтық. Ол – ол ма, Ғайболла толғауын оқып бітіре бергенде Ресейдің «Алтын қалам» Әдеби қоғамдастығының негізін қалаушы және президенті, жазушы, журналист, 20-дан астам кітаптың авторы Светлана Савицкая орнынан ұшып тұрып, қазақтың қара домалақ баласын қапсыра құшақтай алмасы бар ма! «Мен қазақша түсінбесем де, сенің айтқан ойыңды бірден ұқтым. Жарайсың, Гайбулла! Сен шын талант екенсің, енді мен сенің өлеңдеріңді орысшаға аударамын», – деді ықыласын жасыра алмай, арқасынан қағып. Мүшәйра соңында С.Савицкая Ресейдің «Алтын қалам» Ұлттық әдеби қордың атынан Ғайбуллаға «Поэзиялық жоғары пәлсапалық деңгейі үшін» лауреат атағын беріп, Алғыс хатпен марапаттады. Жерлесіміз үшін мерейіміз тасып, бір марқайып қайтқанбыз сол сапардан. Ал күні кешегі іс-шараны Шардара аудандық кітапхана директоры Ғайша Туребаева басқарып, оны кітапхананың бөлім меңгерушісі Ақмарал Ахметова мен кітапхана қызметкерлері: Нұрсұлу Бигожаева, Гүлнұр Мамбетова, Айжамал Мамасеріпова және Ардақ Бақтыбаева жоғары деңгейде ұйымдастырды. Кеш барысында Ғайбулла ақын шығармашылық жолы, поэзияға келу тарихы, өмірлік ұстанымдары жайлы әңгімелеп, оқырмандармен еркін сұхбат құрды. Жиналған қауым ақынның әдебиет кеңістігіне енгізген өзіндік стильдері («бір әріптен басталып, түгелімен бір әріптен аяқталатын» және «зебра») жайлы біліп, жүрекжарды жырларын тыңдап, оның шығармашылығына деген құрметтерін білдірді. Кештің әсерлі өтуіне Б.Соқпақбаев, М.Горький, А.Иманов атындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары да өз үлестерін қосып, ұстаз-ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу арқылы шығармашылығына деген қызығушылықтарын танытты. Сонымен қатар, Ғайбулла Бектөреевтің сөзіне әуен жазған Мейірбек Ибадуллаев «Жанарым – жаным» әнін шырқаса, сазгерлер: Жақыпбек Дүйсекеев, Роза Есенгелдиеваның «Кел, достым, Шардараға», «Сыныптастар» атты әндерін оқушылар орындап, көрермен көңілін шалқытты. Іс-шара барысында Шардара аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің Кәсіподақ комитетінің төрағасы Ұлықбек Жұман ақынға Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, аудандық Мәдениет пен тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Еркебұлан Әбдіғаппар Айдаров ақынға Алғыс хат табыстады. Ал ауданның ақсақал ақыны, республикаға белгілі сазгер Әбдіғаппар Айдаров ізінен ерген інісіне ақ батасын беріп, үлкен поэзия әлеміне ақ жол тіледі. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық «Сырлы әлем» жазушылар одағының төрағасы Тұңғышбай Төрегелдиев ақынға тұлпар мінгізді. Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен бұл шара Шардара өңірінің әдебиеті мен мәдениетін дамытуға бағытталған игі бастамалардың бірі болды. Кездесуге қатысушылар ақынға шығармашылық шабыт пен табыс тілеп, осындай рухани кештердің жалғасын табатынына сенім білдірді. Оқырмандар назарына ақынның ерекше стильдегі өлеңдерін ұсынып отырмыз. ҮМІТІМДІ ҮЗБЕЙМІН ҮКІЛЕГЕН Үмітімді үзбеймін үлесімнен, Үркерменен үндесіп үйлестірген. Үздік үлгі үйіріп үкілеген, Үмітімді үрлеңдер үлбіреген. Үстемшілдің үрейлі үстіртінен, Үскірігі үрлесе үсімеген. Үгіткіштер үгітсе үгілмеген, Үкілімнің үкісін үлестірем. Үзеңгісін үзбекке үйіндіден, Үлкен үйір үнемі үйірленген. Үкімшілдер үркітсе үркімеген. Үмітімді үзбеңдер үкілімнен. ШАЙЫРДЫҢ ШЫҢЫ Шағылы шипа шаһардан, Табиғат тылсым түлеткен. Шәрбәтін шайыр шалқардан, Таңдайға татып тəу еткен. Шығарма – шолпан шырағы, Түнекті түріп таң туған. Шұғыла шашып шуағы, Тіршілік тербеп тік тұрған. Шынайы шенді шешенім, Түйреген тілмен түленді. Шатаспай шешіп шешімін, Тілімен туған түледі. Шаршыда шауып шыңдалған, Тұлпардың терең тынысы. Шабытты шайыр шарланған, Талантты тарлан – тумысы. Шымыр шер шептен шегінбес, Тұғырлы тілдің тірегі. Шыңдарға шығып шектелмес, Тіл туын тігу – тілегі. Шағылмас шердің, шайырдың, Торқалы тойын тойлаған. Шардара шалқар шаттықтың, Толқынын тербеп тоймаған! Гүлжанат Шонабай, журналист, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі

 

07.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 10332
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 10412
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 25446
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 24118
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 27599