Тура 10 жыл бұрын бір сиыр сауып, құрт жайып сатып, бизнес бастаған Айнұр тірлігім бірден жүріп кетеді деп ойламаған екен. Ол кезде құрт жайып, оны көгертпей, қалай кептіріп алатынын да білмепті.
Алғашқы жылдары күнделікті сүтті қайда жіберерін білмеген Айнұр Шахизадақызы бар жиғанын үйіне келген ағайын-туысқа үлестіріп беріп жүріпті. Қонақтар да күніге келе бермейді. Жас келіншек артылған айран-сүтті қайда жіберерін білмей, енесінен кеңес сұрайды.
Шәйімкүл апа келіне білгенін үйретуден талмапты. Қорадағы қолға қарап тұрған сиыр сүтті болған соң, барды ұқсатпаса тағы болмайды. Осылайша құрт жаюды үйреніп, кептіріп, сақтауға көшкен Айнұр жиналған құртты дүкендерге апарып өткізіп, табыс таба бастайды.
– Құрт-май өткізіп, күнара 5 мың теңгеге дейін табыс тауып жүргенімді байқап, күйеуім тағы бір сиыр сатып әперді. Тағы бір жылдан соң сауынды сиыр санын үшеуге жеткіздік. Сөйтіп жүріп, құрт-майды ауыл арасында ғана емес, Балқашқа дейін жіберіп, сата бастадық, — дейді Айнұр Искакова.
Тапсырыс көбейген соң, күйеуі Медет Мырзахметов несие алып, сиыр санын 10-нан асырыпты. Бұрынғыдай емес, енді құрт сатудан түскен табысынан кредит төлейтін болған соң, өз өнімінің жарнамасын жасау керегін де түсінген. Сөйтіп жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Инстаграм желісінде парақша ашып, сурет пен видео түсірілімдер жасап, жарнамалай бастайды. Осылайша құрт саудасын қыздыруға шындап кірісіпті.
Кәсіпкер келіншек сауатын сиырлар саны көбейгенде бастапқыда қиын соққанын айтады. Осыны байқаған соң күйеуі де біраз жыл шаруаны бір жүйеге түсіргенше басқа кәсіпті қойып, біраз уақыт мал шаруашылығына бетбұрыпты. Табыс көзі – тек сауын сиырлар болған соң, бұл іске шындап ден қойыпты. Сол кездері осы құрт үйіміздің құты болды дейді Айнұр Шахизадақызы.
– Осы кәсіпті бастауыма түрткі болған күйеуім. Ал құрт-майды сақтаудың жолын енем үйретті. Қазір де маған көп көмектесіп тұрады. Екеуіміз бірге құрт жаямыз. Мал бағып, сиыр сауып, майын бөлек дайындап, құртты кептіру – бейнеті көп жұмыс. Бірақ мен одан шаршаған емеспін. Табысты осыдан тауып отырған соң ерінбеймін, — дейді Айнұр Шахизадақызы.
Кәсіпкер келіншектің айтуынша, Жамбылда жаз шыға құртқа деген сұраныс артады екен. Ал сонау Алматы, Астана, Қарағанды, Балқаштан тапсырыспен алғызатындардың қатары жыл он екі ай үзілмейтін көрінеді.
Бес түрлі құрт дайындап, кептіріп, тапсырыс берушілерге жіберіп тұрудың өз қиындығы тағы бар. Майлы құрт пен майсыз құрттың бағасы әртүрлі. Сұраныс болса, ірімшік те, қаймақ та, май да дайындайды екен.
Оның айтуынша, жаздай малды таудағы жайылымға жібереді екен. Таулы жердің шөбі шүйгін, шүйгінге жайылған сиырдың сүті де құнарлы болатын көрінеді. Оның үстіне жаздыгүні ауыл арасында 10-15 іріқараны ұстау да тиімсіз.
Құрт бизнесін дамытқан Айнұр қыста сүт азайғанда көршілерден сүт сатып алып тұратынын айтты. Жоңышқа жейтін сиыр сүті қымбаттау келеді. Ал жай пішен шөп жегенін одан сәл тәмен бағаға саудалайды екен.
Диетологтар мен тағамтану академиясының мамандары құрттың ас қорыту процесіне тигізетін пайдасы көп екенін айтып жүр. Ал пандемия кезеңінде құртқа деген сұраныс арта түскені мәлім. «Вирусты өлтіреді», «жөтелді басады» деген сөздер көптеген кеңестердің ішінде ең дұрысы – осы соңғысы болды ма, әйтеуір кепкен құрттың бағасы да қымбаттапты.
Қазір «Құлан құрттың» өніміне еліміздің әр аймағынан тапсырыс түседі екен. Сұраныс артқан соң, құрт сататын құландық келіншек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы қайтарымсыз грант алып, өз дүкенімді ашып, кәсібімді кеңейтсем деп отыр.