Құрметті президент Қ.Тоқаев мырза, Ататүрікше халқыңды қожайын ет, мазақ еткізбе ешкімге!

Құрметті президент Қ.Тоқаев мырза, Ататүрікше халқыңды қожайын ет, мазақ еткізбе ешкімге!

20 қарашада өткен Президент сайлауында басым көпшіліктің дауысымен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясын көріп отырып ойым онға, санам санға бөлінді. Бір қуандым, бір қуардым. Қуанғаным,  ел Президентінің мына сөздері жүрегімді елжіретіп жіберді. 

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», – деді Конституцияға қолын қойып тұрып тебірене.  Тағы бір жерде сөз арасында:  «Ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік   не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым. Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында  бас идім.  Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына  тағзым еттім», – деді ағынан жарылып. Дана қазақ «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» деген. Олай болса Президент Тоқаевқа неге мүмкіндік бермеске? Білімі мен біліктілігін неге тағы бір сынап көрмеске? Елдің сөзін сөйлеп, елдің алдында иіліп тұрған Президентке «Алла жолыңды оңғарсын! Тура жолдан тайма! Антыңа адал бол!» – деп іштей батамды бердім.  Президент тұғырына мініп толғана, толқып сөйлеп тұрғанда  тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы Қазақстан халқының жүріп өткен жолы  көз алдымнан көлбеңдеп өте берді, өте берді... 

Халқы алдында иілген Президентке тағы бір мүмкіндік

Қуарғаным Президент Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрамын деп, жаңашыл ойлар айта жүріп,  «Ескі Қазақстан» құрамымен сүрлеу жолға қайта түсіп кетпесе екен деген қорқыныштан туындады. Иә, Тоқаев – әккі саясаткер. Отыз жыл бойғы жетістіктер мен кемшіліктер, жағымды істер мен жағымпаздар  көз алдынан өткен. Жақсы мен жаманның аражігін аша алатын тұлға. Әйтсе де отыз жылғы былық-шылықтың ішінде жүрген, бүгіндері тонын айналдырып киіп алып, әр жерден бір жылтың-жылтың етіп көрініп жүрген қулар қаншама. Олар өте қауіпті.  Олар «Жаңа Қазақстанды» қаламайды. Аяқтан шалып, оңтайлы тұс келгенде сатып жібере ме деген қауіп те басым. 

Таяуда танымал журналист Нұрлан Жұмахан бұл туралы ашық жазды.   «Тоқаевтың жанындағы ең «қауіпті» адамды таптым. Президент одан аулақ жүргені абзал... Иә, осыған дейін билікте болғандардың бәрімен ат құйрығын үзісудің қажеті жоғын түсінеміз. Биліктің ішінде де Назарбаевтың автократиясына талағы тарс айырылардай болып, әрең жүрген ақ жағалылар болды. Десе де, Жаңа Қазақстанды құру кезінде атқосшы болуға да жарамайтын тұлғалардың бар екенін естен шығармаған абзал. «Қазақ қоғамы үшін құндылығын жоғалтқан сондай шендінің бірі – Ермұхамет Ертісбаев...» – дейді журналист. Иә, бұл біреуі ғана. Әлі де әшкерелейтіндері жетерлік.  

Соңғы уақытта Парламентте сыни  көзқарасымен танылып жүрген депутат Еділ Жаңбыршиннің  мына сөзі көңілге түскен қаяуды сылып тастағандай әсерге бөледі.    «Бүгін Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты түрде ұлықтау рәсіміне қатыстым. Процесс бұрынғылардан өзгеше өтті және солай өткені де дұрыс болды. Бірінші, помпезность аздау болды. Екінші, Қ. Тоқаев жиналған халықты шулатып зал ортасынан емес, қарапайым түрде қапталдағы есіктен кірді. Үшінші, мойнына жылтырақ таққан жоқ. Төртінші, баяндамасы қысқа және нақты болды. Бесінші, ең бастысы, ұлықтау аяқталғасын «ескі гвардиямен» амандаспай, құшақтаспай, селфи жасамай, «Ал, енді жұмыс жасайық» дегендей ишара білдіріп, залдан қарапайым түрде шығып кетті. Құдай да: «Ей, қазақ халқы! Ойын-сауықты азайтып, ыржың-тыржыңды тоқтатып, байлықты тонауды қойып, жетім-жесірді қорғайтын, еліңді дамытатын, мемлекетіңді аяғынан тұрғызатын уақыт келді! Болмаса мына аяздай қаһарымды сендерге жіберемін!» – дегендей, Астанада аязды сықырлатып қойды! Уа, ағайын! Өтірікті қойып, жебірлер мен жемқорларды тыйып, бұрынғы кландарды байлықтың «қара қазанынан» айырып, мемлекет басшысымен бірлесіп, ақиқатты айтып, Отан үшін жұмыс жасайтын уақыт келді. Бізде басқа жол қалған жоқ!» – депті. Бұл да шындық! Бізде басқа амал да жоқ!

