Қазақ өнеріне, әдебиетіне, ғылымы мен біліміне ерекше еңбек сіңірген, яғни халқымыздың руханиятына өлшеусіз мол үлес қосқан, халық әртісі, халық жазушыcы, ұлттық ғылым академиясының академигі, министр, депутат, облыс әкімі деп атақ-дәрежелерін, лауазымдарын түгендемей-ақ есімдері аталғанда, иісі қазақ бірден тани кететін қайраткер-қыздарымыз – Бибігүл Төлегенова, Фариза Оңғарсынова, Айман Мұсақожаева, Рабиға Сыздықова, Шәмшә Беркімбаева бүгінгі күні ұлт мақтанышына айналған тұлғалар. Міне, осы тізімге Оразкүл Асанғазыны ойланбастан қосуға болады. Қарапайым ауыл мұғалімі қызметінен бастап мектеп, нәзік жандылар арасынан алғашқылар қатарында әкім ретінде аудан басқарғанын да, облыс басшыларының бірі болғанын да, еліміздің елордасындағы халыққа еткен қалтқысыз қызметін де, Мәжіліс депутаты ретінде халық қалаулысына айналғанын да айтпай-ақ жай Оразкүл десең, күллі қазақ қадірлейтіні анық.
Астанада Тіл басқармасын басқарып тұрғанда, бір күнде 300-ге жуық көше аттарын қазақша атауға шешім қабылдатуға жанын салып жасаған қайсарлық пен қайраткерлігін жоғары бағалаған халқымыз қыздарының есімін Оразкүлдей еліне елеулі қыз болсын деп апамыздың атымен атағандарын тек естіп қана қоймай, «көзбен көрген» азамат ретінде нық сеніммен айта аламын. «…Қиналған Жамбыл жері – осы» деп жырлаған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтай, менің де мақалаға ат қоюда тығырыққа тірелгенімді несіне жасырайын.
«Қазақтың қайраткер қызы», «Қазақ тілінің қорғаны», «Тілге қызмет үлгісі», «Күллі қазаққа қастерлі есім», «Бедел биігіндегі қайраткер» сияқты тақырып аясында сөз қозғауға оқталдым да, бәрібір олардың Оразкүл деген аттан аттап өте алмайтынын сезіп, қайраткер қыздың бітім-болмысын, пайым-парасатын, көргені мен көрегендігін, ел басқарудағы көшбасшылық қасиетін, мемлекет мүддесіне деген мүлтіксіз қызметін, туған тілге табандылығын, тұлғалық келбетін тоғыстырып, осылардың мәнісін, өзегін ашатын – Оразкүл деп мақала тақырыбын таңдауды жөн көрдім.
Оразкүл дегеннен шығады, кеңестік кезеңде Кеңестер Одағы мен Үндістан мемлекетінің бірлескен кинофестивалі Мәскеуде өтіп жатқан кезі екен. Ашылу салтанатында сөз сөйлейтін Мәдениет министрінің халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген сияқты жарты беттік атақ-дәрежелерін, ие болған сыйлықтар тізімін жазып алған ұйымдастырушы Үндістан делегациясын басқарып келген Радж Капурге «Сіздің атақ-лауазымдарыңызды қалай хабарлайық» десе, «Капур» деп айтсаңыз да жеткілікті дегені есіме түсіп кетті…
Жоғарыда айтылғандай, елге еткен адал еңбегінің, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтудағы қызметін, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, туған тілімізді тұғырына қондырудағы, Мәжіліс төрінен күллі қазаққа үндеу тастап, нағыз халық қалаулысы атанған, қайраткер-қыз туралы ел ағалары мен есімдері еліне қастерлі апаларымыздың Оразкүл Асанғазы туралы өрбіген ой-пікірлерін тілге тиек еткенді жөн көрдік.
Рухани інісі ретінде, қасында көп жүріп, мол мағлұматтан хабардар мен үшін поэзия падишасы – Фариза Оңғарсынованың әпкем туралы: «Оразкүл сіңлім – үлкен қайраткер. Ол жүрген жерінің бәрінде де ел сүйсінер із қалдырады. Қазағы да, орысы да, қазақша сөйлесең, құлағына ілмейтін Астананың күллі мекемесіндегілердің бәрін қазақ етті. Ол ештеңеден тайынбайды, қандай ортада тұрса да, ойын батыл айтады, біреулерге ұнамай қалармын деп жалтақтамайды» деп мақтаныш сезіммен сөз сөйлегенін естіген едім.
