ҚОЛЖАЗБА МҰРАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

ҚОЛЖАЗБА МҰРАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Қай халықтың болмасын көне тарихы мен мәдениетінің айнасы – жазба мұралары. Ұлт тарихы үшін құнды саналатын жәдігерлердің жүйелі түрде зерттелуі мен сақталуы – мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік тәжірибеде де маңызы бар міндет. Бұл ретте қолжазба мұраларды зерттеу, болашақ ұрпаққа жеткізу қолжазбатанушы мамандардың міндетіне саналады.

 

Еліміздегі қолжазбатану саласында бірқатар ілгерілеушілік болғанымен де, шешімін қажет ететін мәселелер бар екендігі байқалады. Мәселен, қолжазбалармен және сирек кітаптармен жұмыс істейтін кәсіби кадрлардың тапшылығы мен зерттеу мектептерінің жүйелі қалыптаспағаны, қолжазбалармен жұмыс істеу әдістемесі мен стандарттарының бірізділігінің жоқтығы, заманауи технологияларды пайдалану арқылы жәдігерлерді цифрландыру, деректер базасын қалыптастыру секілді бағыттардың қарқын ала қоймағаны – салаға тән өзекті түйткілдер. Сондықтан да қолжазбатану саласына халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізу қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, АҚШ-тағы «The Manuscript Society» қолжазбалар мен автографтарды зерттеу, сақтау және насихаттау бойынша белсенді қызмет атқарады. Қазақстанда 2017 жылы құрылған «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» аталған салада жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Орталықтың бастамасымен сирек қорларды түгендеу, ғылыми сараптау, реставрациялау және цифрландыру бағытында бірқатар жобалар іске асты. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды одан әрі жандандыру үшін арнайы мамандар даярлау, халықаралық жобаларға қатысу, отандық қолжазбатану мектебін қалыптастыру қажет.

Қолжазбатанушылар қауымдастығы – бүгінге жеткен жазба мәдениетті насихаттауға, таныстыруға, халықтың түсінігі мен танымын кеңейтуге, қолжазба мұраларды цифрландыру, ғылыми-тәжірибелік семинарлар ұйымдастыру, отандық және шетелдік мекемелермен әріптестік орнату сынды ауқымды жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.

Ендеше, ҚР Ұлттық кітапханасындағы Қазақстан Қолжазбатанушылар Қауымдастығының құрылуы – тек қолжазбатану саласының дамуына ғана емес, тұтастай ұлттық ғылым мен мәдениеттің жаңа серпін алуына бастайтын стратегиялық маңызы бар бастама екенін айқын аңғартады. Аталмыш қауымдастық жазба мұраларды зерттеуге, сақтауға, халықаралық стандарттарға сәйкес ғылыми айналымға енгізуге және сала мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған нақты жұмыстарды үйлестіруге әрекет етеді.

ҚР Ұлттық кітапханасының бастамасымен құрылған Қазақстан Қолжазбатанушылар қауымдастығының мақсат-міндеттері төмендегідей:

– Қазақстандағы қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру жұмыстарын үйлестіру;

– Қолжазбаларға қатысты ғылыми зерттеулер жүргізу, оларды ғылыми айналымға енгізу және жариялау;

– Қолжазбатанушылардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту;

– Жас мамандарды даярлау және қолжазбалармен жұмыс істеуге ынталандыру.

Қолжазбатанушылар қауымдастығының мәжілісі айына 1 рет, ҚР Ұлттық кітапханасында офлайн/онлайн форматта ұйымдастырылады. Мәжілісте қолжазбатанушы мамандар өздерінің зерттеу нысандары, қазіргі зерттеулері, қолжазбатану саласының дамуы және салааралық әртүрлі мәселелер турасында талқы өткізеді.

Қауымдастықтың мемлекеттік тілдегі атауы – «Қазақстан Қолжазбатанушылар Қауымдастығы», ал ағылшын тілінде – «Kazakh Association of Manuscript Researchers».

Қауымдастық мүшелігіне қолжазбалармен жұмыс істейтін зерттеушілер, архив қызметкерлері, реставраторлар, кітапханашылар және осы салаға қызығушылық танытқан басқа да мүдделі тұлғалар жылдық мүшелік жарна төлеу арқылы қабылданады.