Шындығы сол, қазақ қоғамы  бүгінде ештеңеге сенбейтін жағдайға жетті. Үкімет түгілі Президенттің сөзіне күле қарайтын адамдар пайда болды.  «Ой, соларды қойшы» деп қолды бір сілтейтіндерге де көзіміз әбден үйренді. Бұған кім кінәлі? Әрине,  билік.  Олар құрған жүйе.  Иә, бәрі жақсы басталған.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Парламенттің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын.  Тұңғыш Президенттің өзі де «Мен қателессем, аямаңдар, халқым» деп  иіліп тұратын. Кейін көз тиді ме, сөз тиді ме, ерке қыздар мен серке күйеулердің ығына жығылды ма, бағытынан жаңылған көштей  кепке түсті.  Қазақстан да бірге «қисайды». Саясаты құрғыр да мың құбылды. Экономика да құлдырады. Алдағы он-жиырма жылды қамтитын бағдарламалардан бас айналды.  Оған енді жете бергенде пыр етіп ұшып кеткен шегірткедей жоқ болады. Жаңа бағдарлама тағы көз ұшынан бұлдырайды. Халыққа не жеткізбейді, не өзі тоқтамайды. Әйтеуір көзді алдаған қу дүниедей, қу түлкідей елді сарсаңға салғанын көргендер ұмытпас.

Үлкен кісінің ең басты қателігі маңайына жағымпаздар мен жалпақшешейлерді жинауынан басталды. (Президент  Тоқаев осыған абай болуы тиіс. (Даңқ кімнің күліп тұрса басында, сатқындық та күліп жүрмек қасында. – М. Шаханов). Сөйтіп бар жиған атақ-абыройынан айырылды.  Міз бақпай отырып алды. Кезектен тыс сайлауларымен есте қалды.  Сынды қабылдамады. Сын айтқанның бәрін жау көрді. Елдің ширек ғасыр бойы естігендерінің көбі өтірік. Көргендерінің көбі көзбояушылық.  Одан қалса ұрлық-қарлық. Жемқорлық пен тамыр-таныстық жайлаған жүйеден  қоғам шаршады.  Бай мен кедейдің арасы ат шаптырым жерге жетті. Билік пен халықтың арасы ажырады. Бірінің үнін бірі естімегесін жағдай қалай оңалсын?! Сенім жоғалды. Атадан қалған мұрамен емес, бабадан қалған қазынаны тонап байығандар  олигархтар  санатына қосылды. Жердің асты мен үстінің байлығы әбден тоналды. Кім көрінген қазаққа жекитінді шығарды. Президент Тоқаев бұлардан сабақ алса игі. (Ұнжырғасы түскен халық енді қателікті кешірмейді).   Содан да болар, халық ештеңеге елп ете қалмайды қазір, керісінше селк ете қалады.  Тым кінәмшіл. Тым  ашушаң. Халық  Құдайдың бірі аты екені шын болса, бұл – заңдылық. Жоғары жақтағы былықты да, қызықты да халық көріп отыр.  Содан да болар, жүрегіне қатқан мұз бар. Көңіліне батқан зіл бар...  30 жылдағы мемлекеттік тілдің жағдайы анау,  сын көтермейді. Ауыр да болса айтайын, қазақтың тілі биліктің тілі емес. Биліктің тілі болмағасын да халықпен екі орта алшақ. Бірін-бірі түсінбейді. 30 жылда ұлттық идеологияның осалдығынан халық бір жерге ұйыса алмай отыр.  Қит етсе  ұлтараздық, қазақты кемсітушілік, қазақты өзгенің астына жығып беру  жалғасуда.  Жер мәселесі әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Миллион гектар жері барлардың есімі әлі күнге жұмбақ. Бұдан басқа да проблемалар шаш етектен. Президент Тоқаевтың алдында көл-көсір жұмыс тұр. Ел сенімін ақтай алса жарады, тарихта қалады. Жеті жылда жетістірмесе, ешкімге өкпелеуге хақысы жоқ...

 

АТАТҮРІКТІҢ ЖОЛЫ  ЖҰҒЫСТЫ БОЛҒАЙ!

Осындай сәттерде Түркияның тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік еске түседі. Ататүрік билікке келе сала былай деген: «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!». Ол бұл айтқанын орындады. Ататүрік түрік ұлтын өз кезінде ешқандай ұлтқа басындырған жоқ. Сонымен қатар, Ататүрік өз ұлтына қатысты былай деген: «Мен қажет болса, ұлтым үшін өз өмірімді де қиямын!». Қандай ержүректік! Қандай ұлтжандылық! Ал біз тәуелсіздік алғалы бері елімізді басқарып келе жатқан шенділердің, тіпті тұңғыш Президенттің  аузынан мұндай сөзді естіген емеспіз. Тек инаугурация кезінде Президент Тоқаев қана: «Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға  серт бердім... Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне  қиянат жасамауға ант еттім... Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз   орындаймын...  Халқымның алдындағы осы антым алдағы   қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады», – деді  қасқиып тұрып.  Ерге тән сөз! Ұлтын сүйетін азаматқа лайық ұстаным. Ендігі арман:  сөз бен істің жарасым табуы. Ерекше айтқым келетіні,  Ататүрік пен Тоқаевтың арасында осы жерде керемет үндестік бар. Бұлай сөйлеу үшін Президент өзіне сенімді болуы міндет. Ұлт алдындағы  жауапкершілікті сезіну деген сол!

