Депутат жаңа заң ұсына ала ма? Иә. Құрылтай депутатының негізгі міндетінің бірі – заң шығару жұмысына қатысу.
Сонымен қатар депутат министр мен әкімге де депутаттық сауал жолдай алады.
Құрылтай депутаты Премьер-министр мен Үкімет мүшелеріне, Ұлттық банк төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, Жоғары аудиторлық палата төрағасы мен мүшелеріне, Бас прокурорға, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, сондай-ақ облыстардың, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне ресми сауал жолдай алады. Заң бойынша мұндай сауалға бір айдан аспайтын мерзімде жауап берілуге тиіс. Депутат талап етсе, жауап Құрылтай отырысында жариялануы мүмкін. Бұл тетік қоғамдағы нақты мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеруге мүмкіндік береді.
Мәселен, мектеп құрылысы тоқтап қалса, мемлекеттік бағдарлама орындалмаса немесе белгілі бір салада бюджет қаражатын игеру мәселесі туындаса, депутат тиісті министрден немесе әкімнен оның себебін ресми түрде сұрай алады.
Алайда депутаттық сауалды тікелей тапсырмамен шатастыруға болмайды. Депутат министрге «мына жолды жөнде» немесе әкімге «осы ауылға мектеп сал» деп міндеттейтін бұйрық бере алмайды. Атқарушылық шешім қабылдау Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады.
Бұған қоса Бас прокурорға, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жолданатын депутаттық сауал қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыру мәселелеріне қатысты болмауға тиіс.
Депутат мектеп немесе
жол салдыра ала ма?
Сайлау кезінде депутат
кандидаттарына қойылатын
талаптың бірі – белгілі бір елді мекенге мектеп, аурухана салдыру немесе жол жөндету. Алайда депутаттың өзі бюджеттен нақты бір нысанға ақша бөле алмайды.
Республикалық бюджет жобасын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді, Үкімет оны Құрылтайға ұсынады. Ал Құрылтай бюджет туралы заңды қарайды және қабылдайды. Сондықтан депутат белгілі бір мәселенің бюджетте ескерілуіне ықпал ете алады, тиісті ұсыныс енгізеді, министрліктен немесе әкімдіктен түсініктеме сұрайды, мәселені комитетте немесе Құрылтай отырысында көтереді. Бірақ мемлекеттік сатып алу өткізу, нақты құрылысқа қаражат бөлу немесе жұмысты бастап кету депутаттың құзыретіне кірмейді.
Бір депутат министрді жұмыстан шығара ала ма? Жоқ.
Құрылтайдың Үкімет мүшелеріне қатысты да саяси тетіктері бар. Бірақ оларды іске қосу үшін бір депутаттың бастамасы жеткіліксіз. Үкімет мүшесінің қызметі туралы есепті тыңдауға Құрылтай депутаттарының кемінде үштен бірі бастама жасай алады. 145 депутаттың үштен бірі – кемінде 49 депутат.
Егер есепті тыңдау барысында Үкімет мүшесінің Қазақстан заңдарын орындамағаны анықталса, депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі Президентке оны қызметінен босату туралы өтініш білдіре алады.
Бұл – кемінде 97 депутат. Мұндай жағдайда Конституция Президенттің тиісті Үкімет мүшесін қызметінен босататынын бекітеді. Яғни бір депутат министрді өздігінен орнынан ала алмайды. Бірақ мәселені көтеріп, басқа депутаттардың қолдауын жинаса, саяси рәсімнің басталуына ықпал ете алады.
Үкіметке сенімсіздік білдіру үшін қанша депутат керек?
Құрылтай тұтас Үкіметке де сенімсіздік білдіре алады. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаттарының кемінде бестен бірі көтеруге тиіс. 145 депутаттың бестен бірі – 29 депутат. Ал сенімсіздік вотумын қабылдау үшін депутаттардың жалпы санының көпшілігі қолдауы керек. Яғни кемінде 73 дауыс қажет.
Алайда сенімсіздік вотумы қабылданса, Үкімет сол сәтте автоматты түрде қызметінен кетпейді. Мұндай жағдайда Үкімет Президентке отставкаға кету туралы мәлімдейді. Президент он күн ішінде оны қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім шығарады. Сондықтан 29 депутат Үкіметті отставкаға жібере алмайды. Олар тек сенімсіздік білдіру рәсімін бастауға мүмкіндік алады.
Егер депутаттар Үкіметтің республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есебін бекітпесе, Конституция бойынша бұл Үкіметке сенімсіздік білдіру болып есептеледі. Демек бюджет есебін қарау жай ғана қаржының қалай жұмсалғанын талқылаумен шектелмейді. Белгілі бір жағдайда оның Үкімет үшін саяси салдары болуы мүмкін.
Партиядан шыққан депутат мандатынан айырылады. Жаңа Құрылтайдың ерекшелігінің бірі – барлық 145 депутаттың партиялық тізім бойынша сайлануы.
Депутаттар біртұтас жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды жүйемен сайланады. Бұрынғы Мәжілістегідей бірмандатты округ арқылы өтетін депутаттар болмайды.
Бір депутаттың
нақты күші қандай?
Қарапайым тілмен айтқанда, бір Құрылтай депутаты министрге немесе әкімге бұйрық бере алмайды. Ол бюджеттен өзі қалаған жобаға ақша бөліп, министрді жеке шешімімен жұмыстан шығара алмайды.
PS: Президент Құрылтайдың жалпы депутат санының басым дауысымен берген келісімі бойынша Қазақстан Республикасының вице-президентін, премьер-министрін, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғарғы аудит палатасының 8 мүшесін тағайындайды.
Жаңа құрылымда Құрылтайды тарату негізгі элементке айналып отыр. Президентке Құрылтай екі рет аталған лауазымдарды тағайындауға келісім беруден бас тартқан жағдайда оны тарата алады.
Дайындаған –
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