2025 жылдың 22 маусымында құрылған Қолжазбатанушылар қауымдастығы бүгінге дейін үш рет жұмыс отырысын өткізді. Басқосулар барысында қауымдастықтың қызмет бағыттары айқындалып, негізгі ұйымдастырушылық құрылымы бекітілді, кәсіби мамандардың ұсыныс-пікірлері негізінде жұмыс жоспары түзілді.

22 маусымда өткен Қазақстан Қолжазбатанушылар қауымдастығының I отырысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, шығыстанушы ғалым Әшірбек Мүмінов «Terra incognita: Ислам қолжазбаларын зерттеушілерге арналған беймәлім аймақ» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, исламдық жазба мұраны зерттеу барысындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Шығыстанушы Өмір Тұяқбай қауымдастықтың құрылу негіздері мен мақсат-міндеттерін таныстырып, оның болашақ бағыттары жөнінде ақпарат берді.

11 қыркүйекте өткен Қазақстан Қолжазбатанушылар қауымдастығының II отырысында PhD, шығыстанушы Өмір Тұяқбай «Қазақстандағы мемлекеттік және жеке қолжазба қорлары: ғылыми-практикалық маңызы, заңнамалық, құқықтық мәселелері» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен жарық көрген Сұлтан Әли Табиб әл-Хорасанидің «Емшілік дәстүрі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, қоғам қайраткері Ахан Таңжарықұлының қолжазбаларын ҚР Ұлттық кітапханасының қорына Нақып Аханұлы мен Ажар Аханқызы ресми түрде табыстады. 

22 қазанда өткен Қазақстан Қолжазбатанушылар қауымдастығының III отырысында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениетін, тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Хуатовна Абусеитова «Қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты шетел қорларында сақталған сирек қолжазбалар» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-этнограф, өлкетанушы ғалым Тынышбек Дайрабай жиын барысында Алма Қыраубайқызының «Қисса Дандан» (Ақылбек Сабаұлы) қолжазбасын, фольклортанушы ғалым Мардан Байділдаевтың және өзінің жеке қолжазбалық материалдарын ҚР Ұлттық кітапханасының қорына ресми түрде табыстады.

18 қараша өткен Қауымдастықтың IV отырысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD, қолжазбатанушы ғалым Азамат Шутбайұлы Жамашев «Қолжазбаларды ғылыми айналымға енгізу тәжірибесі: Ибн Һиммат әд-Димашқидың «Хуласа ән-Нухба» еңбегін тахқиқтау үдерісі» тақырыбында баяндама жасады. «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК ұйымдастыруымен профессор Девин ДиУистің ғылыми мақалаларынан құралған «Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийа мәдени тарихы» атты еңбектің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ ақын, жырау, күйші Сүбебек Нұрбаевтың «Ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі қазақ халқының жаугершілік дәуірін сипаттайтын, батырлар жыры үлгісінде жазылған 9000 жолдық жыр-дастанының қолжазбасы ұрпағы (қызы) Инабат Абжанова Ұлттық кітапхана қорына табыстады.

Осылайша, қысқа уақыт ішінде Қазақстан Қолжазбатанушылар қауымдастығы өз жұмысын жүйелі жолға қойып, ғылыми және мәдени маңызы зор бастамаларды жүзеге асыра бастады. Әрбір отырыс барысында жаңа идеялар ұсынылып, қолжазбатану ғылымын дамытудың түрлі бағыттары айқындалды. Қауымдастықтың қызметі тек ғылыми ортада ғана емес, сондай-ақ қоғамда да үлкен қызығушылық тудырып отыр. Алдағы кезеңде қауымдастық мүшелері қолжазбалармен жұмыс істеудің халықаралық тәжірибесін меңгеру, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беру, жазба мұраларды жүйелі түрде зерттеп, жариялау ісіне басымдық бермек. Сонымен бірге, қолжазбалардың сақталуы, каталогтандырылуы мен ғылыми айналымға енгізілуі – қауымдастықтың басты міндеттерінің бірі. 

Қауымдастық қазақ халқының рухани мұрасын сақтау мен ғылыми тұрғыдан зерделеуге жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейдегі ғылыми қауымдастықтармен байланыс орнатуға мүмкіндік ашпақ. 

 

Ертай БІЛӘЛ,

Қазақстан Қолжазбатанушылар 

Қауымдастығының 

ғылыми хатшысы 

 

18.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21206
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20985
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36169
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34605
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38531