Ататүріктің: «Ұлтқа қожалық жасауға, қоқаңдауға болмайды! Ұлтқа тек қызмет ету керек! Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа бас ие бола алады!» – деген сөзі Түркияның ұлттық демократиясының негізін қалаған-ды. Бүгінде Түркия әлемнің ең алдыңғы дамыған елдерінің қатарында. Олардың басшылары мен бастықтары ұлтына, халқына қоқаңдауды білмейді...  Ал бізде халыққа бәрі қожа. Төменгі сатыдағы шенеуніктен бастап, шетелден келген инвестордың өзі би. Өз заңдарын орнатқылары келеді. Халықты көзге ілмейді. Оларға қазақтың халқы емес, байлығы ғана керек. Жаңа Президентіміз Тоқаев Ататүріктің жолын ұстанып, қазақты кім-көрінгеннің мазағы етпей, қожасы еткей! Мұстафа Кемал Ататүрік: «Мен диктатор емеспін. Менде күш бар екендігі айтылып жүр. Әрине, бұл дұрыс. Менің ойға алып, орындамаған нәрсем жоқ. Өйткені мен зорлықпен және мейірімсіздікпен әрекет етуді білмеймін. Мен адамдарды ренжіту емес, олардың жүрегін жаулап алу арқылы билік жүргізуді қалаймын», – деді. Және оны ісімен де, сөзімен де дәлелдеді. Оған  мына қарапайым мысалды келтіре кетелік: Кезінде Түркияға сапарлап келген шетел басшыларының дастарқанына шай әкелген даяшының аяғы сүрініп кетеді. Сонда шетелдіктердің бәрі қарқылдап күлгенде Ататүрік: «Мен халқыма бәрін үйретсем де, құл болуды үйретпеппін», – депті. Міне, кемеңгерлік! 

Мұстафа Кемал Ататүрік ана тіліне қатысты мынадай ұлы сөз айтқан Президент: «Түркияда тұратын 78 ұлттың өкілдерін бір тілде, түрік тілінде сөйлеуге шақырамын. Көптілді, көпділді, көпдінді мемлекеттердің өмірі ұзаққа бармайды. Ондай елдердің болашағы жоқ! Сондықтан да біздің Түркия бір-ақ тілде, түрік тілінде сөйлеуге тиіс! Түрік ұлты деген сөз – түрік тілі деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының ең қасиетті, ең киелі, ең иелі қазынасы. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақылы һәм ойы!». Оның бұл айтқан сөздерін әлемнің көптеген елдері басшылыққа алды. Расымен де, түріктер үшін түрік тілінен басқа, француздар үшін француз тілінен басқа, өзбектер үшін өзбек тілінен басқа қымбат қазына жоқ. Бұл аталмыш мемлекеттер өз ана тілінде ғылыммен айналысады, ойлайды, сөйлеседі, ақпарат алмасады. Егер бұл елдер ана тілдерінен айырылып қалатын болса, ақылдары тоқтап, жүрегі соқпай қалады... Бұған ана тілі кейбір шенеуніктерге мазақ, қазақ ұлты жарқын  мысал. Расымен, бізде көптеген адамдардың ақылы кемшін. Өздерінің ұлттық ойлары жоқ... робот секілді... Себебі ана тілінен мақұрым.

 

Президент қазақ тілін өзі көтермесе, өзі сөйлемесе, бәрі бекер!

Обалы қане, Президент Тоқаев та қазақ тілі туралы сан рет жүйелі ой айтты. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде». Бірақ қозғалыс аз, тапсырманың орындалуы  нашар.  Президент өзі мемлекеттік тілді қолға алмаса, өзі сөйлемесе, биік-биік мінберлерден мәртебесін көтермесе,  Үкіметке сенім болмай тұр. Ондағылардың көбі ескі Қазақстанның  көнерген шенеуніктері. Көпшілігі күні үшін жүрген қулар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсіміндегі сөзінде: «Қызмет – уақытша, халық – мәңгілік!» – деді. Демек халықтың мәңгі болуы – тілінде. «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» деген Ахаң, Ахмет Байтұрсынов. Президент Тоқаев  алаш арысының, ұлт ұстазының осы сөзін қаперге алса дегім келеді.