«Тіл мәселесіне, ұлттық тәрбие, ұлттық намыс мәселесіне келгенде, ол тіпті қызына сөйлеп, тыңдаушысын қыздыра елітіп, сергітіп, серпілтіп жібереді. Ана тіліне мән бермейтіндерді ұялтып, намыстарын оятып сөйлегенде алдаспандай жарқылдайды. Тіл басқармасы ұйымдастырған сан түрлі іс-шараларда Астана жұрты Орекеңнің сөзінен жігерленіп, қанаттанып, шығады
Реті келгенде айта кетейік, «бір адамның болашағы – бір адамға байланысты болады» дегендей, Оразкүл Асанғазықызына осындай мүмкіндіктерге жол ашып беруде Астана қаласының сол кездегі әкімі Өмірзақ Естайұлының «оңтүстіктің идеологын» елордаға шақырып, Тіл басқармасының тізгінін ұстатқанына байланысты екенін де айта кетсек артық болмас.
Ел ағасы Қойшығара Салғара: «Шынайы ұлтшылдық әлдекімге еліктеуден, солай болайын деген ұмтылыстан болмайды. Ол – адамға бала кезінен ананың сүтімен, атаның тәрбиесімен, ортаның өнегесімен бойға дарып, жаратылыс болмысымен біте қайнасып, тіршілігінің мақсат-мүддесіне айналатын сүйексіңді қасиет. Ондай қасиет иесіне тұрақтылық тән. Ол тіршіліктің қиындығы мен жеңілдігіне бейімделіп өзгермейді, саясат ағымына қарай құбылмайды, қайда, қандай жағдайда болса да, ұлт мүдделі үдесінен шығуды көздейді. Мен білетін Оразкүл Асанғазы – осындай адам, туған халқын, өз ұлтын, ата-анасындай ардақтай білетін, шынайы сүйе білетін адам. Оның мемлекеттік тілдің мәртебесін асырып, тазалығын сақтау жолындағы тынымсыз еңбегі – осының айғағы» деуі көптің көңілінен шыққан уәж сөз болғаны да сөзсіз.
Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сабыржан Шүкірұлы: «Бұрынғы Ақмола-Целиноград-Ақмола қаласының үш кезеңінің де ономастикалық атауларын білетін едім, тұнып тұрған өзге тілдік болатын, қазақ жерінде емес, басқа бір елде жүргендей болатынсың. Енді қазір аралаңызшы: Ақорда, Бәйтерек, Хан шатырдай ғимараттар, Нұр-Астана мешіті, Тәуелсіздік Сарайы, Қазақстан спорт кешені, Салтанат сарайы, Наурыз алаңы, Рәміздер алаңы, Тәуелсіздік тұғыры сынды нысандар, Қозыбасы, Аңырақай, Арқайым, Қазығұрт, Бұланты, Абат-Байтақ, Ұлытау, Торғай, Қарқаралы, Аспара, Аманқарағай, Тарбағатай, Саққорған, Қаратау, Зеренді, Марқакөл, Жаңаөзен, Абыралы, Меркі, Отырар, Үстірт, Аягөз дегендей кең-байтақ қазақ даласының барша өңірі көз алдыңа келеді. Осыны көргенде мерей өсіп, көңіл тасиды. Біз бармыз, біз қазақпыз, біз жасаймыз!» деп тебіренгенін көргенде, биыл отыз жылдығын тойлайтын тәуелсіздігімізге тәубе дейміз. Бәрі тәуелсіздіктің жемісі екенін еліміз қастерлеп, құрметтейді.
Еліміздің бас қаласында, елорда төрінде елдік, мемлекеттік мүдде жолында, мемлекеттік тіл мәртебесінің мерейін арттырып, халық құрметіне бөленген Оразкүл Асанғазы туралы ғылыми орта да оңды ойларын жеткізгенінен де хабардармыз. Елорда руханиятына қомақты үлес қосқан қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтан Оразалин, Қойшығара Салғара, Әділ Ахметов, академиктер Рымғали Нұрғалиев, Сейіт Қасқабасов, Мырзатай Серғалиев, Ғарифолла Есім, Ерлан Батташұлы, Дихан Қамзабекұлы бастаған мемлекеттік тіл мүддесіне орайластыра тарихи тұлғалардың, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдарының мерейтойларын, кештерін, кездесулерін өткізу, түрлі байқаулар ұйымдастырып, тіл мерекесін өткізудің озық үлгілерін ұсынып, зиялы қауымды жоғары оқу орындарының, колледждер мен мектептердің ұжымдарымен жүздестіріп, тәуелсіздігімізді нығайту жолында атқарылар ауқымды істер туралы зиялы қауым аузымен айтқызып, тыңдармандарына ой салдырған талай жиындардың басы-қасында жүретін жұрт білетін – Оразкүл Асанғазықызы болатын.