Құдайшылығын айту керек, қазақ – жақсы мен жаманның аражігін ажырата алатын ұлт. Елінің 30 жылда бағындырған белесі мен алған асуы жайлы  жақсы біледі. Кемшіліктерін де тәспідей санап бере алады.  Енді бір сәт «төртінші онжылдықтағы басты мақсатымыз қайсы» деген сауалдың төңірегінде ойланайықшы. Біздіңше, ел ретіндегі ең асқақ, тіпті, қасиетті мақсатымыз  әділетті қоғам құру емес пе? Мемлекеттілігіміз мығым, еліміздің іргесі бүтін болсын десек, білімді, алғыр әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, экономикамыз дамып, халқымыз қауіпсіз, алаңсыз, бақуат әрі бақытты өмір сүрсін десек, онда адам құқығына құрметпен қарайтын және оны қорғайтын, ашық әрі әділетті қоғам құруға ұмтылуымыз шарт. Ал қалай әділетті қоғам құрамыз десек, ол үшін жаңалық ашудың қажеті жоқ. Мұның бүкіл әлем мойындаған, дамыған, өркениетті елдер ұстанып отырған бір ғана жолы бар. Ол – демократия жолы. Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығында Қазақстанды демократияландыруды одан әрі жалғастыру үшін бізге батыл әрі терең саяси трансформация қажет.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың баяндамасы қысқа да нұсқа болды! Сонысы маған қатты ұнады. «Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді.

Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа Президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деді. Лайым, солай болғай! Алдыңғы жеті жылда атқарылатын жұмыстың оңай болмайтыны осыдан-ақ айқын аңғарылып тұр-ау.

 

«Ауылды көтеру – қазақты көтеру»

Марат ТоқашбаевЖазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) әлеуметтік желідегі парақшасында «Ауылды көтеру – қазақты көтеру» деген жазба қалдырыпты. Сол жазбадағы кейбір ойлар көкейіме қонды.   «Алғашқы қадамы қалай болар екен деп едік. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімі үстінде қол қойған №1 жарлығы ауылды көтеруге бағытталыпты. Ол «Қазақстан Республикасының ауылдық  аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» деп аталады. Онда Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін осы тұжырымдаманы қабылдау тапсырылған. Ауылды көтеру дегеніңіз – қазақты көтеру деген сөз. Бұған кәдімгідей ішіміз жылып қалды.  

Ауыл инфрақұрылымдарын жетілдіру, мектеп, емхана, байланыс, ауызсу, жол, жайылым, т.б. проблемалар шын мәнінде күйіп тұр. Заңсыз жекешеленіп кеткен жерлер мен жайылымдарды қайтару, әділетсіз сот шешімдерін бұзып қайта қарау, ауылшаруашылығын несиелеудің оңайлатылған және жеңілдетілген жолдарын қарастыру,  кадрлардың мемлекетшілдік қасиеттерін жетілдіру т.б. мәселелер әділеттілікті қалайды.    

Есімізге 2003-2005 жылдар да «Ауыл жылы» деп жарияланғаны түсті. Үш жылдың бiрден ауыл жылына арналғаны бәрімізді қуантқан.  Ол үшiн бюджеттен  осы үш жылды қосып алғанда, кемінде 150 млрд теңге бөлiндi. Тек осы «ауыл жылдары» аясында негiзгi қорды қаржыландыруға 600 млрд теңге жұмсалды. Бірақ «су аяғы – құрдым». Халық риза болатындай еш нәрсе жасалмады. Яғни жарлық шығару бір басқа, оның орындалуы бір басқа екен. Қ.К.Тоқаев қолында құзіреті тұрғанда Омар халиф сияқты өзінің берген пәрмендерін өзі тексеріп тұрғаны абзал. 

Біздің газетіміздің ауылды көтерудегі еңбегі ерекше екендігін осы жерде бөле-жара айтқым келеді. «Ауыл» экспедициясы  соңғы он жыл шамасында ҚР Ауыл шаруашылығы, «Amanat» партиясымен бірлесіп республикамыздың барлық аудан, ауылдарында болып, тұрғындармен жүздестік. Жай жүздескен жоқпыз, барлық көкейтесті мәселелерді көтердік және оның орындалуына хал-қадерімізше мұрындық болдық. Билік газетіміздің осы іскер тәжірибесінен сабақ алып, әлі де проблемасы  шаш етектен ауылдарды аралау керек. Басты айтатынымыз – шаруашылық саласына нағыз білгір мамандар келуі тиіс. Біз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

Президенттің №2 жарлығы «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» деп аталады. Бұл кәдімгі өзіміз зарлап айтып жүрген Н.Назарбаевтан бастап, оның отбасы мүшелерінің, сыбайлас жемқорлардың Қазақстаннан тысқары жерлерге, офшорлық есепшоттарға тыққан, жасырған қаражаттарын айқындау, олардың заңсыз табылған қаражат екендігін дәлелдеу және елге қайтарудың құқықтық тетіктерін жасау мәселелерін қамтиды. Онда заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеу және  заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен қайтаруды ынталандыру көзделген. Алайда бұл жарлық Біріккен Араб Әмірлігінің азаматына, яғни экс-елбасыға  қатысты бола ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ «Заң алдында жұрттың бәрі тең» екендігін ескерсек, оған да тықыр таянатыны күмәнсіз» депті. Өте жақсы сараптама. Өте әділ ескерту. Жанашыр тілек! 

 

ҰЛТТЫҚ САНАҒА СІЛКІНІС КЕРЕК

Президент маңайындағы азаматтар осындай нақты ойларды Тоқаевқа жеткізіп отырса, нағыз жанашырлық сол ғой. Әйтпесе Президентке әлі пісуі жетпеген шала ақпараттарды жеткізу, оны Президенттің аузына салу – нағыз сатқындық! Оған дәлел көп. Бір-екеуін ғана айта кетейін. Қаңтардағы бұлғақ кезінде  Қазақстанға «Жиырма мың террорист кірген» деген жалған мәліметті бергендер  жайлы мәселе құпия. Олардың көксегені не? Арандату ма? Президентті қалқан етіп, халықты алдау ма?  Бұл аз десеңіз, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қараша күні Алматы жұртшылығымен кездесуінде 1 мың жұмыс орнын қамтитын, еңбекақысы 2300 АҚШ долларын құрайтын шетелдік компания туралы және оған ынта танытпағандар жайлы айтып қалды.  Бұл әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.  Бұра тартып бұлқынғандар қаншама. Ашу шақырып ашынғандар да көп. Бұл сөздің астарынан «қазақ жалқау» деген  емеурін сезілетіндей. Көпке топырақ шашуға болмас.   Мұндай жұмыс болып жатса,  қазақ баласы қашпас. Жанын жалдаса да сол жерде өлер. Себебі басында несиесі жоқ қазақ көрдің бе? Олар мұндай мүмкіндікті жіберіп алады дегенге кім сенер? Кейін бұл жұмысқа тұрудың мехнаты мен азабы да анықталды. «Бақсам, бақа екеннің» кебі екен. Осындай шикі  мәліметтерді Президент Тоқаевтың аузына салу – жаман пиғылдағы адамдардың  әрекеті. Халыққа жаманатты көрсету – Президент беделіне айтарлықтай нұқсан. Елге оны жеккөрінішті етумен парапар іс!  

Меніңше, «Жаңа Қазақстан» тек мақтау мен одаға  арқа сүйемей, сынға да оң көзбен қарап отырса,  жетістікке жетпек. Осы орайда әлеуметтік желіге көзқарасын бүкпей жариялап отыратын  Аймұханбет Бейсембековтың жазбасына да көңіл аударған жөн деп санаймын. «Ұлықтау кезінде Президент Тоқаев: «Ауылды қолдау туралы тапсырмаға қол қоямын!» – деді. Өте қажетті бағдарлама! Ауылдың экономикасы көтерілсе, азық-түлік арзандайды. Егін мен мал шаруашылығы дамиды. Дегенмен де, дәл қазір қала халқының жағдайы ауыл халқынан әлдеқайда ауыр. Қала қазақтары баспанасыздық пен жұмыссыздықтың, кедейшілік пен қымбатшылықтың зардабын тартуда. Сондықтан Президентке ауыл мен қаланы бөліп-жармай, бірінші кезекте жалпы халықтың жағдайын көтеру үшін  азаматтардың жалақысы мен зейнетақысын көтеруді, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етуді қолға алу керек! Ондай мүмкіндік жері кенге толы, түгін тартсаң, мұнай мен газ атқылаған, ат тарпыса – алтын, уран шашылған  Қазақстанда өте жоғары. Бірақ бар байлықты Тоқаев айтқандай, 162 олигарх иеленіп отырған, билігі шіріген бай, халқы кедей, жемқорлық жайлаған елімізде Шерхан айтқандай, қазақ «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт» отыр. Тоқаев өзі айтқандай, «бірден іске кірісіп», осы әділетсіздікті жоюмен күресуі керек! Бұл істе Президентті әрбір елдің болашағын ойлаған азаматтары қолдауы керек! «Жалғыз ағаш орман емес» дегендей, халық қолдамаса, жалғыз Президенттің «кіріскен ісі» нәтиже бермейді», – деп ойын тұжырымдапты. Бұл да қисынға келетін түсінік. 

Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауына кандидат етіп ұсынды

Бүгінгі ең басты проблема – ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ұрпақтың азаюы. Салт-дәстүрін сақтамай, ата жолдан аттаған арсыздар қоғамына айналып бара жатқандаймыз.  Дәл қазір елімізді ел етіп тұрған тіліміз бен ұлттық рух-санамыз ғана. Оның өзі өте әлсіз. Егер осылардан айырылсақ, егемендігіміз де, ерлігіміз бен елдігіміз де елеусіз қалмақ. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, бір құмалақ бір қарын майды шірітетініндей, бір санасыздың тұтас елдің санасын уламайтынына кім кепіл? Сондықтан ел алдында Президенттік ант қабылдаған Тоқаев мырза бірінші күннен ұлттық болмысты қалпына келтіруді қолға алғаны дұрыс.  Оның ішіне тіл мен діл, руханият, қазақы болмыс, жастар тәрбиесі кірмек. Сонда ғана төрт құбыласы тең азулы ұлтқа айналамыз. 