Зиялы қауым демекші, «Алаш қозғалысына арнап, «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты атты тағы да ірі халықаралық конференция өтті. Осы алқалы жиынға әлемнің 11 елінен отызға жуық қандастарымыз қатысты. Конференция дегеніңіз болмаса, бұл өзі симпозиум іспетті жиын болды. Оның аясында конференциямен бірге дөңгелек үстелдер, бірнеше жоғары оқу орындарында түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Осы шын мәніндегі халықаралық жиынның ұйытқысы да ұйымдастырушысы да Оразкүл Асанғазы болды. Сырттан келген ағайындар қайраткер-қызға алғыстарын жаудырып жатты» деп «Тіл – қазына» ұлттық орталығының атқарушы директоры, белгілі тілші-ғалым Ербол Тілешов тебіреніспен еске алады.
«Тіл мәселесіне, ұлттық тәрбие, ұлттық намыс мәселесіне келгенде, ол тіпті қызына сөйлеп, тыңдаушысын қыздыра елітіп, сергітіп, серпілтіп жібереді. Ана тіліне мән бермейтіндерді ұялтып, намыстарын оятып сөйлегенде алдаспандай жарқылдайды. Тіл басқармасы ұйымдастырған сан түрлі іс-шараларда Астана жұрты Орекеңнің сөзінен жігерленіп, қанаттанып, шығады. Астана ғана емес, Оразкүл Асанғазының теледидардан көрген, радиодан естіген жұрттың барлығы ырзашылығын білдіріп, қуанысып жатады. Бұл ол кісінің елдің сөзін, жұрттың ойын тап басып тауып атқанынан болса керек. Тіпті елге бара қалсаң да көзі қарақты адамдар: «Оразкүл Асанғазыны білесің бе?» деп сұрайды дейді ол кісімен қызметтес болу бақыты бұйырғандар.
«Көп әйелдер қолына мансап тисе, отбасы, ошақ қасы жайында қалады. Орекең ондай сорттан емес. Баласын бағып жүріп, сиырын сауып жүріп, жұмысын жасады және қатарластарынан қашанда оқ бойы озық тұрды. Тіл-ұлт мәселесі талқыға түскенде топ ортада қасқайып осы Орекең тұрды. Құтты бір қазақ тілінің сақшысы сияқты» деп Мәжіліс депутаты болған Бекболат Тілеуханов қалай дәл айтқан, дөп айтқан деп қайран қаласың…
Алаш баласына сыйлы қайраткер, отбасына өнегелі ана, адал жар. Отбасының бақыты мен қызметтің берекесін керемет ұштастырған тұлға ретінде де ол – қазақ қыздарына, жалпы қазақ жастарына кемел үлгі. Жұбайы Жора екеуі – ұлы мен қыздарына нағыз ұлттық тәрбие берген ата-ана. Олар кейбір зиялыларымыз сияқты елге айтқанын өз үйінде іске асыра алмайтын, жұртқа «Қазақша сөйле, алдымен қазақ бол» деп алып, үйінде бала-шағасымен өзге тілде сөйлесетін адамдардың қатарынан емес. Ұлттық дәстүрді берік ұстанатын нағыз қазақы, жарасымды отбасы. Бұл да көпке үлгі етіп көрсететін қасиеттерінің санатында дейді көзі көргендер.
Аты аңызға айналған У.Черчилль: «Алдына қойған мақсат-мүддесінің түбіне жеткенше тыным таппаған, кедергілерге қаймықпаған, қайсар, қайраткер-тұлға ғана өзінің діттегеніне жетпей қоймайды» деген пәлсапасына иек артсақ, мемлекеттік тіл – билік тіліне айналмайынша, тіл үшін күресті тоқтатпаймын деген Оразкүл Асанғазықызының, Президенттің жаңа бастамаларына үн қосып, мемлекеттік тіл мәртебесін мерейлетіп, туған тілді тұғырына қондыру жолында аянбай атсалысуға шақырып жүрген қайраткердің қолдаушылары күн санап арта берері сөзсіз…