Бүгінгі қоғам көрінісін бір-екі мысалмен-ақ жеткізуге болады. Идеалистік тұрғыда, шенеуніктер мен билік басындағылардың халық алдында «бәрі керемет» деп есеп беретіндері сияқты, «халықтың жағдайы жақсы болуы»; телеарналардан ойын-сауықтық бағдарламалар мен жағымды жаңалықтардың үзбей берілетініндей «алаңдайтын ештеңе жоқтығы».  Қысқасы, «өмір тамаша, сүре білген адамға» деген секілді. Ал қиялдауды қоя тұрып, шындыққа көз жүгіртсек, мұның бәрі құр сандырақ. Әлі де ашылмаған ащы шындық, айтылмаған ақиқат жетерлік. Көп шенділер «жылы креслоға» жайғасып, ойларына келгендерін жасауға бейім. Жаңа Қазақстан  мұндай жаман әдеттерден арыларына халықтың көзі жетпесе, бәрі бекер. Қанша қаражат жымқырып, қанша қылмыскерлердің панасы болып отырғандар әлі билік басында тапжылмай отырғаны анық. Бірақ біз үндемейміз. Қашанғы барлық былыққа көз жұмып, жылы жауып қоя береміз? Қашан сол Абай, Ахмет бабаларымыз аңсап кеткен «көзі ашық, көкірегі ояу» жандардың таңы атады? Қашан барлық таптаурындардан арылып, өз құқығымызды қорғай алатын күнге жетеміз? Қашан тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде демократиялы елге айналамыз? Шексіз сауалдарға кім жауап береді? 

Сөз басында реформатор Мұстафа Кемал Ататүрікті босқа сөз еткен жоқпын. Біз де түркіден тараймыз. Президентіміз де түркінің бір тармағынан. Онда неге Президент Тоқаевқа түрік көсемінің сара  жолын жалғамасқа?   Ататүрік – мемлекеттің бірлігі мемлекеттік тілде екенін түсінген тұлға. Ол өз уақытында түрік тілін  дамыта білген басшы. Олардың тіл революциясы ресми түрде 1928 жылы басталды. Көп ұзамай араб әліпбиін латын әліпбиіне ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Ұлттық жиналыстың көптеген мүшелері жаңа әріптерді бес жылдың ішінде бірте-бірте енгізуді жақтады. Алайда Кемалдың тізеге салуымен әліпби реформасы үш айдың ішінде жүзеге асырылды! Бар болғаны 3 айдың ішінде (Тәуелсіз қазақ тілінің реформасы 30 жылдан асып барады. Әлі еңсесін тіктей алар емес) ұлттық жиналыс түрік әліпбиін енгізетін және 1929 жылғы 1 қаңтардан бастап араб әліпбиін қолдануға тыйым салатын заң қабылдады. Мұндай ерлік жасау Президент Тоқаев мырзаның қолынан келе ме? Келсе, тарихта дараланып қалары даусыз.

Ұлттың санасына сілкініс керек!!! Адамның санасы оянбай, білім қонбайды. Білімсіз қоғамда өзгеріс болмайды.  Рух, намыс, қанағат керек билік басындағы шенеуніктерге. Қоғамды құрайтын да, құртатын да біздер – адамдар. Демек, оның жақсы болуы да, жаман болуы да өзімізге байланысты. Жаңа Қазақстанды іргесін мызғымас берік етіп қалап, ішін береке-бірлікке толтырсақ, нағыз өз елінің патриоттарын тәрбиелесек, қиялымыздағы қоғам шынайы қоғамға айналатын күн алыс емес.

 

 САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ УӘДЕЛЕР ОРЫНДАЛСА, ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ЖОЛ АШЫҚ

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың сөзінен жылылықтың лебі еседі. Егер пайымы дұрыс болып, бағдары айқындалса, елде үлкен өзгерістің «дауылы тұрмақ». Ескіні жаңа алмастырмақ. Халық пен биліктің арасы кірігіп, ұлттық партиялар «тіріліп», жоғалғанымыз түгенделіп, қарнымыз тоғайып, киіміміз бүтінделер күн жақын. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Осылайша Мемлекет басшысы өзінің жеті жылдық қызметіне ресми түрде кірісті. Бұл еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға екені сөзсіз. Өткен сайлауда азаматтарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына зор сенім білдіріп, әділеттілікке табан тірейтін мемлекет, экономика және қоғам құру бағдарламасын қызу қолдағаны белгілі. Президентіміз ұлтымыздың осы үмітін ақтау өзінің алдағы басты міндеті болатынын жариялады. Сонымен қатар, сайлау алдында берілген уәделерді іске асыруға жол ашатын бастапқы әрі нақты жұмыс бағдарларын айқындап көрсетті. Президентіміз өз сөзінде заң алдында бәрінің тең болуы мемлекетіміздің ұзақмерзімді дамуының негізгі шарты екенін қадап айтты. Осы жолда елден заңсыз шығарылған барлық активті елге қайтару маңызды міндетке айналуда. Бұл үшін заңсыз шетел асқан капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасы әзірленетінін жеткізді. Сондай-ақ Президентіміз өңірлерді, оның ішінде ауылдарымызды өркендетуге айрықша көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа Президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы ауылды дамыту мәселесін шешуге арналды. Сонымен бірге ауқымды индустрияландыру, инфрақұрылымдарды салу және жаңғырту ісі де тың серпінмен қолға алынады.  Мемлекет басшысы өз сөзінде Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылатынын айтты. Осыған сәйкес алдағы жылдың 14 қаңтарында Сенат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл біздің депутаттық корпустың сапалық тұрғыдан өзгеріп, өз жұмысын жаңа міндеттер аясында лайықты жалғастыруына мүмкіндік береді.  Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы және алда жарияланатын басқа да бастамалар мен міндеттерді заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақытылы қамтамасыз ету Сенаттың алдындағы басты міндеті болып қала береді» деген сөзі де келешекке деген үмітті қанаттандырады. 

Иә, Президент Тоқаев  сөзінің «біссімілләсін» ауылдан бастауы бекер емес.  Ауыл – қазақтың ғана емес, тұтас мемлекеттің тіреуіші.  Бұған дейін де ауыл жайлы сан мәрте айтылған. Өкінішке қарай, бәрі сөз күйінде қалды. Соның зардабын енді тартып отырмыз.  Бір қызығы, соны айтқан кісі инаугурация кезінде алдыңғы қатарда отырды... 

«Ауылым – алтын бесік», – дейді халық даналығы. Көңілді күйге бөлеп, туған жердің ұлылығын ұғындырып, санаға сіңдірер қанатты сөз. Осы заманға дейінгі сан толқын ұрпақтың киелі мекені, алтын ұясы, ырыстың бастауына айналған ауыл ежелден ұлтымыздың ұйытқысы саналады. Жасыратыны жоқ,  қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны аңсап, ұлттық болмысымызға шөліркеген кезде ауылды еске алып, сағынып, жүрегің кеудеңе сыймай кететіндей толқымалы күйге түсетінің анық.  Өйткені жүгі нарда, қазаны теңде дәурен құрған көшпелі қазақ үшін ауылдың орны қашанда бөлек, тұғыры биік екені заңдылық. Демек, ауыл мен қазақ – ажырамас егіз ұғым. Түптеп келгенде, ата-бабамыздың, яғни қазақ ұлтының түп-тамыры, терең тарихы ауылда жатқанын естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан ауыл өмірі гүлдеп,  тұрмысы өркендесе, шаруашылығы кең қанат жайса, қазақ түлейді, ауыл тұрмысы құлдыраса,  қазақ  жүдейді. Бұл бұлжымас қағида десек, қателеспейміз. Оны дәлелдеп жатудың өзі артық деп ойлаймын. Не керек, қолда барды ұқсата алмағанымыз әлі күнге дейін жанды күйзелтетінін қайтерсің. Соңғы жиырма жылдың көлемінде «болашағы жоқ» деген қаншама ауылдың іргесі сөгілді десеңізші. Енді оларды қалыпқа келтіру де оңай жұмыс емес. 

Тоқаев мырзаның ауылды көтеру жайлы мәлімдемесіне Мұхтарбек Айт мырза былайша тіл қатыпты: «...Бірақ та мойындауымыз керек, Кеңес  Одағы тұсында ауылшаруашылық тауарларын өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, тұтынушыға дейін жеткізуге қажетті барлық жағдайлар жасалынды. Мемлекет тарапынан орасан көп мөлшерде ауылшаруашылық шығындарын жабу үшін қаржылай дотация бөлініп тұрды. Тәуелсіздік алған соң да, халқымыз үшін тарихи әділдік қалпына келтірілмеді. Бір кездері қазақтар игілігін көре алмаған егін салуға жарамды жерлер халық иелігіне қайтарылмай, билік басындағылар мен ірі жер иеленуші алпауыт латифундистердің қармағына миллион гектарлап өтіп кетті.

Соның салдарынан және тәуелсіздік жылдары ауылшаруашылығы саласында аса сауатсыз түрде жүргізілген реформалардың кесірінен агроөндірістік кешен толыққа жуық күйреді. Нәтижесінде мыңғыртып мал өсірген жұртымыз ата кәсібі мал бағу мүмкіндігінен де айырылып қалды.

Енді бұдан шығудың жалғыз жолы – ауылшаруашылығын қолға алу, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Агроөнеркәсіп кешені – Қазақстан экономикасының негізгі және ерекше болашағы бар маңызды саласы. Басқа ел тұтынушыларын былай қойғанның өзінде, тап іргемізде бақа-шаян, құрт-қоңызға дейін талшық етіп қылғыта беретін қалың қытай отыр. Олар осы күнде экологиялық таза азық-түлік өнімдеріне мұқтаж. Осыған орай тек шикізат қана емес, толықтай және жартылай өңделген дайын өнім түрлерін шығаратын жарғылық қорында мемлекеттің елеулі үлесі бар кәсіпорындарды барынша көбейту керек. Мысалы, сүт, ет өнімдерін консервілейтін комбинаттарды әр өңірлерден көптеп ашу керек. Сондай шикізат қабылдау пункттері болғанда ғана ауыл қазағының еңбегі жанып,  өндірген өнімдеріне, тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сұраныс артады. Дәл қазіргідей базар төңірегін торып жүрген алаяқ делдалдарға жем болмайды.

Біз өзіміздің байтақ жеріміздің табиғи мүмкіншілігін ұтымды пайдаланып, ұлтымызға тән қолымыздан нақты келетін ата кәсібіміз –  ауылшаруашылығын барынша дамытуымыз керек. Сөйтіп, қайткенде азық-түлікті экспорттауға қабілетті мемлекеттер қатарына қосылуымыз қажет. Бұны осы күнде тұралап тұрған ұсақ-түйек фермерлік шаруа қожалықтары жүзеге асыра алмайтындығы айдан анық. Сондықтан кезіндегі ірі тауар өндіруші колхоз, совхоздардың түбіне жеткендердің, енді ауылға «ЕКІ СИЫР» жобасын ұсынуы күлкілі жағдай. Ауылға қазынадан қомақты қаржы құйылуы қажет, интенсивті экономикаға тән озық инновациялық технологиялар кеңінен қолданылуы керек. Сонда ғана ата кәсібіміз –  ауылшаруашылық саласы жанданып қана қоймайды, ол өз кезегінде экономикамыздың басқа да салаларын алға сүйрейтін локомотивке айналатын болады. Агроөнеркәсібіміз мультипликативті эффект берген кезде ғана басқа салалар, оның ішінде бірінші кезекте жем-шөп, астық өндіру, агрохимия, ауылшаруашылығына қажетті техника өндіру т.б. сабақтас салалар жедел дамиды. Одан әрі  біздің әзірге тісіміз батпайтындай арманға айналып тұрған биотехнология,  нанотехнология салаларына дейін өсіп-өркендейтін болады». Орынды сөзге қазақ халқы тоқтай білген. Мен де бұл кісінің сөзіне қосыламын. Және қолдаймын.

 

Түйін: Тек Отанымыз, мемлекетіміз, халқымыз ғана емес, мемлекеттік тіліміз де бір

Ауылға әдемі сөз емес, нақты іс керек

 Ең бірінші ауылға  тұрақты жұмыс қажет.  Еркін экономикалық аймақты ауылдан ашу керек. Сонда ғана ауыл жанданбақ. Елімізде кедейлік шегінен төмен 5,5 млн адам өмір сүруде. 5,5 млн! Саяси-экономикалық зерттеулер орталығы осылай дейді. Ал эконом класс бар болғаны 3-ақ пайыз. Америка, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Австралия, Австрия тұрғындары жалақыларының 10-ақ пайызын азық-түлікке жұмсайды.  Ал біздің Қазақстанда тамаққа тұтас жалақы жұмсалатыны өтірік емес. Тіпті азық-түлікті «Каспий редпен», яғни қарызға алатындар саны күн өткен сайын артып бара жатқаны жүрекке кірбің ұялатады. Шындық қой, бізде тамаққа табысың солай кетеді. Тек тамақ үшін ғана тіршілік кешіп жатқандай қара халық. Осыны ойлаған кім бар? Тамақтың бағасы сұмдық енді! Қарапайым  халық жейтін тамағының өзін несиеге жегесін, жағдайымыз қаншалықты күйлі екені көрініп тұр ғой! Бұл жайдан да Президент құлағдар болғаны дұрыс. Президент өзі бас болып халықтың тұрмыс-тіршілігін маңайындағылардан ашық талап етуі  жаңашылдыққа бастар жолдың локомотиві болмақ. «Бізде бәрі керемет, бізде бәрі жеткілікті» дегеннен жеткен жеріміз осы ғой! Тоқаевтың ауылды көркейтуге қатысты бұйрыққа Президент орынтағына отыра сала қол қоюы – білгенге жақсылық нышаны. Тың бастамаға салынған алтын көпір.  

Айтпақшы, Тоқаев мырза жаңа Қазақстанның жаңа Президенті ретінде алғашқы сапарын Ресейден бастады. Бұл да саясат болар. Әлеуметтік желі «батырлары» әртүрлі алып-қашпа сөздер жазуда. Ел Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай дер кезінде арнайы пост жазды: «Мемлекет басшысының Мәскеуге жасаған сапарына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан сұрақтар келіп түсіп жатыр. Осыған байланысты Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін «үштік газ одағын» құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн». 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды. Жаралы арыстандай халді бастан кешіп жатқан Ресей билігінің көңілін аулап қою да әккі басшының әрекеті екені даусыз. Әйтседе үнемі көршінің ығына жығыла беру де атақ-абыройға сын! Атақты Уинстон Черчилльдің «Англияның мәңгілік достары жоқ, оның тек мәңгілік мүдделері ғана бар» дегенін Президент Тоқаев қаперіне аларына сенемін. 

Сөз соңында айтарым, «Отанымыз бір, Мемлекетіміз бір, Халқымыз бір» деген қанатты ұранға «Тіліміз бір» деген қанатты сөзді қоссақ, мақсатымыз айқындала түспек.  Өйткені еліміз, жеріміз ортақ болған соң, тіліміз де ортақ болуы керек қой!

Президент Тоқаев: «Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым.

Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі. Мен Президенттік миссиямды халқыммен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін», – деді. Олай болса, иығына үлкен аманат  жүгін  арқалаған азаматқа біз де сенейік. Сенейік те, соңынан ерейік!  

 

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
05.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 36
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 83
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 28
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 36
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 35
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 78
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 83
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 277
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 273
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 894

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8972
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8366
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11592
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9350
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10576